Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде «Ахаң әлдилеген Айман» атты дөңгелек үстел өтті

0
730

Көрісу күні мерекесі қарсаңында Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде ғалымның жиені Айман Байсалованың 90 жасқа толуына орай «Ахаң әлдилеген Айман» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – Ахмет Байтұрсынұлының тарихи тұлғасын, оның рухани мұрасын және әулетінің тағылымды өмір жолын кеңінен насихаттау.

Шара ахметтанушы ғалым Райхан Сахыбекқызы жетекшілік ететін музей-үй ұжымының ұйымдастыруымен өтті. Дөңгелек үстелге мерейтой иесі Айман Байсалова арнайы қатысып, жиналған қауымға ақ батасын берді. Айман Байсалованың 1936 жылы дәл осы шаңырақта – қазіргі музей-үй ғимаратында дүниеге келгені, сәби шағында атақты ғалымның қамқорлығы мен тәрбиесін көргені іс-шараның мазмұнын айрықша мәнді ете түсті.

Іс-шараны белгілі тележүргізуші Мейрамбек Таубалдиев жүргізіп отырды. Жиын барысында алаштанушы және ахметтанушы ғалымдар – Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры Бижомарт Қапалбек, Әл‑Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті профессоры Орынай Жұбай, тіл жанашыры Асылы Осман және басқа да қатысушылар сөз сөйлеп, Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілі мен ғылымына қосқан өлшеусіз үлесіне тоқталды. Сондай-ақ ғалым мұрасының бүгінгі және келешек ұрпақ үшін маңызы ерекше екені атап өтілді. Қатысушылар музей-үйдің ахметтану бағытында атқарып отырған ғылыми-ағартушылық жұмыстарына да жоғары баға берді. Сонымен қатар Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директоры Анар Фазылжанова жолдаған құттықтау хатта аталған іс-шараның ғылыми және рухани маңызы ерекше екені айтылды.

Іс-шара аясында музей-үй жанындағы «Тіл-құрал» оқу-әдістемелік ғылыми-зерттеу орталығында өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген Әл‑Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология факультетінің 4-курс студенттері арнайы презентациялар мен шағын көріністер ұсынып, Ахмет Байтұрсынұлы мен оның ұрпағы Айман Қабиденқызының өмір жолына қатысты деректермен бөлісті.

Қорытындылай келе, дөңгелек үстел барысында Ахмет Байтұрсынұлының рухани мұрасы мен ғалым әулетінің тағылымды өмір жолы бүгінгі қоғам үшін маңызды тарихи-танымдық құндылық екені атап өтілді. Іс-шара ұлттық мұраны насихаттауға және жас ұрпақтың тарихи тұлғаларға деген құрметін арттыруға бағытталды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here