Жұлдыздар із тастап ағады

1
2281

Торғайдан Ырғызға қарай шығатын бағзы заманнан бері бар күре жолдың бойында «Тоқтабай» қонысы аталатын бір жер бар-ды. Ауыл ақсақалдары біздің бала кезімізде «Жарықтық, бұл Досжанның әкесінің ата қонысы еді, кешегі ашаршылық жылдары әулеті ішкі жаққа ауып кетті» деп отыратын. Ал, «Досжан деген кім?» десең, «Е, ол кісілердің несін айтасың, кезінде болған адамдар ғой. Інісі Мұқан Тоқтабайұлы Міржақып Дулатовтың өзін оқытқан. Оның інісі Досымайыл Спандияр Көбеевке ұстаздық еткен. Досжанның баласы Кәрім қандай еді, нағыз марқасқа, не керек маңдайға сыймады» деп көкірегі қарс айырылып, ақ ұратын.

Құлақта қалған осы әңгіме есейе келе жадыма жиі оралып Тоқтабай әулеті жайлы сөз бола қалса үнемі елеңдеп жүруші едім. Бір мың тоғыз жүз тоқсан бесінші жылы Торғай облысының сол кездегі әкімі Жақан Қосабаев бір іссапар барысында сөзден сөз шығып маған осы бір тамаша әулет жайлы әңгімелеп берді.

Кезінде облыс әкіміне дейінгі талай мансаптың дәмін татып, ел үшін көп еңбек сіңірген, мінез-құлқы жағынан алғанда өте күрделі, қарама-қайшылығы мол, әйтсе де іскер, асқан ұйымдастырушылық қабілеті бар, жоғарғы билік кұзырындағы адамда болуға тиіс әр түрлі айла-амалды жете меңгерген бұл адам елдің арғы-бергі тарихын өте жақсы білетін. Өзінің кіндік қаны тамған кішкене Торғайын керемет сүйетін және бір сабақ жіп тапса соған апарып жапсыруға тырысатын.

Жанкелдин ауданында әкім болып тұрғанда Шақшақ Жәнібектің үш жүз жылдығын, Ахаң мен Жақаңның жүз жиырма жылдығын дүркіретіп өткізіп, алты мұражай ашқан, Қостанайдың көмегімен аудан орталығын бүтіндей жаңадан салып шыққан, Жанкелдин сияқты шалғайда жатқан ауданға Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бір емес, екі рет келуінің қыбын тапқан Жақан Қосабайұлы сол шақта даңқ тұғырында тұр еді. Содан да болар ол аудан әкімінен облыс әкіміне дейінгі аралықта космостық шапшаңдықпен жүріп өтті десе де болғандай.

Ол жылдары мен облыс әкімі Сергей Кулагиннің баспасөз хатшысы едім. Сергей Витальевич күтпеген жерден вице-премьер болып жоғарылап кетті де, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болып бірнеше ай ғана істеген Жақан Қосабаев, облыс әкімінің бірінші орынбасарлығына тағайындалды. Адам айтса нанғысыздығы сонша, бұл қызметте ол бір-ақ апта отырып, облыс әкімінің өзі болып шыға келді. Кешегі кеңестік дәуірде де, бүгінгі заманда да билік баспалдағында өсудің мұндай жұлдызы шағын ешкім басынан өткізген емес. Иә, бұл ұзақ әңгіме, оған бір сәті келгенде оралармыз. Енді негізгі тақырыбымызға көшейік.

– Ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің «Үміт еткен достарым, біз болмасақ сіз барсыз» дейтін өлеңін білетін шығарсың, – деп бастады әңгімесін Жақан Қосабайұлы. – Ыбекең Орынбордан келіп Торғайдан мектеп ашқанда нағашы жұрты Шақшақ Жәнібек әулетіне, одан қалды елдегі өсіп келе жатқан жас жеткіншектерге үміт артқан ғой. Солардың бірі менің аталас ағайыным, Бабастың бес баласынан тарайтын Өмірзақ руынан шыққан Қосағалдың Тоқтабайы деген кісі болған. Тоқтабайдың бәйбішесі Ақжүніс шешеміз Ыбырайдың апалары, қыпшақ руының қызы екен. Сол кісі үлкен шежіре, тарихты жақсы білетін, көзі ашық, көкірегі ояу, еркек басты адам болыпты. Алты ұлын да осы Ыбекең ашқан мектепке оқуға беріпті. Балалары зерек, оқуға алғыр екен. Солардың ішінде ерекше көзге түсіп, қоғам және мемлекет қайраткеріне дейін көтерілгені Кәрім Тоқтабаев.

– Кәрімнің ағасы Батырқайыр Торғайдағы алғашқы құрылған колхоздың төрағасы міндетін атқарыпты. Кәрімнің ақыл беруімен егін егуге лайықты деп Арыстанбайдың асуы деген жерде «Қосағал» колхозын ұйымдастырады. Бұл қазіргі Әулиекөл ауданына қарасты Тірсек, Шобанкел деген жерлердің маңында. Сол жер күні бүгінге дейін «Қосағал» деп аталады.

Кәрім Досжанұлы Тоқтабаев Торғайдағы орыс-қазақ мектебінде оқиды, соңынан Қостанайдағы училищеге ауысады. 1905-1909 жылдары Орынбордағы жоғары қазақ мұғалімдер мектебін бітіреді. Орысша-қазақша сауатты сол заманға лайық базалық білім алған Кәрім 1916 жылға дейін Алтынсарин мектебінде физика мен математикадан орыс сыныптарына сабақ береді. Сол жылғы ақ патшаның атақты маусым жарлығына қарсы шығып, екі ай түрмеге қамалады. Міне, осыдан былай оның қоғамдық, қайраткерлік қызметі басталады. Сөйтіп, Кәрім Ахмет Байтұрсынұлы, Әліби Жангелдин, Мырзағазы Есболов сынды аға буынның өкілдерімен бірге ел мен жер мүддесіне қызмет етуге біржола бетбұрыс жасайды. 1922 жылы Орынборда өткен үшінші Бүкіл Қазақ Кеңестер съезіне Семей губерниясынан делегат болып қатынасады. Съезд жұмысы біткеннен кейін Халық ағарту комиссарлығына қызметке алынады. 1924 жылы Жер шаруашылығы Халық комиссариатына қызметке ауыстырылып, кейін оның Жерге орналастыру жөніндегі басқармасының бастығы болып тағайындалады.

Терең білімді, іскерлік қабілеті мол, жалындап тұрған жас Кәрім Досжанұлына 1925 жылы тағы да зор сенім артылып, Семей губерниялық атқару комитетінің төрағалығына, 1927 жылы Халық ағарту халық комиссары, одан кейін Жер шаруашылығы халық комиссары қызметіне жоғарылатылады. 1931-1933 жылдары Қазақ Автономиялы Кеңес Социалистік Республикасының Бүкілодақтық Орталық атқару комитетінің жанындағы тұрақты өкілі міндетін атқарып, Мәскеуде тұрады.

1932 жылдың қазан айында Ресейдің Архангельск аймағындағы орман кәсіпшілігі Қазақстанның ашаршылыққа ұшыраған бірқатар өңірлерінен жұмысқа адам алады. Жасасқан келісім-шарт бойынша адамдарға қалыпты жағдай жасалып, жатар орын, азық-түлік беру керек-ті. Бірақ, іс жүзінде жағдай басқаша болып, жұмысқа алынған қазақтар қорлық көріп, айдалада қаңғып қалады. Оның үстіне орыс жұмысшылары ұйымдасып ұрып-соғып теперіш көреді. Мұны естіген Кәрім Тоқтабаев табанда іске кірісіп, 1933 жылдың екінші ақпанында Бүкілодақтық Жеңіл өнеркәсіп халық комиссары Лобовқа жедел хат жолдайды. Орын алған өрескелдікті тоқтатуды, қазақтарға дұрыс жағдай жасауды талап етеді. Обалы нешік, Лобов та бұған бірден назар аударып, бас-аяғы үш күннің ішінде, яғни ақпанның бесі күні КСРО Орман өнеркәсібі халық комиссариатынан жедел поштамен ВКП (б)-ның Солтүстік өлкелік бақылау комиссиясына хат жөнелтіп, айыптыларды жазалау, қазақтарға жағдай жасау міндеттеледі.

Қазір пәлен деу қиын, Кәрімнің өз ұлты өкілдері үшін жанашырлық білдіріп Мәскеудегі билік орындарын мазалай беруі жақпады ма, әлде қазақ интеллигенциясының бас көтерер тобын баудай қылып қиып түсірудің екінші кезеңіне тап келді ме, ешқандай себепсіз қызметтен босатпады.

Замана ау-жайын жіті бағдарлай білетін зерделі азамат – Кәрім өзінің НКВД тырнағына іліккенін іштей сезіп, не болса да алыс түкпірге, елеусіз жерге кетпекші болады. Тағдыр тәлкегіне не шара, кешегі министр енді «Дегрес» кеңшарының қосалқы шаруашылығының меңгерушісі болып жұмысқа тұрады.

Қазақтың қашан да алтыбақан алауыздығы мен болған адамды көре алмайтын күншілдігі қалған ба? Ішмерездер арыз жазып, ақыры ол бір түнде ұсталып кете барады. Елдес Омаров, Мырзағазы Есполов, Ахмет Байтұрсынұлы, Ғазымбек Бірімжанов сияқты алаш арыстарымен бірге бір жыл түрмеде сарғайып жатады. Ақыры зәрлі 58-баптың 11-тармағы бойынша Мұхтар Мурзин, Жиханша Досмағанбетов, Көкше Кемеңгеров, Әбдіхамит Ахабаевтармен қосақ арасына тіркесіп, бес жылға Воронеж қаласына жер аударылады.

1929 жылы жастайынан қосылған жары Қапыш қайтыс болғаннан бері аумалы-төкпелі заманның ағымымен жүріп, Кәрім Тоқтабаевтың қайта үйленуге де мұрсаты болмаған еді. Есейіп қалған Мартайша, Рашит, Қабиден, Мұрат атты балаларын қайда жүрсе де өзі бағып-қағып, бірге алып жүретін. Тіршілік тамұғына тап болған асыл азаматқа енді не шара, амал жоқ, қызы мен кенже ұлын туыстарына қалдырып, Рашит пен Қабиденді өзімен бірге алып кетеді.

Сталиндік жымысқы, құныкер саясат орыс елінің де бас көтерер азаматтарының қатарын сиретіп тастаған кезең еді бұл. Воронежде де кеңсе қызметіннің қыбын білетін сауатты адам жоқтың қасы, ылғи әпербақан, кенеп шекпенділер қалған.

Воронеждің ауыл шаруашылығы басқармасындағылар тұтқындардың іс-қағазын ақтарып, бұрын осы салада жұмыс істеген, білікті басшы болған Кәрім Тоқтабаевты қызмет істеуге таңдап алады. Соған сәйкес оған жеңілдік жасалып, жүріп-тұруына еркіндік беріледі. Жанама бақылауда болған Кәрім бұл мүмкіндікті де тиімді пайдаланып, басқа жер аударылғандардың басын қосып, шамасынан келгенше көмек береді.

Құдай ісіне пәрмен қайда, жасы қырықтан асып кеткен, соңынан ерткен екі баласы, «халық жауы» деген аты бар Кәрімге жиырмадан жаңа асқан уыздай сұлу қыз, Мария Петровна Пашутина есінен танып ғашық болады. Әке-шешесінің айнытпақ болған әрекетінен ешқандай қайран болмай, ақыры Мария Кәрімге қосылады. 1935 жылы Эста атты қызы дүниеге келеді.

– Мен Эстаны бертінде көрдім, – деген еді Жақан Қосабайұлы осы ұзақ әңгімесін одан әрі жалғап. – Шешесінің айтуы бойынша, өзінің қазақ қызы екенін біліп өскен, әкесінің ақталуына барынша еңбек сіңірген адам. Кәрім Тоқтабаев күмәнді жағдайда кенеттен қайтыс болғанда есін де білмейтін Эстаға анасы «сен қазақсың, есейген соң өз еліңді тап» деп үнемі құлағына кұйып отырады екен. Оңды-солын танып, ер жеткен Эста елуінші жылдардың басында Мәскеу арқылы әкесінің әулетінің адресін алып, тәуекелмен Қазақстанға келеді. Эстаның шешесінен аумайтындығы сондай, баяғы апасы Марғайша оны пойыздан түскенде айтпай-ақ таниды. Бұл кезде Марғайша Ақмола облыстық комитетінің төрағасы Мәжікен Бутиннің әйелі еді. Бедел салып жүріп, Эстаның құжаттарын қайта алдырып, төлқұжатына ұлты қазақ деп жаздыртады. Воронежден Мария Петровнаны көшіріп алып, Эстаның Алматыдан жоғары білім алуына жағдай жасайды.

Кәрім қайтыс болғаннан кейін қайтадан тұрмысқа шығуды ойына да алмаған Мария Петровна өмірден жесір болып өтеді. Оның біздің ағамызға деген махаббатының пәктігі сондай қызы Эста: «Мама, сен жас қалдың ғой, өзің асқан сұлусың. Неге қайта тұрмысқа шықпайсың?» дегенде, «Кәріммен отасқан үш жыл ішінде бақыт дегеннің не екенін білдім. Егер қайтара тұрмысқа шықсам, оның асыл бейнесіне, өзімнің оған деген сүйіспеншілігіме қаяу салған болар едім», – деп жауап берген ғой, сабазың. Мария Петровна Кеңсайдағы Кәрімнің туыстарының жанына жерленіп, өз өтініші бойынша құлыптасына «Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған К. Тоқтабаевтың зайыбы» деп жазылды.

Санасына сәулесі бар адамның түйсігін тұмандатар ақтаңдақ жайлар біздің өткен тарихымызда аз болмаған ғой. Соның ақты-қарасын ашып, алтынды мыстан, асылды жабыдан ажырата білу де бүгінгі ұрпақ үшін парыз. Генерал Павловты пойыздың ішінде, Блюхерді кабинетінде, Тұрарды демалыста жүрген жерінде тұтқындаған сталиндік жандайшаптар Кәрімді де операция үстінде өлтіріп жібермегеніне кім кепіл? Ақиқаты сол, Тоқтабаевты жанындай жақсы көрген Мария Петровна ғұмыр бойы осылай ойлап өтіпті.

Кім біледі, шындық солай да шығар…

Серік ШАЙМАН,
Қазақстанның Құрметті журналисі

1 пікір

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here