Ұстаз туралы сыр

0
1134

«Әлемді, жерді жап-жарық етіп
отыратын екі нәрсе бар: 
Бірі –  Күн, екіншісі –  Әйел!»

Тарихымызға көз жүгіртсек, қазақ қоғамындағы әйелдің негізгі орны отбасы, ошақ қасы болса да, қазақ әйелдері қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтеріліп, өзін-өзі дамытып, дүйім жұртқа үлгі болуға мүмкіндіктері болған. Тарихтағы Болған ана, Домалақ ана, Дарабоз ана, Қызай ана, Найман ана, Ұлпан аналар – бүтін бір рулы елдің ынтымағына қызмет еткен айтулы тұлғалар. Ал, Қарқабат, Абақ, Қызай сынды аналар бір рудың ұранына айналып, сол рудың атауына негіз болса, Бопай, Ақбикеш, Гауһар, Сапура (Көктемір) сынды батыр әйелдер қазақ даласына жау шапса атқа қонып, қару асынып, елі мен жерін қасық қандары қалғанша қорғап, сол жолда жандарын берген. Өткен ғасырдағы Әлия, Хиуаз, Мәншүктер де тарихтағы қазақтың батыр аналарының жалғасы іспеттес.

Ал, бұл әңгіменің жалғасы –  қазіргі бейбіт қоғамда қолына қалам алып, ғылым жолында, бұқараның тұтқасын ұстар ұрпаққа білім беруде аянбай еңбек атқарып жүрген нәзік жанды ғалым  туралы болмақ. Қазақтың көрнекті ғалымы, агроэколог, топырақтанушы-агрохимик, ҚР АШҒА академигі, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Нәзия Шүкенқызы Сүлейменова үстіміздегі жылдың 27 сәуірінде 80 жасқа толады.

Бойжеткен Назияның хиялдары…

Назия Шүкенқызы 1944 жылы 27 сәуірде Сарықұрақ теміржол станциясына қарайтын Бөрлі-түбе ауданында, бұрынғы Талдықорған облысында станция бастығының отбасында дүниеге келген. Ата-аналары Шыңғысхан-төре. Қасен-төренің атасы, білімі бойынша заңгер, судья болған, Заманбек-төре Лепсі уезінде болыс болған. Әкесі – Сүлейменов Шүкен Қасенұлы, анасы – Әбужамал Заманбекқызы.

Ерте жасынан еңбекке араласқан бойжеткен Нәзия Лепсі стансасында элеваторда жұмыс істеуге тура келді. Совхоз директорлары мен бас агрономдары келіп, қызу жұмыс барысын қарап, тексеріп кетіп жатады екен. Сонда, бала арманымен «сол кісілер сияқты директор болсам, ата-анамды, бауырларымды асырасам» деген қиял осы салаға жетектейді. «Отбасында төрт қыз және жалғыз інісі өскенше қызметкер болсам, қолғабысымды тигізсем» деген бір кездегі асқақ арманы шындыққа айналды.

Егіннің қалай егілуі, оны төкпей-шашпай жинап алу, оны ысырапсыз бидайға, бидайдан ұнға айналдыру, оны тұрмыстық қажеттілікке жаратудың арасында қаншама қиын да қауырт жұмыстар тұрғаны, бір жағынан, қыз балаларға қиындау тірлік болса да, көңілге қызығушылығы орнап, нақты мақсатына жетуде ешбір айнымады. Осынау арманның жетегімен Алматы қаласындағы Ауыл шаруашылығы институты Инженер-механизация факультетіне құжат тапсырып, сырттай оқуға түсті. Бірақ сабақ басталар сәтте бұл факультетке қыз балаларды қабылдамайтын болып, Электрлендіру факультетіне ауыстырып жібереді. Сонда да еш көңілін түсірмей, қайта қазақ қыздарының ішінен тұңғыш инженер-электрик болатын болдым деп, жағдайды арманымен байланыстырамын деп жүргенде, күндізгі оқу бөліміне ауысу барысында, нағыз керегі агрономия факультетінен бір-ақ шығады. Сөйтіп, жанына жақын топырақтану және агрохимия мамандығын таңдаған. Факультеттегі 175 студенттің ішінде 10 қыз баласы болады.

Жаңа оқу жылы басталардан бұрын ауыл шаруашылығы жұмысына жіберген жалпы жиында ұзын бойлы, сымбатты, орыс тілінде  жатық сөйлейтін, өзі мәдениетті Санақ ағамызды алғаш көреді.

Бір күні… қыздар шуласып Санақтың туған күні екенін, құттықтау керектігін айтып жүгірісіп, барлығы құттықтап жатады. Оқшауланып тұрған бойжеткен Нәзия өзі жаққа жігіт Санақтың қайта-қайта қарай бергенін байқайды. «Мына қыз, неге дұрыстап құттықтамайды?» деген ағамыздың сөзін естіп қап, «әй, өзі бір қиқар, бірбеткей жігіт болар» деп ойлап үлгереді. Ең қызығы, бұл туған күннің шын туған күн еместігін артынан біледі. Екеуара таныстық осылай басталған еді…

Анасының отбасындағы қыз балаға берген тәрбиесі мен «болмайды», «ұят болады» деген заңдылығына ешбір қаяу келтірмеген,  тыйым атаулыдан алыс кетпеген қара қыздың болмысы, Санақ ағамызды ойландырмай қоймайды.

Иә, расында Нәзия Шүкенқызының жастық, студенттік шақтары қалай өткені біздерді қатты қызықтырады.

Абылайхан мен қазіргі Қабанбай көшесінің қиылысында Жастар театры (ТЮ3), әсем қаладағы әдемі көшелердің біріндегі «Столичный» дүкенінен «Барбарис» кәмпитін алып, қол ұстасып қыдыратындығы, «Жастар сквері» деп аталатын ғашықтар мекені, ондағы субұрқақта аппақ аққулары жүзген «Аққу» деген кафесі, қаладағы ең дәмді, ең арзан «Тұшпарахана», сондай-ақ театрлар мен кинотеатрларда, кітапханаларда өткен ғашықтар мекенін керемет еске алып, баяндап бергенде, көз алдыңда кинокадрларының лентасы жүріп жатқандай, әркім қызығатындай хикая екен, дерсің!

Нәзия Шүкенқызы көркем гимнастикамен, ал, Санақ ағамыз спортпен, бокспен айналысқан. Аға мәдениетті, парасатты, білімді азамат болған, ол қазақ әдебиетін ғана емес, орыс қаламгерлерінің шығармаларын тереңірек білген. Классик жазушылардың шығармаларынан үзінділер оқып, адамды терең ойға шомылдырса, қалжыңнан да құралақан емес еді. Ұлы Әл-Фарабидің «Сен маған досыңды көрсет, мен сенің кім екеніңді айтайын»  дегендей, ағамыздың жүрген ортасы да қазір елімізге белгілі, ұлт қамын ойлаған ақылды, сымбатты парасатты азаматтар болаған. Олар – Қанат Саудабаев, Аманбек Мұқашев, Сағын Тәжікенов, Берік Шаханов, Кәрібай Ахметбеков; аға-достары – «Аңыз адам» Асанәлі Әшімов, композитор, өнертанушы Ілия Жақанов, заң ғылымдарының докторы, профессор, Бәрімбек Бейсенов, қоғам қайраткері, профессор Әбдеш Қалмырзаев, Алматы облысының парткомитетінің хатшысы Төлеужан Садықұлов, іскер, жетекші лидер Мақашов Қойшыбай ағамыз бен биология ғылымдарының докторы, профессор Төкен Несіпбаев, математика ғылымдарының докторы, профессор Көпшіл Әдімажитов, биология ғылымдарының докторы, профессор Божбанбай Толысбаев ағаларымызбен сырлас әрі сыйластықтың символын көрсеткен үлгілі қарым-қатынаста болған.

Caнақ ағаның елінің алдындағы адал еңбегі, білімділігі мен жауапкершілігі арқасында партия мемлекет қайраткері, ҚазКСР Министрлер Кеңесі төрағасының көмекшісінен, Қазақстан ЛКЖО ОК бөлім меңгерушісінен бастап, ҚазКСР Министрлер Кеңесінің шаруашылық басқармасы қызметінің басшысына дейінгі үлкен жолдан өтті. Мемлекеттің қайта құрылу кезеңінде елімізде: Қазақстан Республикасы Президенті аппаратының Өңірлік даму бөлімінің инспекторы, кейінірек Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, Луговой (Қазіргі Құлан) ауданының әкімі лауазымдары қызметін атқарды. Сондай-ақ Алматы қаласы Президенті Резиденциясының директоры және Республика Президенті Іс басқармасы басшысының кеңесшісі сынды жауапты қызметтер атқарды. Осынау жылдарда Санақ Әбеуұлы кәсіби еңбегімен мемлекеттілігіміздің қалыптасуына және Елорданың Ақмола қаласына көшуін ұйымдастыруға зор және баға жетпес үлес қосты.

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің бұрынғы ректоры, академик Т.Есполовтың қолдауымен және ұсынысымен университеттің үздік түлегі  Санақ Әбеуовтың өмір жолы жас ұрпаққа өнеге болуы үшін,  Алматы қаласы мәслихатының шешімімен Мұқан Төлебаев көшесіндегі өзі тұрған үйдің қабырғасында мемлекет қайраткері туралы мемориалдық тақта орнатылды.

Стационарлық лабораторияда тәжірибе үстінде

Асқақ армандар ақиқатқа айналды

Нәзия Шүкенқызы өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Ауыл шаруашылығы институтының «Егіншілік және ғылыми-зерттеу әдістемесі» кафедрасында жұмыс істеп жүріп, аспирантураға оқуға түседі. Егіншілік мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғайды. Одан кейін доцент ғылыми атағын алады. Докторантураны бітіргеннен кейін Мәскеудегі Тимирязев атындағы академияның ректоры А.И.Пупонин  мен проректор, профессор Г.И.Баздеревтің жетекшіліктерімен «Егіншілік және тәжірибелік ісі» кафедрасында докторлық диссертациясын дайындап, 1996 жылы алдын ала қорғаудан өтеді. Егемендік алған кезеңде, қара шаңырақ АШИ-на қайта оралып, сол Мәскеудегі хаттама негізінде,  ҚР ҰҒА академигі Зайролла Дүйсенбековтің ғылыми жетекшілігімен өте жоғары деңгейде қорғап шығып, профессор ғылыми атағын (1997 ж.) алады.

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик Есполов Тілектес Исабайұлының кадраларды үлкен ыждағатталықпен таңдап, қызметке тағайындап, жұмысты ұйымдастыра білетін басшы. Осы іскерлігімен 2008 жылы «Экология» кафедрамызға Нәзия Шүкенқызын меңгеруші етіп тағайындады. Аталмыш қызметінде оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу, халықаралық байланыс және қоғамдық-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруда бірқатар маңызды нәтижелерге қол жеткізді. Кафедраның «Агроэкология» мамандығы бойынша магистрлік оқыту бағдарламасын халықаралық аккредиттеуден өткізу барысында мамандықты шетелдік ғылыми оқу-құралдарымен қамтамасыз ету, мамандандырылған  «Экотоксикология», «Стационарлық лаборатория» атты екі оқу лабораториялары ашылды. Аудиторияларды жаңа жабдықтармен және әрбір оқытушының жұмыс орнын компьютерлермен қамтамасыз ету үшін де бар қажыр-қайратын жұмсады.

Сондай-ақ Вайнштефан университетінде халықаралық аккредиттеу бойынша халықаралық сертификатталған тағылымдамадан өтіп, «Экология» мамандықтары негізінде – бакалавр, магистратура, доктарантура – үш деңгейлі кадрларды даярлауда үлкен еңбек сіңірді.  

Санақ ағамыз бен Нәзия Шүкенқызының отбасында алтындай үш қыз бір ұл өсіріп, бұл күнде еліміздің тұтқасын ұстар ұрпақтары білікті маман иелері болып, өмірден өз орындарын алып отыр.

Тұңғыштары Әбеуова Жәмила Санаққызы медицина ғылымдарының кандидаты, «Қоғамдық денсаулық сақтау» магистрі, жоғары санатты дәрігер, педагог, ғылыми-зерттеу және заң шығару қызметі саласында жұмыс істейтін денсаулық сақтау менеджері БДДҰ Еуропалық бюросының сарапшысы, БДДҰ МСАК демонстрациялық платформасының басшысы, Қазақстан отбасылық дәрігерлер қауымдастығының мүшесі, «Қазақстандық денсаулық сақтау менеджерлерінің қауымдастығы» РҚБ бірлестіктерінің мүшесі. Бүгінгі таңда «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек» Ұлттық қауымдастығының Алматы облыстық филиалының басшысы қызметін атқаруда. Тұңғыш немересі Тоғысбаева Айнұр – әжесі Нәзия Шүкенқызының ізін басып, «Экология» мамандығы бойынша докторантураны тәмамдап, диссертациясын қорғауға дайындалуда. Айнұр Солтүстік Каролина университетінің түлегі, Лондонның «Бизнес және қаржы мектебінің» магистратурасын бітірді, бүгінде Қаржы талдаушысы, «BI» компаниясының  әзірлеушісі, ҚБТУ-нің дәріскері.

Отбасының екінші қызы Әбеуова Сана халықаралық деңгейдегі жоғары білікті заңгер, Алматы қаласы Медеу ауданының АХАЖ бастығы қызметін атқарды, 2009 жылдан бастап американдық заң компаниясының жетекші қызметкері. Бүгінде Сана мен күйеу баласы Асқар Нью-Йорк қаласында тұрады.

Отбасының үшінші қызы Майра мен күйеу баласы Ардақ Астанада тұрады. Майра Халықаралық заң компаниясының (USA) қаржы басшысы.  Ол отбасындағы немерелері шет елдің атаулы жоғары оқу орындарын бітіріп, таңдаулы маман иелері ретінде елімізге қызмет атқаруда.

Ал, Айдана Сәкенқызы –  Санақ ағамыз бен Нәзия Шүкенқызының «көзайымы»! Ол Т.Жүргенов атындағы Өнер Академиясының түлегі. Бірнеше кинофильмдердің екінші режиссері. Бүгінде Алматы қаласында продюсерлікпен айналысуда. Келіні Индираның «Мама» деген бір ауыз сөзінде қаншама мейірім, еркелік, анасына деген сенімділік және құрмет жатқанын сезесің! Индира – Халық жазушысы Әбділда Тәжібаевтың немересі.

Нәзия Шүкенқызының осыншама тізбектеп жеткізген атақ-даңққа, сый-құрметке жету жолындағы қыруар еңбектері айтуға жеңіл болғанымен, талай қиындықтарды сабырлылықпен, төзімділікпен өткергенін аңғарамыз. Сол жылдары Санақ ағамыз Президент аппаратынан Жамбыл облысы әкімінің  ауылшаруашылық саласы бойынша орынбасарлық қызметке, одан соң Құлан ауданының әкімі болып ауысып, қызметін атқарып жүрген кездері, үш қыздан соң көрген ұлы Сәкені аяқ астынан ажал құшып, соңында жап-жас келіншегі Индира мен қызы Айдана қалады. Бұл қайғы екі кісіге оңай салмақ салмады. Қызмет түгілі, өмірден, мына тірліктен безіп кетуге шақ қалған сын-сағаттарда,  кішкентай Айдана дертке дауа болған еді деседі өздері…

Сонымен…

Сүлейменова Нәзия Шүкенқызы 80 жас мерейтойын қоржыны тола, елінің алдында елеулі еңбегімен, мықты аброй-даңқымен, сый-құрметімен қарсы алуда. Ғалымның жетекшілігімен 5 кандидат, 18 магистрант, 10 докторант ғылыми дәрежесіне ие болып, өз мектебін қалыптастырды.

Халықаралық конференциялар материалдарында, Білім министрлігі Ғылым комитетінің, жақын және алыс шетелдердің аграрлық және экологиялық ғылымның түрлі мәселелері бойынша басылымдарда 320-дан астам ғылыми-оқу-әдістемелік еңбектері жарияланды. Сонымен қоса профессордың отандық аграрлық-ғылымды дамытудағы орасан еңбегі, отанына деген асқан сүйіспеншілігі еленіп мемлекеттік наградалармен, медальдермен, алғыс хаттар және грамоталармен  марапатталды.

Нәзия Шүкенқызы – ерін сыйлаған Ханшайымы бола білген аяулы жар, ізгі ұрпақтарының анасы, әжесі, қоғам қайраткері, ғалымдығымен қатар парасат-пайымы жоғары, адамгершілігі мол, жүрегі мейірімге толы, ғылым жолында адал, отансүйгіштік қасиеті биік, ұлтына деген құрметі таудай, бардың бағасын білетін ғажайып тұлға!

Аса қымбатты Нәзия Шүкенқызы, мерейлі жасыңыз құтты болсын! Деніңізге саулық, жаныңызға амандық, ұзақ өмір, отбасыңызға бақ-береке, ұрпағыңыздың алақанында нұрлы-шуаққа бөленіп жүре беріңіз!  

Ізгі ниетпен,
ҚазҰАЗУ-нің профессорлары:
Махамедова Бағлан Жақыпбайқызы,
педагогика ғылымдарының кандидаты,
Мырзабек Карима Алмаханқызы,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here