Жоғары білім беру жүйесінің тірегі

0
151

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстанның жетекші университеті мәртебесіне ие. Қазақстан білімі мен ғылымының ірі орталығы, кәсіби, жоғары оқу орнынан кейінгі білім мен ғылымның инновациялық дамуының ұлттық көшбасшысы. Университеттің 90 жылдық аса бай тарихы Қазақстанның академиялық ғылымы мен жоғары мектебінің дамуы және қалыптасуымен тығыз байланысты. ҚазҰУ-ды еліміздің барлық жоғары білім беру жүйесінің тірегі, білікті мамандар ордасы деуге болады. Университеттің мыңдаған түлектері Қазақстанның және оның аумағынан тыс жерлердегі өндірістің барлық салаларында табысты еңбек етуде.

Университет 180 сала бойынша мамандар дайындайды. OS World University Rankings Results және Тор Universities сайтының келтірген деректеріне қарағанда, университет 2012 жылғы әлемнің үздік 390-университеті дәрежесін иеленген, еліміздің жоғары оқу орындары арасында Қазақстан Республикасы Президентінің «Cana саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының иегері.

Университетте еліміздің барлық аймағынан келген 20 мыңнан аса студент, сондай-ақ алыс-жақын шетелден келген студенттер білім алады.

ҚазҰУ-дың 90 жылдық өмір жолында қалыптасқан дәстүрлері есімі мен атқарған істері ұлы шаңырақтың, яғни еліміздің жасампаз оқу орны басынан кешкен тарихының ғылымға риясыз қызмет ету мен батыл инновациялардың ажырамас бөлігі болып табылатын алдыңғы буын ағалар мен замандастарға тән ерлікке табан тірейді.

Университеттің басты миссиясы – еліміздің қоғамдық өмірі мен ғылымына, экономиканың маңызды бағыттарының қарқынды даму мәселелерін шешуге бағытталған заманауи, жоғары білімді, бәсекеге қабілетті мамандар буынын қалыптастыру.

Университет білім алушы тұлғаның жан-жақты дамуына, өзін-өзі кемелдендіруіне қажетті жағдай жасау үшін бар күш-жігерін салып, студенттің өзін-өзі басқаруына, көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыруға мол мүмкіндіктер тудырады.

Университет студенттерінің өмірі қызықтылығымен әpi алуандығымен ерекшеленеді. Ол тек дәрістер мен семинарларға қатысумен ғана шектелмейді. Олар шалқыған шығармашылық қуат пен жастық жалынды, балғын талантты шыңдайтын театр студиялары мен поэзиялық клубтарға, көңілді және тапқырлық сайысына белсене қатысады.

ҚазҰУ 400-ден астам шетелдік университетпен ынтымақтастық туралы келісім жасаған. Осы негізде магистрант, докторанттарға екі оқытушының жетекшілік ету тәжірибесі кеңінен өрістеп отыр. Бір ғылыми жетекші Қазақстаннан болса, екіншісі – шетел ЖОО-дағы белгілі ғалым. Осының бәрі де ҚазҰУ студенттері үшін халықаралық деңгейде оқып, зерттеулер жүргізуге лайықты жол ашады. Біз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқығанымызды мақтан етеміз. Барлық жас түлектерді біздің қара шаңыраққа келіп, білім нәрімен сусындап, өз арман-мақсаттарының орындалуын жүзеге асыруына, қазақ еліне пайда келтіруіне тілектеспіз.

Гүлназ ҚАЙРАҚБАЕВА,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шет тілдер кафедрасының аға оқытушысы

Алдияр ТЛЕПБЕРГЕН,
География және табиғатты пайдалану факультетінің 1-курс студенті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here