Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына арналған көшпелі көрме ашылды

0
424

Кеңес Одағының Батыры № 1 Халық қаһарманы, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың ғасырлық мерейтойына орай Қарулы күштердің Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайы «Халық жүрегіндегі қаһарман» атты көшпелі көрме ұйымдастырды.

Батырдың бірегей жәдігерлері үшін алғашқы алаң Алматыдағы Орталық мемлекеттік мұражай болды. Музейге келушілер үшін маңызды оқиға болған көрменің ашылуына Алматы өңірлік гарнизонының әскери қызметшілері, әскери жоғары оқу орындарының курсанттары және «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.

Көрменің ашылуында Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Алматы филиалының эстрадалық-би тобы өнер көрсетті. Сұңқар Әлимұса Нұрлан Нұртазиннің «Сағадат» әнін орындады.

– Тақырыптық тұрғыдан біз көрме материалдарын соғысқа дейінгі, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы және тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштерін құрудағы тұңғыш Қорғаныс министрінің рөлін көрсететін үш кезеңге бөлдік, – деп түсіндірді Мемлекеттік әскери-тарихи музейдің бастығы Ләззат Әлжан.

Көрмеге тарихи фотосуреттер, Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы Жарлықтың, Алтын жұлдыздың көшірмелері және фуражка, белдік, кобура, гимнастерка, шинель, былғары қолғап, етік, генерал погондары сияқты Сағадат Нұрмағамбетовтың жеке заттары қойылған. Бір қызығы, жәдігерлердің арасында оның жақын туыстары біле бермейтін сирек фотосуреттер де кездеседі.

Алматыдағы көрме 31 қаңтарға дейін жалғасады. Сосын бұл құнды жәдігерлер еліміздің өзге де он қаласын араламақ.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here