Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы маусым айында Иран еліне іссапармен барады. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент ретінде Тегеранға ресми тұңғыш сапар еді. Осы сапар әлемді жайлаған нәубет – коронавирус пандемиясынан кейінгі және Иранның Еуропа одағы мен АҚШ мемлекеттік департаментінің санкциясы тізіміне енген кезі болатын.

Қазақстан мен Иранды ежелден ортақ тарихи байланыстар мен Ұлы Жібек жолы арқылы қалыптасқан мәдени алмасулар біріктіреді. Дей тұрғанмен 2022 жылы Иран мен Қазақстан арасындағы мәдени ынтымақтастық жаңа серпін алды, бірнеше маңызды мәдени іс-шаралар өтті. Бұл шаралар екі елдің мәдени байланыстарын нығайтуға және халықтар арасындағы өзара түсіністікті арттыруға бағытталды, сондай-ақ ол жаңа деңгейге көтерілді.Бұл іс-шаралар екі елдің халықтары арасындағы достықты нығайтып, ортақ мәдени мұраны сақтау мен дамытуға бағытталған маңызды қадамдар болды. Осы іссапар барысында Қазақстан Республикасы президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иран Ислам Республикасының көсемі Аятолла Хаменеи арасында болған диалогта Әбу Насыр әл-Фарабидің әділетті қоғам орнату ойларының негізінде ұлттық танымды кеңейту, тәуелсіздік рухын көтеру, екі елдің азаттық рухын жаңғыртып, көтеретін екі тараптан зерттеу жұмыстарын жүргізу туралы ортақ ойға тоғысқан болатын. Соның нәтижесінде Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық білім беру және зерттеу орталығы қазақстандық шығыстанушы ғалым, парсы тілінің маманы, филология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Ислам Жеменей ағамызбен байланысып, осындай зерттеу жұмысын жазуға қолқа салады.
Ислам ағамызға бұрын Иран Ислам Республикасы елшілігі: «Біз Қазақстанның жер асты байлығын, жер көлемін, президентін білеміз, ал оның тарихын мүлдем білмейміз. Сізді Иран мен Қазақ елін жүрекпен сүйіп, санамен саралай алатын екі елдің алтын көпірі іспеттес ғалымы ретінде құрметтейміз, сондықтан екі елдің тамыры тереңде жатқан тарихи-мәдени байланыстарын зерделеп, ортақ дүниесін зерттеуге арқау етіп, қазақтың әдебиет тарихын иран жұртына таныстыру мақсатында кітап етіп жазып берсеңіз» деп қолқа салды. Иран елінің бұл тапсырыс беріп отырғандағы мақсаты – қазақ жерінің тарихы мен халқы туралы толық мәлімет алу. Сөйтіп Ислам Жеменей ағамыз Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрлігінің қаржыландыруымен «Ұлттық мемлекеттік құрылымының ізденісіндегі диалогы» атты зерттеу еңбегін сол министрліктің саяси зерттеу орталығының орынбасары, доктор Шади Мәрефәтимен бірлесіп жазып шығады. Бұл еңбек қазақтың тарихы мен әдебиеті туралы парсы тілінде ортақтаса жазылған алғашқы еңбек болып табылады.
Сондықтан, жоғарыдағы екі елдің басшылары ортақ келісімге келіп, XX ғасыр басындағы шетелдердің отарлау саясатына қарсы ұлт азаттық қозғалысына тарихи сабақтастық ретінде, тәжірибе алмасу мақсатында екі елдің зерттеу еңбегін ортақтаса жазуды мақсат етті. Осыған орай, қазақ тарихына қатысты «Абай мектебі және Алаш қозғалысы» атты зерттеу еңбегін жазу қажет болды. Иран тарапынан «Мәшруте төңкерісі» атты еңбегі жазылуға тиіс болды. Сонымен, зерттеу еңбегі жазылып, қазақ тарихы мен әдебиеті туралы парсы тілінде басып шығарылған тұңғыш ортақ туынды дүниеге келді.
346 бетті құрайтын «Ұлттық мемлекеттік құрылымының ізденісіндегі диалогы» кітабы кіріспе, алғы сөз және екі бөлімнен тұрады. Алғыс сөзін Иран Сыртқы істер министрлігінің саяси зерттеу орталығының орынбасары доктор Хәлел Ширғолами жазса, кіріспесін филология ғылымының докторы, профессор Ислам Жеменей жазады. Бірінші бөлімде Шади Мәрефәтидің Иран елінің тарихын, ал екінші бөлімде профессор Ислам Жеменей мырза қазақ тарихы мен әдебиетін баяндайды.


Ислам Жеменейдің бұрынғы парсы тілінде жазған «Қазақ әдебиеті тарихы» (2017ж.) атты кітабы бойынша – Қазақ әдебиетінің тарихын бес дәуірге бөліп, оларға қысқаша шолу жасайды.
Ислам Жеменей осы парсы тілінде жазылған еңбегінде басты назарды қазақ әдебиетінің тарихына арнады. Ол мұнда қазақ хандығы құрылған жылдан бастап қазақ әдебиетін 5 дәуірге бөліп қарастырады. Бірінші дәуір қазақ хандығының 1465-1847 жылдар аралығын «Қазақ хандығы дәуір әдебиеті» деп атады.
Бұл дәуір 1847 жылында Қазақ хандығындағы соңғы хан Кенесары хан қайтыс болған жылы аяқталады. Осы тұста айтарымыз қазақтың саяси тарихы оның жыраулық тарихынан бөлек емес. Мәселен, Махамбет Өтемісұлы халық мүддесі үшін майданда да, қаламмен де соғысқан, ол ақын да, жауынгер де болды. Бұл бірінші дәуірді Асан Қайғыдан бастап Махамбет Өтемісұлымен аяқтайды.
1847 жылдан бастап 1904 жылға дейінгі аралықта Қазақ елінің ешқандай саяси біртұтас басқару жүйесі болмағандықтан, қазақ әдебиетінің екінші дәуірін «Саяси өліара» дәуірі деп қарастырады. Ислам Жеменей осы кітапта мұны былай: «Біздің көшпенді өміріміз жыр-дастандардың ауыздан-ауызға, ауылдан-ауылға тарауына себеп болды. Осылай қай жерде қазақ болса, жыр-дастандар Моңғолия, Ресей, Қытай болсын бүкіл аумаққа тарады. Себебі, қазақтар екі нәрсеге басымдылық берді, біріншісі – күй, екіншісі – жыр. Осылай қазақ әдебиеті, ауыз әдебиеті осы жыраулар мен жыр-дастандардың арқасында қазақ тілі кең байтақ жерде диалектсіз бір тілді болып қалыптасты. Бұл қазақ тілінің әлемде ешқандай теңдесі де, мысалы да жоқ екендігінің дәлелі. Бұл жерде 1847-1904 жылдарда шыққан зарлы жырауларды ерекше атап өтеміз. Алайда қазақтың жыр-дастандарында саяси философиялық ой кемшін татып тұрды. Мысалы, бізде қоғамдағы болып жатқан болымсыз жағдайларды сынайтын сыни әдебиет және ойлы әдебиет жоқ еді. Оның орнын Абай толтырды. Абайдың ойландырғаны сонша бүкіл жаңа буын оқуға бет бұрып, Алаш өкілдері оған бас иді. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы және басқалары оны ұстаз ретінде бағалап, ойлануды үйренді. Себебі Абай бәрін бір мектепке басын қосты, ол – ой мектебі еді. Сондықтан Ислам Жеменей Абай мектебін «сана мектебі» деп парсы тілінде таныстырады.
Ал, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы шығыспен байланысын үзбеген, сол үшін де оны түрмеге жауып, 61 жасында бостандыққа шыққанын айтады. Жалпы ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларының қазақ әдебиеті мен шығыс әдебиетінің байланысын үзбей жалғастырған Мұзафар Әлімбай Сағдидің «Гүлістан» кітабын екі тілде орыс, өзбек тілдеріне, Қалижан Бекқожин «Нұрқожа Мизамиді», Нұрмұхамед Қосжанұлы исламдық әдебиеттерді, Қуандық Шаңғытбай кейбір шығыстың сөздерін, Әбіраш Жәмішұлы Хафиз поэзиязынан 89 ғазалдарын аударғаны және Өтеген Күмісбай туралы мәліметтер келтіреді. Сондай-ақ шығыспен байланысты үзбеген Ислам ағаның қазақстандық екі ұстазы – Әбсаттар Дербісәлі мен Мекемтас Мырзахметұлы туралы жазады.
Себебі бұл дәуірде ешқандай саяси әдебиет қалыптасқан жоқ. Ойландыратын, сыни мақала, қоғамды сынау, кемшіліктерді айту Абаймен қалыптасты. Абай қайтыс болғаннан кейін қазақ жерінде ұлт зиялылары жаңа қозғалысты бастады. Енді мемлекетті қандай саяси жүйемен басқарамыз деген ойға келіп, саяси әрекеттер басталады. Оның басты дәлелі – 1905 жылы Ресей патшалығына жазған арыз хаты. Сондықтан да Ислам аға бұл дәуірді іс-жүзінде 1904-1919 жылдар аралығын «Алаш дәуірі» деп атайды. ХХ ғасыр басындағы оқыған ұлт зиялылары 1917-1920 жылдары Алаш Орданы құрады. Өйткені, 1919 жыл ресми түрде Алаш партиясы жабылып, большевиктерге қосылған уақыт еді. Бұл жылдары ұлттық, мемлекеттік саяси әдебиет пайда болды. Бұның бір дәлелі, Алаш қайраткерлерінің ұлттық мүддеге сай саяси әдебиетін қалыптастырған «Сарыарқа», «Абай», Қазақ» (1913-1918 жж.) басылымдары болды.
Төртінші қазақ тарихы мен әдебиетінің дәуірі 1919-1991 жылдарына дейін созылады. Қазақтың бұл дәуір әдебиеті тікелей Мәскеудегі Компартияның бақылауында жетіліп дамиды. Бұл дәуірдің ерекшелігі қазақ тілінің тазалығы, эстетикалық әсемдігі, тақырыптық ауқымы жағынан өзіндік орынға ие болады. Қазақ тарихы мен әдебиетінің бесінші дәуірі Қазақстанның 16 желтоқсан 1991 жылғы жариялаған тәуелсіз күнімен айшықталады. Осылайша «Қазақтың әдебиет тарихы» атты парсы тілінде жазылған кітабында қазақ әдебиеті тарихын 5 дәуірге бөліп қарастырған.
«Ұлттық мемлекеттік құрылымының ізденісіндегі диалогы» кітабына арқау болған іргелес жатқан екі елдің тарихи тәжірибелерінің бір-бірімен тақырып алмасуы, ұқсастығы, ортақ тарихы Орталық Азия халықтары үшін маңызды. ХХ ғасыр басындағы қазақ жеріндегі «Алаш қозғалысы» және Ирандағы «Мәшруте төңкерісі» екеуі де бір уақытта сыртқы отарлау күштеріне қарсы жүргізілген ортақ мақсатты көздеді. Бұл еңбектің екінші бөлімінде Ислам Жеменей Абайдың ой-санасы, дүниетанымы және Алаш қозғалысы жөнінде баяндайды. Екі елдің тарихы мен көзқарастарына назар салып қарасақ, ортақ тағдыры, бастан кешкен тауқыметі біріне бірі ұштасқанын көре аламыз.
«Ұлттық мемлекеттік құрылымының ізденісіндегі диалогы» кітабында Қазақстан туралы мәлімет беріп, қазақ халқының ауыз және жазба әдебиеті, Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Мұзафар Әлімбай, Қуандық Шаңғытбай, Қалижан Бекхожин, Әбіраш Жәмішұлы және әйгілі үш Абайтанушы Мұхтар Әуезов, Қайым Мұхамедханұлы, Мекемтас Мырзахметұлы және шығыстану факультетінің негізін қалаушы Әбсаттар Дербісәлі т.б. тұлғалар кеңінен таныстырылады. Бұл бөлімнің жалғасы «Алаш қозғалысы» тақырыбымен жалғасады. Онда Алаштың саяси қозғалысы, қазақтың ұлттық құқығын қорғау жөніндегі іс-әрекеттері, Алаштың күрескер қайраткерлері жан-жақты таныстырылып талқыланады.
Ислам ағамыз аталмыш кітаптағы қазақ әдебиеті тарихының үшінші дәуірі – «Алаш дәуірі» атауының ерекшелігіне тоқталады. Ол Алаш дәуірі деп біздің ұлт зиялыларымен, ирандық ұлт зиялыларының ұқсастығы бар екенін көрсете отырып, олардың барлығы бас көтеріп келе жатқан сәтінде қырғынға ұшыратқанын сөз етеді. Қазақ зиялылары да, Иран зиялылары да өзінің ұлт мүддесі үшін, тәуелсіздік үшін бодандықпен күрескендерінде ұқсастық бар.
Қазақ жерінде Абайдан кейін ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлері мен зиялылары тұрды. Ол туралы автор өз еңбегінде атап өтеді. Мысалы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы және басқа ұлт зиялыларының қазақ тілінің, әдебиетінің және ғылыми терминологиясының қалыптасуына зор үлес қосқаны туралы ерекше атап өтіп, олардың өмірімен парсы елін таныстырып өтеді. Алаш қозғалысының қайраткерлері мен сол дәуірдегі қазақтың зиялы қауымы қазақ тілінің әдеби нормаларын жүйелеуге, жаңа ұғымдарға қазақша балама табуға және ұлттық рухтағы әдебиетті дамытуға барынша күш салды. Олардың өмірі мен қызметі жайлы білуге ынтық болған ирандықтарға парсы тілінде баяндап береді.
Қазақ әдебиетінің төртінші дәуірі – кеңестік кезеңді автор тарихи оқиғалармен байланыстыра отырып жазады. Соның ішінде Абайтануға байланысты ең негізгі үш тірегі мықты тұлға Мұхтар Әуезов, Қайым Мұқамедханұлы, Мекемтас Мырзахметұлын атап өтеді. Кеңестік дәуірдің барлығын атап өту бір кітапқа сыйғызып жазу мүмкін емес. Сондықтан да саяси мәні бар 1936-1937 жылдарды, кеңестік жүйенің күйреуінің басында тұрған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысты әдебиет туралы жазады. Оның ішінде ашаршылыққа байланысты Ысмағұл Елубайды, эстетикалық әсемдік-көркемдік әдебиеттің шыңына жеткен поэзияның негізін қалаған Төлеген Айберген сынды ақындарды атап өтеді. «Менің екі ұстазым бар» деп Төлеген Айберген мен Махамбет Өтемісұлын пір тұтқан Мұқағали Мақатаев туралы жазады. Сонымен қатар «Менің елім Қазақстаным» әнін жазған Шәмші Қалдаяқ пен Жұмекен Нәжімединді де оқырманға таныстырады. 1986 жылғы көтеріліске қатысты әдебиеттер, қазақтың қасіретті әдебиетін жырлаған Есенғали Раушанның «Қарабауыр қасқалдағына», Исраил Сапарбайдың «Мен қазақ қыздарына қайран қаламына» тоқталып өтеді. Кеңестік дәуірдің отаршыл саясаты еліміздің зиялыларын қанша қыспаққа алса да, қаулы шығарып шектеу қойса да, шығыс әдебиетімен тығыз байланыс орнықтырмаса да, қазақ халқының рухы өте жоғары болғанын айтып ирандықтарды қазақ әдебиетіне ынтықтырды. Мәселен, қаншама сол кездің өзінде Мұзафар Әлімбаев, Шаңғытбай сияқтылар қазақ әдебиеті мен шығыс әдебиетінің тамырын үзбеуге тырысты.


«Абай және Шығыс» атты қазақ тілінде жазған кітабында Құнанбай туралы оның тұлғалық қасиетін ашатын көлемді мәліметтер кездеседі.
Қылышынан қаны тамып тұрған кеңестік жүйе тұсында Қазақстанда шығысқа қатысты әрекет жасау қиын еді. Ал соған қарамастан, бұл шығыс әдебиеті мен шығыс тілдерін үйрену, оны ашып зерттеуде үлкен күрес жүргізен шығыстану факультетінің негізін қалаушы Әбсаттар Дербісәлі болды. Ол араб, парсы тілдерін ашпағанда бүгінде Ислам Жеменей 50 кітап жазбас еді, ел мүддесін қорғап жүрген қазақ тілді дипломат елшілеріміз болмас еді. Қазіргі кезде Иранда осы факультеттің түлектері оқып жатыр. Бұл әрине өз алдына бөлек әңгіме.
1989 жылдары Әбсаттар Дербісәлінің бастауымен және Өзбекәлі Жәнібековтің қолдауымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде шығыстану бөлімі ашылып, оған мамандар қажет болады. Елімізде араб тілінің мамандары саусақпен санарлық, ал парсы тілінің маманы мүлдем жоқ болатын. Содан Әбсаттар Дербісәлі Иран елінің азаматы Ислам Жеменейді Түркияның Ыстамбұл университетінде оқып жүрген жерінен тауып алып шақыртады. Қазақ жерін өзі көрмеген, көрмесе де атасының айтуымен сырттай аңсап, атажұртына ғашық болған Ислам аға шақыртуды қабыл алады. Содан бері еліміз егемендігін алып, Ислам ағаның өз мүддесі үшін емес, ел мүддесі үшін атқарған ғылыми еңбектері, даярлаған шәкірттері еліміздің білікті мамандары болып отыр. Мұны айтып отырған себебім «Ғылым ордасының» Қазақстан ғылымының тарихы музейінің қызметінің бір саласы – еліміздің ғылымы мен мәдениетінің өркендеуіне өз үлестерін қосып жүрген ғалымдарымызды насихаттау жұмысымен айналысады. Осындай тарихи оқиғаны Қазақ елінің тарихы мен әдебиетін Иран жерінде парсыша сөйлетіп, танытып жүрген профессор Ислам Жеменейдің «Ұлттық мемлекеттік құрылымының ізденісіндегі диалогы» атты зерттеу еңбектерінің тұсаукесерін өткізуді жоспарлап отыр.


Профессор Ислам Жеменеймен осы кітап туралы әңгімелескенде былай деді: «Қоғамды өзгертетін үш жетекші бар: билік, байлық, зиялы қауым өкілдері. Тәуелсіз елдің ақын-жазушылары қазақ жерін, елін, тілін, дінін, ділін қорғайтын нағыз патриот болуы керек деп айта келе, қазақи әдебиетіміздің рухын түсірмейтін нағыз азаматтар болуы тиіс!» дейді. Қорыта келе, ғалым Ислам Жеменейдің ғылыми-зерттеу баға жетпес еңбектері қазақ әдебиеті мен тарихын парсыша сөйлеткен, Иран еліне қазақты түркілік дәуірден бүгінгі күнге дейінгі аралықта таныстырған үлкен еңбегі деп білеміз.
Назира Бәкірқызы Дүйсембаева,
«Ғылым ордасы» РМК Қазақстан ғылымының тарихы музейінің меңгерушісі