Алматыда 2024 жылдың мамыр айының соңына дейін жаппай жедел хабар алмасуды енгізуді жоспарлап отыр. Оған 475 млн теңге бөлінген. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Үкімет отырысында мәлімдеді.
«Дәстүрлі SMS-тен айырмашылығы – Cell Broadcast технологиясы желіде қосымша жүктеме жасамайды және базалық станция антенналарының қамту аймағында орналасқан барлық абоненттерге жедел және жаппай таратуға, хабарландырудың уақыты мен жиілігіне мүмкіндік береді», – деді Ерболат Асқарбекұлы.
Бұған дейін Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин 2022-2023 жылдар аралығында оның ведомствосы Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, хабарлау жүйесін сынақтан өткізгенін хабарлаған болатын.
Алматыда 2024 жылдың 23 қаңтары мен 4 наурызында болған жер сілкіністері кезінде қала тұрғындары мен қонақтарына сейсмикалық оқиға аяқталғаннан кейін SMS хабарлама келді. Хабарлама барлығына дер кезінде жіберілгенімен, оларға жетуге көп уақыт кеткені айтылды.