Қарқара жайлауындағы қымыз ішу тойы немесе «Қымызмұрындық-2024»

0
2869

Кеген ауданында «Қымызмұрындық – 2024» Жолан жүйрігі фестивалі аталып өтті. Бұл дүбірлі той әйгілі Қарқара жайлауында жалғасын тапты.

Қырмызы гүлі, көкорай шалғынға оранған хан жайлау…

Қымыз бен гүлдің иісі аңқыған өңір…

Атақты «Қарқара көтерілісі» тұтанған орын. Көтеріліс қаһармандары Ұзақ пен Жәмеңкенің көңіл тоғайтар сөзін естиік деп жиналған қалың елдің басы қосылған Ереуілтөбе де осында…

Қымызмұрындық фестивалінің негізгі мақсаты – ұлттық сусынның құндылығын насихаттау, ұмытылып бара жатқан дәстүрді қайта жаңғырту.

Ұлтымыздың жұлдызы жарқырайтын алтын ғасыры болар ХХІ ғасыр елеулі өзгерістерге толы. Оның бәрі тіліміз бен дінімізді көтеруге, салт-дәстүрімізді өркендетуге, өшкенімізді жандырып, өрісімізді кеңейтуге бағытталып отыр. Бұл игілікті іс – жақсылықтың бастауы. Мемлекетіміздің болашағы болар жас ұрпаққа тағылым мен тәрбие болар ізгілікті дүние. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» демекші, біздің қонақжай, көңілі даласындай кең, пейілі шалқар халқымызды түлік төресі жылқысыз, астың ең қастерлісі қымызсыз елестете алмаймыз. Қазақ қазақ болғалы сенімді серігі жылқы болды. Сусыны қымыз болды. Тәуелсіздігіміздің өсіп-өркендеу жылдарында жылқының да саны артты. Қымызды пайдаланудың да ауқымы кеңіді. Қырмызы гүл мен қымыздың иісі аңқыған таулы өңірімізде қазір бие байлап, қымыз әзірлемейтін шаңырақ жоқтың қасы. Ауданның қымызы үлкен сұранысқа ие.

Қымызмұрындық рәсіміне ауданның ауылдық округтері, мекемелері жақсы дайындықпен келіпті. Қатар-қатар тігілген киіз үйлер тігіліп, оның маңайына қазақы дәстүр мен салт-сананы насихаттайтын көрмелер қойылды. Киіз үйлердің іші де, сырты да ұлт жауһарларына толы. Әр ауыл көз жауын алар көрмелерімен ерекшеленді. Келі-келсаппен дән түйген, емен-жарқын әңгімелерін айта отырып жүн түткен ақ әжелер ауылдың жарасымды тірлігін көз алдыға келтіреді. Ат әбзелдері, қол өнер туындылары молынан ұшырасты. Ал шеберлер болса қымызды ашытып, әзірлейтін ағаштан жасалған күбінің неше түрін жайнатып қойыпты. Осы күні жиналған дүйім елдің түрлі іске, игілікке жол ашар жөн-жоралғыларымызға деген, қымбатты қолөнерімізге деген қызығушылығы мен қатар құрмет сезімінің арта түскені анық. Бұл, әсіресе, жаңадан өсіп келе жатқан жас ұрпақтың жүрегінде жатталып қалары даусыз.

«Бұл игілікті көрініс  –   болашақ ұрпаққа үлгі. Өйткені жылдар бойы біздер ұлттық дәстүрімізге қатысты көптеген қажетті дүниелерімізді ұмытып кеткен едік. Міне, егемендігімізге қолымыз жеткелі елімізге,  әрісі әлемге қазақ екенімізді танытып жүрміз. Қазақ халқына тән барлық сән-салтанат пен ұлттық ойындарымыздың өтіп жатқаны соның дәлелі», – дейді Алматы облысының құрметті азаматы Тоққожа Естенов.

Айта кетейік, қазақ пен қырғыз елінен 4 мыңнан астам көрермен қатысты. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін дәріптеуге арналған «Биебау» және «Қымызмұрындық» шарасы Қарқара жайлауында бірнеше жылдан бері ауқымды мереке ретінде аталып келеді. Еліміздің түкпір-түкпірі мен Қырғызстанның көршілес аудандарынан жиналған меймандар бұл жолы қолөнер шеберлерінің көрмесін, қазақ эстрада жұлдыздарының өнерін тамашалап, ұлттық ойындарға куә болды.

«Бүгін салт-дәстүрімізді жаңғыртып, ұлттық ойындарымызды жалғастырып, үлкен мерекелік шара өтуде. Бұл кешке Түркіменстаннан, Үндістаннан, Пәкістаннан, Ауғанстаннан арнайы меймандар келіп қатысуда.  Қытай және көршілес Қырғызстанның Түп ауданынан келген делегация осы іс-шарамызға белсене атсалысып жатыр», – деді Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев.

Қарқара төрінде ұйымдастырылған ұлттық ойындардың бас жүлдесіне 3 темір тұлпар тігілді. Қазақ күресінен түйе палуандар арасында шымкенттік Марат Байкамуровтың бағы жанды. Құнан бәйгеде Жамбыл облысының Қордай ауданынан келген Айдар Нұрмұхамбетовтың Граф атты сәйгүлігі алдына қара салмады. Ал аламан бәйгеде Жетісу облысының Жұмыртұяғы өзінің жүйріктігін тағы қайыра дәлелдеді.

Осындай халықтың өшкенін жандырып отыратын игі дәстүр әдемі жалғасын таба түссе, нұр үстіне нұр болар еді.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here