Астанада волейболдан Қарулы күштер чемпионаты аяқталды

0
840

Әскери-қолданбалы және ойын спорт түрлерінен Қарулы күштердің XX Спартакиадасы шеңберінде волейболдан Қарулы күштердің чемпионаты қорытындыланды. Жарыс Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы елордалық әскери колледжде өтті. Ақтық ойын Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтті.

Тартысты жарысқа 14 команда құрамында 150-ден астам әскери қызметші қатысты.

Волейболшыларды чемпионаттың аяқталуымен Қорғаныс министрлігінің Спорт комитетінің төрағасы – ОСК бастығы подполковник Арман Әбеуов құттықтады.

– Волейболда, әскердегідей, командалық рухқа, үйлесімділікке және нәтижеге назар аудару аса маңызды. Жарысқа қатысушылар жанкүйерлерді тамаша техника мен жоғары спорттық шеберліктерін көрсете отырып, қызық сәттермен қуантты, – деді ол.

Жарыс қорытындысы бойынша Әуе қорғанысы күштерінің волейбол командасы үздік деп танылды. Екінші орынды «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының құрамасы, үшінші орын – «Оңтүстік» ӨңҚ бұйырды.

Жарысты ұйымдастырушылар бес номинация бойынша үздіктерді марапаттады. Атап айтқанда, «Үздік шабуылдаушы» және «Үздік байланыстырушы» мерзімді қызметтегі сарбаздар Досымжан Әбілаш пен Адал Бекмұрзаев (Десанттық-шабуылдау әскерлері), «Үздік ойыншы» – 3-сыныпты сержант Марат Ибраимов («Шығыс» ӨңҚ), «Үздік қорғаушы» – подполковник Ришат Зұлпықаров (Әуе қорғанысы күштері), «Үздік либеро ойыншы» – лейтенант Жасур Бабақанов (ӘШҚҚ әскерлері).

Чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері командалық кубоктармен, медальдармен және грамоталармен марапатталды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here