Пәкістан VS Иран: Бүлік басы – Белуджістан

0
974
Белуджілер негізінен Иран, Пәкістан және Ауғанстанды, Парсы шығанағы мен Үндістанды мекендейді. Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде әлемнің әр қиырында жүрген белуджілердің жалпы саны 10 миллионға жуықтайды...

Орта Азияның тыныштығы кетіп тұр. Таяу Шығыстағы мыңдаған жанның өліміне себепкер болған қанды қырғын одан әрмен үдемесе, тоқтайтын түрі көрінбейді. Мұнымен қоса, жыл басталмай Иран мен Пәкістан шекарасында оқ атылды. Қарулы қақтығыстар салдарынан бейбіт тұрғындар қаза тапты. Айдың-күннің аманында ежелден қоңсы қонған қос мемлекеттің текетіресуіне себепкер болған басты жайттың бірі һәм бірегейі – Белуджістан провинциясындағы сепаратистерді қолдайтын «Джейш әл-Адль» ұйымының көзін жою. «Әділет пен теңдік армиясы» деп ай қойып, айдар таққан сунниттерден құралған бұл топ ондаған жылдар бойы Иранның оңтүстік-шығыс аймағындағы Систан мен Белуджістан провинцияларындағы белудж жікшілдерін қолдап, қолымен от көсеп келеді. Осы уақыттан бері бірнеше рет Иран тарапын атқылап, шекарада ши шығаруды әдетке айналдырған. Аймақ тыныштығын жиі бұзатын содырлардың көздеген мақсаты не? Белуджістан неге ойран ошағына айналды? Шекарадағы шырғалаңға қашан тоқтам болады және оның өңірдегі геосаяси ахуалға тигізетін әсері қандай? Тарқатып көрейік.

ЖАУ ЖАҒАДАН АЛҒАНДА…

16 қаңтарда Иран Пәкістанның шекаралас аудандарын зымыранмен атқылады. Атап айтқанда, Парсы түбегінен Иран Ислам революциясының қамқоршылар корпусы көршілес мемлекет аумағына бірнеше дүркін әуе шабуылын жасады. Ресми Тегеран бұл әрекет аталған аймақтағы «Джейш әл-Адль» ұйымының ордасын түбегейлі жою мақсатында ұйымдастырылғанын мәлімдеп, өз әрекеттерін ақтауға тырысты. Қорғаныс күштердің өкілдері әуе соққыларын Иранды террористік топтардың лаңынан қорғау үшін ұйымдастырғанын алға тартты.

Мәселенің мәнісі мынада. Өткен жылы белудж ұлтының мүддесін қорғайтын «Жайш-әл-Адль» сепаратистік тобы Иранның бірнеше стратегиялық нысандарын атқылап, әскери базаларын талқандаған болатын. Осыған орай Иран тарапы шекарадағы бақылауды күшейтіп, жікшілдік бағыттағы ұйымға қарсы әскери іс-қимылдар жасауға тырысты. Ел тұтастығына қауіп1төндіріп1отырған дұшпанның көзін жоюдың оңтайлы сәті биыл қаңтар айында туды. Иран қарулы күштері Пәкістанда орналасқан қарулы топтың штабын зымырандармен атқылады. Нәтижесінде ондаған пәкістандық қаза тауып, бірнеше адам жарақат алған. Белуджистан провинциясы губернаторының орынбасары Әлиреза Мархамати Сераван қаласына жасалған соққыдан кем дегенде жеті адам өлгенін айтты. Оның дерегінше, мерт болғандар арасында үш әйел және төрт бала бар.

Ізін ала Пәкістан Иран тарапына қарымта соққы жасап, елдің оңтүстік-шығысында орналасқан Систан және1Белуджистан провинцияларындағы жеті бірдей маңызды нысанға шабуылдады. Бұдан бөлек, қарулы күштерді толықтай ұрыс жағдайына даярлап, мұздай қаруланған армияны шекара маңына топтастырды. Әскери іс-қимылдар нәтижесінде бірнеше содырдың көзі жойылып, лаңкестік ұйымға күйрете соққы берілгені белгілі болды. Десе де, Исламабад Иранды бауырлас ел деп атап, оның1егемендігі мен ел аумағының тұтастығын сыйлайтынын жеткізді. Пәкістан билігі қоңсылас отырған көршімен қиян-кескі жауласпайтындығын ерекше атап өтті. Ең бастысы – алдағы уақытта Тегеран мен Исламабад өңірдегі тыныштыққа сызат түсіруге ниетті содырлармен ымырасыз күресте тізе қосып, күш біріктіруге уағдаласты.

Осы ретте жаһандық алпауыттар да аймақта тыныштық пен бейбітшіліктің сақталуына мүдделі екендіктерін жеткізіп бақты. Мәселен, әлемдік қауымдастық пен АҚШ қос тарапты өзара ымыраға келуге шақырса, Қытай арағайындыққа жүруге ниеттенді. Ал, Ресей халықаралық терроризмге қарсы күресте екі мемлекетке де қолұшын созуға барынша ынталы екенін мәлімдеді.

БЕЛУДЖИЛЕР ЖӘНЕ БЕЛУДЖИСТАН КІМНЕН АЗАТ ЕТІЛМЕК?

Ондаған жылдар бойы Пәкістан мен Иран арасында ши жүгіртіп, мемлекеттердің қырғи-қабақ танытуына себепкер1болып келе жатқан шекаралас ауданда тұратын белудж халқы. Белуджилер негізінен Иран, Пәкістан және Ауғанстанды мекендейді. Тағы бір бөлігі Парсы шығанағы мен Үндістанда шоғырланған. Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде әлемнің әр қиырында жүрген белуджилердің жалпы саны 10 миллионға жуықтайды. Сунниттік бағытты ұстанатын бұл халық өкілдері ірі қалаларда тұрмыстық қызмет көрсету, туризм және мал шаруашылығында жұмыс істеп, нәпақа табады. Белудж шеберлері ағаштан жиһаздар мен музыкалық аспаптар жасайды. Зергерлік өнерді де жете меңгерген.

Тарихи мәліметтер бойынша XIX ғасырдың орта шенінде Батыс Белуджистан провинциясы Иранның құрамына кірген. Ал, аймақтың шығыс бөлігі Британияның иелігінде болған. 1947 жылдан бастап белуджилердің ата қонысы саналатын өңір Пәкістанның түбегейлі меншігіне өткен. 1970 жылдан бастап Орта Азияның әр қиырында жүрген бұл халық өкілдері Белуджистан провинциясына көшіп келіп, этникалық бірігу жолына көшті. Олардың ұлттық санасы мен таным деңгейінің өсуіне әр кезеңдегі Пәкістан билігі де ықпал етіп, қолайлы мүмкіндік берді.

Белуджилердің көкейінде көптен жүрген басты мәселенің бірі – дербес мемлекет болып, өз алдарына іргелі ел атану. Болашақтағы мемлекет бүгінгі Белуджистан провиниясы аумағында бой көтеруі тиіс. Тәуелсіздіктен дәмелі түрлі сепаратистік ұйымдар мен қарулы топтардың ұйымдастыруымен жарты ғасырдан астам уақыттан бері Пәкістан мен Иран шекарасында бас көтерулер мен кикілжіңдер жиі орын алып келеді. Атап айтқанда, аймақтағы әскери нысандар1мен полицияға бағытталған террорлық актілер мен шиеленісті оқиғалар өткен ғасырдың 40-жылдарынан бері үздіксіз жалғасуда.

Пәкістандағы Белуджистан провинциясында күні бүгінге дейін белуджилердің бірнеше сепаратистік ұйымы пайда болды. Олардың ең ірісі – Белуджистанды азат ету фронты. Пәкістан билігінің пайымдауынша, қазіргі күнде аталған ұйымның мүшелері Иранда бой тасалап жүр. Десе де, соңғы қарулы қақтығыстардан соң ұйым жетекшілері Иранда ешқандай да әскери базаларының жоқтығын мәлімдеді.

Соңғы бірер жылда сепаратистік ұйымдардың Пәкістан қарулы күштеріне бағытталған шабуылдары үдей түсуде. Мәселен, 2022 жылы Гвадар қаласындағы әскери блокпосттағы ұрыста 10 әскери өлтіріліп, бейбіт тұрғындар қаза тапты.

Аймақтағы тағы бір жікшілдік сипаттағы қозғалыс – Белуджистанды азат ету армиясы. 1970 жылы құрылған ұйым осы уақытқа дейін Пәкістанның күштік құрылымдары мен әскери лауазымды тұлғалардың көзін жою мақсатында бірнеше шабуылдар ұйымдастырды. 2006 жылы Исламабад бұл ұйымды лаңкестік топ ретінде танып, оған тыйым салды.

«ӘДІЛЕТ АРМИЯСЫ»: БИЛІК БИІГІНЕ БАСТАР ЖОЛ

«Джейш әл-Адль» немесе «Әділет пен теңдік армиясы». Иранның Систан мен Белуджистан провинциясындағы сунниттік жолды ұстанатын сепаратистік ұйым. Белуджилердің мүддесін қорғауды басты мақсат етіп алған мұздай қаруланған топ бірнеше жылдан бері Иран қорғаныс күштеріне әлсін-әлсін шабуыл жасап1келеді. Ресми Тегеран сепаратистер АҚШ, Сауд Арабиясы және Израильдің қолдауына сүйенетіндігін ашық мәлімдеді.

Кейбір дереккөздерге сенсек, «Джейш әл-Адль» 2005 жылы сол кездегі Иран президенті Махмұд Ахмадинежадқа шабуылды ұйымдастырған. 2008 жылы Иран билігі ұйым көсемі Абдулмәлік Ригиді тұтқындады. Оны елде орын алған террорлық әрекеттердің басты ұйымдастырушы және АҚШ пен Британияның тыңшысы деп айыптап, дарға асты.

Бүгінде Салахуддин Фаруки жетекшілік жасайтын ұйым мүшелерінің саны мыңға жуықтайды. Соңғы жылдары белсенділігі артқан бұл топ Иран билігіне қарсы жаппай қарулы қақтығыстарды ұйымдастырып, ел тұрғындарын билікке қарсы шығуға үндеуде. Сарапшылардың пайымдауынша, Ирандағы қазіргі саяси тұрақсыздықты ұтымды пайдалануды көздеп отырған бұл топтың әккі әрекеттері мұқият әрі жан-жақты жоспарланған. Бұдан бөлек, олардың артында әлеуетті қаржылық топтар тұр.

Бірқатар шетелдік мамандар бүгінде Иран билігі көптеген тосқауылдар мен1саяси күштердің ықпалына тап болғанын айтады. Таяу Шығыстағы текетірес, «Хезболла» мен ХАМАС-тың күш алуы және хуситтердің белсенді әрекеттері Тегеранды әр қадамын аңдап басуға мәжбүрлеуде. Сарапшылар елдегі ішкі ахуал мен сыртқы жағдайлардан халықтың назарын аудару үшін Иран билігінің белуджилердің теріс әрекеттерін сылтау етіп Пәкістанды зымырандармен атқылауға тура келді деп санайды. Алайда Иран-Пәкістан шекарасында шоғырланған сепаратистер мен қарулы топтар екі мемлекеттің де ортақ жауы, биліктің қас дұшпаны екені жасырын емес.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Джейш әл-Адль» ұйымының сепаратистік пиғылдағы әрекеттері алдағы уақытта аймақтағы ахуалдың одан әрмен шиеленісуіне және жаңа соғыс ошағының пайда болуына негізгі түрткі болуы мүмкін. Мұны саясаттың «жілігін шағып, майын ішкен» мамандар да жоққа шығармайды. Осы ретте Пәкістан мен Иран билігі белудж жікшілдерінің көзін түбегейлі жоюға және бұл орайда берік ынтымақтастық орнатуға мүдделі.

Жандар ТҰРАРҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here