Қарасаздан басталған «Мұқағали керуені»

0
3577

Сонау бағзы замандардан есімі бізге жеткен Сыпыра жыраудан басталып, ХV ғасырдағы Асан қайғыға, одан бергі от ауызды, орақ тілді Махамбет пен Албан Асанға дейінгі сан ғасырға ұласқан қазақтың жыраулық поэзиясын айтпағанда, жазба поэзиясы Абайдан басталатын қазақ поэзиясы, ұлы Әуезовтің сөзімен айтқанда, қайғы-шер мен нәзік сезімнің ақыны Мағжан мен өлеңі өртке тиген дауылдай Қасым, сыршыл да мұңшыл Мұқағали, жұмбақ Жұмекен, асқақ махаббаттың жыршысы Жұматай болып жалғасып керуен тартты…

Мұқағали Мақатаев та өзінің поэзиясы арқылы мыңдаған, миллиондаған оқырманның жүрегінен орын алған ғажайып ақындардың бірі. Мұқағали әлем оқырмандарымен қазақ болып, қазақтың қара өлеңі болып тілдесті, сырласты. Бұл оның мәңгілік поэзиясы мен «күпі киген қазақтың қара өлеңінің» құдыреті еді. Мақатаевтың өзі де «қазақтың қара өлеңі – құдыретім, онда бір сұмдық сыр бар естілмеген» демей ме?!

Қытайдағы қазақтарға Мұқағали Мақатаев шығармалары өткен ғасырдың елуінші жылдарының ортасынан жете бастапты. Алғаш рет 1954 жылы «Шыңжаң искусствосы» журналының бас редакторы Бұқара Тышқанбаев аталған журналдың 6 нөмерiне сол кездегі жас ақын Мұқағали Мақатаевтың бiрнеше өлеңiн басқан. Содан соң араға көп жылдар салып Мақатаевтың поэзиясын шекараның арғы бетіндегі миллионнан астам қазаққа Мұқағали Мақатаевтай ғажайып талантты ақынның барын жеткізген қазақтың белгілі әдебиетші ғалымы, қызыл империяның кезінде-ақ Қазақстанда алғаш рет Шығыс Түркістан әдебиетін, ондағы ұлт-азаттық идеясын зерттеген ғалым Тілеужан Сақалов болса, алғаш рет Мақатаевтың жыр топтамасын құрастырып, оған алғысөз жазып баспадан шығарған сондағы қазақтың талантты ақыны, атақты баспагер Тәліпбай Қабаев екенiн, ал өзінің ғажайып зердесі арқылы ел ішіне кең таратқан Мұқағалидың рулас туысы белгілі халық ақыны Тоқтасын Байсал болғанын айту парыз екенін естен шығармаған дұрыс болар еді.

1985 жылдың, әлде 1986 жылдың соңында КСРО мен ҚХР сынды ірі империялардың арасындағы қырғиқабақтық жұмсарып, сең бұзыла бастаған кезде, кеңестік Қазақстаннан Қытайдың Шыңжаң автономиялы аймағына Тілеужан Сақалов сапарлай барады. Сол сапарында Шыңжаңдағы қазақ интеллигенциясының Құрманәлі Оспанов, Тәліпбай Қабаев, Әлімжан Қатбаев, Оразанбай Егеубаев, Рахметолла Әпшеұлы, Нығмет Мыңжани, Бұлантай Досжан, Жақып Мырзахан, Шәкен Оңалбаев секілді белгілі өкілдерімен кездесіп, ел мен жердің, әдебиет пен мәдениеттің жайын сөз етеді. Ел мен жерді аралаған өзі өнерпаз, өзі әдебиетші Сақалов сондағы елге, бауырға деген сағынышын Тілендиев пен Мақатаевтың атақты «Саржайлауымен», Мұқағалидың отты жырларымен жеткізеді. Қазақтың Қарасазын, Шалкөдесі мен Іле басын, Алатаудың баурайын, Жетісудай жер жәннатын, Мұқағалидай ақынды жырға қосады. Қазақтың қара өлеңінің құдыретін көсіле отырып әңгіме еткен Тілеужан Сақаловтың айтуындағы Мұқағали өлеңдерін, оның өлеңдеріне жазылған әндерін, «Таңжарық пен Қойдымның айтысы», «Таңжарық пен Нүриланың айтысы» сынды қазақ айтысының ғажайып үлгілерін оның дауысымен үнтаспаға түсіріп қалады. Бұл жазбалар бірден-бірге көшіріліп, Шыңжаңдағы қазақтардың арасына ауызша да, жазбаша да кең таралып кетеді.

1988 жылы сәуірде Шыңжаң автономиялы аймағының орталығы Үрімжіден Шыңжаң жастар баспасынан осы баспаның бас редакторы, аға редактор, әдебиетші ғалым Тәліпбай Қабаевтың құрастырып, алғысөз жазуымен Мұқағали Мақатаевтың «Қаздар қайтып барады» жыр топтамасы /кітаптың атын құрастырушы қойған/ басылып шықты. Бұл – Мақатаевтың Қытайда басылған тұңғыш жинағы. Мақатаев поэзиясына таңдана, тамсана қараған сондағы әрбір қазақ сондай бір ыстық ықыласпен, зор махаббатпен таласа-тармаса оқыды. Жыр топтамасына жазған кіріспе сөзінде: «Мұқағали Мақатаев кеңестік Қазақстанның Алматы облысы Нарынқол ауданындағы Қарасаз деген жерде туыпты. Көл-көсір дарынды Мұқағали Мақатаевтың шығармаларының алтын қазығы – адамдық адал ар, туған атамекен, күллі жер шары іспетті. Ол осының қамын қамдап, мұңын мұңдап жырлапты. Осы арқылы поэзия аспанының жыр шолпанына айналыпты. Мақатаев шығармалары елімізге кешеуілдеп кірсе де, өзіне кесек бітімді ойларымен өзгеше екпін құлпырған мәнер бедерімен кірді. Еліміз оқырмандары Мұқағали шығармаларын жатырқамайды, оны өзімен бірге туып, бірге өскен сырласындай, өзінің қадірлі қаламгеріндей ыстық ықыласпен қарсы алып, сүйсініп оқиды. Ақынның «Қаздар қайтып барады» атты бұл топтамасын «Армысыңдар, достар!», «Қарлығашым келдің бе?», «Аққулар ұйықтағанда», «Өмірдастан», «Өмір-өзен», «Дариға жүрек», «Соғады жүрек», «Шолпан» қатарлы кітаптарынан сұрыптап құрастырдық», – деп жазды Тәліпбай Қабаев.

Осыдан кейін Қытайда Мұқағали Мақатаев шығармаларын тану мен насихаттаудың дәуірі басталды. Бұл жыр топтамасы 2016 жылға дейін бірнеше рет қайта басылып, он мыңдаған таралыммен таралды. Мұқағали Мақатаевтың шығармашылық әдеби мұрасының Шыңжаңдағы қазақтар арасында ауызша да, жазбаша да кең таралғанын жоғарыда жазған болатынбыз. Өзінің ғажайып еске ұстау қабілеті мен зердесінің арқасында Мұқағали ақынның бүкіл дерлік өлең-дастандарын /шамамен төрт-бес жүз/ жатқа айтып, ел ішіне кеңінен жайған сондағы халық ақындарының бірі – Тоқтасын Байсалұлы /1928-2016/ болған. Өмірінің соңына дейін әншілік, жыршылық пен айтыскерлікті өзіне серік еткен, ағарту қызметімен айналысқан Тоқтасын ақсақалдың отбасына жақсы мен жайсаңдар, сөз ұстаған кісілер, қазақтың белгілі тұлғалары жиі атбасын бұрып, өлең-жырмен әңгіменің тиегін ағытады екен. Солардың бірі – қазақтың классик қаламгері, қазақ әңгімесінің хас шебері Рахымжан Отарбаев 2011 жылдың қоңыр күзінде Шыңжаң автономиясына қарасты Іле облысының Мұңғұлкүре ауданындағы Ақдала ауылында тұратын Тоқтасын ақсақалға амандаса барып, екеуара сұхбаттас болып, бірнеше күн сырласады. Қазақтың небір эпостық дастандары мен Асан қайғыдан Махамбетке дейінгі қазақ жырауларының жырларын, одан бергі Абай мен Шәкәрімнің, Жамбыл мен Кемпірбайдың, Әсет пен Көдектің, Мағжан мен Сәкеннің, Қасым мен Мұқағалидың, Таңжарық пен Шарғынның өлеңдерін бірнеше күн бойы таңды-таңға ұрып жырлайды. Қазақ сөзінің қаймағын бойына сіңірген жазушының таң қалғаны сондай, «Аға, тасада қалыпсыз-ау» дейді шыдай алмай. Суырып салма ақындығымен алты алашқа танылып, даңқы аспандағанымен, баспада бір ауыз сөзі жарияланбаған бақытты да бақытсыз ақын-жырау туралы жазушы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Қазақтың соңғы жырауы» деген мақала жариялапты.

Жаңағы Тәліпбай Қабаев құрастырған «Қаздар қайтып барады» топтамасындағы Мұқағали Мақатаевтың бір бөлім шығармалары Шыңжаңдағы мектеп бағдарламасына енгізілді. Атақты «Аққулар ұйықтағанда», «Райымбек, Райымбек!», «Моцарт жаназасы» поэмалары мен өлеңдерінің орта, орталау сыныптарының әдебиет оқулығына енгізілуі –Мақатаев шығармаларының шетелдерде әдеби, рухани айналымға түскенін көрсетеді. «Қаздар қайтып барадыдан» кейін әр жылдары Мақатаевтың «Жылап қайттым өмірдің базарынан» /құрастырған Ұланбек Қабдолла, Іле халық баспасы, 1995/, «Жырлайды жүрек» /құрастырған Нәзигүл Тәліпбайқызы, Шыңжаң жастар баспасы, 2001/, «Жүрек демін алғанда» /құрастырған Мәдетхан Мұстафин, Шыңжаң халық баспасы, 2003/, «Аққудың қанатына жазылған жыр» /құрастырып баспаға дайындаған Бақытбек Тоқтасынұлы, Ұлттар баспасы, Бейжің, 2004/, «Аманат» /құрастырып баспаға дайындаған Бақытбек Тоқтасынұлы, Ұлттар баспасы, Бейжің, 2006/ секілді жыр жинақтары жарық көрді. Бұл жыр жинақтары да оқырман сұранысымен бірнеше рет қайта басылған еді.

«Қарасаз қара шалғын өлеңде өскен» Мұқағали Мақатаевтың қасиетті қара өлеңге барар жолда қара сөздің ауылына да атбасын бұрыпты. Мұқағали шебер прозашы да болыпты. «Қош махаббат» деп аталатын прозалық жинағы соның куәсі. «Құлыптас», «Марусияның тауы», «Өзгермепті», «Әже», «Қос қарлығаш», «Жыл құстары» сынды әңгіме-повестерінен, «Қош махаббат» атты пьесасынан және әр жылдары жазған әдеби сын мақалаларынан тұратын бұл кітап белгілі баспагер Бақытбек Тоқтасынұлының баспаға дайындауымен 2006 жылы Бейжіңдегі Орталық ұлттар баспасынан шығыпты.

Сонымен, 1990 жылдардың ортасынан кейін Шыңжаңда Мақатаев туралы естеліктер мен мақалалар жинақтары дүркін-дүркін болмаса да, әр кездері жарияланып тұрыпты. Ақын, әдебиет сыншысы Ыдырыс Әділханұлы мен ақын Мұрат Шаймаранұлының құрастыруымен «Аңызға айналған адам» атты естелік эсселер жинағы 1996 жылы Іле халық баспасынан үлкен тиражбен жарық көріпті. Кітапқа Қазақстан авторларының мақалалары таңдалып енгізілген. Кітапты құрастырушылар «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас», «Парасат», «Жұлдыз» сияқты газет-журналдар мен Фариза Оңғарсынованың «Шашы ағарған қыз» атты кітабынан материалдар пайдаланып құрастырған екен. Бұл белгілі мұқағалитанушы ғалым Нұрлан Сәрсенбаевтың «Аңызға айналған адам» атты эсселер жинағы Қытайдағы қазақ оқырмандары үшін мұқағалитанудың алғашқы беташары болды десек артық айтқандық болмайды.

«Поэзия! Менімен егіз бе едің?» деген Мұқағали шығармашылығы туралы зерттеу мақалалар мен естеліктер жинағы 2004 жылы Шыңжаң халық баспасынан жарық көріпті. Құрастырған – Серiк Дәуiтұлы. «Сыр сұхбат», «Естелік эссе», «Ақын образы», «Шапағатты шақтар» сынды бөлімдерден тұратын бұл кітапқа екі ел қаламгерлерінің таңдаулы мақалалары топтастырылған. Кітаптың ерекшелігі сонда, ақын Сәулет Тоқтыбаев өзінің осы кітаптың редакторы ретінде жазған алғысөзінде: «Ірі таланттар жөнінде сөз болғанда олардың өшпес ғұмырнамасы, еңбегі, халқына сыйлаған ұшан-теңіз рухани әлемі дәріптеледі. Әсіресе, олардың халықтың дүниетанымы, жан тазалығы, ұлттық кемелділігі үшін жол ашқан әрі соған бастаған кісілік өмір арнасымен біте қайнасқан ақыл-парасаты дәріптелері сөзсіз. Мұндай таланттар өзінің мәңгілік ғұмырын өз жаратылыс әлемі мен талант-табиғатын танытып, соның жолында тынбай еңбектенуге бел байлаған күннен бастаса керек. Ал, сол мәңгілік ғұмырлы талант иесінің танылуы бір басқа да, оны халықтың оқырманы тануы бір басқа, яғни екеуара уақыт парқымен түсіністіктің ілгерлі-кейінді өмір сүріп жататын халықтың қолда бар асылын жоғалтып алып, артынан жамырай қайта қауышатыны да, кезінде таныса да, қатар жүрген азаматына жай көзбен қарап артынан аңырап, бар-жоғын түгендеп жататыны да сондықтан болар. Әне сонан бері қаншама уақыт зымырап өтіп, сан ұрпақ жаңаланды. Ғасырдан ғасырға қадам тастадық. Алайда, Мұқағали Мақатаев жасампаздығының сол уақыттың шегін бұзып, өзінің байырғы қалпымен уақыт озған сайын жаңарған, құдіретті күшімен арадағы бір мезгіл саяси һәм әлеуметтік үрдістен соң Қытай қазақтарына, әсіресе 1980 жылдардың жас талап түлектеріне қайта оралды» деп парасатты пайымдау жасайды.

Осындай тағы бір жинақ – Мұқағали Мақатаев туралы естеліктер мен ақынның күнделіктерінен тұратын «Мұқағали қазақтың домбырасы» жинағы. Кітап Шыңжаң халық баспасынан 2003 жылы басылған. Бұл да сондағы қазақ оқырмандары таласа-тармаса оқыған кітап болғанын айту керек. Осылайша, Мұқағали Мақатаевтың кітаптары, ол туралы жазылған естеліктер мен эсселер топтамалары әр кездері басылым көріп, қолдан-қолға тарап жатты.

Қош, сонымен Шыңжаңдағы қазақтар арасында Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби зерттеулер, эссе-реквиемдер сол өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдардың ортасынан жазыла бастапты. Сәулет Тоқтыбай, Балапан Рабат, Ыдырыс Әділхан, Нұрлан Сәрсенбай, Бақытжан Иманқұл, Нұрболат Әбдіқадыр, Кәдірбек Бердіқожаұлы секілді қаламгерлер мен әдебиетші ғалымдардың мақалалары сондағы әртүрлі әдеби басылымдарда жарияланып тұрған.

Шыңжаң қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ғалым-жазушы, профессор Сұлтан Жанболатов: «Әлемдегі күллі қазақ түгілі халық саны миллиардтан асқан Қытай сияқты өзге де елге танымал Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұқағали Мақатаев қазақ поэзиясына кесек үлес қосқан қазақтың шебер лирик ақыны. Үздік аудармашы. Мұқағали Мақатаевтың поэзиясы Қайша Табарақтың тәржімасымен Қытай оқырмандарына жетіп, аудиториясын кеңейтті», – депті.

Қытайдағы қазақ қаламгерлері жазған Мұқағали Мақатаев туралы еңбектердің ішінен мына екі еңбекті, біріншісі – Бейжіңде тұратын қазақ қаламгері, сондағы Бейжің радиосының аға дикторы, әдеби-музыкалық бағдарламалар редакциясының жүргізуші редакторы, қазақтың талантты ақыны, аудармашы, композитор, әнші Балапан Рабатовтың «Сортаң тағдыр, тарпаң талант» деген эссе-реквиемін (Ұлттар баспасы, Бейжің, 1998), екіншісі – шыңжаңдық жазушы, мұқағалитанушы, әдебиетші ғалым Нұрлан Сәрсенбаевтың «Мұқағали керуені» (Ұлттар баспасы, Бейжің, 2016, «Ан Арыс» баспасы, Алматы, 2017) кітабын бөліп айтуға болады.

Балапан Рабатовтың Мұқағали Мақатаев туралы жазған эссе-реквиемінен болмысы бөлек дара таланттың «Ел мен жер» деп соққан ақындық жүрегін, аққудың қанатына жазылған жырдай сағынышын байқайсың. Хантәңірі, Аспан таулар мен Алматының арасында шарықтаған ақын қиялы үйреншікті ойларға қамалып қалмайды. Уақыт пен кеңістікті аттап өтіп, еркін ой, ұшқыр сезімдермен астасқан Балапан Рабатовтың эссе-реквиемі өлең құсатып төгіліп жазылған. Осыдан біраз ертеректе жазылғанына қарамастан, қазіргі біздің жас жаңа оқырмандарға жақын, көркем дүние секілді жақсы оқылады.

Жоғарыда жазғанымыздай, екіншісі – Нұрлан Сәрсенбаевтың «Мұқағали керуені» кітабы. Нұрлан Сәрсенбаев Мұқағали Мақатаевтың мұрасын зерттеуші ғалым ретінде «Мұқағали керуеніне» барар жолға дейін бірнеше жылғы ізденісті басып өтті. Оның осыған дейін әр жылдары Шыңжаңдағы және Қазақстандағы әдеби басылымдарда, газет-журналдарда «Болашаққа Мұқағали керуені», «Қарасаз қара шалғын өлеңде өстім», «Мұқағали», «Мұқағали Мақатаевтың ата-тегі кім?» деген секілді оншақты мақаласы жарияланған екен. Осы еңбек сол ізденістің нәтижесі. Кітаптың ерекшелігі сонда, Мұқағали Мақатаевтың шыққан топырағы, ата-тегі туралы арыдан сыр шертеді. Ақынмен қатарлас өмір сүрген Еркін Ібітанов, Фариза Оңғарсынова арасындағы өмір сабақтастығы жан-жақты сөз болады. Сонымен қатар, Қытай қазақтарындағы мұқағалитану барысын тілге тиек етсе, Мақатаев поэзиясының сыр мен сипатын, поэтикасын ашып көрсетуге де автор өзінше құлшыныс танытқан.

Біздің айтып отырған Рабатовтың да, Сәрсенбаевтың да бұл еңбектерін мұқағалитануға қосқан үлес ретінде бағалауға болады. Рухани байлықта шекара болмайды. Қазақ поэзиясының дақ шалмас алтын қазығына айналған Мұқағали Мақатаев поэзиясының шекараның арғы жағындағы тағдыры басқа болғанымен, тамыры бір қазақтың рухани байлығына айналып, өткен ғасырдың сексенінші, тоқсаныншы жылдарындағы Шыңжаң қазақ поэзиясының көркеюіне, жаңа деңгейге көтерілуіне ықпалының өзі Мұқағали поэзиясының ортақ рухани байлыққа айналып кеткенінің куәсі.

«Өседі өлең немесе көшеді өлең» деп ақынның өзі жырлағандай, өмір-өзеннің ұлы айдынында өзінің ұлы арнасын салып, қазақтың алтын домбырасына айналып кеткен Қарасаздан басталған Мұқағали ақынның «көш керуені», «мен жиырма бірінші ғасырдың құрдасымын» деп өзі болжап кеткендей, жас ұрпақпен сырласып, келешекке көш керуенін түзеп, мәңгілікке көшіп барады…

 Жанайым Ауғанбайқызы, филолог

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here