БИІК БЕЛЕСКЕ БАСТАҒАН ЖОЛ

0
206

Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» үндеуі – Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруындағы басым бағыттарды айқындап берген бірегей бағдарламалық құжат.

Мемлекет басшысының ұсыныстары халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуға айрықша зор әсерін тигізеді. Бүкіл әлем бойынша әлеуметтік бағдарламалар кейінге шегеріліп, үкіметтер бұрынғы міндеттерінен бас тартып жатқан уақытта Мемлекет басшысы осындай батыл бастамаларды қолға алып отыр. Осылайша, Елбасымыз кезекті рет Қазақстан үшін халқының әлеуметтік жағдайы әрдайым басым бағыт болып саналатынын іс жүзінде дәлелдеп берді.

Біріншіден, бұл әлеуметтік бастамалар дер кезінде қолға алынып отыр. Екіншіден, олардың әрқайсысы бүгінде өзекті болып саналады. Үшіншіден, әр бастаманың мультипликативті әсері бар. Яғни, аталған басымдықтарды жүзеге асырсақ, тек әлеуметтік сала емес, ел дамуының барлық бағыты жандана түседі. Төртіншіден, бұл – жарқын болашаққа салынған инвестиция. Бесіншіден, әр бастама нақты әрі тиімділігімен ерекше. Сондықтан оны жүзеге асыру үшін жұмыла жұмыс істеуіміз керек.

Мемлекет басшысының бұл бастамалары еліміздің экономикалық әлеуеті мен мүмкіндігі сараланып, бүгініміз бен болашағымыз сарапталып және әр тармағына дейін мұқият зерделенгеннен кейін ұсынылып отыр. Оны жүзеге асырудың барлық тетіктері де алдын ала жан-жақты қарастырылғаны анық. Осыларды ескере келе, бүгінде басым бағыттарды жүзеге асыруға Қазақстанның толық мүмкіндігі бар деп айтуға негіз жетерлік.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының белсенділері әлеуметтік бес бастаманы жүзеге асыруға атсалысуда. Облыстағы бастауыш ұйымдарда осы мәселені талқылаған төрт жүзге жуық партия жиналысы өтті. Бұл мәселе барлық деңгейдегі мәслихаттардағы фракциялардың, «Қазақстан – 2050» демократиялық күштердің өңірлік коалициясының отырыстарында, әртүрлі сараптамалық талқылауларында күн тәртібіне қойылды.

Қазіргі таңда елімізде экономиканы әртараптандыру үдерісі қарқынды жүргізілуде. Сондықтан бізде әлеуметтік салаларға көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік туып отыр. Осы тұрғыдан келгенде Елбасы бастамалары дер кезінде қолға алынды деп есептейміз.

Мемлекет басшысының әлеуметтік бастамалары еліміздің дамуына және халықтың тұрмысын одан әрі жақсартуға тың серпін береді. Өйткені, қазіргі таңда үндеуде айтылған баспана мәселесі, жалақысы төмен азаматтардың салық жүктемесін азайту, жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту, шағын несие көлемін ұлғайту және елді газбен қамтамасыз ету мәселелері, шын мәнінде, өзекті екені сөзсіз. Сондықтан да Елбасы айтқан әр бастаманың маңызы зор.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп түскен өтініштерді сараптай келе баспана мәселесінің өзектілігіне көз жеткіздік. Соңғы жылдары бұл бағытта айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Елбасының «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бастамасы аясында 2018-2019 жылдары облыс орталығында 1 500 пәтерлік тұрғын үйлер кешені бой көтермек. Олар «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалы мен екінші деңгейдегі банктер арқылы сатылмақ. Сонымен қатар, Петропавл қаласында бес жүзге жуық ескі үй ысырылып, 1 600 отбасы жаңа баспанаға ие болады. «Жас өркен» шағынауданында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары бүгіндері көз сүйсіндіреді.

Жалақысы төмен азаматтардың салық жүктемесін азайту да әлеуметтік оңтайлы шешім болғанын атап айтуымыз керек. Мұндай санаттағы адамдар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бір пайыз ғана жеке кіріс салығын төлейтін болады. Қазір біздің облыста осындай 31 мың жалдамалы жұмысшы бар. Бір жыл ішінде 867 млн теңгеге жуық қаржы олардың еңбекақы деңгейін көтеруге жұмсалмақ.

Біздің облыстағы жоғары және орта оқу орындарында 18,8 мың студент білім алып жатыр. Олардың бір мың жеті жүзден астамы жатақханаға зәру. Елбасының бастамаларында бұл мәселені шешу жолдары айқын көрсетілген. Қазір М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде білім алып жатқан жастар үшін бір мың орындық осы заманғы екі жатақхананың жобалау-сметалық құжаттары дайындалуда. Мемлекеттік-жекешелік серіктестік шеңберінде мұқтаж студенттер үшін бес жатақхана бой көтермек. Жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру мақсатында СҚМУ-де агротехникалық, медициналық мамандықтарға студенттер қабылдануда.

Бүгіндері «Ситифермерлік», «Бизнесті басқару», «Бизнес-жоспарлау», «Агроном-экономист» сияқты жаңа білім бағдарламалары жасалуда. СҚМУ мен Біріккен Араб Әмірлігіндегі әл-Фуджейра университеті арасында бес бағытта жұмыс жүргізу туралы меморандумға қол қойылды.

Біз партия мүшелерінің сан емес, сапалық құрамына басымдық беруге, жұмысты жетілдіруде жаңа саяси технологияларды қолдануға, жастармен белсенді жұмыс жүргізуге тырысамыз. «Жас Отан» жастар қанатына өңіріміздегі барлық жастар ұйымдарының басын біріктіруге ұйытқы болуды жүктейтін міндеттер қойылған. Міне, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» осы міндеттерді орындауға, еліміздегі әрбір азаматтың тұрмыстық ахуалын жақсартуға арналған. Елбасы бұл жұмыстарды орындау үшін заңнамалық база жетілдірілгендігін және осы мақсатта ауқымды жұмыс атқарылғандығын да атап өтті.

Жалпы, Президенттің тапсырмасы бойынша «Нұр Отан» партиясы Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе отырып, жоғарыда аталған міндеттердің жүзеге асырылуына қоғамдық бақылауды күшейтуді қолға алған болатын. Елбасы тапсырмасына сай «Нұр Отан» партиясының әлеуеті арқылы «Цифрлық Қазақстан», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары ел арасында кеңінен насихатталып, шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Сондай-ақ, жаңа саяси технологияларды енгізу арқылы негізгі жұмыстардың әдіс-тәсілдері өзгерген. Мәселен, енді партия жұмысын бағалауда ұйым тарапынан өткізілген іс-шаралардың және оған қатысушылардың саны емес, халыққа көрсетілген нақты көмектер есепке алынуда. Партия тарапынан ақпараттық, коммуникациялық тетіктер кеңінен қолданылуы нәтижесінде «Нұр Отанның» әлеуметтік желілердегі ақпараттарының таралымы мен оған жазылушылар саны, сәйкесінше оқылымы да арта түскен. Соңғы үш жылдың ішінде партияның бастамасымен елімізде көптеген IT-сыныптар ашылмақ, онда оқушылар бағдарлама жасау мен робот техникасы бойынша тереңдетілген білім алатын болады. Осы жоба аясында біздің облыста 59 сынып ашылған. Бұл жобаларға «Туған жер» бағдарламасы аясында кәсіпкерлер демеушілік көрсетті.

Мамандар даярлау үшін М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Оқушылар сарайында IT-орталықтар жұмыс істейтін болады. Мұндай орталықтарға алдымен оқушылар, жұмыссыз және өзін-өзі қамтыған жастар тартылмақ.

«Нұр Отан» партиясы шағын және орта бизнесті дамыту бағытында да бірнеше жобаны қолға алған. Жалпы, бүгінгі күннің өзекті әрі халыққа тікелей қатысты мәселелерін қоғамдық бақылауға алу, жоспарлардың орындалуын қадағалау еліміздегі ең ірі саяси ұйымның күн тәртібінен түспейді. Бұл – Партия Төрағасының тапсырмасы мен талабы.

Биылғы маусым айында өткен партияның Саяси кеңесінің отырысында Елбасы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру және олардың орындалуына бақылау жасау ісіндегі «Нұр Отан» партиясының рөлін атап өтті. Қазақстан Президенті әлемдік дамудың және экономикалық үдерістердің жоғары қарқынына тоқталып, жаңа сын-қатерлерге бейімделу қажеттігін айтты.

«Біз жүзеге асыруды жоспарлап отырған жұмыстардың бәрі бәсекеге қабілетті болуымыз үшін қажет. Экономиканың жаңғыруы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары біздің тарапымыздан атқарылуға тиіс нәрсенің бәрін толық айқындап берді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын және партияның цифрландыру саласындағы жобаларын орындаудың маңыздылығына назар аударды. Бұл маңызды бастамалардың жүзеге асырылуын бақылауды «Нұр Отан» партиясына жүктеді. Елбасы тапсырмасы алдағы уақытта да партия жұмысының өзегі болып қала береді.

Артур МОЛДАҒҰЛОВ, «Нұр Отан» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы Төрағасының бірінші орынбасары

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here