Алматыда Айтқали Исенғұловтың мерейтойы атап өтілді

0
129

Туған күн иесін айтулы күнімен құттықтау салтанатты шарасы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында өтті. Оған Қарулы Күштердің ардагерлері, Алматы өңірлік гарнизонының құрамалары мен әскери бөлімдерінің командирлері, әскери оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, курсанттары мен тәрбиеленушілері қатысты.

Қорғаныс ведомствосы басшысының атынан мерейтой иесін оның орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов құттықтады. Ол Айтқали Исенғұловтың жауынгерлік дәстүрлер мен ұрпақтар сабақтастығын сақтаудағы рөлін атап өтті.

– Сіз еліміздің Қарулы күштеріндегі тәрбие құрылымының негізін қалауға атсалыстыңыз. Сіздің басшылығыңызбен әскери тәртіпті сақтау жөнінде елеулі жұмыстар жүргізілді, Қарулы күштердің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс органдарының институты құрылды, «Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі және оларды әлеуметтік қорғау туралы» Заң әзірленді. Сізді білікті азамат, өз ісінің кәсіби маманы және нағыз генерал ретінде білеміз. Жауапты лауазымдарды атқара отырып, өзіңізді сауатты және білікті басшы ретінде көрсеттіңіз, сөзбен де, іспен де кез келген күрделі әрі жауапты тапсырманы атқара алатыныңызды дәлелдедіңіз, – деп атап өтті ол.

Генерал-майор Айтқали Исенғұлов әскер қатарында мерзімді қызметтегі сарбаздан бастап генералға дейінгі мансаптық сатылардан өтті. «Құрмет белгісі», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен марапатталған. Ол тәуелсіз Қазақстан Қарулы күштерінің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі үшін «Құрмет» орденімен және көптеген медальдармен марапатталды. Зейнетте болса да, ол қоғамдық өмірге және жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге белсене араласып жүр. Қарулы күштер ардагерлері орталық кеңесі бастығының орынбасары отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов ардагердің тәуелсіз Қазақстанның әскері мен тәрбие құрылымының қалыптасуына қосқан үлесін атап өтті.

Ардагермен кездесуге шақырылған қонақтар оның өмір жолы жайлы бейнероликті және экспозициялық материалдарды көрді. Іс-шара оның құрметіне арналған концертпен аяқталды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here