Мәжіліс депутаттары «Масс-медиа туралы» заң жобасын мақұлдады

0
741

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар  «Масс-медиа туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Президенттің тапсырмасы бойынша әзірленген заң жобасы мемлекеттің, қоғамның мүдделерін және қазіргі заманғы медиа индустрияның дамуын ескеретінін атап өтті.

«Онда онлайн-платформаларды қоспағанда, барлық интернет-ресурстарды қамтитын «масс-медиа» ұғымы қолданылады. Ең бастысы, заң жобасы сөз бостандығын қамтамасыз етіп, журналистердің мәртебесі мен мемлекеттік ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыру мәселелерін шешуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Аида Балаева.

Негізгі өзгерістердің қатарында БАҚ сұрауларын қарау мерзімдерін қысқарту, гранттық қаржыландыруға көшу, БАҚ материалдарына талап қою мерзімін белгілеу және т.б. мәселелер бар.

Атап айтқанда, қолданыстағы заңнама шеңберінде БАҚ материалдарына талап қоюдың мерзімсіз кезеңі белгіленген.

Министр БАҚ өкілдерімен және мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізген кешенді зерттеу барысында үш жылдық талап қою мерзімі туралы ереже бекітілгенін хабарлады. Бұл мерзім азаматтардың мүліктік емес жеке құқықтарының бұзылмауын ескере отырып жасалған.

БАҚ өтініштерінің түрлеріне нақты градация жүргізіліп, бұқаралық ақпарат құралдарының жазбаша сұрауларына жауап беру мерзімі 7 жұмыс күнінен 5 күнге дейін қысқартылды. Бұл өзгерістер ЕҚЫҰ-ның Заң жобасына жүргізген құқықтық талдауында оң бағаланды.

Сондай-ақ, спутниктік ақпараттың заңсыз құрылғыларымен күресу бойынша шаралар қабылданатын болады. Заң жобасында ресми отандық құрылғыларды орнатуға субсидиялау көзделген.

Заң жобасы аясында мемлекеттік ақпараттық саясатты неғұрлым тиімді іске асыру үшін гранттық қаржыландыруға көшу жұмысы жүзеге асырылатын болады. Гранттық қаржыландыру бірінші кезекте жобаның шығармашылық құрамдас бөлігіне бағытталады.

Заң жобасында журналистердің кәсіби қызметін жеңілдету үшін баспасөз карталарын енгізу ұсынылды.

Заң жобасымен жұмыс істеген 5 ай ішінде Парламент қабырғасында 20-дан астам отырыс өткізіліп, министрліктің, үкіметтік емес ұйымдардың және медиа-сарапшыларының қатысуымен 200-ден аса толықтыру енгізілді.

Аида Балаева өзгерістердің әрқайсысы жан-жақты талдау негізінде енгізілгенін атап өтіп, осы заң жобасын әзірлеуге атсалысқан жұмыс тобының мүшелеріне, Мәжілістің Қоғамдық палатасына, депутаттар мен журналистерге алғыс білдірді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here