Кең құшағың тар болса түсінер ем…

0
3819

Кең қолтықты қазақтың бәйге атаулыға берер бөлігі баршылық. Асығы алшысынан түсер дода дегенің дегбірі қашқанның делебесін қоздырып, бас ұйыстырып домалатып әкетеді емес пе қашан да?! Бұдан әр қазақ көмейін де жыр туғызып, жүрек тұсын қыса көк қыранмен самғайды-ай кеп. Самғап жүріп ұлан-ғайыр рух алаңынан қарыштап ұлан асыр ой ап келеді. Спортқа қатыстының бар жібі жұртымыздың намыс, жүрегімен жалғаулы болса екен дейміз мұндай да. «Бәйге деген қиқу шыққан да, шын тұлпар талпынады» деген Сейдағаң. Дөп-ақ. Жүрек алқынысынан тақым қысқан жұртпен бірге бұлар да сезім қуатын тербейді. Бұлай сыпаттауыма Париж төріндегі оқиға себеп-ті.

Олимп шыңының бозғылт алқасын тағынған күрес шебері Ақжүрек Таңатаров. Кезінде кеңестік кезеңнің кезек менікі деген шағында керегін қағып әкеткен қазақ балуаны. Ұлы белеске тәй қадамын баса сап, алып адымдаған Ақжүрек. Оған шейінгі төрт құрлықты теңдеген теңдесіз тірестер де тізгін ұстамаса да, төрткүл дүние көз тіккен ойынның үздік үштік тізіміне бара сап тегін қосқан азамат. Сол балуандығын бағаланар бағы санап, жұрт ұландарына қолдау етейін деді ме, жолға аттанып Париж қалашығынан бір-ақ шығыпты. Сонда ойынды панасына алған Париж қақпасынан өз жұрты көз қиығымен қараса, құшағын ашқан қырғыз бауырлары екен. Дәмдеуіш емес, сөзге дәлел: «Осы Олимпиадаға Ақжүрек Таңатаров барған. Сол кісі ішке кіре алмай тұрыпты. Неге федерация арқасынан қағып кіргізе салмаған? Керісінше, «Ақжүрек Олимпиада жүлдегері болған адам емес пе» деп қырғыздар акредиттеуден өткізіп кіргізіп алыпты» (Олжас Байбосын). Неліктен федерация  министрлікке қазақтың батырын ұсынбаған? Федерация мойындамаған чемпионымызды қырғыздар мойындап кіргізіп отыр!

Тәуелсіздік тұғырына шыққан соң, талай сынға ілінбей қалғанының себебін алға тартумен ішіміздегі бүліністі бір сездірген еді. Енді мына жайттан ұлттық сезімдерге селкеу түскендей сезініс. Сонда біздегі «өз қазағым» деген бауырмалдықтың шекарасы болғаны ма қалай өзі?! Қандастық деген елден асқан сызықта қап қоятын емей қай түкпірде болсын жүректе жүретін сезім емес пе? Нағыз патриоттық сезімге тербеліп тұрар тұғыр да бұл не сасқанымыз? «Ұмыт қалар оқиға желісі ғой» дегенмен, әріден алғанда тас басқандай зілі бар ұлттық құбылыс бұл.

Кезінде Афины Олимпиадасына қазақ спорт журналистикасында шын жүрдек қалам ұстаған журналист елімізге бөлінген акредиттеумен құрама сапында емес, туристік жолмен барған Несіп ата Жүнісбай «итке өкпелеп, жалғыз тонды битке тастап қайтемін, есім барда жөн табайын, иегімді қышытпай» деген еді. Екі адам, екі бөлек оқиға демессіз. Екеуі де бір спорт. Бір мәселе.

Спорт деген дін сияқты. Бауырмалдыққа тәрбиелейді. Ал, бұл түгесе елімнің елдігін танытам деген құр көпірме сөз боп қалмақ. Тыңдаушы мәдениеті биік болған жерде айтылған ойдың болашағы болады. Тыңдар құлақ болса, саналы спорт талабы оған қатыстының бәріне сапалы жағдай жасау. 

«Сырт көз сыншы» дейміз-ау, әсте сол көз өзімізде болсашы…

Дильназ БИШЕР,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
Журналистика факультетінің 4-курс студенті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here