Ескінің бәрі ертегі емес немесе Наурыз мерекесінің мәртебесі биіктеді

0
1120

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек…»

Биылғы көктемнің Наурыз мерекесі осылай басталды…

Ән мәтінінде айтылғандай өзгерек боп…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Наурыз мерекесінің мәртебесі биіктеп, 10 күн қатарынан тойланады. Жақсы жаңалық!

Сонымен…

Наурыз айы туғанда…

14 наурыз – Көрісу күні;

15 наурыз – Қайырымдылық күні;

16 наурыз  – Мәдениет және ұлттық күні;

17  наурыз – Шаңырақ күні;

18 наурыз – Ұлттық киім күні;

19 наурыз – Жаңару күні;

20 наурыз  – Ұлттық спорт күні;

21  наурыз – Ынтымақ күні;

22 наурыз – Жыл басы;

23 наурыз – Тазару күні.

Яғни, биылдан бастап Наурыз мерекесі жаңа форматта тойланбақ. Наурызнама онкүндігі бағдарламасында бекіткендей, әр атаулы күннің атқаратын өзіндік іс-шаралары бар. Мәселен, Көрісу күні амалы батыс өңірлерінде сақталып, тек сол өңірлерде аталып келсе, енді бұл дәстүрді еліміздің барлық аймақтарында атап өту бағдарламада көрсетілген. Сондай-ақ, Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күнінде ұлттық мәдениетіміз, өнеріміз бен ұлттық құндылықтарымыз кеңінен насихатталып жатса, ештеңеден ұтылмасымыз анық.

Президентіміздің бұл шешімі Наурыздың мән-мағынасын ұрпақ жадына, ұлт санасына он қайыра мықтап түсіндіргендей болды. Расында, ұлы табиғат жаңаратын жыл басын бірнеше күн мерекелеп әрі оның әр күніне атау бере отырып тойлау, кез келген қазақ үшін күтпеген жаңалық болды.  

Ескінің бәрі ертегі сықылды боп көрінген дүниенің қырық құбылған мына кезеңінде, бата-тілектер ағылатын берекелі Наурыздың айтулы датасын бекітіп, мәртебесін биіктеткен Мемлекет басшысының осынау шешіміне ел дән риза. Әрі десе, биылғы Наурыз қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отыр. Иыр-қиыры көп кезеңде бұл да болса жақсы нышан. Ірге беріктігі деген осы шығар. Ірге беріктігі деген – халықтың ынтымағы, ынтымақты тірлігі, ауызбірлігі. Сол ынтымақ пен бірлік жарасымды болған мемлекетте тыныштық та, береке де болары сөзсіз. Ал береке құйылған ортаның дастарханы қашанда молшылықта…

Жалпы қазақ данышпан халық. Жаратылыстың беймәлім сырлары мен құпияларын жан-жақты игере отырып, ұлттық дәстүрге икемдеп, күнделікті тұрмыс-салтқа бейімдеп, ұрпақ жадына сіңіріп, ауыздан-ауызға көшер қанатты сөздерімен аманаттап отырған. Осындай үлгімен жеткен көне дәстүрдің бірі – Наурыз мейрамы. Бұл мерекенің сыр-сипатын ауылда туып-өскен әрбір қазақ жақсы біледі. Наурыз тойға ауылдың үлкен кісілерінің қалай дайындық жасап, ал әже-аналарымыздың қыстан сақтаған сүрісін, тәтті-дәрмегін, дәмді-құжырын қалай ортаға төгіп тастайтынын, наурыз көжені таласа-тармаса тамсанып ішетініміз… тап күні кешегідей бәріміздің есімізде…

***

Күні кешені емес…

Жалпы Наурыз туралы ертеректе жазылған еңбектер мен айтылған ой-тұжырымдарға аз-кем шолу жасап көрелік. Дереккөздер не дейді екен?..

Сонымен…

  • Ұлы ойшыл Омар Хайямның «Наурыз­нама» трактатында Наурыздың бес мың жылдық тарихы бары айтылады (аталмыш еңбектің бірін-бірі толықтыратын қолжазбаларының бірі – Германияның Берлин мемлекеттік кітапханасында, екіншісі – Лондондағы Британ Ұлттық музейінде сақталған).
  • Шоқан Уәлиханов наурызға «қамал» деген атау берген екен. Көнекөз қарттардың сөзіне сүйенсек, Кеңес күнтізбесі ресми түрде бекітілгенге дейін қамал айы 22 наурыздан басталып келген.
  • Хакім Абай: «Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурыздама қыламыз деп той-тамаша қылады екен. Сол күнін «Ұлыстың ұлы күні» дейді екен», – дейді.
  • «Қазақ» газетінің 1913 жылғы шығарылымында «Наурыз» тақырыбында мақала бар. Мақалада: «Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді, наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында әр түрлі сөйленеді. Біреулер наурыз марттың бірінде, екіншілер тоғызында келеді деседі». Ал, «Қазақ» газетінің 1915 жылғы шығарылымындағы «Оренбург 9 март» деген тақырыппен берілген мақала «Бүгін жыл басы наурыз» деп басталып, аяғы «Наурызбен құттықтап, жаңа жыл жайлы болуын тілейміз» деген жолдармен аяқталған.
  • Міржақып Дулатұлы: «Наурыз қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы. Наурызды күншығыс жұрттарының көбі, Үндістан, Иран, Ауғанстан, Бұхар, Кавказ, Түркістандықтар мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда, Наурызды біздің қазақтың мейрам етуі айырықшы сыйымды, артықша дәлелді. Ораза, құрбан айттарын есепке алмағанда, біздің қазақ-қырғызда жалғыз-ақ мейрам бар, ол Наурыз» деп пікір білдірген («Қазақ» газеті, 1914 жыл. №53).
  • 1920 жылы 26 наурызда Түркістан Республикасының Атқару Комитетінің Төрағасы Тұрар Рысқұлов №406 бұйрығымен юлианша күнтізбемен 9 наурыз, григорианша 22 наурыз бүкілхалықтық «Көктем мерекесі», «Наурыз» болып бекітілсін деген шешім шығарып, саяси сабақтастық ресми сипатқа ұласты.
  • Сұлтанбек Қожанов «Наурыз туралы» атты мақаласында мерекенің мән-маңызына былай деп айрықша тоқталған: «22 март – Наурыз мейрамы. Күншығыс халқы тегіс мейрам қылып өткізу салт болған күн. Мұны көп білгіштер «Дін мейрамы» деп жиреніп, лажы болса құрту керек деп сопысынады. Наурызға арналған намаз жоқ. Наурызда құрбан шалынып, құран оқылмайды. Наурыз – жыл басы. Наурыз – мұсылманшылықтан бұрын шыққан мейрам. Наурыз – ел шаруасымен күн көріп, табиғат шарттарына тұрмысы көбірек байланысқан елдің тұрмысы тудырып отырған мейрам. Жұрт қысқы қысымшылықтан құтылып, малы жұт қаупінен құтылып, аман қалған малы төлдеп қорасы толып өздері егін шаруасына қам қылып, жаз маусымында байлығын молайтудың, табиғаттың иіп тұрған кезінде қолынан келгенше көп өндіріп қалудың шарасын істеп, абыр-сабыр болып жатқан ел шаруаларының талабы қозған ең көңілді уақыты – көктем. Сол көктемнің басы – Наурыз» («Еңбекші қазақ» газеті, 1925 жыл, 22 наурыз.)
  • Бейімбет Майлин: «Бидай көже буланып, Бір жая піскен күйінде, Құтты болсын наурызың, Жаңа тілек, жаңа жыр, Самархан тасы еріген, Наурыздың тойы бұл», – деп жырмен шашу жолдаған («Еңбекші қазақ» газеті, 1926 жыл, 22 март.)
  • Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Нұх, Наурыз тарихы» атты құнды жазбасы бар. Осынау еңбегінде ғұлама бабамыз Наурыз мерекесінің шежіресін былайша тарқатады: «Бұл наурыздама той болып, қай заманда басталған жұмыс? Жоғарғы жақта сөйленген Нұх пайғамбар еркегі, ұрғашысы араласып, сексен қаралы жолдаспен кеме жасап мініп, алты ай, он күн суда жүзіп, су тартылып, кемесі Қазығұрт тауына кез болып, соған тоқтап, құрғақшылық көріп, қара жерді басқан. Біреудің әкесі, біреудің баласы, біреудің бауыры, туысқаны қырылып қалып, «салт атты, сабау қамшылы» болып судан шыққан» деп, Нұх қауымның топан судан аман-есен құтылғандарына шүкіршілік ретінде қазан көтеріп, той жасағандығын жеткізеді. Одан ары қарай: «Сөйтсе, сол күнде ай есебімен санағанда, «Мұхарамма» айының оны екен де, жұлдыз есебімен санағанда, күннің хамале бір уәжібіне кірген күні бірінші хамале болып табылған. Нұх пайғамбардың тұңғышы – «Сам» деген баласы. Ғараб, Ғажам – сол самның ұрпағы. Біреуі ай есебін ұстап, жыл басын «Мұхарамма» деп санап, оны «Ғашура күні» – деп, мейрам қылып ұстап қалған. Біреуі – Ғажам жұрты, жұлдыз есебін ұстап «Бірінші хамале – жыл басы» деп мейрам қылып ұстап қалған. Мұның ұстап қалған күні число есебімен марттың тоғызына дәл келіп, қыс пен жаздың аударыс, төңкерісіне тұпа-тура, дәлме-дәл шыққан. Мұны біздің қазақ «Бұхар есебі» дейді. Бұл есептен біздің қазақ жұрты орысқа қарағанша, аумай, жаңылмай ұстап келген».
  • Шәкәрім Құдайбериевтің ұлы Ахаттың жазбаларында: «14 март – ескіше бірінші наурыз. Әкей айтты: бүгін ескіше бірінші март, қазақша Жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні. Жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл парсы тілінде жаңа күн» дегенді білдіреді», – деп жазған.
  • Мұхтар Әуезов: «Наурыз күн шығыс халқының көбінің мейрамы болған. Солардың ішінде, әсіресе, көшпелі түріктердің арасында ең қадірлі, ең ұлы мейрам болып саналған. Наурыз – бақташылық кәсібіне салынған елдің кәсіп мейрамы… Қыс кетіп, күн шырайы түзелген кезде тәңірі ел тіршілігіне кеңшілік әкеледі деп есептеледі. Сондықтан жазғытұрым наурыздың кірген күні – жаңалық күні. Есік ауыртпалықтың бәрі қыспен бірге кетіп, енді жаңа үміт, жаңа тіршілік есігі ашылған күн. Алты ай қыс қабағын түйіп, әлденеге соғары белгісіз болып келген тәңірідей иесінің иген күнінде елде ағытқан қойдай жамырасып, көрден шыққандай жылап көрісіп, қуанышты келешекке үміт артып бас қосатын. Бұл мейрам бері келген кезде, өнер тапқан елдер үшін бұрынғы қанжы қызуынан айырылса да, қазаққа соңғы заманға шейін мағынасын жоғалтқан жоқ. Сондықтан қазақ елі ұлыстың ұлы күнін көтерілген куанышпен қарсы алатын. Өзге мейрамдардың ішінде жалпақ елдің өмірімен нық байланысы бар мейрам осы болатын. Қазіргі наурыз жайындағы сөздер сол күндегі ырымды, сондағы амандасу, көрісу, сияқты ұсақ салтты, сол күндегі тілекті ғана білдіреді», – деген («Жазушы». 1985 жыл, «20 томдық шығармалар жинағы», 16-том, 39-40-бб.)
  • Мұхтар Әуезовтің 1927 жылы Қызылордада жарық көрген «Әдебиет тарихы» монографиясында наурыз мерекесінде құшақтасып көрісу, жақсы тілектер айту, қазан көтеріп, арнайы ас беруден өзге мынадай құнды мәліметтер келтірілген: «Жұп шырақ жағу, кетік аяқ, кетік шөміш сындыру, көріскенде: «таза бақ, кел» деп, «Көш қайрақан, көш» деп аластау барлығы да сол заманның тілегі. Ескіліктің ізін сақтаған, ескі күнде аман болып, бүтін болып қалмай, сынып, жарылып қазаға ұшыраған нәрселер болса, оның бәрінде ескі күннің сарқыты қалуға мүмкін. Онда иесіне арнаған жаманшылық сөз сақталып қалуы лайық. Сондықтан кетік ыдыстар сындырылады. …Бұлардан басқа төрт көз итті өлтіру, моғал ошақ қазу болған».
  • Этнограф-ғалым Жағда Бабалықұлы 1970 жылы Мәскеудің Ленин атындағы кітапханасынан төте жазумен жазылған «Наурыз» деп аталатын ұзақ жырдың қолжазбасын тапқан. Бұл жырда Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұртқа келіп тоқтаған мезгіл дәл күн мен түннің теңескен күні екені, осы күні үлкен той жасалғаны, сол ұлы мерекеге адам мен жан-жануарлар түгел қатысып, Нұх ғ.с. олардың бәріне өзінің жақсы көретін нәрсесінен мол шашу шашқандығы, осылайша бұл күн жаңа жылдың басы ретінде тойланатын болғаны айтылады.
  • Қазақстанда бұл мереке қаншама жылдардан соң 1988 жылдың мамыр айында Алаштың ару қаласы – Алматы төрінде дүркіреп өтті.
  • 2016 жылы бұл мереке Қазақстан, Әзербайжан, Ауғанстан, Үндістан, Иран, Ирак, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түркіменстан, Түркия, Өзбекстан елдерімен бірге көпұлтты аталым бойынша «Наурыз. Мерекелік дәстүр» деген мәртбемен ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентатив тізіміне енгізілді.

***

Арғы-бергі дәуірлерде өткен данышпан тұлғаларымыздың наурыз атауы турасында айтқан пікірлеріне құлақ түрсек, барлығы дерлік бұл мерекені айрықша көріп, ерекше құрметтегенінің куәсі боламыз.  Шындығында да осы атаудың тарихын зерделесек, мақсатымыз бен мұратымыздың бір ғана ұғымға – елдік ұғымға жұмылғанын байқаймыз.

Қар еріп, тоң жіби бастаған мезгіл де Наурызбен тұспа-тұс келеді. Тіпті қыстай қамалған малымыздың аузы көкке тиіп, бала-шағамыздың аузы аққа жарып, мәре-сәреге ұласқан қарбалас тірліктің басталатын сәт-сағаты да осы мерекемен сәйкес келеді екен. Сондықтан болса керек, бабаларымыз Наурызды жыл басына, күн мен түннің теңелген тұсына теліп, «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсынды» айтатыны.

Ендеше, барша адамзаттың амандығы мен жердің бүтіндігіне жаңа тіршілік сыйлаған Наурыз мерекесі құтты болсын!

Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here