«Ойжұмбақ-2» анимациялық фильмі рекордтық касса жинады

0
1663

Бүгінгі ғаламтор дамыған кезеңде бала тәрбиесінің бір тірегі – анимация. Яғни, анимациялық фильмдер бүлдіршіндердің рухани байлығын дамытуға бірден бір себепкер болып отыр.

Жақында «Ойжұмбақ-2» атты анимациялық жаңа туынды қазақ тілінде жарық көріп, еліміздің кинотеатрларында көрсетілімге шықты. Фильм рекордтық касса жинады деуге болады. Бұл дегеніміз – қазақ балаларының мультфильмге деген ерекше құштарлығын көрсетеді. «Disney» және «Pixar» студиясынан шыққан аталмыш картина «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен қазақ тіліне аударылған. Кішкентай көрермендердің көңілін тапқан картина үлкен экранға шыққан алғашқы үш күнде 40 миллион теңге жинаған. Бұл – қазақ анимация тарихында болмаған көрсеткіш!

– «Ойжұмбақ-2» фильмі 13 маусым күні кішкентай көрермендерге жол тартты. Айналдырған үш күннің ішінде Республикадағы кинотеатрлардың жалпы кассалық табысының 10 пайызын құрады. Мұндай статистика бұрын болмаған. Осыған дейін тек «Аватар» фильмі ғана 5 пайыздық касса жинаған болатын. Біз аударған мультфильм ТМД елдері бойынша да бірінші орында тұр. Бұл дегеніміз, қазақ балаларының қазақ тіліндегі картиналарға қызығушылығы жоғары екенін, сұраныстың үлкен екенін көрсетеді, – дейді «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.

Балдырғандарға базарлық жасап жүрген «Қазақ анимациясына» биыл 57 жыл толыпты. Шығармашылық бірлестіктің тарихы Әмен Хайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты мультфильмінен бастау алған. Сәтті туынды халық ертегісінің желісімен суреттелген болатын. 1967 жарыққа шыққан картина әлемнің 48 елінде көрсетіліп, 1968 жылы Бүкілодақтық кинофестивальде және 1974 жылы Нью-Йорк кинофестивалінде үздіктер қатарынан көрінген еді. Содан бері көптеген анимациялық туындылар таспаланып, жас көрермендерге жол тартты. Дегенмен, сұранысты қамти алмай отырғаны рас. Қазақы мультфильм дегенде, жоғарыда айтылған картинадан өзге «Ақсақ құлан», «Мұзбалақ», «Күлтегін» сынды сапалы мультфильмдер еске түседі.

Жалпы қазақ суретшілері жарты ғасырда 200-ден аса анимациялық фильмдерді таспалаған. «Бүгінде мемлекеттік қаражатқа жасалған өнімдер сапалы, алайда саны аз. Себебі, аталған бюджетті алу және оны игеру жүйесі қиын әрі ұзақ уақыт алады. Одан кейін сапалы сценарийлер жетіспейді» дейді сала мамандары. Өткен бір жылда 20 қысқаметражды анимация жасалыпты. Шығармашылық ұжымның ендігі мақсаты толықметражды және сериалық мультфильмдер.

– Біз еліміздің ұттық брендіне айналатын анимациялық сериалдар шығарсақ деген арманымыз бар. «Ер Төстік» бола ма, басқа кез келген бір миф-аңызды алып, соның негізінде 100 серия, 500 серияға дейін жететін сериалдар шығарсақ, соның негізінде балалардың оқу құралдарын, кітаптарын, ойыншықтарын компьютерлік ойындарын да жасауға болады. Бұл – ұлт мәдениетінің бір діңгегі. Осы мәдениетіміздің шыңын биіктету үшін бізге сапалы сценарий мәселесін қолға алуымыз керек. Ол үшін біз алдыңғы орынға әдебиетімізді көтеру керекпіз»,дейді «Қазақ анимациясы» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі Жәнібек Оразалы.

Еске сала кетейік, Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы креативті индустрия мәселесін көтерген болатын. Яғни, заман талабына сай әрі шығармашылық-идеологиялық бастамаларға басымдық беру керектігі айтылды. Аталған креативті индустрияның ішінде біз айтып отырған анимация саласы кіреді. Осы бағытта мемлекеттік қолдау көрсетіле бастады. Соның бірі креативті индустрияның 43 саласы бекітілген. Соның қырығы арнайы жеңілдетілген салық режиміне өтті.

Біз айтқан «Қазақ анимациясынан» өзге елімізде 30 шақты анимациялық компания жұмыс істейді. Олардың барлығы дерлік отандық анимация саласына өз үлестерін қосып келеді. Тек қаржыландыру саласы шығармашылық жұмысты тежейді. Себебі, дамыған елдерде анимация үшін бөлінетін қаражат толықметржды фильмдермен теңеседі. Мультфильмдегі бір кадрды сызғаннан гөрі, кинодағы бір кадрды таспалаған жылдам әрі жеңіл екен. Әйтсе де, бұл салаға қазір басымдық беріліп, көңіл бөлінуде. Алдағы төрт-бес жылда отандық кинотеатрлардағы анимация үлесі айтарлықтай арта түспек.

Шет елдік үздік мультфильмдерді сатып алып, қазақшаға аударған арзан әрі жылдам екені рас. Алайда, ұлттық мәдениетті, идеологияны бала бойынша сіңіретін отандық өнімнің маңызы зор. Қазақ батырлары туралы қызықты әрі көп сериялы анимациялық фильмдер сәтті шығып жатса еңбектің жанғаны.

Дәл қазіргі шақта білім нәрімен сусындап жатқан жас өрендердің жүрегін бір сәт қазақи мульфильмдермен жаулағанға не жетсін?! Сол үшін де балалардың назарын осынау ұлттық құндылықтарымызға қарай бұрып тұрғанымыз абзал.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here