Сейсмологиядағы салғырттық: Қазақстанда 63 қана бақылау станциясы бар

0
6345

Отандық сейсмология саласының бүгінгі тағдыры қыл үстінде тұр. Қазіргі заманға лайықталған дербес сейсмокартаның жоқтығы, бақылау станциясының аздығы, кадр тапшылығы, материалдық-техникалық жағдайдың нашарлығы сияқты күрделі мәселелер жағдайды одан бетер күрделендіріп жіберді. Қауіптілігі жағынан ұқсас болғанымен, дамуы жағынан еліміз Жапонияның шаңына да ілесе алмай қалады. Ал, ел аумағында жылына ірілі-ұсақты 5-10 мың жер сілкінісі болатынын ескерсек, біздегі сейсмология саласына тың серпіліс керектігін жақсы түсінеміз. Алайда, мұны қарапайым халық түсінгенімен, бұған жауапты мекемелердің салғырт қарайтыны көңілге қаяу түсіреді. Президент сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөнінде кеңесте Бас прокуратураға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, осы мәселемен айналысуды тапсырды. Осыған байланысты бұрнағы жылдары жазылған мақаланы қайта жариялап отырмыз.

Ел тарихындағы жойқын жер сілкінісінің бірі 1887 жылдың 9 маусымында Верныйда (Алматы) орын алды. Магнитудасы 7,3 балдық зілзала болды

СЕЙСМОЛОГИЯ САЛАСЫНА ЖАСТАР НЕГЕ КӨПТЕП КЕЛМЕЙДІ?

Қазақстанда жыл сайын ірілі-ұсақты 5-10 мың сейсмологиялық толқу болады. Ал, жалпақ жұртқа оның бірен-сарандары ғана хабарланады. Білінер-білінбес толқулар күнделікті болып тұрады. Олардың әр-қайсысына Алматыдағы Сейсмология институты баға береді. Бес жыл бұрын аталған институттың басшысы ауысты. Басшылықтан Әнуар Боранбаев кетті.

2017 жылы Әнуар Боранбаев бұл институтқа басшылыққа келген бойда жердің сілкінуін зерттейтін геофизикалық ғылымның күрделі саласының мұншалықты құлдырауына қайран қалып, сейсмология саласына ұзақ әрі табандылықпен көптеген өзгертулер енгізу керектігін айтқан еді. Дегенмен, тау-кен инженері мен геофизик маманы басшылық қызметте бір жыл ғана отырғандықтан, ойындағы шаруаны іске асырып та үлгермеді.

Сол кезде Әнуар Боранбаев білікті сейсмологтардың жетіспейтінін ашық айтқан болатын. Мәселен, бұл саладағы ғылым докторларының орташа жасы 77-ге жеткен. Ал, сейсмология саласына жастар келгенімен, олардың алға жылжулары оңай емес. Жас маман ондаған жылдар бойы инженерліктен ғылыми қызметкердің жолын ғана жүріп өтеді. Мәселен, жас маман ғылыми-зерттеу орталығына 21 жасында келіп, тек 40-50 жасында ғана кандидаттықты қорғай алады. Демек, жас маманға өсу мүмкіндігі аз. Оның үстіне мардымсыз айлық та алаңсыз жұмыспен айналысуға мүмкіндік бермейді. Содан бұл күрделі салаға жастар көп келмейді.

БАҚЫЛАУ СТАНЦИЯЛАРЫ НЕГЕ ЖЕТІСПЕЙДІ?

Сейсмология институты болжамдарының нақтылығы бүгінгі күнде 50-70 пайызды ғана құрайды. Ал, Әнуар Боранбаевтың айтуынша, жер сілкінісінің табиғатын соңына дейін зерттеген адам жоқ.

Өкінішке қарай, Алматыда болатын жер сілкінісін алдын ала болжау мүмкін емес. Өйткені, нақты бір болжам жасау үшін сейсмикалық станциялар мен заманауи құрылғылардың саны жеткілікті болуы керек. Ал, 2001 жылдан бері біздің елдегі ешбір құрылғы жаңаланбаған көрінеді.

Экс-басшының мәліметінше, 40 сейсмикалық станция болуы тиіс Шығыс Қазақстан облысында оның екеуі ғана жұмыс істейді. Тіпті, ел бойынша олардың саны бар болғаны – 63. Қазақстан сынды сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан Жапонияның бір өзінде үш мыңнан астам бақылау станциясы бар екен. Ал, Күншығыс елінің жер көлемі біздің елден жеті есе аз.

Өзекті мәселенің тағы бірі − қазіргі заманға лайықталған Қазақстанның дербес сейсмокартасының жоқтығы. Бүгінгі күнге дейін еліміз Кеңес Одағынан қалған сызбаларды қолданып келеді. Оларда бүгінгі қауіп-қатерлердің ескерілмегенін ескерсек, барлық аймақтағы сейсмокартаны жаңарту – уақыт күттірмейтін қажеттілік. Әрине, айтуға оңай болғанымен, алдан тағы бір үлкен мәселе шығады. Ол – қаржы тапшылығы.

Бұрынғы институт басшысы күрделі саладағы күрделі мәселелердің ішінен насихаты аз отандық сейсмология ғылымының да бүгінгі мүшкіл жағдайына тоқталды. Басқаны айтпағанда, отандық сейсмологтардың шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасуына мүмкіндіктері аз. Неге десеңіз, бұған да мемлекеттен мардымды қаржы бөлінбейді. Осыдан кейін «қатты жер сілкінісі болмайды» дегеннен арыға аса алмай жүрген сейсмологтарға сын айтып, мін тағудың жөні болмас.

Жер сілкінісінен көз ашпайтын Алматы қаласының тұрғындары жер сілкінісі кезінде жиналатын қауіпсіз жерлерден бейхабар. Ал, ондай жерлерді анықтауға терең зерттеу жүргізу қажет. Қазір компьютерлік зерттеу арқылы қай жердің құлап, қай жердің жарылатынын анықтауға болады. Бірақ, мемлекеттің барлық тұрғындарға мұндай ақпаратты беруге мүмкіндігі жоқ. Өйткені, тағы да қаржы тапшылығы бұған қолбайлау болып тұр.

Алатау баурайындағы қалада 12 мың адамды қамтитын 340-қа жуық жиналу пункті бар екен. Бұл 2,1 млн халқы бар мегаполис тұрғындарының бір пайызына да жетпейтін үлес. Мамандар бұл санның 5-6 есе көп болу қажеттігін айтады. Бірақ, бұл мәселеге бас ауыртып жүргендер байқалмайды. Алматы қаласындағы жағдай осылай болғанда, сейсмикалық қауіпті аймаққа жататын өзге облыстардағы жағдайдың қандай екенін ойлаудың өзі қорқынышты. Өйткені, жоғарыда айтқан Қазақстандағы 63 сейсмикалық станцияның 80 пайыздан астамы бір ғана Алматы аумағында орналасқан.

«Отандық бизнес те әлеуметтік салаға бағытталған ұйымдардан теріс айналады. Мысалы, Жапонияда көптеген корпорациялар сейсмология саласына қаржылық қолдау көрсетеді. Бізде неге бұлай емес?!» – деп күйінеді Әнуар Боранбаев.

ҚАЗАҚСТАН «ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ЖАПОНИЯСЫ» МА?

Ғимараттардың көбі сейсмикалық талаптарға сай тұрғызылып жатпағанын айтқан жөн. Мамандардың пікірінше, 1990 жылға дейін салынған ғимараттардың (тұрғын үйлер де бар) жартысына жуығы ескірген, ал бертін келе салынып жатқан биік ғимараттардың 30 пайызы зілзалаға шыдас бермейді. Кәсіпкерлердің үнемшілдігі мен құрылыс материалдарының сапасыздығы кейін үлкен апатқа әкелмесе игі. Ал, ірі қалаларға қоныс аударып, үй салып жатқан тұрғындардың сейсмикалық ережелерге назар аудармайтыны тағы бар. Түптеп келгенде, бұл мәселе бәрін ойландыруы керек.

Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері 2016 жылы 9 балдық жер сілкінісі болса, екі миллион халық тұратын қаланың жартысы жермен-жексен болатынын мәлімдеді. Боранбаевтың түсіндіруінше, мұндай қорытынды Алматы қаласының 200-дей ғимаратын сараптаудан өткізгеннен кейін жасалды.

«Біз Орталық Азияның өз Жапониясымыз, – деп салыстырды Әнуар Боранбаев, – бірақ Жапония жер сілкінісін құры болжаудан бас тартып, есесіне ғимараттардың сейсмикалық қауіпсіздігіне баса назар аударып, апат туралы хабар тарату жылдамдығын арттырды. Олардың құрылыс сапасы тамаша. Жапон мамандары толқынның (цунами) биіктігін де дәл анықтай алады. Дегенмен, табиғаттың тосын мінезіне адам баласы қауқарсыз. Бірақ, осылай екен деп қол қусырып отыруға болмайды ғой».

Иә, Жапонияның ғимараттары анша-мұнша табиғат апаттарына сыр бермейді, ал біздегі жағдай қалай? Міне, бұл сұрақ қойылғанда сала мамандары да тілдерін тістеуге мәжбүр болады. Өйткені, ескісін айтпағанда, жаңадан салынған ғимараттардың да сапасы сын көтермейді.

Белгілі сәулетші Андрей Зенков (1863-1936): «Мен болашаққа сенемін, біздің қаламызда (Алматыны айтып отыр, – ред.) әдемі, көркем, үш-төрт қабатты, тастан, бетоннан және басқа да мықты құрылыс заттарынан ғимараттар салынады», – деген екен. Бұл ХХ ғасыр басында Алматыны үйінді астына қалдырған жер сілкінісін көзімен көрген адамның пікірі.

Андрей Павлович неге үш-төрт қабатты ғимараттар жөнінде айтты?! Өйткені, сейсмикалық аймаққа жататын Алматы қаласы үшін 20-30 қабатты ғимараттар тұрғызу өте қауіпті. Оның үстіне бүгінде ғимараттардың сапасыз салынып жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды.

«Барлық сейсмикалық нормаларды сақтадық» деп өздерін жарнамалайтын жаңа тұрғын үй кешендерінің сапасы жайлы Әнуар Боранбаев сөз сабақтағысы келмейді. Неге десеңіз, сол құрылыс компанияларының басым бөлігі салынып жатқан ғимараттарды сараптамадан өткізуге тапсырыс бермейді.

Кеңес Одағы тұсында «Место сбора при землетрясении» деп жазылатын қарапайым тақтайшалардың өзі қазір ілінбейді. Осыдан кейін бұл тақырыпта әңгіме өрбіткісі келмеген Әнуар Боранбаевты түсінбей көріңіз!

2017 жылы Әнуар Боранбаев Парламент қабырғасында мемлекеттің қөзқарасы дұрыс болмай, сейсмологияда оң өзгерістің болмайтынын ашық айтты.

«Біздің жұмысымызға сын айтатындар көп. Бірақ, біз басқалар секілді қол қусырып отырған жоқпыз. Тым құрығанда бір нәрсе жасауға талпынып жүрміз. Айтыңызшы, тоқсаныншы жылғы ескі көлікпен алысқа бара аласыз ба? 100 шақырым қашықтыққа жететін бензинмен алыстағы Парижге жету мүмкін емес қой», – деп мысал келтірген ол түсінген адамға үлкен ой тастады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласы сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады. Ал, апат айтып келмейді ғой. Біле-білген адамға бұл жүрдім-бардым қарайтын сала емес, сейсмология салғырттықты көтермейді.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Әлем бойынша биыл ең көп адамның өмірін жалмаған жер сілкінісі 14 тамызда Кариб теңізінде орналасқан Гаити Республикасында болды. Магнитудасы 7,2 балдық табиғи апаттан 12 мыңнан астам адам зардап шегіп, 2 207 адам ажал құшты. Ал, осы ХХІ ғасырдағы ең жойқын жер сілкінісі 2004 жылы Индонезияда, 2010 жылы тағы да сол Гаитиде тіркелді. Біріншісінен 230 мың, екіншісінен 222 мың адам қайтыс болды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here