Ақтаудағы сарбаздар қолда бар құралдардан жауынгерлік машина жасады

0
865

«Батыс» өңірлік қолбасшылығындағы теңіз жаяу әскерлері бригадасының мерзімді қызметтегі сарбаздары робототехникадан машықтарын көрсетуде.

Олардың шығармашылық жұмысының жарқын көріністерінің бірі ретінде қолда бар құралдардан жауынгерлік машина жасауын айтуға болады. Туынды авторлары – 10 ай бұрын Түркістан облысынан шақырылған 2-ші шабуылдау батальонының механик-жүргізушілері қатардағы жауынгерлер Баттал Османов пен Юсуф Парманқұл.

Қатардағы жауынгер Юсуф Парманқұл бұрыннан электротехникамен және автомобильдермен айналысады, мектепте робототехникаға әуестенген. Колледжде «техник-электрик» мамандығына оқып, робототехника бойынша TURKESTAN World Skills халықаралық жарыстарына қатысты.

Қатардағы жауынгер Баттал Османов бала кезінен әкесінің қолдауымен дизайнмен айналысқанды ұнатқан. Бірге олар адамның күнделікті өмірін жеңілдетуге көмектесетін ақылды құрылғылар жасау үшін жұмыс істеді.

– Взводтардың жауынгерлік атыстары аяқталғаннан кейін досым екеуімізге батальон командирі қашықтан өзін-өзі басқаратын жауынгерлік машина жасаңдар деді. Сызбасын жасап, импровизацияланған құралдардан машина жасауға кірістік. Оны жасауға екі апта кетті. Машинаға біздің батальонның «Барыс» деген аты берілді. «Бронды машинаның» салмағы шамамен он келі, басқару пульті бар 7,62 мм ПКТ отшашармен жабдықталған. Отшашар 360 градусқа бұрылады, барынша қозғалыс жылдамдығы 10-15 км/сағ. Болашақта оны жетілдірсек деп отырмыз, мүмкін граната атқышты орнатып, шассиді күшейтіп, жылдамдықты арттыратын шығармыз, – деді Баттал Османов.

Мұндай мысалдар әскери қызметтің беделін арттырып, сарбаздардың қызмет барысында әскери істі меңгеріп қана қоймай, талантын ашуға және өзін көрсетуге мүмкіндік беретінін айғақтайды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here