Қорғаныс министрі «Қазақстан барысы – 2023» чемпионын құттықтады

0
513

Қорғаныс ведомствосында «Қазақстан барысы – 2023» республикалық турнирінің жеңімпазы болған Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті – Орталық спорт клубының мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгері Ғалымжан Қырықбайға құрмет көрсетілді.

Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов әскери спортшылардың жеңісі Қарулы күштердің және жалпы армия спортының имиджін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

– Қазақ күресі – еліміздің брендіне айналған ең танымал ұлттық спорт түрі. «Қазақстан барысы – 2023» республикалық турниріндегі бұл жеңіс Қарулы күштердің ғана емес, бүкіл Қазақстанның спорт тарихына енеді. Осы сайыста біздің чемпион нағыз ержүрек жауынгерге тән ерік-жігерін көрсете білді, – деді Қорғаныс министрі.

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ғалымжан Қырықбай өз өңірінде іріктеу кезеңдерінен өткен еліміздің ең мықты деген балуандарымен бақ сынасқанын айта кету керек.

Түркістан облысындағы Тұрар Рысқұлов ауылының тумасы Ғалымжан Қырықбай Тараз мемлекеттік университетін «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша бітірген. Ол 15 жасынан бастап күреспен айналысып келеді. Жастар арасында дзюдодан, самбодан және қазақ күресінен Қазақстан чемпионы. Дзюдодан Италияда өткен Бүкіләлемдік универсиада жеңімпазы.

Өткен жылғы «Қазақстан барысында» жүлдегер атанған Ғалымжан Қырықбай бұл турнирге «Әскер барысындағы» іріктеуден өтіп қатысып отыр. Онда ол екінші орынды иеленген болатын.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here