Демократиялық саясатты іске асыру барысы туралы реформалар және адам құқығын қорғауды күшейту

0
1788

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Қадырбек демократия және еліміздегі реформа туралы Facebook әлеуметтік желісінде өз ойын ортаға салды. Онда былай делінген:

Қазақстанда жүргізіліп жатқан іргелі реформалар елді саяси жаңғыртуға, демократияны одан әрі дамытуға, оның ішінде азаматтардың мемлекеттік басқару процесіне қатысуын арттыруға бағытталған.

Толыққанды реформалаудың бір бағыты – сот билігін модернизациялауға, адам құқықтарын қорғауға және заңның үстемдігіне бағытталған демократиялық реформалар.

Сот жүйесінде жүргізіліп жатқан реформаның міндеттерінің бірі сот төрелігін сапалы іске асыру, соттар мен судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету, судьялар корпусына жоғары білікті заңгерлер тарту, сондай-ақ сот процесінде азаматтар мен бизнес құқықтарының кепілдіктерін күшейту болып табылады.

Мемлекет басшысы 2023 жылғы 28 наурызда «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды. Осы заңға сәйкес, судьялар тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған қосымша кепілдіктер енгізілді. Мәселен, судьяларға қатысты жедел іздестіру шараларын қолдануға санкция беруге Бас прокурорға ғана құқылы.

Сондай-ақ, соттарға деген сенімді нығайту және сот жүйесін демократияландыру, сот төрелігін іске асыру рәсіміне азаматтық қоғамның қатысуын жандандыру мақсатында алқабилер сотының институты заңнамалық деңгейде дамып келе жатқанын атап өткен жөн.

Біздің елімізде сот iсiн жүргiзу алқабилердің қатысуымен 16 жылдан астам уақыт жүзеге асырылуда (2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген). Осы кезеңде екі рет (2015 және 2019 жылдары) алқабилердің қатысуымен сотта қаралатын аса ауыр қылмыстар құрамы кеңейтілді.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген 2019 жылғы 27 желтоқсандағы заңда алқабилердің қатысуымен аса ауыр қылмыстардың барлығы дерлік қаралуда. Бұл 30 қылмыс құрамын қамтиды.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпы алғанда 40-тан астам қылмыс құрамдары, оның ішінде 30-дан астамы – аса ауыр қылмыстар, 13 – ауыр және ауырлығы орташа қылмыстар алқабилердің қатысуымен қаралуға жатады. Атап айтқанда азаптау, рейдерлік, браконьерлік, мас күйінде жол-қозғалыс ережелерін бұзу және басқа да көптеген азаматтардың мүдделерін қозғайтын немесе қоғамдық резонанас тудыратын басқа да қылмыстық істер.

Алқабилердің қатысуымен қаралатын қылмыстардың құрамын кеңейту сот жүйесін жетілдіруге және сот төрелігін іске асырудың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Сот жүйесін одан әрі реформалау – бұл уақыт талабы, өйткені бұл біздің бүкіл сот жүйесінің тиімді қызметіне берік және дәйекті түрде қол жеткізуге бағыт алғанымызды көрсетеді.

Мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау болып табылады. Қазақстан Конституциясында адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылықтары болып жарияланған. Елдің Негізгі заңына сәйкес, адамның құқықтары мен бостандықтары туғаннан бастап барлығына тиесілі, абсолютті және бөлінбейтін деп танылады, нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуын анықтайды.

2022 жылғы конституциялық реформаны іске асыру шеңберінде Парламент адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайтуға бағытталған бірқатар маңызды конституциялық заңдарды қабылдады. Оның ішінде, атап өтетін болсақ, Мемлекет басшысы 2022 жылғы 5 қарашада қол қойған «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заңы қабылданып, конституциялық-құқықтық мәртебе берілген Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесіндегі маңызды тетікке айналды.

Бүгінгі күні Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметі азаматтардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге және оларды ілгерілетуге септігін тигізуде. Уәкілдің өңірлік өкілдіктерінің ашылуы халықтың осы институтқа деген сенімін арттыруда. Бұл ретте әрбір азамат өзінің құқықтары мен бостандықтары бұзылған жағдайда Адам құқықтары жөніндегі уәкілге жүгінуге құқылы.

Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдіктерін қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру мақсатында мемлекеттік және қоғамдық институттармен өзара бірлесе 2016 жылдан бастап Қазақстан Республикасында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылды.

Балаларға қарсы қылмыстардың алдын алу жүйесін одан әрі дамыту, оларды жасағаны үшін жазаны қатаңдату үшін Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен мүдделі мемлекеттік органдар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заң жобасын әзірлеп, Мәжіліске жіберді.

Халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдіктерін қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылғы маусымнан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің жанында Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл институты енгізілді. Осы институттың енгізілуімен мемлекет барлық адамдар үшін мүмкіндіктер теңдігі мен әділдікті қамтамасыз етеді. Қоғамдық игіліктердің жоғары деңгейіне және халықтың әлеуметтік осал санаттарын, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдауға кепілдік беріледі.

Жаңа омбудсмен Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген; басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері; мүгедектігі бар адамдар; мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар; атаулы әлеуметтік көмек алушылар; асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақы алушылар; жасына байланысты зейнеткерлер; қандастар; көп балалы аналар және көп балалы отбасылар сияқты халықтың әлеуметтік осал санаттарының кепілдіктерін, құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық негізде қызметті жүзеге асырады.

Қазақстан жаңару және жаңғырту жолында ел дамуының ұзақ мерзімді перспективасына бағдарланған қайта құру процесінің терең әлеуметтік және саяси трансформациясын жүргізуде.

Осылайша, Президенттік бастамаларды іске асыру Мемлекет басшысының билік институттарымен өзара қарым-қатынасының неғұрлым тиімді моделін қалыптастыруға, сондай-ақ республикадағы жеке адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың құқықтық кепілдіктерін күшейтуге мүмкіндік береді деп ойлаймын.

Қазақстан дамудың жаңартылған жолымен жүріп жатыр, кері жол болмауы тиіс, өйткені халық ескі жолмен өмір сүре алмайды, өйткені ел дамуындағы жаңа тәсілдер оның тұрақтылығы мен өркендеуін қамтамасыз етеді.

Мұрат ҚАДЫРБЕК,
ҚР Парламенті Сенатының депутаты

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here