Ұлттық домбыра күніне орай, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде «Ұлт ұстазының домбырасы» атты танымдық дәріс өтті. Дәріске сала мамандары, домбыра әуескерлері, өнерпаздар, БАҚ өкілдері және музей-үй жанкүйерлері қатысты. Сондай-ақ, танымдық дәріс аясында жас күйші, композитор Ақтілек Дәулетовамен кездесу өтті. Әр жылы шілде айының бірінші жексенбісінде қазақстандықтар Ұлттық домбыра күнін атап өтеді. Мұндай Жарлыққа Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылдың 13 маусымында қол қойып, айтулы мерекені бекіткен болатын.

Домбыра – қазақ елінің көнекөз шежіресі. Ұлттық кодымыздың айнымас бөлігі. Ұлттық рухымыздың айнымас жәдігері. Ұлттық кодымызды қайта жаңғыртуға бағытталған айтулы мерекенің әр қазақ баласына берері мол екені айтпаса да белгілі. Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина, Сүгір, Қожеке, Бейсенбі сынды бабаларымыздан мирас болып қалған күй өнерін жандандыруда да бұл күннің алар орны ерек болмақ.
Жетінші жыл тойланғалы отырған іс-шараға барша қазақ елі өз үлесін қосуды парыз санары анық.
Алаш көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың оқу-ағарту, оқулық жазу, тіл білімі, әдебиеттану, мәдениеттану ғылымдарынан сырт, этнография, фольклорға да, сондай-ақ, қазақ дәстүрлі ән-күй өнерінің дамуы мен зерттелуіне де зор еңбек сіңіргені белгілі. Ғалымның өзі шығарған бірнеше күйі мен әндері зерттелу үстінде. Алайда, әліге дейін толыққанды зерделеніп, автордың өзіне меншіктеу жұмысы жүріле қойған жоқ. Ахметтің әншілігі, күйшілігі және композиторлығы жөнінде белгілі өнертанушы А. Затаевич еңбектерінде, көзкөрген көнекөз замандастарының деректерінде, қызы Шолпанның естеліктерінде айтылады.
Ахметтің өзінің ұстаған домбырасы 2021 жылы ғалымның 150 жылдығы қарсаңында табылып, музей-үйіне тапсырылғаны белгілі. «А. Байтұрсынұлының домбырасы» атты танымдық дәрісте, музей-үй жетекшісі, ахметтанушы ғалым Райхан Имаханбет қонақтарға Ұлт ұстазының домбырасының музей-үй жәдігеріне қалай қосылғанын баяндап берді. Ғалымның сөзінше, Ахметтің көлемі шағын көне домбырасының табылуына әлеуметтік желідегі өзінің жазбасы себеп болған. Отыз жылға жуық қоғамдық ұйым санатында Алаш баласына есігі ашық болған мұражай, Ұлт көшбасшының 150 жылдығы қарсаңында (2021 ж.) мемлекет қарамағына өтіп, Алматы қаласы музейлер бірлестігінің бір қанаты ретінде қалыптасқаны белгілі. Сол жылдары Р. Сахыбекқызы ғаламторда жазба жариялап, Ахметке және Алаш тақырыбына қатысты жәдігерлерді жинауға ниетті екенін білдіреді. Кейін Қызылорда қаласынан Жұмабай Байзақ хабарласып, Ахметтің домбырасы сақталғаны туралы жүрекжарды хабар айтып, сүйінші сұрайды. Арада бірнеше күн өткен соң Ахметтің жақын туыстарының бірі Лиуза ханым Ахметтің домбырасын музей-үйге әкеліп табыс етеді. Домбыраны музей қорына тапсырған күні БАҚ өкілдері келіп, ақжарма ақпарат тұтас Қазақ еліне жол тартады. Ғасырдан артық тарихы бар домбыра тозыңқырап кеткен, шанағы сынған. Кейін белгілі шебер Қуанышбек Рахманұлы домбыраны қалпына келтіріп, бір телнұсқасын да жасап музей-үйге сыйға тартып, азаматтық үлесін қосқан болатын.
Бүгінгі танымдық дәріске ұлттық аспаптар жасайтын шеберлер әулетінен Абдолла Абдырахманұлының ұрпағы, жас шебер Ержан Нұрланұлы да отбасымен бірге қатысып, Ұлы ұстаздан мұра болып жеткен домбыраның сыр-сипаты туралы әңгіме өрбітті. Жұбай өнерпаздар, қос күйші Сырым Шонбаев пен Ақтілек Дәулетова кездесуде күйден шашу шашты. Ақтілек Дәулетова А.Байтұрсынұлының төл туындысы «Арман» күйін орындап көпшілікті тәнті етті. Домбыра мерекесіне орай өтіп жатқан дүбірлі шараға қос күйші Сүгір Әлиұлының «Жолаушының жолды қоңыры», Секен Тұрысбектің «Ақ жауын», «Ұлы дала» күйлерін, А. Дәулетова өзінің «Иірім» атты күйін орындап беріп көпшілікті тәнті етті. Күйшілер өздерінің шығармашылығы мен алаш тақырыбындағы күйлерге айрықша ден қоюдағы көзқарастарын білдіріп, музей-үй қызметкерлеріне сұхбат берді.
Ұлт ұстазының қазақ ән-күй өнерінде де белгілі үлесі бар. Ахметтануда олқы болып келе жатқан міне осы саланы жұртқа таныту мақсатында өткен «Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы домбырасы» атты танымдық дәрістің қатысушыларға берген ақпараттық білімі, рухани шабыты айта қалсын болды. Еске сала кетейік, белгілі күйші, Алтай-Тарбағатай күйшілік мектебінің белді өкілі Аршын Кәсімбайұлы «Ұлт ұстазы – Ахмет» атты күй де шығарған. Белгілі күйші Шәміл Әбілтай да бұл тақырыпта өнер туындысын ұсынған. Ал, жастардан да Алаш тақырыпты күй шығарып жүргендер баршылық. Солардың бірі ретінде бүгінгі қос күйші, жұбай өнерпаздар Ахметтен жеткен «Арманды» толқыта әуелетуі тыңдармандардың жанын сүйіндірді. Шара соңында қонақтарға Р. Имаханбеттің «Ахмет – Алаш ардақтысы» атты көлемді еңбегі сыйға берілді. Қатысушылар музей-үйдің жәдігерлерімен танысқаннан кейін, Алаш рухына құран бағышталды.
Әділет Ахмет,
Алматы қаласы музейлер бірлестігі Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің аға ғылыми қызметкері