Қазақ елінің білім мен ғылым кеңістігінде өзіндік сара жолы, жарқын қолтаңбасы бар көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері, саясаттанушы-ғалым – Жанатбек Ешенқожаұлы Ишпекбаев биыл мерейлі 60 жасқа толып отыр. Бұл – парасатты өмірдің, тынымсыз еңбек пен адал қызметтің, биік рух пен бекзат болмыстың белесі.
Саналы ғұмырын ұлтына, елінің өркендеуіне, рухани жаңғыруына, жастардың тәрбиесі мен отандық ғылымның дамуына арнаған Жанатбек Ешенқожаұлы – шын мәнінде ұлттың ұлы мұратына қызмет етіп келе жатқан қайраткер тұлға.
ҒЫЛЫМҒА АДАЛДЫҚ – ҒҰМЫРҒА БАҒДАР
Жанатбек Ешенқожаұлының ғылыми жолы терең білім мен көпжылдық тәжірибеге, ұлттық мұрат пен қоғамдық жауапкершілікке негізделген. Ол – Қазақстан Жоғары мектебі Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қытай Халық Республикасының Ханьшань педагогикалық институтының құрметті профессоры, Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері.
Жанатбек Ешенқожаұлының негізгі ғылыми-зерттеу еңбектері Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы, ұлттық сана мен тарихи жадыны жаңғырту, саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелеріне арналды. 2004 жылы «Тәуелсіз мемлекеттер достастығында саяси консенсусты қалыптастыру» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, саяси ғылымдар кандидаты ғылыми дәрежесін иеленді.
Ғылыми ізденістері мен педагогикалық қызметінің нәтижесінде 2011 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-нің академиялық профессоры атағына ие болды. Оның қаламынан туған 6 монография, ондаған оқу-әдістемелік құралдар мен 100-ден астам ғылыми мақалалар еліміздің ғылымына сүбелі үлес болып қосылды. Оның еңбектері Scopus дерекқорына еніп, авторлық патенттермен қорғалған.
«МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ НЕГІЗІН ҚАЛАҒАН ЕҢБЕКТЕР
Жанатбек Ешенқожаұлының «Мәңгілік Ел» идеясына арналған іргелі еңбектері – отандық гуманитарлық ғылымның алтын қорына қосылған бірегей туындылар. Оның «Мәңгілік Ел осылайша сомдалған» және «Мәңгілік Ел қазағына хат» атты монографиялары – Тәуелсіз Қазақстанның тарихи шежіресін, рухани-мәдени қалыптасу жолын терең зерделейтін, ұлттық сана мен болмысты ғылыми негізде байыптайтын еңбектер.
Аталған еңбекте қазақ ұлтының тамырынан бүгінгі өркеніне дейінгі тарихи эволюциясы, қоғамдық санасы мен интеллектуалдық әлеуеті философиялық, саяси, мәдени тұрғыда зерделенген. Абай мұрасы мен ұлттық тәлім, ұрпақ сабақтастығы және рухани жаңғыру мәселелері ғылыми-теориялық негізде талданып, оқырманға тың ой салады. Бұл еңбек үшін Жанатбек Ишпекбаев 2023 жылы гуманитарлық ғылым саласындағы үздік зерттеуі ретінде Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атынды.
ҰСТАЗДЫҚ ПЕН АЗАМАТТЫҚТЫҢ ҮЛГІСІ
Жанатбек Ешенқожаұлының еңбек жолы қарапайым мамандықтан басталып, ғылым мен педагогика саласында биікке көтерілді. Абай атындағы ҚазПИ-дің (қазіргі – Абай атындағы ҚазҰПУ) қазақ әдебиеті кафедрасында оқытушыдан бастап, ректор көмекшісі, тәрбие жұмысы және әлеуметтік даму жөніндегі проректор, ректор кеңесшісі, бүгінде – Ректор Аппаратының басшысы қызметін абыроймен атқарып келеді.
Сонымен қатар, ол – «Саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер» кафедрасының профессоры, тәрбие және рухани даму саласында терең теориялық негіздерге сүйенген бірегей бағдарламалардың авторы.
Оның бастамасымен құрылған «Абай мектебі» ұйымы мен екі жылда бір өтетін «Абай әлемі» фестивалі – студент жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттырып, рухани тәрбиенің үздік үлгісіне айналды. Сондай-ақ, ұлтаралық келісімді нығайтатын «Бірлік» студенттік Ассамблеясы да профессордың елдік мүддеге сіңірген еңбегінің бір парасы.
ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТТЕГІ ҚАЙРАТКЕРЛІК КЕЛБЕТ
Жанатбек Ешенқожаұлы – еліміздің қоғамдық-саяси өміріне де белсене араласқан азамат. Ол – Қазақстан Халқы Ассамблеясының белсенді мүшесі, «Amanat» партиясының бастауыш ұйымдарында төраға орынбасары, бірнеше мәрте ҚР Президенті мен Мәжіліс, Мәслихат сайлауларында қоғамдық штаб жетекшісі болды.
Мемлекеттік тілді дамытуға арналған бастамаларда да ол алдыңғы шепте жүр. Қазақ тілінің мәртебесін арттыру бағытында оқу құралдарын әзірлеп, терминологиялық сөздіктер авторлығына атсалысып, тіл мәдениетінің дамуына мол үлес қосты. Бұл еңбегі еленіп, 2024 жылы «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісімен марапатталды.
Одан өзге де елге сіңірген еңбегі мемлекеттік деңгейде жоғары бағаланып, Жанатбек Ешенқожаұлы 2018 жылы «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақстан ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерінің иегері, ҚР Тәуелсіздігінің 20, 25, 30 жылдығына арналған мерейтойлық медальдардың иегері, Панфилов ауданының Құрметті азаматы (2013 ж.) атанып, ҚР Президентінің бірнеше мәрте Алғыс хаттарымен марапатталады.
ПАРАСАТ ИЕСІНІҢ ПАРАҚТАЛҒАН ӨМІРІ
Жанатбек Ешенқожаұлы – бүгінгі ұрпақтың ғана емес, болашақтың да жүрегіне ой салып, ұлт мұратына бағыт беретін азамат. Ол – өз халқының жанын ұққан, рухын таныған, тарихын зерделеген, ертеңіне сенген тұлға. Оның еңбектері мен ой-толғамдары – қазақ ғылымының ғана емес, ұлттық руханияттың асыл қорына айналды.
Осылайша, 60 жасқа парасатпен жеткен, елін сүйген, елі сүйген Жанатбек Ешенқожаұлы – қазақ ғылымының шамшырағы, ұлт рухының темірқазығы.
Нұрбек БАЙБОСЫН,
Абай атындағы ҚазҰПУ Ректорының кеңесшісі-Баспасөз қызметінің жетекшісі