Тартылған теңіздің тағдыры

0
3316

Каспий көлемі, тереңдігі, тұздылығына байланысты ең үлкен ағынсыз көл немесе теңіз саналады. Қарт Каспий Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде әрі осы құрлықтарда орналасқан бес мемлекеттің теңіз шекараларын біріктіреді. Ол қазба байлықтың нақ кені іспетті. Мұнай-газы мен бекіре балығы тағы бар. Алайда, қазақ халқына сарқылмастай ырзық-несібені төгіп жатқан Каспий теңізінің бүгінгі күйі көңіл қуантарлықтай жағдайда емес. 2006 жылдан бастап төмендеп жатқан, қазіргі күні дабыл қағарлық деңгейге түскен теңіздегі су деңгейіне қарап, «Каспий Арал теңізінің кебін кимей ме?» деген сұрақ ойға оралады. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін осы бір көкейтесті сұраққа жауап іздейді.

ТЕҢІЗДЕГІ
ТРАГЕДИЯ НЕМЕСЕ ҚҰТЫ
ҚАШҚАН
ҚАРТ КАСПИЙ

Қазір қарапайым көзбен қарағанда, Каспийдің тез таязданып, теңіз-көлдің көлемі азайып бара жатқанын көруге болады. Каспийдің оңтүстік-батысындағы Әзербайжан және оңтүстігіндегі Иран жағалауында су шамамен 10 метрге шегінген. Ең айқын таяздану солтүстікте, яғни қазақстандық бөлікте байқалады. Мамандар мұнда судың 200 метрге, тіпті кейбір жерлерде 20 шақырымға «кеткенін» айтады. Бірақ, таяздану үрдісі соңғы 45 жылда Каспийдегі ең төменгі су деңгейіне жеткен жоқ. Каспийдің ең төменгі деңгейі 1977 жылы тіркелген екен.

Теңіз деңгейінің төмендеу үрдісі өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының екінші жартысынан байқала бастады және бұрынғы КСРО басшылығы арасында дүрбелең тудырды. Брежнев тұсында су қорын толықтыру үшін Сібір өзендерін Каспийге қайта бағыттау бағдарламасы жасалды. Бұл ретте ғалымдар су қоймасының таяздануының бір себебін Каспий теңізінің газға бай түркімен бөлігіндегі Қара Боғаз Гол шығанағындағы судың қатты булануымен түсіндірді. 1995 жылға қарай Каспийден шығанаққа келетін суды бөгеу үшін бөгет салынды. Алайда, көп ұзамай Каспийдегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты бөгетті ашуға тура келді.

Эколог әрі блогер Азамат Сәрсенбаев өзінің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында Каспий теңізінің таяздығы туралы видеомен бөлісті. Видеоны көргеннен кейін еріксіз көзге жас келеді.

«1979 жылы «Қаламқас» кен орны ауданында 33 шақырымдық қорғаныс бөгетінің құрылысы басталды. Оны салу кезеңінде теңіз суы аяқталмаған бөгетке екі рет соғылып, оны эрозияға ұшыратып, бүкіл мұнай кен орнын су басқан. Бір қызығы, қазіргі уақытта 33 шақырымдық судан қорғайтын бөгет бір кездері бұл жерде (кем дегенде төрт шақырымға дейін су алыстаған) балықтар мен итбалықтар мекендеген су болғанын еске салады», – деп түсіндіреді Азамат Сәрсенбаев.

Ақтаулық белсенді ресейлік сарапшылар мен экологтардың «Теңіздің таяздануына негіз жоқ» деген пікірімен келіспейді. Керісінше, әлемдік қауымдастық дабыл қағып, Каспий теңізі үшін «апат зардаптарын» болжап отырғанын айтады. Ғалымдар XXI ғасырда жаһандық жылынудың, шөлейттенудің әсерінен буланудың үдеуіне байланысты теңіз деңгейі 9-18 метрге төмендейтінін ескертеді. Ал, Ақтау қаласының тұрғындары Каспий теңізінің күрт таязданғанын 2016 жылдан байқай бастаған-ды.

«Осы уақытқа дейін барлығы теңіздің таязданып бара жатқанын түсінді, бірақ жағдай қазіргідей болмады. Бүгінде кейбір жерлерде су бірден бірнеше метрге таязданып қалғаны байқалады», – деп нақтылады Азамат Сәрсенбаев.

Табиғат жанашыры Каспийдің таяздану себебін су айдынын қоректендіретін екі негізгі өзен – Жайық пен Еділдің нашарлауымен байланыстырады.

«Менің ойымша, мұның басты себебі – өзендердің бейберекет пайдаланылуында. Кеңес Одағы ыдырағаннан бері аталмыш өзендерде көптеген бөгеттер салынды. Су ауыл шаруашылығы қажеттіліктері үшін пайдаланылады, жағалау бойында Жайық пен Еділден сумен қамтамасыз етілетін қалалар бар», – деп мәселенің мәнісін айтты Азамат Сәрсенбаев.

Әрине, тартылған теңіздің жағдайынан Экология және табиғи ресурстар министрлігі де хабардар.

«Теңіз деңгейінің бір метрден астам төмендеуі Каспий теңізінің жағалау сызығының, әсіресе қазақстандық бөліктегі жағдайының өзгеруіне ықпал етті. Теңіз деңгейінің шамалы өзгеруі жағалаудың айтарлықтай су басуына немесе құрғауына әкеледі. Осы кезеңде теңіздің су бетінің ауданы 22 мың шаршы шақырымға азайды, оның жартысы солтүстік Каспийдің қазақстандық бөлігіне тиесілі», – деп түсіндіреді Экология министрлігінің өкілдері.

Ең сұмдық болжамды Нидерландтағы «Naturalis» биоәртүрлілік орталығының ғалымдары айтып отыр. Олар жаһандық жылыну салдарынан Каспий теңізіндегі судың көлемі күрт азайып жатқанын мәлімдеді. Көмірқышқыл газ шығарындыларының көлеміне байланысты Каспий теңізінің ауданы ғасырдың соңына қарай 34 пайызға азайып, су деңгейі 9-19 метрге төмендеуі мүмкін. Ал, география ғылымдарының докторы, әзербайжандық профессор Әмір Әлиев алаңдауға негіз жоқ екенін айтады.

Экологиялық болжау орталығының басшысы Тельман Зейналов Каспий теңізі деңгейінің өзгеруіне жаһандық жылынудың еш қатысы жоқтығын, оның табиғи және циклдік сипатқа ие екенін алға тартады.

«Каспий теңізі деңгейінің көтерілуі немесе төмендеуі тек циклдік сипатта болатыны дәлелденді. Климаттың өзгеруіне байланысты температураның көтерілуі Каспий теңізінің деңгейіне әсер ететіні сөзсіз, бірақ теңіздің таяз болуы үшін бұл жеткіліксіз», – дейді ғалым.

ТЕҢІЗ
ДЕҢГЕЙІНІҢ
АУЫТҚУ
СЕБЕПТЕРІ НЕДЕ?

Әзербайжан ғалымдары Каспийдің деңгейлік режимімен көптен бері айналысып келеді. Бұл саладағы алғашқы аспаптық бақылаулар 1837 жылы Бакуде басталды. Қазір мұндай өлшеулер теңіздің бірнеше нүктелерінде жүргізілуде. Ескі географиялық деректер Каспий теңізінің деңгейлік режимінде кезеңділік бар екенін көрсетеді. Шамамен 250 жыл сайын Каспий деңгейі төмендейді, ал келесі 250 жылда көтеріледі. Каспийдің ең жоғары деңгейі 1862 жылы болды. Осыдан кейін деңгей төмендей бастады. Бұл 250 жылдық циклге сәйкес келеді.

Қазір Каспий деңгейі Балтық теңізінің деңгейінен 28 метрді құрайды. 1977 жылы деңгей қазіргіден бір метрге төмен болды. 1978 жылдан 1995 жылға дейін судың 2,5 метрге көтерілуі байқалды, бұл негізінен климаттық факторларға байланысты болды. 1995 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін су деңгейі шамамен 1,5 метрге төмендеді.

«Каспийге құятын Кура мен Араз өзендері таязданып барады. Олар Әзербайжандағы тұщы судың негізгі жеткізушілері. Бұл су ресурстарындағы су деңгейі төмендеуінің негізгі себебі оның су қоймаларында жиналуы және көршілес елдердегі өзен суын пайдаланудың артуы», – дейді Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет басшысының орынбасары Рафик Вердиев.

Таязданудың себебін алдымен Каспийге құятын негізгі өзен Еділдегі су көлемінің азаюынан іздеу керек. 2021 жылдың күзінде Куйбышев су қоймасында су деңгейі өте төмен болды. Былтыр жүргізілген зерттеулер 2019 жылғы көрсеткіштен де төмен түсіп, жаңа рекорд орнатқанын көрсетті.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Каспий теңізі деңгейінің ауытқуы негізінен климаттың антропогендік өзгеруінің әсерінен өзгеретін су балансы сипаттамаларының арақатынасына байланысты екенін хабарлады.

«2006 жылдан 2020 жылға дейін Каспий теңізінің акваториясында жауын-шашын аз жауды. Жайық өзенінің бассейнінде су аздығына байланысты су ағыны да ең төмен болды. Су тапшылығының басты себебі – бүкіл солтүстік жарты шарды қамтыған климаттың жылынуы», – деп нақтылады Экология министрлігі.

Дәл осындай жағдай Әзербайжанда байқалады. Соңғы жылдары жаһандық жылыну аясында Әзербайжанның төрт ірі өзенінің толымдылығы айтарлықтай төмендеді. Айталық, толымдық деңгейі Кура өзенінде 27%-ға, Араз өзенінде 34,5%-ға, Самур өзенінде 21,8%-ға, Ганых өзенінде 9,2%-ға дейін азайды.

«ЭкоМаңғыстау» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Кирилл Осин де Каспийдің аянышты жағдайына өзендердің таяздануы себеп деп есептейді.

«Бұл (өзендердің таяздығы) климаттың өзгеруіне әсер етеді. Өзендер суды табиғи түрде алмайды, сонымен қатар суды ұтымсыз пайдалану, өзен арналарының тұнбалануы факторлары кездеседі», – дейді Кирилл Осин.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі Каспийді қоректендіретін өзендердің жай-күйінің нашарлауы туралы қоғам қайраткерлерінің пікірімен келіседі. Олардың ақпараты бойынша, Каспий теңізіне судың 90%-дан астамы Ресей Федерациясының аумағы арқылы өтетін Еділ өзенінен құйылады. Жайық өзенінің үлесі 2%-дан аспайды. Соған қарамастан Жайық Каспий теңізінің балық ресурстарының өнімділігінде маңызды рөл атқарады. Судың азаю кезеңіне байланысты Жайық өзенінің ағысы 50-60%-ға қысқарды, сондықтан уылдырық шашатын жерлердің аумағы тозып, өзеннің экологиялық жағдайы нашарлады.

Жағдайды түзету үшін Қазақстан мен Ресей «Өзен бассейндерінде (Жайық, Ертіс және басқалары) зерттеулер жүргізу бойынша ынтымақтастықты жандандырудың бірыңғай Жол картасына» қол қойды. Экология министрлігінің мәліметінше, қазір деректерді жинау және талдау жүргізіліп жатыр, жұмыстар 2023 жылдың соңына дейін аяқталмақ.

ТЕҢІЗДІҢ
ТАЯЗДАНУЫНЫҢ
ЭКОЛОГИЯҒА
КЕЛТІРЕР ЗАРДАБЫ

Таяздық қарқынды жүріп жатқан Қазақстан үшін экологиялық қауіп анағұрлым жоғары. Таяздану флора мен фаунаға үлкен зиян келтіреді. Топырақтың шөлейттенуін, итбалықтардың, бекіре тұқымдас балықтардың және қызыл балықтардың күрт төмендеуіне себеп болады.

Экологтардың пікірінше, климаттық себептерден басқа болып жатқан оқиғалардағы үлкен кінә экологиялық нормаларды елемейтін адамдар мен мемлекеттерде жатыр. Белсенділер NCOC компаниясының теңіз түбін қазу жұмыстары туралы дабыл қағуда. Порттар жарамсыз болып қалады, компания ауыр кемелерді мұнай қондырғыларына жақындату үшін тереңдету жұмыстарын жүргізеді. Сол себепті балық жоғалады, климат өзгереді, халықтың денсаулығы нашарлайды. Бекіре тұқымдас балықтардың 90%-ы Каспийдің солтүстік-шығыс бөлігінде тіршілік етеді. Эколог Галина Чернова бекіре тұқымдас балықтардың аналық табыны жойылатынын айтады.

Қазақстан ҮЕҰ экофорумының үйлестіру кеңесі теңіз түбін қазу жұмыстарын тоқтатуға шақырады. Петицияға қол қойған 15 мыңнан астам адам дренажға және түбін тереңдетуге мораторий енгізуді сұрауда. Бірақ, Экология министрлігі экологтармен келіспейді және табиғатты қорғау шаралары теңіз экожүйесін сақтайды деп сендіреді. Олар теңіздің таяздануы табиғи құбылыс деп есептейді.

Мұндай жағдайда Каспий маңы елдерінің таяздану себептерін, оның салдарын зерттеу, сондай-ақ залалды азайту мақсатында барлық ықтимал шараларды қабылдау үшін мемлекетаралық мониторингтік орталық құру қажеттілігі туындайды. Бұл бастаманы Қазақстан БҰҰ қолдауымен таяздану проблемасына ең бейім ел ретінде қабылдауы мүмкін.

Әзербайжан ғалымдары Каспийдегі су деңгейі өзгеруінің орташа, сыни емес сценарийіне сүйенеді, бірақ теңіздегі су деңгейінің өзгеруін үнемі бақылау үшін халықаралық болжау ғылыми орталығын құруға шақырады.

Олардың мәліметтерінше, теңізге байланысты ғылыми-зерттеу жұмыстары іс жүзінде 30-40 жыл бұрынғы зерттеулерге негізделген және жаңа технологиялық мүмкіндіктерді ескере отырып, зерттеу жұмыстарын мүлдем басқа деңгейде жүргізу қажеттілігі өзекті болып отыр.

БЕС
МЕМЛЕКЕТКЕ
ОРТАҚ
КҮРДЕЛІ МӘСЕЛЕ

Бүгінде Каспий маңы елдері таяздыққа байланысты жоспармен жұмыс істеуде, мемлекетішілік және мемлекетаралық деңгейлерде талқылаулар жүргізуде. Бұл жағдай 2022 жылғы 29 маусымда Ашхабадта өткен Каспий маңы елдері саммитінің күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің біріне айналды. Экологиялық апаттың себептерін анықтау және теңіздің одан әрі таяздануын болдырмау шараларын анықтау үшін де тараптар арнайы сараптамалық топтар құру жөніндегі жұмысты жалғастыруға келісті.

Өткен жылдың қазан айында Әзербайжан астанасында Теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенция тараптарының 6-шы конференциясы өтті. Құжат Каспий маңы елдерінің экологиялық мәселелерді шешудегі күш-жігерін біріктіру үшін құқықтық негіз құруға мүмкіндік берді.

Бұған дейін былтыр 5 шілде күні Бакуде «Климаттың өзгеруі контекстіндегі Каспий теңізі деңгейінің ауытқуы, болжамдар мен бейімделу шаралары» атты халықаралық конференция өткен болатын. Дөңгелек үстелге қатысқан ғалымдар мен сарапшыларға Каспий теңізі деңгейінің ағымдағы және күтілетін ауытқуларын, климат пен деңгей болжамдарын ескере отырып, ұлттық және өңірлік бейімделу шараларын айқындау үшін өзара іс-қимылды кеңейту мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.

Қазақстан мен Ресей трансшекаралық өзендерді, атап айтқанда, Каспийге құятын Жайық өзенінің бассейнін қорғау үшін шаралар қабылдауда. Өзен бассейніндегі экологиялық жағдайды жақсарту үшін «трансшекаралық өзен бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру жөніндегі 2021-2024 жылдарға арналған Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы бағдарламасына» қол қойылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда Каспий теңізін зерттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік ғылыми институт құру қажет деп санайды.

«Бұл мәселе бойынша Үкімет басқа Каспий маңы мемлекеттерінің әріптестерімен тығыз қарым-қатынаста болуы керек», – деді Президент Маңғыстау облысының жұртшылығымен кездесу барысында.

Мемлекет басшысының жеке бақылауында Каспий итбалықтарын сақтау мәселесі де тұр. Қасым-Жомарт Тоқаев шешімді Маңғыстау өңірінде табиғи резерваттар құрудан көріп отыр.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Экологтардың оптимистік болжамдарына, жағалаудағы мемлекеттердің алдын алу шараларына қарамастан, әрекетсіздік жағдайында Каспий табиғат заңдарын елеп-ескермейтін адами факторға байланысты экожүйесі жойылған Арал теңізінің тағдырын қайталауы мүмкін. Болашақ ұрпақ игілігі үшін су қоймасының бірегей экожүйесін бастапқы күйінде сақтау осы аймақтағы экологиялық апаттың алдын алу тұрғысынан қажет. Осы мақсатта барлық бес Каспий маңы елдерінің ғылыми базасын тарта отырып, проблеманы толыққанды зерделеп қана қоймай, қоғамды экологиялық ағартумен де айналысу қажет.

Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here