Оңашадағы оқшау ойлар

0
2934

Ақылбек Шаяхмет – белгілі қазақ ақыны, жазушы, драматург, көсемсөзші-журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры, халықаралық шығармашылық Академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Махмұт Қашқари атындағы түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін халықаралық сыйлықтың және «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты.

Қостанай облысының Жітіқара ауданында туған. Жітіқара қаласында қазақ мектебін бітіргеннен кейін «Шевченко» кеңшарында шопан болып жұмыс істеді. 1968 жылы оны Әулиекөл аудандық газетіне қызметке шақырады. Одан кейін Алматы облыстық «Жетісу», Қостанай облыстық «Қостанай таңы» газеттерінде, облыстық телекомпанияда жұмыс істеді. Алматыда Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін және Мәскеуде Әдебиет институтын бітірген.

Ондаған жыл «Азаттық» радиосының Қостанай облысындағы тілшісі болды. «Азат» қозғалысының мүшесі ретінде «ХХ век», «Трибуна», «Дат» секілді газеттерде мақалалары жарық көрді. Қостанай облысында құрылған «Алаш» қозғалысы филиалының белсенді мүшесі болып, «Дала қоңырауы» газетінің тұңғыш ұйымдастырушысы және редакторы болды.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының төрағасы, Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай және Торғай облыстары бойынша әдеби кеңесшісі, Қостанай облыстық тіл басқармасы бастығының орынбасары, ұлт саясаты жөніндегі Қостанай  облыстық комитеті төрағасының орынбасары, облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары, облыстық білім департаменті директорының орынбасары, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Қазақ және орыс филологиясы институтының директоры, журналистика факультетінің деканы, ҚМУ Медиа-орталығының директоры болып қызмет атқарды.

Тұңғыш жинағы 1977 жылы жарық көрген. Республика баспаларынан 40-тан астам кітабы басылып шыққан. Солардың ішінде «Гүл мен бидай», «Шынар», «Күлімдейді күніміз», «Біздің бақшада», «Әдемі», «Аяз және Қыдыр», «Бағдаршам» атты кітаптары балаларға арналған.

«Есте қалар ел тарихы», «Ел есіндегі есімдер», «Тыңда туған»,    «Пирамида», «Көзімді ашып-көргенім», «Жұлдызды дәуір», «Жер-бесік», «Мөлдір бұлақ», «Гуси-лебеди летят», «Голос степи», «Сөз» деп аталатын  прозалық, өлеңдер және поэмалар жинақтары оқырмандардың ықыласына бөленді. Бірнеше монография мен оқу құралының авторы.

Драматургия саласында көптен қалам тербеп келеді. Ақсұлу Орысбайқызына арналған «Ақсұлу» тарихи драмасы Қазақ радиосының Алтын қорына қабылданды. Қостанайдағы Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрында «Таза бұлақ» және «Шоқанның шері» деп аталатын спектакльдері, Қостанай облыстық орыс драма театрында «Ыбырайдың өсиеті» драмасы қойылды. Аталған пьеса 2014 жылдың ең үздік драмасы атанып, автор «Алтын қалам» жүлдесін алды. «Жыл аттарын кім алған?» пьесасы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетінің Өнер басқармасы жариялаған қоғамдық-маңызды көркем шығармаларды жасауға арналған мемлекеттік  конкурсында грантқа ие болды.

Ақылбек Шаяхмет КСРО Жазушылар одағына 1983 жылы қабылданған. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі. «Ана тілі» газетінің лауреаты.

  Ахмет Байтұрсынов атындағы медальмен, «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен, «Құрмет» орденімен марапатталған. Бұқар жырауға, Бейімбет Майлинге, Нұржан Наушабайұлына арналған республикалық мүшайралардың жеңімпазы, 2007 және 2008  жылдары өткен «Астана-Бәйтерек» республикалық ұлттық конкурсының жеңімпазы. 2008 және 2009 жылдары өткен «Дарабоз» бәйгесінің жүлдегері.

Жазушы «Қазақ тілінің жанашыры» құрмет белгісімен марапатталды, өмірбаяны «Лучшие люди Казахстана» энциклопедиясына енді.

 «Бір өлең – бір әлем» республикалық жыр мүшайрасында үшінші орынға, ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған республикалық жабық жыр мүшайрасында екінші орынға ие болды. ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Атамекен» республикалық конкурсында прозалық шығармалар арасында өткен әдеби байқауда екінші орын алcа, «Тәуелсіздікке тарту»  республикалық ашық жыр мүшайрасында ынталандыру сыйлығына ие болды. 2012 жылы жаңа пьесаларға арналған «Тәуелсіздік – тұғырым» деп аталған республикалық жабық байқауда жазушының көрнекті мемлекет қайраткері Ілияс Омаровқа арналған драмасы бірінші орынға ие болды. «Балауса» байқауының жеңімпазы (2015 ж.), «Алтын көпір» халықаралық аудармашылар байқауында (2015 ж.) екінші орын алған. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік толғауы» жаңа пьесалар байқауында «Ұлт­­тық құндылықты дәріптегені үшін» номинациясы бойынша «Алғыс пен қар­ғыс неме­се Жарық пен көлеңке» пьесасы арнаулы сыйлыққа ие болды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Алаштың ақ жолы» байқауының лауреаты» төсбелгісімен марапатталды. 2020 жылы Орта Азия жазушылары мен тарихшылар Одағы «Туран Биримдиги» медалімен марапаттады. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған «Балаларға арналған үздік шығармалар» байқауында бірінші орынды жеңіп алды.

Қостанай облыстық Меценаттар клубы сыйлығының бірнеше мәрте лауреаты, Қостанай облысының, Қостанай қаласының және Жітіқара ауданының Құрметті азаматы. Автордың шығармалары ағылшын, әзербайжан, орыс, қырғыз және бірнеше шет ел тіліне аударылған.

Қаламгер «Qazaq» газетімен де тығыз байланыс жасап тұрады. Көптеген мақалалары газетімізде жарық көрді.

Мерейлі 70 жастың желкенін керіп отырған жазушының биыл «Оңашадағы оқшау ойлар» прозалық кітабы және «Күзгі көңіл» деп аталатын жыр жинағы жарық көрді. Қаламгерді мерейлі жасымен құттықтай отырып, осы кітаптарға енген туындыларының кейбіреуін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

РЕДАКЦИЯ

 

 Тең ұстайық безбенді

Аллаға да сенбейтін, айтқанға да көнбейтін, өзінікін жөн дейтін, кемтарларға жаны ашып, бір тиын да бермейтін пенделерді көз көрді.

Құлақ қойып ақылға, көмек қылып жақынға, ұмытпаған фәниде баратынын ақырға, ұмытпаған Құдайын отырса да тақырға адамдар да аз емес, заман ептеп өзгерді.

Кесірлерге көнбейтін, өсекшіге ермейтін, ұлттың сөзін сөйлейтін, теріс жолға түспейтін, кеңге құлаш сермейтін жаймашуақ кез келді.

Жамандықтан жиреніп, жақсылықтан үйреніп, тең ұстайық безбенді.

 Жарық жұлдыз

Шоқанды орысың да, қазағың да аққан жұлдыз деп жазыпты. Сәбит Мұқановтың ол туралы романы да «Аққан жұлдыз» деп аталады. Ғалымның құрметіне ұйымдастырылатын көрмелер мен экспозициялардың атауын «Аққан жұлдыз» немесе «Промелькнувший метеор» деп жазғанын күнде көзіміз көріп жүр.

Менің ойымша, Шоқан аққан жұлдыз емес, қазақтың көгінде жарқырап тұрған жарық жұлдыз.

Мөлдір бұлақ

Ыбырай Алтынсаринді дала қоңырауы деп атағанға әбден етіміз өліп кетті, құлаққа сіңісті болды. Герцен Еуропаны оятқан колокол болды деген сөз де есімізде. Ғафу Қайырбеков «Дала қоңырауы» деген дастан, Жайсаңбек Молдағалиев «Алғашқы қоңырау» деген хикая жазды. Кезінде мен де Қостанайда «Дала қоңырауы» деген газет шығардым.

Енді ойлап тұрсам, Алтынсарин даланың қоңырауы ғана емес, мөлдір бұлағы болған екен. Оның «Таза бұлақ» деген керемет әңгімесін ұмытқан жоқпыз. Сондықтан да, ол туралы жазған бір туындыма «Мөлдір бұлақ» деген ат қойдым.

Қиын

Елеусізді едірейтіп, күші жоқты күжірейтіп, намысы барды сүмірейтіп көрсететін дирижерлар бар.

Ергежейліні алып дейтін, көлеңкені жарық дейтін, дәрменсізді дәріптейтін қаламгерлер бар.

Одыраңдағанға ода жазатын, жыртық шалбарды мода қылатын, мағынасыз әңгіме айтып мазаны алатын көргенсіздер бар.

Олардан қашып құтылу қиын. Қуып шығу тіпті қиын.

Құлпы болса кілті жоқ, кілті болса құлпы жоқ…

Совет Одағын сағынып отырған жоқпын. Алайда, сол дәуірдің бір көрінісі көз алдымда. Кәдімгі велосипедтің адам отыратын орны артында арнаулы қорап болатын. Онда бірнеше кілт жататын. Көлігің бұзылып қалса, жөндеп алуға қолайлы еді.

Қазір сол тұстағы велосипедтерден екі есе артық әрі көріктілері бар. Бірақ, біреуінде де кілт жоқ.

Кейде біздің қоғам да осы жайды еске салады.

Құлпы болса кілті жоқ, кілті болса құлпы жоқ.

 Кредит деген кіреді ит

Ашық тұрған есіктен кредит деген кіреді ит. Үйге еніп алған соң қайта-қайта үреді ит. Қазанның қақпағы ашық болған соң не жейтінін біледі ит.

Ақылдымын деп ойлар миы ашыған ақымақ. Жүргендер бар несиеге көлік алып, қатын ап. Кредит деген ит кірсе, күнде тамақ бермесең қабатынын жұрт білсе, ондай итті керегі не асырап?!

Түсінбеймін

Мойынын қамытқа салып тұрып, «Құдай басқа салмасын!» деп қамыққандарды түсінбеймін.

Қуат-күші бар болса да, жадап-жүдеп тірлік кешкеніне өзін кінәламай, «Құдай салды, мен көндім»» дегендерді түсінбеймін.

Кездейсоқ тап болған жағдайды көріп тұрып, «Құдай неге көрмейді?» деп Жаратқаннан жақсылық дәметкендерді түсінбеймін.

Бес парызын орындай алмаса да, кісіге жасаған жақсылығын міндет қылып, «Құдай көріп тұр ғой. Жұмаққа мен бармағанда, кім барады?!» дегендерді мүлде түсінбеймін.

 Жаным ашиды

Торға шырмалған құсқа, ауға түскен балыққа, орға құлаған аңға жаным ашиды.

Жалғыз өскен талға, бақташысы жоқ малға, батасы жоқ шалға, атасыз өскен балаға жаным ашиды.

Ана сүтін ембеген, ата тәрбиесін көрмеген сәбиге, отбасынан тәлім-тәрбие алмаған бойжеткенге, ауылынан алысқа ұзап бармаған бозбалаға жаным ашиды.

Қарауындағылар тілін алмаған, өз балаларын да жөнге салмаған бастықтарға жаным ашиды.

Не пайда?!

Көйлек тігер торқа, бөзді сандықтан шығармай, шіріткеннен пайда жоқ.

Көңілдегі көрікті сөзді ауыздан шығармай, іріккеннен пайда жоқ.

Тамыры терең бәйтеректі көзге ілінбейтін құрт-құмырсқа сұлатады.

Мызғымай тұрған тұғыр-тіректі жұрт елемейтін сыбыр-күбір құлатады.

Шоқтан өрт шықпасын!

Кеше мені мақтағандар, бүгін сырттан даттағандар, барар жерге жете алмастан, орта жолда тоқтағандар, ар-намысты жиып қойып, белден басып, аттағандар, ұлтымыздың ең киелі қасиетін таптағандар, қызғаныштың қызыл шоғын кеудесінде сақтағандар, шоқтан шыққан сол бір өрттің ортасында қап-қалмаңдар.

Тарихта қала ма?!

Қой қамаған қораға ешкі кірген, атты әскер мен пілді де пешкі көрген заманда елде жүрген естілерден естір сөз ескерілмей, еленбей қалады екен. Жағымпаздар жарысы қызған сайын жазғыштардың жолы болады екен. Бірақ, солар аты шықпай жер өртесе де, тарихта қала ма екен?!

Ер және ез

Күндізгі істерін қас қарайғанға дейін созбаған, кешегі берген уәдесін ертеңіне бұзбаған, жаманшылықты көзі шалса, жүрегі сыздаған кісіні ер десе жарасады.

Мансапқа жеткен кісіні өліп-өшіп мақтаған, аярларды жақтаған, адамдықтан аттаған кісіні ез десе жарасады.

Елі үшін тер төккен, жері үшін қан төккен кісіні ер десе жарасады.

Қарақан басын ойлаған, қанша жесе тоймаған кісіні ез десе жарасады.

Ездер еңсеңді басса, ерлер рухыңды көтереді.

 Оңайдан олжа тапқандар

Қаңғыбас итті тазы деп, бір кесек майды қазы деп жүргендер жалы жоқ қаншырды арыстан, қоян алатын халі жоқ қаншықты арлан деуден де тайынбайды. Тұлпар болмаса да тарлан атын алғандар, сұңқар болмаса да тырнағын құсқа салғандар аз емес. Олар көбейген сайын теперіш көретін жүйріктер мен қырандардың да жағдайы мәз емес.

Оңайдан олжа тапқандар жабыға жабу жапқысы келіп тұрады. Абыройын сатқандар ағайын арасына от жаққысы келіп тұрады. Жүрегіне шам жаққандар ғана кісі көңілін тапқысы келіп тұрады.

 Мұнысы несі?

Атшаптырым жерге биесауым уақытта жетіп келетін қазақтың түйетанымы зорайып, есекдәмесі ұлғайып, ешкікөзденіп шыға келетіні несі?

Құйысқанға қыстырылып, маймылбеттеніп, күзендей кектеніп, өзінің қылғанын біреуден көретіні несі?

Істің аяғын сиырқұйымшақтатып, мысықтілеуін ішіне бүккен қоянжүректің түлкібұлаңға салатыны несі?

Текетірескен екі қошқардың басы бір қазанға симай қалатыны несі?

Қой мінезді қазақтың итжандылығын мақтан қылатыны несі?

Көбейді…

Жерім деп елжіремейтін, туған тілін менсінбейтін, ішкен мен жегенді, дәрет сындыруды ғана білетін жануартектестер көбейді.

Елім деп еміренбейтін, еңбектен ат-тонын ала қашып, елден тілейтін тілемсектер көбейді.

Төрелер келсе елпеңдейтін, жалпаңдаудан жиіркенбейтін, өтірік айтса өкінбейтін ойы келтелер, майлы желкелер көбейді.

Аузы көпірсе де тоқтамайтын, ана сүтін ақтамайтын, жақсылықты жақтамайтын, ар-ұятын сақтамайтын азғындар көбейді.

Ата-баба дәстүрін қадір қылмайтын, қиындық көрсе сабыр қылмайтын таяздар көбейді.

Естіген жұрт не дейді?!

Төбедегілер мен төмендегілер

Төменде тұрғандар төбеге шыққысы келе ме?

Келеді!

Төбеде тұрғандар етекте жүргендерді көре ме?

Көреді!

Олар бір бірінің мақсат-мұратын біле ме?

Біледі!

Төмендегілер көп.

Төбедегілер аз.

Төменде орын көп,

Төбеде орын жоқ, себебі.

Төмендегі құласа, әрі кетсе, ауырады жамбасы,

Төбедегі құласа, көл боп ағар көз жасы.

Төбедегі табаны тиген жерге кіріптар,

Төменгіге төбеге жетсем деген үміт бар.

Сауал көп, жауап жоқ…

Биікке шыққандар етектегілерді анық көре ала ма?

Өзіңде барлар өзінікін өзегі талған өзгеге бөліп бере ала ма?

Жер басып жүргендер сол жерді көркейтіп жүр ме, әлде босқа былғап жүр ме?

Кейбір патшаның жарлығымен сақал күзелгенмен, заман түзелді ме?

Сауал көп, жауап жоқ…

Таза болып қалғың келсе, жүн-жұрқа, күл-қоқыстан алыс жүр.       

Өз бойыңды өлшегің келсе, тапалдармен емес, биіктермен салыстыр.

Көп пе, жоқ па?

Өтірік айтпайтын, айтса айтқанынан қайтпайтын, адалдарды жақтайтын, елі-жұртын ешуақытта сатпайтын, харамнан дәм татпайтын, татулықты көзінің қарашығындай сақтайтын, біреудің ала жібін аттамайтын, ерегескен пендеге кек сақтамайтын, аманатқа қиянат қылмайтын, ауырлық болса, қайысса да сынбайтын, пайдалы кеңесті құлақ қойып тыңдайтын, мүсәпірге қайырым жасайтын, қиындыққа шыдайтын әділ кісі көп пе екен?!

Әлде мүлде жоқ па екен?!

Қайсысы керек?

Мен дұрыс түсіне алмай жүрген жағдай аз емес.

Жолдауды қолдау керек пе, талдау керек пе?

Сайлауда сайлау керек пе, таңдау керек пе?

Халыққа шындық керек пе, алдау керек пе?

Өткінші жалған

Түсетін жері көп көздің, жүретін жері көп сөздің. Қаншама елді көрдім, қаншама жерді кездім. Көрсем де көрмеген болып, білсем де білмеген болып, үндемей жүруге төздім. Тілімнің қышып тұрғанын, ерніме ұшық шыққанын жаныммен, тәніммен сездім.

Алдамшы жинаған мал менен мүлік те, үзілер жіптей болып созылған үміт те, Шәкәрім ақын секілді өткінші жалғаннан бездім.

Айналдым елімнен!

Күн сайын тігісі сөгілген, көрпедей астына төсенген көрінген, жыртықтан астары тозғаны білінген, бір бүтін киім де кие алмай талайлар өтіп те кетіпті өмірден.

Біреулер жүдесе, біреулер алаңсыз семірген, тірліктің құйтырқы ісінен сан мәрте жеңілген, жиренген, үйренген, жеріген бабамыз не білген?! Ұрпағын далаға тастамай, үмітін үзбеген, шыға алған сенімнен. Жүрсем де бірде аш, бірде тоқ, бірде бар, бірде жоқ, айналдым өзімді өсірген елімнен!

Бір қарын май

Компьютердегі әрбір файл немесе қоржыным сары майды тығып қойған қарын тәрізді. Тек солардың ішіне абайсызда құмалақ түсіп кетпесе екен деп қауіптенемін. Қайтадан сүзіп, ой елегінен өткіземін. Тұзы татымай жатса, тұз қосып, қалпына жеткіземін.

Кейде қаймақтан май шайқап, сары суын да сарқып аламын. Кейде көбігін де қалқып аламын. Қалам қуатына қанша сенсең де, шығармаларды елеуіштен өткізудің пайдасы болмаса, еш зияны жоқ.

Қарыз

Күліп барады,
Жылап келеді.
Жанға батады
Алған ақшаны
Аз-ақ дегені.
Оны алған да,
Оны берген де
Шыдап келеді.
Өсім алғанға,
Түсім болғанға
Қарыз беру де,
Ұнап келеді.
«Болса бересің,
Қашан келесің?» –
Сұрап береді.
Жоқты біле ме,
Енді тие ме
Елге көмегі?!
Шүкір, теңге де
Қажет пендеге
Құлап келеді.
Құны жоқ болса,
Қарыз көп болса,
Оны қайтару
Оңай, себебі.

Шам

Аттай қалап алған шам,
Қараңғыда жанған шам.
Күн шыққанда ешкімге
Қажет болмай қалған шам.
Іздегенде, әйтеуір,
Қандай жақсы бар болсаң.

Өмір

Кетіп тұр ғой мазам,
Жанып жатыр көмір…
Қайнап жатыр қазан…
Өмір…

Өлшем

Өлшеп берер салмақты
Өлшем деген безбен бе?!
Болғанымен жан-жақты,
Бола ала ма ардақты,
Бара қалса өзге елге?!

Тұр деймісің кім қарап,
Қиын, сірә, мойындау,
Өлшем бола алар ма
Табандағы ұлтарақ,
Мойындағы мойынбау?!

Асы да су тати ма,
Жұрт малтасын жүр езіп,
Өлшем бола алар ма
Саусақтағы сақина,
Білектегі білезік?!

Түссе мұндай тез күйге,
Құлазыр ма көңілі,
Өлшем бола алар ма
Костюмдегі жез түйме,
Кеудедегі темірі?!

Басылар ма желігі,
Пана болмай атағы,
Өлшем бола алар ма
Басындағы бөрігі,
Иықтағы шапаны?!

Үстінде бір төбенің
Қалар болса жалаңаш,
Естілмей не дегені,
Білінбей ме жегені
Астаулардан арам ас?!

Жарылсақ қайтер намыстан?!

Алланың берген сыйы ма,
Жіберген әлде сыны ма,
Көбейді «әулие», «данышпан»,
Қалса да жайлау қаңырап,
Жан-жақтан қойдай жамырап
Теңеуін айтып тауысқан.
«Кемеңгер», «ұлы» шетінен,
Қайтпайтын алған бетінен,
Ақылы, бәлкім, ауысқан.
Жығылып жерде жатып та,
Балайды шексіз бақытқа
Жәбірді көрген орыстан,
Іргелі жұртқа ере алмай,
Жүрміз ғой ырыс тере алмай
Қадірі қашқан қоңыстан.
Сезбей-ақ дәмін сыйлықтың,
Тістескен құйрық жүйріктің
Дүбірі жеткен алыстан,
Байталға болса бас қайғы,
Тұлпарлар неге қашпайды
Есектер озған жарыстан.
Ұсақтап кеткен ірісі,
Өлімен бірдей тірісі,
Қазақтың бастан бағы ұшқан.
Жұғатын келген жаттан тез
Ауызға толған мақтан сөз
Тажалдай жанды жанышқан.
Шықсақ та қанша сайланып,
Қазыққа қалдық байланып,
Шапқандай айға арыстан,
Жағасы кетіп дұшпанда,
Жан-жақтан жауы қысқанда,
Арманда қалды алысқан.
Өгізін өрге өрлеткен,
Көбейіп кесір кер кеткен,
Азайды қайта табысқан,
Інінің болмай ізеті,
Қамбаның болмай күзеті,
Мейірім кетті туыстан.
Әрқайсы үйге қамалып,
Қайғыға қайғы жамалып,
Ынтымақ қашты уыстан,
Күйелеп ар мен киені,
Түймедей қылып түйені,
Сыбызғы жасап қамыстан,
Жақсының мәнін ұғынбай,
Бүйіге жем боп шыбындай,
Күндерге жеттік суысқан.
Достарың қасқа айналса,
Кеудеңе қайғы байланса,
Жарылқау күтпе таныстан,
Бел шешіп еңбек етпесең,
Теріңді жерге төкпесең,
Жаумайды шұға Марстан.
Жаныма тілеп бір сауға,
Ойларым қалды құрсауда,
Жабағы жүндей ұйысқан,
Өзгенің салтын меңгеріп,
Етті де жүрдік кем көріп
Ыдысқа құйған борщтан.
Жақсыға болмай сүйкімім,
Өзгенің теріп қиқымын,
Қолдарым қалған қарысқан,
Жан-жүйем босап, егіліп,
Қабырғам кеткен сөгіліп,
Жүрегім қалған шанышқан.
Жүрсең де шалқып қай жақта,
Не пайда басқан аяққа,
Балтыры сыймас қоныштан,
Су болған киім кеппесе,
Биікке өрең жетпесе,
Айырмаң бар ма құныстан?!
Ғұмырын кешіп соқырдың,
Бүгіліп қана отырдым,
Жаза алмай бойды құрысқан,
Бола ма пайда залалсыз,
Суырдым қыннан амалсыз
Сөздерді өткір қылыштан,
Болса да жақсы ат қанша,
Мақтанып, төсті қаққанша,
Жарылсақ қайтер намыстан?!

Есің жи!

Ар-ұят жоғалды,
Дауыстар тоналды,
Өрт шалды үйіңді,
Дерт шалды қоғамды.

Қаралап адалды,
Ағартты арамды,
Әділдік іздеген
Түрмеге қамалды.

Бұлқынған шындыққа
Болады кім тұтқа?!
Ел-жұртым!
Есің жи!
Тудық па құлдыққа?

Түсімде бір ел көрдім

Түсімде бір ел көрдім,
Ұлан-байтақ жер көрдім.
Шексіз бақыт, қуаныш
Құшағында тербелдім.

Ұйқым қандай қатты еді,
Түсім қандай тәтті еді?!
Кеткен соң да оянып
Көз алдымнан кетпеді.

Аталары ақылды,
Әжелері аяулы.
Дұрыс ұғып нақылды,
Түсірмеген қаяуды.

Ағалары айбатты,
Інілері қайратты.
Балалары бақытты,
Туған жерін жайнатты.

Азаматы сүйкімді,
Әйелдері сүйікті.
Қылатұғын жұрты үлгі,
Жеңгелері қылықты.

Ұнатпайтын алғанды,
Ұнататын бергенді.
Барлық үйі мал-жанды,
Ұл-қыздары көргенді.

Бірақ, кетсем оянып,
Түсім екен, сол анық.
Өңнің өзін түсім деп
Жүрген жоқ па мына жұрт?!

Бұрынғы мен бүгінгі

Бұрынғы зиялы
Көре алған қияны,
Бұзбаған ұяны,
Ұлт үшін ұрандап,
Сотталған, атылған.

Бүгінгі «зиялы»
Сүйкімсіз сияғы,
Ақша боп қиялы,
Мадақтап мықтыны,
Билікке сатылған.

Бұрынғы зиялы
Жақсымен жанасып,
Жесірге жаны ашып,
Жетімге қарасып,
Еріксіз аһ ұрған.

Бүгінгі «зиялы»
Болған соң жол ашық,
Ақылдан адасып,
Сүйекке таласып,
Өз атын шақырған.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here