Іленің тағдыры немесе бір өзеннің екі иесі

0
3586

Аты аңызға айналған Іле өзеніне тартылу қаупі төніп тұр. Неліктен деймісіз?! Бұған Қытайдың жобалары мұрындық болып отыр. Олардың өзен маңындағы ірі жобалары Қытайдың батыс өңірінде барған сайын күрделеніп бара жатқан ауыл шаруашылығы суының жетіспеушілігін, электр энергиясы тапшылығын айтарлықтай жеңілдетуге бағытталған көрінеді. Осылайша, құмырсқадан көп қытай жеріміздің ғана емес, суымыздың да қадірін қашыруды мақсат еткен тәрізді. Рас, жаугершілік кездердегі соғыс тәсілінің бірі – қарсыласын судан тарықтыру болды. Құдық, бастау, бұлақ, өзен секілді су көздерін иеленіп алған жақ жауласқан тарапты шөлден тарықтырып, жеңіс туын тіккен ғой. Қазіргі бейбіт заманның өзінде де «жауымыз» аз емес. Басқасын айтпағанда, бастауын Қытайдан алатын қос алыбымыз – Ертіс пен Ілені аспан асты елі білгендерінше бұрып, өз мүдделеріне пайдалануға әрекеттенуі елімізді тығырыққа тірейді.

2050 ЖЫЛҒА
ҚАРАЙ ІЛЕНІҢ ҚЫТАЙДАН
ЕЛІМІЗГЕ КЕЛЕТІН
СУ ҚОРЫ 40 ПАЙЫЗҒА КЕМИДІ

Қытайдың Іле дариясын бұруы Қазақстан аумағындағы осы өзен арнасындағы су ағысының көп мөлшерде азаюына алып келеді және тұтастай аймаққа экологиялық апат қаупін төндіріп, ондағы халықтың денсаулығы мен әлеуметтік-экономикалық хал-жағдайына кері әсер етеді. Қытай БҰҰ-ның 1992 жылғы «Халықаралық көлдер мен трансшекаралық су көздерін пайдалану мен қорғау туралы» конвенциясына қосылмағаны тағы бар. Демек, Бейжіңге ешкім кедергі бола алмайды.

Іле өзені Шыңжаңнан басталып, Қазақстанның біраз өңірі арқылы өтіп, Балқаш көліне құяды. Ол – Балқаш көлінің 80 пайыз суын құрайтын үш үлкен су көзінің бірі.

Балқаш көлі – әлемдегі 16-шы, ал Орта Азиядағы 2-ші үлкен көл. Балығы көп Балқаш көлінің суы да суландыруға және еліміздің оңтүстік өңірлерін электр көзімен қамтамасыз етуге пайдаланылады. Алайда, бұл судың деңгейі алпысыншы жылдардан бері орасан көп қолданылғандықтан, төмендеп кеткені де рас. Ал, Іле өзенінің мәселесі жетпісінші жылдардан басталған.

Қапшағай су қоймасының пайда болуы табиғи режимді бұзып, алғашқы жылдары Балқаш көліне құятын суды бұрғаннан-ақ қолайсыз жайлар байқала бастаған. Көлдің деңгейі үздіксіз төмендеп, ал судың минералдылығы көтерілгендіктен, мемлекет Қапшағай су қоймасын толтыруды шектеуге шешім қабылдаған болатын, бірақ ол іске асырылмады. Бұл жобаның жағымсыз экологиялық зардаптарын жан-жақты зерттеу және оны тоқтату үшін жұмыстар әлі күнге дейін атқарылып келеді, алайда одан шыққан нәтиже аз.

Біз Іле өзенін бүтіндей сақтап қалуға тырыссақ та, Қытай оған мүмкіндік берер емес. Олар шөлді аймақтарының өндіріс қуаттылығын, ауыл шаруашылығы жерлері мен саны күрт артқан халқын сумен қамтамасыз ету үшін Іле өзені алабында ондаған жобаны жүзеге асыруды жалғастырып жатыр. Мұндай жобалардың қатарында гидротехникалық нысандар да бар.

2050 жылы осы аймақтағы суармалы жерлердің ауданын 600 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Қазір Қытай Іле өзенінен Тарым шөлді ойпатының батыс бөлігіне баратын арна жүргізіп жатқанға ұқсайды. Осылайша, көрші ел жобаларының барлығын жүзеге асыруы 2050 жылға қарай Іленің Қазақстанға келетін су қорын 40%-ға төмендетеді. Егер жағдай тура осылай жалғаса берсе, экономикалық апат өз алдына бір бөлек, судың ластануына, жайылма алқаптардың жаппай сортаңдануына, фауна және флораның азаюына, тіпті Арал маңы шөлдері сияқты шөлдену процесіне алып келуі ғажап емес.

Қытайда ең мықты дамыған ауыл шаруашылығы саласы – күріш, ал күріш тек сулы жерде өсіріледі. Сол себепті Қытай Іле өзенінің біраз бөлігін бөгеп отыр. Бөгеп қана қоймай, күріш өсіруде қолданылатын пестицидтер, минералды тыңайтқыштар өзеннің суын ластап, экожүйесін бұзып, ондағы өсімдіктер мен балықтардың азаюына әкеліп соқтыруда.

Іленің мол суына бөгеу салған Қытай қазірдің өзінде 3,5 текше шақырым су көзін өзіне бұрып отыр. Шыңжаң ұйғыр автономиясы орналасқан аймақта егіс алқаптарын ұлғайтып, Қазақстанға келетін өзендердің басын байлап, мол суды қамтып қалу саясатын ұстануда. Мәселен, 2050 жылдары аймақтағы суармалы алқаптардың көлемі 6 млн гектарға дейін артатыны туралы дерек те бар.

Су мамандары Бейжіңнің осынау су саясатындағы ұзақмерзімді жоспары іске асып кететін болса, еліміздің судан қатты таршылық көру қаупі басым екенін айтады.

ТРАНСШЕКАРАЛЫҚ
ӨЗЕНДЕР
МӘСЕЛЕСІ ӨТКІР КҮЙІНДЕ
ҚАЛЫП ТҰР

Әдетте, «Заң алдында бәрі бірдей» дейміз ғой. Сонда Қытай заңға бағынуды білмей ме, әлде ымыраға келуден қаша ма?

Алғаш рет Қытаймен трансшекаралық өзендерді пайдалану мәселесі бойынша ресми келіссөздер 1998 жылы басталды. Сол жылдан бастап Қазақстан мен Қытай арасында аталмыш мәселе бойынша келіссөздердің бес кезеңі өтіп, нәтижесінде трансшекаралық өзендер бойынша бірлескен жұмыс тобы да құрылған еді.

2000 жылдың 6 қарашасында Алматыда осы топтың бірінші мәжілісі болып, онда 23 трансшекаралық өзеннің тізімі жасалып, үш кезеңнен тұратын жұмыс белгіленген болатын. Дегенмен, трансшекаралық өзендер мәселесі екі елдің ресми тұлғаларының кездесулерінде әрдайым талқыланса да, Бейжің суға байланысты мәселені жауапсыз қалдырып отырған.

Рас, 1999 жылдың 31 наурызында сол тұстағы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХР Төрағасы Цзян Цзэминге хат жолдауы сол жылдың мамыр айында су мәселесіне байланысты келіссөздердің жандануына септігін тигізді. Қытай басшысына жолдаған хатында тұңғыш Президент трансшекаралық су ағысының жағдайы қоршаған ортаның тұрақтылығы мен екі елдің экономикаларының дамуының шешуші факторы болып табылатынын жаза келіп, Қазақстан мен Қытайдың тиісті министрліктері мен ведомстволарына су ресурстарын тиімді пайдалану, олардың ластануын азайту мен болдырмау мәселелері жөніндегі келіссөздерді  бастауды тапсыруды ұсынды. Бұл келіссөздердің нәтижесі трансшекаралық өзендерді бірлесе пайдалану мен қорғау жөніндегі келісімге қол қою бола алатынын айтты. Сөйтіп, аталмыш мәселеге байланысты келіссөздер жүргізуге келісім алды.

1997 жылы Қазақстан, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясы жеке-жеке Қытай тарапына трансшекаралық өзендер мәселесі бойынша хаттар жолдаған екен. Қытай жауап ретінде аталмыш мәселе бойынша екіжақты форматтағы келіссөздер жүргізуге ниет білдіреді. Кейбір сарапшылардың пікірінше, Қытай жағы ұсынған екіжақты келіссөздерден бас тарту Қазақстан үшін тиімдірек және бұл мәселеге қызығушылығы бар тараптарды (ол алдымен Ресей, себебі Ертіс өзені Ресейдің Омбы облысы үшін өте маңызды, сонымен бірге, Қырғыз Республикасы, өйткені бірқатар Қытай өзендері Қырғызстаннан бастау алады) тартып, көпжақты келіссөздер Қытай тарапының басымдығын әлсірете түседі. Дегенмен, Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық өзендерді қорғау және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісім трансшекаралық су ресурстарын пайдалануда Қазақстан мүддесін ескеру туралы Қытай тарапының қандай да болмасын міндеттерін қарастырмаған. Сондықтан бұл келісім екі ел арасындағы трансшекаралық өзендер мәселесін толық шешкені жөнінде айтуға болмайды.

Қазақстанның сегіз өзен бассейнінің жетеуі трансшекаралық болып табылады, яғни біздің негізгі ірі деген өзендердің барлығының (Нұрадан басқа) трансшекаралық сипаты бар.

АРАЛДЫҢ
АЖАЛЫ
НЕМЕСЕ СҰРАУЫ БАР
СУДЫҢ ДА…

Қытай қалағанын жасай берсе, аз күнде Балқаш та Аралдың кебін киюі мүмкін. Ал, Арал өздігінен сондай күйге түсті ме? Жоқ!

Әрине, суды саяси қысым көрсететін құрал ретінде пайдалануға болмайды. Адамзат судың да сұрауы бар, киесі мен қасиеті бар екенін естен шығарған сыңайлы.

Арал теңізінің тартылуы XX ғасырдың орта тұсында басталды. Әмудария мен Сырдария өзендері бойынан суландыру жүйесінің құрылыстары жүріп, бір ғана Қарақұм су арнасының ұзындығы 1 445 шақырымға созылды да, Әмудария суының 45 пайызын өзіне алып қойды. Арал теңізінің тартылуының негізгі себебі өзбектер мен қарақалпақтар Әмудария суын күріш дақылдарына есепсіз пайдаланды, ал жалғыз Сырдарияның үлкен теңізді толтыруға қауқары жетпеді. Осы аталған фактілер Арал теңізі экожүйесіндегі тіршілік атаулыны экологиялық дағдарысқа әкелді. Бұл жағдайлар адам баласының қолдан істеген қателігі ретінде әлемге белгілі болды. Аралдың суын «тартып алып қойған» Тәжікстан, Өзбекстан мен Түркіменстан мемлекеттері қазір суармалы жерлерінің жартысын қысқартып, Әмударияның айдынын толтыруға ешбір құлық танытар емес. Керісінше, халқын асырау үшін суармалы жер көлемін үздіксіз арттырып келеді.

Экспортқа шығарылатын ылғалсүйгіш мақта өсімдігі де осы Әмударияның есебінен суғарылады. Аралдың ажалына кезінде осы мақта өсіру шаруашылығы тікелей себеп болған еді. Ғалымдар теңіз деңгейін толықтай бастапқы қалпына келтіру үшін Әмудария және Сырдариядан жылына құйылатын су мөлшерін төрт есе арттыру керектігін есептеп шығарды.

Су таласы күштілер мен әлсіздердің арасындағы бәсеке болмауы тиіс. Әлі жеткендер табиғи арнасымен ағып жатқан судың көп бөлігін өзіне бұрып алып, күш көрсетуі ақылға сыймайтын дүние. Мәселен, Жамбыл облысы аймағын судан тарықтыруды бастаған көршіміз қырғыз ағайындар арасында: «Су біздің жерден бастау алады. Ендеше, су біздікі. Қазақтарға суды тегін беріп отырмыз, одан да саталық», – деген өзімшіл әрі қате пікір бар. Олар біздің диқандарға жыл сайын қысым көрсетіп, егіс алқаптарын суаруға мүмкіндік бермейді. Ондағы 60-тан аса шаруа жалғыз арна арқылы алқаптарын суарады. Кейде, қырғыздар ол арнаға да су жіберуден бас тартатын көрінеді. Суға қатысты қырғыздардың қысым көрсетуі жылдан жылға жалғаса берсе, ұлтаралық қақтығыстар туындамасына кім кепіл?!

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Су тапшылығы – бұрын да, бүгін де үлкен мәселенің бірі. Өзеніміздің тартылуы халыққа да үлкен апат болады. Мәселенің өзегі – табиғи процесс болғандықтан, оны адамдар өзгерте алмайтыны анық. Өзен бастауын қайдан алатыны табиғаттың еншісіндегі дүние. Алайда, Іле тағдырына қатысты дер кезінде іске кіріспесек, орны толмас өкінішке душар болуымыз бек мүмкін. Бір ғана жол – Қытай Халық Республикасымен келісімге келіп, екі елге өзен суы бірдей кетуі қажет. Яғни, тез арада Бейжіңнің Іле дариясын бұруға қатысты нақты жоспар-жобаларын анықтап, бұл мәселеге халықаралық қауымдастықтың назарын аударып, Қытай үкіметінің халықаралық келісімдерде көрсетілген шарттарды өрескел бұзуына жол бермеу керек. Дарияның бүгінгі күні шекарадан ағып өтіп жатқан мөлшерін анықтап, оның шеткі деңгейден кеміп кетпеуін халықаралық ұйымдардың қатысуымен бақылауға алу да артық болмайды. Экология мен экономияға қатар көңіл бөліп, шекаралас елдер өз орнын біліп, кез келген мәселеде ымыраға келсе, ұлтаралық шиеленістер де болмайтыны сөзсіз.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here