Тұжырымдама қоғам қауіпсіздігінің кепілі бола ала ма?

0
621

Қазақстан үкіметі 2023 жылғы 29 желтоқсандағы қаулысы бойынша қоғаммен серіктестік жасай отырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіткен болатын. Аталмыш тұжырымдама құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында қабылданды.

ҚОҒАМДАҒЫ НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕЛЕР

Құжаттың кіріспесінде атап өтілгендей, қоғамдық қауіпсіздік азаматтардың өмірін, денсаулығы мен әл-ауқатын, қазақстандық қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтарын және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін қоғамның тұтастығы мен оның тұрақтылығы үшін нақты әрі әлеуетті қатерлерден қорғау жағдайын көрсетеді.

Нақтылап айтар болсақ, бұл тұжырымдамада заңдылық пен құқықтық тәртіп деңгейінің төмендеуінен, соның ішінде қылмыстың өсуінен көрінетін қоғамдық қауіпсіздікке төнетін қатерлер мемлекеттің тұрақты дамуына айтарлықтай кедергі келтіретіні, экономикалық белгісіздікті арттыратыны, ұзақ мерзімді инвестицияларға тосқауыл жасап, заң үстемдігі қағидатын бұзатындығы жазылған. Сондықтан ҚР Ұлттық қауіпсіздігінің 2021-2025 жылдарға арналған стратегиясында құқық қорғау органдары мен сот жүйесі жұмысының тиімділігін арттыру, халықты құқық бұзушылықтың барлық түрлерінен қорғау мәселелерін қоса алғанда, азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігі басты назарға алынған болатын.

Тұжырымдама барлық субъектілердің ортақ жауапкершілігі және халықпен сындарлы серіктестік орнату негізінде құқық бұзушылықтардың алдын алудың тұтас жүйесін құруға бағытталып отыр.

Аталмыш тұжырымдаманы іске асыру мынадай ұлттық басымдықтар мен стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге ықпал етеді:

  • Біріншіден, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын тиімді жүзеге асыруға, өмірдің барлық салаларында заңдылықты, адам мен мемлекеттің өзара жауапкершілігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттің құқықтық базасын жетілдіру;
  • Екіншіден, полиция жұмысының күш үлгісінен қауіпсіз және құқықтық қоғам құру үшін құқық қорғау органдары мен азаматтардың өзара іс-қимылының сервистік моделіне көшу;
  • Үшіншіден, «адамдар бәрінен бұрын» мемлекеттік басқарудың «адамға бағытталған» моделін құру.

Қоғамдағы негізгі проблемаларға, ең алдымен, әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық жататыны белгілі. Бұл ретте балалардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қол сұғу динамикасы ерекше алаңдаушылық туғызады. Атап айтар болсақ, дәл осы мәселе бойынша:

  • 2018 жылы – 739;
  • 2019 жылы – 794;
  • 2020 жылы – 832;
  • 2021 жылы – 913;
  • 2022 жылы 706 оқиға тіркелген. Бұның себептері, көбінесе, отбасылық проблемалар, тұрмыстық тұрақсыздық пен ата-аналардың асоциалды өмір салты. Олардың басым көпшілігін, яғни 80%-ын бұрын полиция көзіне түспеген кәмелетке толмағандардың жақын ортасынан шыққан адамдар жасайды. Сонымен қатар, бір өкініштісі, мұндай құқық бұзушылықтардың жасырын сипатын ескере отырып, ресми статистикалық ақпарат қоғамдағы осал топтарға қатысты зорлық-зомбылық мәселесінің нақты ауқымын көрсетпейді. Тағы бір өзекті мәселе – ұрлық, алаяқтық, тонау және жымқыру. Бұл барлық тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтардың 80%-ын құрайды.

Тұжырымдамада бұл қылмыстардың алдын алу бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде, сондай-ақ еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын ескере отырып, 2018-2022 жылдар аралығында қылмыстардың осы санатының құрылымы ұрлық үлесінің төмендеуіне қарай өзгергені (76%-дан 48,2%-ға дейін) және алаяқтық (12,3%-дан 35,6%-ға дейін) өскені көрсетілген.

Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (интернет-алаяқтық) қолдану арқылы жасалатын қылмыстардың өсуі байқалады. Бұл ретте алаяқтықпен және азаматтардың шоттарынан ақша қаражатын ұрлаумен байланысты қылмыстар басымырақ. 5 жыл ішінде олардың саны 5 есе өскен.

Қоғамдық орындарда жасалған зорлық-зомбылық қылмыстарының үлесі де жоғары. Қоғамдық орындарда, көшелерде, алаңдарда, саябақтар мен алаңқайларда орын алған қылмыстар 40 пайызға жуық. 5 жыл ішінде ең көп таралғаны – жалдамалы-зорлық қылмыстары (85%) мен бұзақылық (6%).

Сонымен қатар, мас күйінде жасалған қылмыстар қазіргі қоғамның өзекті мәселесі болып қала беретіні көрсетілген. Мұндай қылмыстардың үлесіне аса ауыр қылмыстардың шамамен 40%-ы және ауыр қылмыстардың 13%-ы, оның ішінде кісі өлтіру мен денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 65%-ы, әрбір екінші зорлау мен үшінші бұзақылық тиесілі. Өкініштісі 5 жыл ішінде «мас» қылмыскерлердің қолынан 1 680 адам қайтыс болған.

Тағы бір проблема – жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітімнің жоғары деңгейі. 5 жыл ішінде 74 мыңнан астам жол-көлік оқиғасында 12 267 адам қаза тапқан. Оның ішінде 8 218 ер адам, 2 975 әйел және 1 074 бала бар. Жол-көлік оқиғасында қаза тапқан азаматтардың 30%-ы жаяу жүргіншілер мен көлік құралдарының жолаушылары, 24,7%-ы автокөлік жүргізушілері, 3,4%-ы мопедтер мен велосипедтерді басқарушылар.

Тұжырымдамада ішкі істер органдарын операциялық және стратегиялық міндеттерді шешу әрі халыққа қызмет көрсету үшін қажетті ресурстармен жарақтандырудың төмен деңгейі көрсетілген. Қазіргі уақытта пайдаланылатын үй-жайлардың 50%-ы тозған және апатты жағдайда, 30%-ы қолданыстағы нормативтерге (техникалық, санитарлық, пайдалану нормаларына, өрт қауіпсіздігі, инженерлік-техникалық нығайту және терроризмге қарсы қорғау талаптарына) жауап бермейді.

Сонымен бірге тұжырымдамада қамауға алу үйлерін салу мүмкіндігінің жоқтығынан қылмыстық жазаның бір түрі ретінде қамауға алу институтының одан әрі дамуы тежеліп, оны қолдану 2017 жылдан бері бірнеше рет кейінге шегерілгені айтылады. Арнайы полиция мекемелерінің 38 пайызында (уақытша ұстау изоляторлары, әкімшілік қамауға алынған адамдарды ұстауға арналған арнайы қабылдау орындары, қабылдау-бөлу орындары) ұстау жағдайлары халықаралық стандарттардың ең төменгі талаптарына сәйкес келмейді.

Қылмыстық-атқару жүйесінің ғимараттары мен құрылыстарының техникалық жағдайы заң талаптарына сәйкес келмейді. 1 694 ғимараттың 211-і апатты жағдайда. Оның ішінде 38 тергеу изоляторы, 173 түзеу мекемесі бар.

ХАЛЫҚТЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ ДЕҢГЕЙІН АРТТЫРУ

Қоғамдық қауіпсіздік жүйесін одан әрі дамытудың негізгі тәсілдері үш негізгі бағытты іске асыру жолымен қамтамасыз етілмек:

  • Халықтың өмірі, денсаулығы мен мүлкінің қорғалу деңгейін арттыру;
  • Мемлекеттік органдардың ортақ жауапкершілігі және халықпен әріптестік негізінде құқық бұзушылықтардың алдын алудың тиімді жүйесін құру;
  • Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қазіргі заманғы тиімді ұйымды дамыту.

Елде қалыптасқан жағдайды түзету үшін тұжырымдама мынадай міндеттерді шешуді көздейді:

  • Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, жәбірленушілерді кешенді қорғау және оларға көмек көрсету жүйесін құру;
  • Азаматтардың мүлікке қарсы қылмыстардан зардап шегу дәрежесін төмендету;
  • Киберқылмысқа тиімді қарсы тұру (интернет-алаяқтық);
  • Қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі шаралардың тиімділігін арттыру;
  • Қоғамдық орындарда қауіпсіздік деңгейін арттыру;
  • Мас күйінде жасалған қылмыстардың деңгейін төмендету;
  • Жол-көлік оқиғалары кезінде өлім-жітімнің төмендеуі;
  • Қоғамдық қауіпсіздік саласындағы проблемаларды шешу үшін ведомствоаралық өзара іс-қимылды іске асыру жүйесі мен тетігін құру;
  • Серіктестікті дамыту мен қауіпсіздік мәселелеріне жергілікті қоғамдастықты тарту;
  • Халықтың құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру;
  • Полицияны қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қазіргі заманғы тиімді ұйымға айналдыру;
  • Полицияның сервистік-бағдарланған моделін енгізу және қазіргі заманғы коммуникациялық стратегияны іске асыру мен басқа да бірқатар дүниелер қарастырылған.

Осылайша, әріптестікті дамыту мен қауіпсіздік мәселелеріне жергілікті қоғамдастықты тарту бөлігінде мемлекеттік билік органдарының, полиция мен азаматтардың өзара іс-қимылының жаңа тетіктерін енгізу ұсынылады. Бұл іске асырылып жатқан ұсақ құқық бұзушылықтарға төзбеушілік саясатына және қоғамда құқықтық мәдениетті дамытуға жаңа серпін бермек.

Жергілікті қоғамдастықтардың (оның ішінде этномәдени бірлестіктердің, ақсақалдар кеңесінің) құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі құзыреттері мен өкілеттіктерін заңнамалық тұрғыдан бекіту және оларды профилактика субъектілерінің шеңберіне қосу ұсынылады, бұл жұртшылық пен құқық қорғау блогының жауапкершілік аймақтарын бөлуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде полициямен бірлескен іс-шараларға қатысу арқылы халықтың азаматтық белсенділік деңгейі артады деп күтілуде.

Қалаларда жұмыс тұрғындар тұратын аудандардағы тәртіпті қадағалап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау үшін полиция мен басқа да мемлекеттік органдарды уақытылы тарта алатындай етіп салынбақ. Ақпараттық технологияларды қолдана отырып, тұрақты сауалнамалар жүргізу, сондай-ақ халықпен кездесулер қоғамның көңіл күйін бақылауға, проблемалық мәселелерді анықтауға және оларды шешу бойынша шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде Ішкі істер министрлігінің қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заңға бағынатын мінез-құлықты насихаттау жөніндегі арнайы жобаларды іске асыру жолымен үкіметтік емес ұйымдармен, еріктілермен және жергілікті қоғамдастықтармен сындарлы ынтымақтастығы дамымақ. Осылайша, құқық қорғау, уәкілетті мемлекеттік органдардың, қаржы мекемелерінің және үкіметтік емес сектордың бірлескен күш-жігерімен үйлестіруші құрылым құрылуы тиіс. Оның қызметі киберқауіптерді анықтауға және басқаруға, соның ішінде олардың алдын алу шараларын әзірлеуге бағытталмақ.

Интернет-алаяқтықпен күресу үшін бюрократиялық рәсімдерді болдырмайтын және интернет-алаяқтықтарды ашудың жеделдігін қамтамасыз ететін полицияның басқа субъектілермен өзара іс-қимылы бойынша бизнес-процестерді қайта құру ұсынылады. Ол үшін қылмыстық істерді тергеу шеңберінде құқық қорғау органдары мен екінші деңгейдегі банктер арасындағы коммуникация процестерін ҚР банктік және өзге де қорғалатын құпияны сақтау жөніндегі заңнамасының талаптарын сақтай отырып, Құқық қорғау және арнайы органдар арасындағы ақпараттық алмасу жүйесі арқылы автоматтандыру қажет. Интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың маңызды аспектілері – халықтың цифрлық, құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ескерту сипатындағы мақсатты жарнаманы іске қосу. Бұл шараларды табысты іске асыруға цифрлық криминалистиканы дамыту, Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы күрес бөлімшелерін заманауи цифрлық құралдармен ресурстық жарақтандыруды жақсарту, сондай-ақ құзыреттер деңгейін арттырудың кеңейтілген мүмкіндіктері ықпал етеді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Тұжырымдаманы іске асырудан қандай нәтижелер күтілмек? Енді осы сұрақтарға жауап беріп көрелік.

  • Азаматтардың жеке, мүліктік және қоғамдық қауіпсіздік сезімі 80,5%-дан төмен емес;
  • Халықтың полицияға сенім деңгейі 83%-дан жоғары;
  • Жаһандық бейбітшілік индексі рейтингінде Қазақстанның ең қауіпсіз елдер арасындағы позициясын жақсарту 97-орыннан 65-орынға дейін жақсарды;
  • Қазақстанның «Тәртіп пен қауіпсіздік» факторы бойынша позициясын 35-орынға дейін жақсарта отырып, «WJP Rule of Law Index» құқық үстемдігі индексі бойынша әлемнің 40 елінің қатарына кіруі;
  • Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жол қозғалысы қауіпсіздігі рейтингінде Қазақстанның позициясын 70-орынға дейін жақсарту күтілмек.

 Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here