Батырға тағзым немесе Сағадат Нұрмағамбетовтың ғасырлық тойына орай

0
1235
Сағадат Нұрмағамбетов пен Махмұт Нәлібаев

Биыл – Кеңес Одағының Батыры, Армия генералы, Қазақстан Қарулы күштерінің құрылуында ерекше үлес қосып, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі болған Халық Қаһарманы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл.

Небәрі жиырма бір жасында Кеңес Одағының Батыры атанған Ердің атына елі сай игі істер жасалуда. Облыс-облыстарда, аудан-аудандарда, жергілікті елдімекендерде Батырдың ғасырлық мерейтойына орай жоспарланған маңызды жобалар өз жұмысын бастап та кетті. Айталық, әскери оқу орындарында «Ұлтына қорған болған батыр» тақырыбында конференциялар, Елордадан бастау алған «Халық жүрегіндегі қаһарман» атты көшпелі көрме жалғасын тауып, жер-жерлерде кең ауқымда өтуде. Мұндай ғажап көріністер жастарға үлкен бір намыс беретін, оларға жігер беретін, отансүйгіштік, патриотизм тудыратыны сөзсіз. Әсіресе, сарбаздар үшін үлгі.

Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Айбын» орденінің түрлі дәрежесіне халқымыздың даңқты батырлары Бауыржан Момышұлы, Сағадат Нұрмағамбетов және Рақымжан Қошқарбаевтың есімдерін беру туралы Заңға қол қойды. Бұл – ерліктің ерен үлгісін көрсеткен баһадүр бабаларымызға құрметтің белгісі екені анық.

Елімізде 2011 жылы 14 мамырда өзінің батасымен ашылған Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қоғамдық қайырымдылық қоры бар екені жұртшылыққа мәлім. Қордың Батыр есімін ұлықтау мақсатындағы атқарған істерін рет-ретімен бере кеткенді жөн санап отырмыз:

  • Астана қаласында көшеге және «Жас Ұлан» мектебіне де есімі беріліп, бюст орнатылды;
  • Алматы қаласында көше және әскери институтқа есімі беріліп, бюст орнатылды, өзі тұрған үйге мемориалдық тақта қойылды;
  • Шымкент қаласында көше мен мектепке есімі беріліп, бюст орнатылды. Халқымыздың даңқты ұлы Қажымұқан атамызға ескерткіші қойылды;
  • Мәскеу қаласында Ұлы Отан соғысы Орталық музейінің Даңқ залында екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов екеуінің бюст орнатылды;
  • Волгоград қаласында Сталинград шайқасында қайтыс болған қазақстандықтарға естелік обелиск қойылды;
  • Ақтөбе қаласында көшеге есімі берілді;
  • Атырау қаласында және Береке ауылында, сондай-ақ Кейкі батырға Атырау қаласында есімдері берілді;
  • Ақмола облысында – Көкшетауда көшеге есімі берілді, Ақкөл ауылында өз атындағы көшеге бюст қойылды. Туған ауылы Еңбек ауылында көше мен мектепке есімі беріліп, екі нысан да күрделі жөндеуден өткізілді, ауылға түнгі жарық жүргізілді, барлық көшелері асфальтталып, 1 стелла мен 2 үлкен баннер орнатылды – барлығы 600 млн теңгенің жұмысы 2020 жылы толығымен игерілді. Ақкөл ауылында 2014 жылдан бері жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен тұрақты түрде республикалық турнир өткізіліп келеді. Қосшы қаласы мен Қоянды ауылындағы көшелерге есімі берілді. Астана қаласында ұлттық өнерімізді насихаттайтын халықаралық деңгейдегі «Дешті-Қыпшақ» конкурсы 2015 жылдан бері өткізіліп келеді. Қажымұқан ауылында палуан атамыздың ескерткіші орнатылды;
  • Тараз қаласында көшеге есімі беріліп, сонда естелік белгі қойылып, №10 мектепке есімі беріліп, бюст қойылды. Шу ауданындағы Төле би ауылындағы аудандық Саз мектебіне қазақтың атақты композиторы Әбілахат Еспаевтың есімі беріліп, естелік-тақта орнатылды;
  • Талдықорған қаласында көшеге есімі берілді, сондай-ақ 2 мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевқа да көше есімі берілді;
  • Қостанай қаласында көшеге есімі берілді; тағы бір көшеге Қобыланды батыр есімі беріліп, сол көшеде зәулім ескерткіші орнатылды;
  • Түркістан облысындағы 3 ауылдағы орта мектептерге есімі берілді;
  • Павлодар қаласында көшеге есімі беріліп, естелік обелиск орнатылды;
  • Орал қаласында көшеге есімі берілді;
  • Өскемен қаласында – үлкен орталық көше мен мектепке есімі беріліп, өз есімімен аталған аллеяға үлкен ескерткіші орнатылды;
  • Алматы қаласында – көрнекті ғалым-этнограф Ақселеу Сейдімбек пен ғалым-академик Сағындық Сатыбалдиннің тұрған үйлеріне мемориалдық тақта орнатылды. Алматы апортының авторы Егор Редькоға көше есімі берілді;
  • Семей қаласында көшеге есімі берілді;
  • Алматы, Қарағанды, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша осы бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табуда;
  • Осы уақытқа дейін 4 үлкен ескерткіш пен 7 бюст орнатылды. С.Нұрмағамбетов есімі 1 әскери институт пен 1 «Жас Ұлан» мектебі, 8 орта мектеп пен 20 елдімекендегі көшелерге есімдері берілді;
  • Қордың тікелей араласуымен Қор басшысының жеке қаржысына тиражы 1 000 данадан 5 000 данаға дейін 5 кітап баспадан басылып шығарылды. Қызылорда облысының Денсаулық сақтау басқармасына 46 млн теңге көлемінде медициналық аппараттар (КТ; МРТ) сатып алынды. Батырдың өмірбаяны қамтылған деректі фильм түсірілді;
  • Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен Сағадат Нұрмағамбетов атындағы орден (мемлекеттік награда) тағайындалды.

Махмұт НӘЛІБАЕВ,
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Халықаралық қоғамдық-қайырымдылық қорының президенті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here