«Қара алтынды» өндірудегі қауқар мен қадам қандай?

0
3063

Жерінің асты мұнай Қазақстан үшін қара алтыннан келер пайда мен оны өндірудегі қауқар қандай? Жақында Үкімет 2023-2027 жылдарға арналған ірі мұнай газ және мұнай газ химия жобаларын дамыту бойынша кешенді жоспарды бекітті. Сол бойынша мұнай өндірісінің көлемі осы жылғы 89 млн тоннадан 2027 жылы 105,5 млн тоннаға артатыны, яғни елімізде мұнай өндірісі үш жылдан соң 25 пайызға көбейетіні айтылды.

Осы жоспар бойынша қаулыға Премьер-министр Әлихан Смайылов қол қойды. Құжатта Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кен орындарындағы ірі мұнай газ жобаларын жүзеге асыру мәселелері қарастырылған. Кешенді жоспар аясында мұнай газ, оларды өңдеу, сонымен қатар мұнай газ химиясы саласында 20 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, одан күтілетін инвестиция көлемі 37,3 млрд АҚШ доллары болып отыр. Әсіресе, газ өңдеу зауыттарын салу және 3 мұнай өңдеу жобасы туралы айтылған. Солардың ішіндегі ең ірісі – Шымкент мұнай өңдеу зауытын 2029 жылы жаңғырта отырып, өндіріс көлемін жылына 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін жеткізу көзделуде. Зауытқа шикі мұнайды жеткізуді қамтамасыз ету үшін Кеңқияқ-Атырау және Кеңқияқ-Құмкөл мұнай құбыры кеңейтілмек.

Бірінші біріктірілген газ химия кешенін салу есебімен мұнай газ химия өндірісі көлемін айтарлықтай арттырып, ірі инвестиция тарту көзделіп отыр. Геологиялық барлау жобаларын жүзеге асыру және кен орындарын игеру шеңберінде жалпы көлемі 10 млрд АҚШ доллары болатын инвестиция тарта отырып 7 жобаны іске асыру жоспарланған. Ең басты жобаларға Қаламқас –теңіз және Хазар кен орындарын өнім алуға дайындау және жұмысын жолға қою, Өріктау газ конденсаттық кен орнын, сонымен қатар Қаратон-Подсолевой геологиялық барлау жобасын дамыту жатады.

«Біздің бастапқы жоспарымыз бойынша 2023 жылдың соңына дейін мұнай өндірісі 90,5 млн тоннаны құрайды. Қазіргі таңда 8 айдың нәтижесі бойынша біз жоспардағы межеге жетпей тұрмыз, дегенмен қандай да бір аяқ асты жайттар болып қалмаса, жыл соңына дейін осы көрсеткішке қол жеткізуге тырысамыз», – дейді энергетика вице-министрі Асхат Хасенов.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда мұнай өндірісінің соңғы көлеміне ықпал етуі мүмкін ірі мұнай газ жобалары бойынша техникалық жұмыстар жүргізілуде. Оларды мерзімінен бірнеше күн бұрын аяқтау мұнай өндірісі көлемінің жоспардан қалып қою деңгейін азайтуға септік етеді.

2022 жылы Қазақстанда 2021 жылдағы 85,7 млн тонна көлемге қарағанда 84,2 млн тонна мұнай өндірілді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2%-ға аз. Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин биыл 13 қыркүйектегі Үкімет отырысында қаңтар-тамыз айындағы мұнай өндірісі 6,6 пайызға өскенін мәлімдеді. Бұл ретте ол көрсеткіштерді нақты санмен атап айтпады. ҰЭМ ұлттық статистика бюросы 2022 жылы қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда мұнай өндірісі мен газ конденсаты өнімі 56,09 млн тонна болғанын хабарлады. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев 15 тамызда журналистерге 2023 жылдағы мұнай өндірісі бойынша болжамды көлем 89,4 млн тоннаға дейін қысқарғанын жеткізді.

Қазақстанның мұнай газ саласы Тәуелсіздік алған жылдардан бері ел экономикасында маңызды рөл атқарып келеді. Тек 2022 жылдың өзінде ғана мұнай газ секторы Ұлттық қорға, республикалық және жергілікті бюджетке 9 трлн теңге пайда келтірген. Ал бұл бюджет үш негізгі бағыт – әлеуметтік көмек, әлеуметтік қамсыздандыру және денсаулық сақтау, білім салаларына тиесілі.

Жалпы алғанда, Ұлттық қорға 200 млрд доллардан астам мұнай салығы түскен, бұл қаржыны экономиканың басқа салаларына, инфрақұрылымды дамытуға және елдің әлеуметтік міндеттемелерін қолдау саласын қайта инвестициялауға мүмкіндік берді.

Кейінге көз жүгіртер болсақ, 1991 жылы саладағы жағдай қанағаттанарлық деңгейде болмады. КСРО құлағаннан кейін жаңа мемлекет үлкен мұнайды игеруге енді кірісе бастады. Қазақстанға Кеңес одағынан барлаудан өткен кен орындары, болашағы зор учаскелер қалды, бірақ технология мен оны жасауға қаражат жоқ еді. 1991 жылдың соңындағы жағдай бойынша мемлекет балансында 2,9 млрд тонна мұнай болды. Жылына 22 млн тонна мұнай өндірілді. Газ қоры 1,9 трлн текше метр деп бағаланды, газ өндіру 8 млрд текше метрдей еді.

Тәуелсіздіктің бастауында мұнай газ саласын құруға ерекше көңіл бөлінді. Елдің саяси басшылығының күш жұмсауы мен геологтардың тиімді жұмысының арқасында жаңа кен орындары табылып, стратегиялық серіктестер мен инвестициялар тартылды, жаңа технологиялық ізденістер, барлау, өндіру жұмыстары жүргізіле бастады. Геологиялық барлау саласында инвестиция көлемін арттыру және жаңа кен орындарын табу әлемнің мұнай өндіруші елдері арасындағы рейтингінде Қазақстанның 12 орынға көтерілуіне септік етті. 2023 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша мемлекет балансында 307 мұнай кен орны және олардың қорында 4,4 млрд тонна мұнай болды.

30 жыл ішінде Қазақстан жылына 84,2 млн тонна мұнай өндіре отырып мұнай өндірісін 3,8 есе өсіре алды, оның көп бөлігі үш ірі мұнай газ жобалары – Теңіз, Қарашығанақ және Қашағанға тиесілі. Бүгінде қалдықтарды азайту және декарбонизациялау бойынша жұмыстар аясында Қазақстан Үкіметінің алдында маңызды міндеттер тұр. Энергия өндіруде көмір қолдану біртіндеп азайып, көмірдің орнын ауаға зиянды қалдықтарды аз бөлетін жаңа технологиялар немесе экологиялық отын саналатын газ басуы керек.

Жылдың басында мемлекет балансында газ бойынша 171 кен орны есепте тұрды, ондағы шығарылған газ қоры 1,6 трлн текше метр және ерітілген мұнай газдың 2,1 трлн текше метр қоры бар 242 кен орны болды.

Газ өндіру 1991 жылмен салыстырғанда 2,6 есеге артып, 21,1 млрд текше метрді құрады, ерітілген мұнай газ өндірісі 2022 жылы 32,1 млрд текше метр болды. Әлемдік экономикада газ жаһандық трендке айналды.  ҚР энергетика министрлігінің деректері бойынша газ қолдану соңғы 7 жылда 35 пайызға өсті. Бұл ретте елде жаңа газ кен орындарын іздеу және барлау газдың құнының төмендігіне байланысты өз өзін ақтамайтын жұмыс болып отырғанын да айта кету керек. Осы мәселені шешу үшін ҚР Энергетика министрлігі мен  «QazaqGaz» ҰК» АҚ ынталандыру механизмдерін енгізіп, газ сатып алу, сату бағасының жаңа формуласын әзірлеп, бекітті. Тұтынушылардың екі жаңа санаты енгізілді, бірқатар преференциялар әзірленді. Бұл шаралар болашақта газ өндірісін қаржылық жағынан тартымды етуі тиіс.

Газдың көп мөлшерін мұнай өндіруші ұйымдар электр энергиясын шығаруда өз қажеттіліктері үшін тұтынады. Жаңғыртылған энергия көздерінің, Қазақстанның оңтүстігі мен батысындағы үлкен жел және күн энергиясы әлеуетінің қарқынды дамуын ескерсек, ҚР энергетика министрлігінің ЖЭК-не газ қолдану туралы ұсынысы қызық көрінеді, бұл ретте үнемделген газ елдің қажеттіліктеріне бағытталады.

Газдың нарықтағы құны ЖЭК енгізудегі компанияның шығындарын өтеуі керек және болашақта кіріс әкелуі де мүмкін. Бұған «ҚазМұнайГаз» АҚ Өзен кен орнында жүзеге асыратын Гибридті қондырғы құрылысы бойынша жаңа жоба мысал болады, ол электр энергиясын газ, күн, жел есебінен шығарады.

Ірі мұнай газ кен орындарына ЖЭК-ті енгізу жылына 3 млрд текше метр газ алуға мүмкіндік береді, оны елдің мұқтаждықтарына жұмсауға болады. Алайда қазіргі жағдай кеңес кезінен бар кен орындарындағы өнім шығарудың тез төмендеуіне байланысты күрделене түскенін көрсетті. Жыл сайын мұнай өндіруші өңірлерде өнім 1 млн тоннаға дейін азаяды. Өндірістің төмендеуі бүкіл елге кері әсер етеді, экономиканың барлық секторы дерлік зардап шегеді. Мұнай мен мұнай өнімдері тапшылығы қаупі туындайды. Себебі мұнай – Қазақстанның басты экспорттық тауары.

Мемлекет басшысы бірнеше рет басты міндет минералды шикізат базасын толықтыру, яғни жаңа кен орындарын жылдам табу екенін атап өтті. Бұл ретте жаңа барлау жобалары тек 6-9 жылдан кейін ғана экономикалық тиімділік беретінін ескеру керек. Әбден сорылған кен орындарында заманауи өндіру әдістерін енгізу керек, ол әдістер өнім шығару коэффициентін арттырып, кен орнының өмірін ұзартады. Ол үшін салықтық жеңілдіктер, жаңа технологияға үнемделген, қайта инвестицияланған қаржы салу керек.

Каспий маңындағы және Оңтүстік Торғай бассейндеріндегі терең жатқан тұз асты шөгінділерін зерттеу Қазақстанға мұнай жасау, оның құрылымы туралы бірегей ақпарат береді, болашақта көмірсулар қорының өсуіне әкеледі. Оған «Еуразия» жобасы мысал болады, оның бүгінде бірінші кезеңі аяқталды.

Серпінді жоспарларды жүзеге асыру үшін инвесторларды белсенді түрде тарту керек. Бұл қаржылық қолдауды қамтамасыз етуге, озық технологияларды енгізуге мүмкіндік береді, осы ретте бәріне түсінікті «ойын ережелері» туралы ойлау керек, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу бойынша басқару және нақты талаптарды әзірлеу қажет. Мемлекеттік жоспарлаудың да, сонымен бірге инвестиция әлеуетін бағалау үшін негіз болатын әлемге түсінікті көмірсулар қоры мен ресурсы квалификациясын әзірлеу мәселесінің де маңызы жоғары.  Геологиялық барлау дегеніміз елдегі болашақ өндіруші салаларды анықтап, соған сөзсіз басымдық берілетін стратегиялық бағыт.

S&P Global пікірі бойынша Қазақстанға болашақта жаһандық капитал шектелген жағдайда барлау мен өндіруді қаржыландыратын қаржы тартуда бәсекелес бола алу үшін анағұрлым терең саяси реформа қажет. Келесісі – мұнай сервисі мен машина жасау саласын дамыту, ірі мұнай газ жобаларын кеңейту. Сонымен қатар жаңа кен орындарын барлап, әзірлеу Қазақстан азаматтарын жұмыспен қамтамасыз етуге және мұнай газ саласы үшін жеке жабдықтар өндіруді реттеу есебімен импортқа тәуелділікті азайтуға септік етеді.

Қазақстанда 200 млн тонна деп бағаланатын тақтатас мұнайы бойынша перспективалар анықталды. Қазір олар егжей-тегжей толық зерттелуде. Қазақстанның географиялық орналасу ерекшелігі, ашық теңізге шығатын жолдың болмауы, аумақтың үлкендігі – өнімді шетелге экспорттауды да, елдің ішкі нарығына шығаруды да қамтамасыз ететін мұнай мен газ тасымалының жүйесін дамытудың алдағы перспективаларына жол ашады. Болашақта Қазақстанға экономикалық қауіпсіздікке кепілдік беретін экспорттық бағдарларды диверсификациялау бойынша жұмыстарды жалғастыру керек.

Қазақстан Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында 7,3 млн тоннадай мұнай экспорттады. Бүгінде экспорттың жыл сайынғы көлемі 64,3 млн тонна. Елдегі мұнай газ саласының перспективалары ауқымды және оның әлеуеті толықтай игерілмеген. Саланы дамыту Қазақстанға жаңа технологиялар мен құзыреттілікті әкелуді жалғастырып, инвестициялар тартады және жаңа өндірістер ашады, Қазақстанға қосымша саяси салмақ беріп, келіссөздік позициясын жақсартады.

Былтыр елімізде шамамен 84 млн тонна көлемінде мұнай өндіріліп, соның 65 млн тоннасы экспортталған. Каспий құбыр консорциумының бірнеше рет істен шығуынан экспорт 4,1 пайызға азайған. Қазақстандағы Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарында өндірілген мұнай Қара теңіздегі Новороссийск портына таяу орналасқан терминалдарға жеткізіліп, сол жерден танкерлерге тиеліп, әрі қарай Еуропаға жеткізіледі. Былтыр мұнай мен газ конденсатын есепке алудың ақ­параттық жүйесі іске қосылып, пайдалануға берілді, бұл мұнай айналымының 95 пайызын бақылауға мүмкіндік береді.

2022 жылы мұнай өндіруден алдыңғы қатарда болған елдердің ішінде 2018 жылдан беру әлемдегі ең ірі мұнай өндірушілер қатарынан түспей келе жатқан АҚШ бар. Бұл елде жылына шамамен 18 млн баррель қара алтын өндіріледі. Бұл көрсеткіш әлемдегі мұнай қорының бестен бірін құрайды. Charted жариялаған тізімде Қазақстан да бар, еліміз мұнай өндіруден 13 орында тұр. Қазақстанға мұнай өндірудің әлемдік көлемінің 1,9%-ы тиесілі.

Елімізде мұнайды бірнеше қосымша бағытта тасымалды дамыту бойынша жоспарлар қарастырылуда. Бірінші кезекте – Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту, оның шеңберінде теміржол бағыттарын жаңғыртуды жүзеге асыру және теміржол вагон-цистерналарының тауар паркін кеңейту, сондай-ақ Ақтау теңіз сауда портындағы мұнай құю айлақтарын реконструкциялау және жаңғырту керек. Екіншіден, Атырау-Самара бағдарының қуатын қосымша жүктеу. Қазақстан-Қытай мұнай құбырының кейбір учаскелерін кеңейту мәселелерін қоса алғанда, Қытайға мұнай экспортын ұлғайту жоспарлануда.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here