Марат Шоранов: «Медициналық кадрлар тапшылығын жүйелі түрде шешудеміз»

0
1223

«QAZAQ»-ТЫҢ АНЫҚТАМАСЫ:

Марат Едігеұлы Шоранов – медицина ғылымдарының кандидаты, қоғамдық денсаулық сақтау магистрі.

Қазақ ұлттық медицина университетін, АҚШ-тың Вирджиния Ынтымақтастық Университетін, Эмори Университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау мектебін бітірген.

Еңбек жолын 1997 жылы Қазақ ұлттық урология ғылыми орталығының клиникалық ординаторлығынан бастаған. Әр жылдары аталған орталықтың ғылыми қызметкері, департамент басшысы, директордың орынбасары, Денсаулық сақтауды дамыту институтының директоры, Экономикалық зерттеулер институтының басшысы, институт директорының орынбасары сынды қызметтерді атқарған.

2013-2022 жылдар аралығында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Стратегиялық даму департаментінің директоры, «University Medical Center» Корпоративтік қорының басқарушы директоры, Шығыс Қазақстан облысы және Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармаларының басшысы, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры» КеАҚ Басқарма төрағасының орынбасары, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі қызметтерін атқарған.

2022 жылдан бастап Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры.

Марат Шорановтың авторлығымен бірнеше ғылыми еңбек жарық көрді. Көп жылдық қызметі мен денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, бірқатар марапаттарға ие болған.

«АСФЕНДИЯРОВ УНИВЕРСИТЕТІ – ДӘСТҮР МЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚТЫҢ СИМВОЛЫ»

– Марат Едігеұлы, Сіз басқаратын Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті еліміздегі ең байырғы әрі бірегей салалық жоғары оқу орны. 1930 жылы іргетасы қаланып, еңсесін тіктеген бұл білім ордасын күні бүгінге дейін 100 мыңға жуық маман бітіріп, үлкен өмірге жолдама алыпты. Қазақстанның әрбір үшінші дәрігері осы қарашаңырақтың түлегі екені – университеттің маңызын айғақтап тұрғандай. Биыл университет үшін ерекше жыл. Альма-матер өзінің 95 жылдығын кең көлемде атап өтеді. Бұл – мерейлі мезет, сындарлы сәт. Қабырғасы біліммен қаланған оқу орнының төл тарихындағы айтулы датаны қалай атап өтуді жоспарлап отырсыздар? Қандай іс-шараларға маңыз берілмек?

– Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің атына айтқан жылы лебізіңіз үшін алғыс білдіремін. Шынында да, біздің оқу орнының 95 жылдығы университет қауымдастығы үшін ғана емес, сонымен қатар бүкіл отандық денсаулық сақтау жүйесі үшін маңызды кезең. Біріншіден, университет қабырғасында ғасырға жуық мерзімде заманауи қазақстандық медицинаның негізін қалаған алғашқы ғылыми-педагогикалық база қалыптасты. ҚазҰМУ прогрессивті идеялардың «инкубаторына» айналды. Ол идеялар кейін бүкіл денсаулық сақтау жүйесіне таралып, оның заманауи құрылымы мен стандарттарын қалыптастырды. ҚазҰМУ-дың 95 жылдығы – бұл тұтас бір тарих, өзін медицинаға және ұлт денсаулығын сақтауға арнаған адамдардың тарихы. Мен бұл мерейтойды өткен кезең ретінде емес, жаңа тараудың, тың тарихтың бастауы деп түсінемін.

Атаулы дата бірнеше бағыт бойынша ұйымдастырылмақ. Мерейтойдың басты оқиғасы – AnaMedUniForum болады. Ауқымды іс-шарада жетекші ғалымдар, дәрігерлер мен студенттер бас қосып, медицинаның болашағын, цифрлық технологияларды және биотехнологиялардың рөлін талқыламақ. Бұдан бөлек, мерейтойлық жыл шеңберінде студенттер мен жас ғалымдар арасында медицина мен денсаулық сақтаудағы инновациялар тақырыбында ғылыми жұмыстар конкурсы өткізілмек. Үздік шетелдік және қазақстандық мамандар ашық дәрістер мен шеберлік сабақтарын ұйымдастырмақ. Сонымен қатар, бірқатар әлеуметтік және мәдени бастамаларды да жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, «Түлектер күні», қайырымдылық консультациялары, «Өмірдің 95 тамшысы» донорлық акциялары жаңаша бағытта атап өтілмек. Мен мерейтойымызды атап өту арқылы өткенді құрметтеп қана қоймай, алдағы онжылдықтарға даңғыл жол салатынымызға сенемін.

ҚазҰМУ – бұл жай ғана университет емес, бұл жоғары медициналық мектептің, дәстүр мен жаңашылдықтың символы. Университетіміздің 95 жылдық мерейтойына дайындық жоспарларымен бөлісу мүмкіндігі мен қызығушылық танытқандарыңыз үшін алғыс айтамын. Бірлесе күш сала отырып, атаулы датаны ерекше форматта, ҚазҰМУ-дың медициналық білім мен ғылымның флагманы болу миссиясына лайықты атап өтетінімізге сенімдімін.

– ҚазҰМУ тек жетекші медициналық университет қана емес, сонымен қатар Қазақстанның жетекші ғылыми орталықтар мен ғылыми-зерттеу институттарын біріктіретін бірден-бір ғылыми орталық. Ел Президенті отандық жоғары оқу орындарының алдына сапалы кадр даярлаумен қатар, ғылыми әлеуетті де арттыру қажеттігін алға тартып отыр. Бұл тұрғыда қандай жұмыстар атқарылуда?

– ҚазҰМУ дәрігерлерді дайындап қана қоймай, Қазақстандағы медицина ғылымының дамуында шешуші рөл атқарады. Университеттің құрамына Б. Атшабаров атындағы іргелі және қолданбалы медицина ғылыми-зерттеу институты кіреді. Институт клиникалық сынақтардан бастап, бейіндік орталықтар мен зертханаларға дейінгі зерттеулердің ауқымды спектрімен айналысады. Бұдан өзге, ҚазҰМУ онкология және радиология ҒЗИ, Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ, А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығы және педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы сияқты еліміздің жетекші медициналық ғылыми зерттеу институттарын біріктіріп, аурулардың диагностикасы, емдеу және алдын алудың озық әдістемелерін енгізуге ықпал етті.

Соңғы жылдары университет жаңа зертханалар ашып және клиникаға дейінгі сынақтарды өткізу мүмкіндіктерін кеңейте отырып, өзінің зерттеу базасын белсенді түрде жаңартып келеді. Мемлекет басшысының университеттік ғылымды дамыту туралы тапсырмасын орындай отырып Ғылыми-технологиялық паркін аштық. Технопарк қызметін қаржылай қолдау үшін біз «KAZNMU ENDOWMENТ» қоғамдық қорының жұмысын жүйеледік. Қор арқылы біз медициналық зерттеулерге инвестиция тартамыз, стартаптарды қаржыландыру тетіктерін жасаймыз және зертханалар аясынан шығып, клиникада қолданылатын ғылыми әзірленімдерді қолдаймыз.

Мысалы, осы бастама аясында ашылған Орфандық аурулардың орталығы сирек кездесетін ауруларға зерттеулер жүргізіп қана қоймай, пациенттерге кешенді көмек көрсетеді. Осылайша, ҚазҰМУ Қазақстанның бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің дамуына ықпал ете алатын ғылыми және білім беру экожүйесін қалыптастырды.

«ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНЫҢ ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРЕТІН ЭКОЖҮЙЕ ҚАЛЫПТАСТЫРДЫҚ»

– Ғылымды трендке айналдыру – заман талабы. Ол үшін жас ғалымдарға жан-жақты қолдау көрсетудің маңызды екенін астын сызып атап өткен жөн. Жастардың ғылымға көптеп келуіне қандай мотивация жасау керек деп ойлайсыз? Университетте еңбек етіп жүрген жас ғалымдардың саны қанша? Олар оқу орнындағы ғылымды дамытуға қаншалықты үлес қосуда?

– Сіз өте дұрыс айтасыз. Жастар арасында ғылымды трендке айналдыру – бұл барлық университеттер мен ғылыми орталықтардың алдында тұрған міндет. Бүгінде жас ғалымдар болашақ профессорлар мен зерттеушілер ғана емес, қазіргі медицина мен денсаулық сақтау саласына нақты өзгерістер енгізе алатын мамандар. ҚазҰМУ жас ғалымдарға, олардың ғылыми зерттеулеріне барлық жағдайларды жасайды. Олардың ынталандыру мәселесіне келер болсақ. Бұл бағытта бірнеше негізгі факторларды көріп отырмыз. Біріншіден, қаржылық және инфрақұрылымдық қолдау. Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен өткен жылы Coursera білім беру платформасында 1400-ден астам студентті оқытуға лицензия алдық. Бұл болашақ дәрігерлерге Harward, Princeton және John Hopkins сияқты әлемдегі озық университеттердің білім беру бағдарламаларына қол жеткізуге мүмкіндік берді. Бұл жұмысты университет қаржысы есебінен жалғастыра бермекпіз. Жыл сайын жас ғалымдарға өз зерттеулерін жүргізу үшін гранттар беру арқылы конкурс өткіземіз. Біздің университет жас ғалымдарға зертханаларға, гранттық бағдарламаларға және халықаралық тағылымдамаларға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Екіншіден, халықаралық ынтымақтастыққа үлкен мән берудеміз. Оның аясында университеттің жас зерттеушілері ең озық тәжірибелерді меңгере отырып, шетелдік әріптестермен бірге жұмыс істеуге мүмкіндік алуда. Осы бағытта әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен 72 меморандум жасалды.

Үшіншіден, зерттеудің әлеуметтік маңыздылығына назар аударудамыз. Бүгінде университетте ғылыми жобаларға қатысып, диагностиканың жаңа әдістерін әзірлейтін, биотехнологиялармен және дербестендірілген медицинамен айналысатын жас ғалымдар саны айтарлықтай көп. Жалпы, біз барлық ғалымдарымызды ғылыммен белсенді айналысуға ынталандырамыз. Олардың жарияланым белсенділігі үшін қомақты қаржы төлейміз.

Міндетіміз – жас ғалымдардың бастамаларын қолдау ғана емес, олар өздерін үлкен ғылыми процестің бір бөлігі ретінде сезінетін және өз жұмысында перспективаларды көретін экожүйені құру.

– Білім ордасындағы кадр тапшылығын жою, ғылыми жұмыстардың сапасын арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Білім берудегі кадрлық әлеуетті дамыту және медицинадағы ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру – біздің жұмысымыздың басымдықтарының бірі. Бүгінде білікті оқытушылар мен зерттеушілерге сұраныс артып, бәсекелестік нығайып келеді. Біз кадрлық әлеуетімізді нығайту бойынша бірнеше бағытта жұмыс атқарудамыз.

Біріншіден, біз оқытушы кадрларды даярлау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Университет біліктілікті арттыру бағдарламаларын әрдайым дамытады. Жас мамандарды оқытушылық қызметке көптеп тартамыз. Олар үшін ғылымды, клиникалық практиканы және педагогикалық жұмысты ұштастыруға жағдай жасаймыз. Жас ғалымдарды қолдау бағдарламалары, гранттық бастамалар және ғылыми жобаларға қолжетімділік мамандар тартуға ықпал етеді. Екіншіден, ғылыми жұмыстардың сапасын жақсартуға жіті назар аударып келеміз. Зерттеулерді бағалаудың жаңа тетіктері енгізілуде, рейтингі жоғары халықаралық журналдарға шыққан жарияланым авторлары қаржылай сыйақыға ие болады, гранттық зерттеулер саны артуда. Ғылыми әзірлемелерді клиникалық практикаға кіріктіруге ерекше назар аударылып отыр.

Осылайша, ҚазҰМУ кешенді тәсілмен жұмыс істеуде. Нақтырақ айтқанда, оқытушыларды тартады және дайындайды, ғылыми қызметке жағдай жасайды, жас ғалымдарды қолдайды және зерттеулердің Денсаулық сақтау жүйесіне кіріктірілуін қамтамасыз етеді. Бұл қадамдар кадр тапшылығын шешіп қана қоймай, медицина кадрларын даярлау мен ғылымды дамытудың тұрақты жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«МЕДИЦИНА – БҰЛ ЖАЙ МАМАНДЫҚ ЕМЕС, БҰЛ ЕРЕКШЕ ҚАРЫМ-ҚАБІЛЕТ»

– «QS рейтингісін көтеруге белсенді жұмыс жасау қажет. Мен жаңа сапада 2025 жылдың маусым-шілде айларында жаңа көрсеткіштерге жетуімізді қалаймын». Бұл – Сіздің сөзіңіз. Әрине, рейтинг – бәсекеге қабілеттіліктің көрсеткіші. Университеттердің түрлі рейтингтегі позициясы оның білім кеңістігіндегі орнын айшықтаса керек. Соңғы жылдар белесінде Асфендияров университетінің бұл тұрғыдағы көрсеткіштеріне тоқталып өтсеңіз. Жалпы өзіңіздің рейтингке деген жеке көзқарасыңызды білсек…

Әрине, рейтингтер университеттің білім беру кеңістігіндегі ұстанымын көрсетеді. Рейтингтер оқу орнының беделіне, дипломдардың мойындалуына, халықаралық серіктестіктерге, қаржыландыру деңгейіне әсер етеді. Ал ең бастысы – университеттің медициналық білім беруде көшбасшылық позициясын сақтап қалуына ықпал ететін тетік. Асфендияров университетінде ғылыми қызметкерлерді ынталандыру жүйесін құру айтарлықтай оң нәтижесін берді. Мәселен, 2024-2025 оқу жылындағы ҚазҰМУ-дың ғылым саласындағы көрсеткіштері 2023 жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсті. Бұған бірнеше фактор әсер етті. Біріншіден, университет ғылымы жай ғана теория емес, жетекші халықаралық журналдарда жарияланған және медициналық тәжірибеде нақты қолданыста болатын зерттеулері бар қуатты құрал. Сондықтан біз рейтингтік басылымдарда жарияланымдық белсенділікті үнемі арттырамыз, зертханалар мен ғылыми орталықтарды дамытамыз, университеттің әлемдік ғылыми қоғамдастықтағы орнын нығайтамыз. Екіншіден, академиялық беделге ерекше көңіл бөлеміз. Атап айтқанда, шетелдік университеттермен серіктестікті кеңейтіп, бірлескен білім беру бағдарламаларын құрамыз. Студенттеріміз бен оқытушыларымызды алдыңғы қатарлы медициналық орталықтарға тағылымдамадан өтуге жібереміз. Мысалы, соңғы жылдары Еуропа мен Азияның бірқатар университеттерімен келісімдер жасадық. Бұл түлектерімізге бәсекелестік артықшылықтар береді. Үшіншіден, оқытушылар мен студенттер – басты активіміз. Біз ең үздік мамандар бізбен жұмыс істеуге, ал талантты талапкерлер – ҚазҰМУ-ға түсуге ұмтылатындай бірегей жағдайлар жасаймыз. Біз әлемдік стандарттарға сәйкес келетін заманауи білім беру кеңістігін құра отырып, дәріс залдары мен кафедраларды ауқымды түрде жаңғыртудамыз. Студенттер мен оқытушыларға озық ғылыми идеялар мен тәжірибелермен танысуға мүмкіндік беретін әлемдегі жетекші ғалымдардың көпшілікке арналған дәрістерін өткізуді қолға алдық.

Біз кадрларды даярлауға ғана емес, олардың әрі қарай кәсіби өсуіне де көңіл бөлеміз. Тағылымдамадан өту бағдарламаларын, ғылыми конкурстар мен гранттық бастамаларды дамыту – студенттер мен оқытушыларға ғылыми қоғамдастықта өз ұстанымдарын нығайтуға және медициналық практикаға озық әдістемелерді енгізуге мүмкіндік береді.

Біз жаңа белестерге ұмтылуды жалғастыра берсек, онда біздің университетімізге деген құрмет рейтингтердің шеңберінен де асып кетеді. Ол пациенттердің сенімінен, әріптестеріміздің бүкіл әлемге танылуынан, медициналық білім мен ғылымның жоғары стандарттарынан көрініс табады.

– Марат Едігеұлы, алғашқы еңбек жолыңыздан бастап күні бүгінге дейін денсаулық сақтау саласында табан аудармай еңбек етіп келесіз. Лауазымды қызметтерді де атқардыңыз. Сұхбатымыздың соңында университетті жаңа белеске шығару жолындағы жүйелі жоспарыңыз жайында сөз қозғап, әңгімемізді түйіндесек.

– Менің бүкіл мансабым денсаулық сақтау саласымен тығыз байланысты. Сіз осы іспен айналысуды не үшін жалғастыра бермексіз деп сұрасаңыз, жауабым дайын. Медицина – бұл жай мамандық емес, бұл ерекше қабілет. Ал егер осы жолды таңдаған болсаң, сен қажыр-қайратыңды жартылай жұмсап жұмыс істеуге қақың жоқ. Бар ынта-ықыласыңмен жұмыс істеуге тиіссің. Иә, мен түрлі лауазымдарды атқардым. Денсаулық сақтау министрлігінде лауазымды қызметтерді атқардым. Реформаларды іске асыруға атсалыстым. Бүгінде алдыма қойған басты мақсатым – ҚазҰМУ-ды медицина саласының көшбасшыларын дайындайтын университетке айналдыру. Ректорлық жай ғана лауазым емес, бұл жауапкершілік, борыш. Бір адам университетті жаңа деңгейге шығара алмасы анық. Бұл – оқу орны ұжымы, білім алушылары, зерттеушілер, дәрігерлер және түлектерінің бірлесе еңбек етуінің нәтижесінде қол жеткізетін белес. Біз жаңа зертханалар салуға, медициналық озық зерттеулерді бастауға, әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерімен серіктестігімізді нығайтуға үлкен мән беріп келеміз. Біз студенттеріміз бен оқытушыларымыз үшін әлі де көп мүмкіндіктер тудырамыз. ҚазҰМУ-дың әрбір түлегі өз білімінің әлемдік стандарттарға сай келетіндігін, оның дипломы жай ғана құжат емес, болашақтың кілті екендігін сезіне білуі тиіс. Менің ойымша, Қазақ ұлттық медицина университеті – жай ғана университет емес. Бұл – әрқашан ілгері жылжу мен қарқынды дамудың символы. Бұл оқу орны – медицинаның болашағы.

– Ашық әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен: Жандар АСАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here