Шағын микроқаржы ұйымы немесе қаржылық үрей

0
2296

Қазақстандағы онлайн микронесие секторы мемлекеттің біржақты реттеу шараларының қысымына түсті. Жетекші сарапшылар заңды онлайн микроқаржы ұйымы нарықтан жаппай кететінін, заңсыз микрокредиттік операциялардың өсетінін, қаржы алаяқтарының айласы асатынын болжап отыр. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті осы шағын микроқаржы ұйымдарының үлкен үрейіне аз-кем тоқталмақ.

Халық неліктен банк несиелеріне қарағанда шағын несиені артық көреді?

Расында, «Қазақстандықтар неліктен банктік несиеге қарағанда шағын несиені артық көреді?» деген көптің көкейіндегі сұраққа Онлайн микронесие тұтынушылардың құқығын қорғайтын орталықтың жетекшісі Анар Байболатова былай жауап берді: «Адамдар өз пайдасын жақсы есептейді, өйткені банктер қысқа мерзімге шағын сомаларды бермейді. Онлайн микрокредиттердің жойылуы қазақстандықтарды үлкен сомада тек банктік несиелерді алуға мәжбүрлейді. Ал банктің несиелері қолжетімсіз әрі тиімсіз саналады, олар көбіне өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, мемлекет тарапынан қадағаланбайтын қаржы алудың көлеңкелі тұстарын қарастырады. Яғни, жаңа түзетулер азаматтардың мүддесін қорғаудың орнына, қазақстандықтарды алданып қалу мен алаяқтықтың құрбаны болуға әкеліп соғады».

Бүгінде билік пен Парламентте ұсынылған түзетулер қатарында «бір адамға бір несие» беруге шектеу бар. Мұндай шектеу қажет пе, ол қарыз алушылардың мүддесіне сай ма, несиелеу жүйесін жетілдіру жолдары туралы тұтынушылар арасында сауалнама жүргізілді ме?..

Анар Байболатованың пікірінше, конституциялық құқықтардың мұндай шектеулері қарыз алушылардың мүдделері мен экономикалық негізділігін ескере отырып, қоғамдық талқылауды талап етеді.

Анар Байболатова өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдардың көп бөлігі микронесие алғысы келетінін, алайда, олар өз табыстарын заңдастыруды білмейтіндігін атап өтті. Қазіргі банктердің несие беру ережелерінде мұндай азаматтар есепке алынбаған. Оның пікірінше, жүйе ыңғайлы болып, адамдардың нақты қажеттіліктерін қанағаттандыруы керек. Сонымен қатар, микроқаржы ұйымы нарығында реттеушінің ережелеріне сай жұмыс істемейтіндер де бар. Сондықтан бүкіл секторды жоюдың орнына заң бұзушылармен күресу керек.

Пайдасыз пайыз және жаһандық тәжірибе

«KazFinTech» Қауымдастығы кеңесінің төрағасы Алексей Сидоров микроқаржы ұйымы қолданатын сенім мен жаһандық тәжірибені былайша  түсіндіреді:

«Микроқаржы ұйымы (МҚҰ) – көптеген елдерде банктермен қатар табысты жұмыс істейтін қаржы жүйесінің ажырамас бөлігі. Осы жылдар ішінде микроқаржы ұйымы бүкіл әлем бойынша миллиондаған клиентке, соның ішінде Ресейге, Еуропаға, АҚШ-қа және Ұлыбританияға жақсы қызмет көрсетеді. Қазақстанда  кейінгі 10 жылдан бері біздің сектор пайдаланушылардың сеніміне ие болды. «Бізді үнемі пайыздары жоғары» деп айыптайды. Алайда, микроқаржы ұйымы мұнда несиелеріміздің қысқа мерзімділігін көрсетпейтін жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі сынды есептеу әдістерге байланысты проблемаға тап болады. Несие берудің көлемі мен мерзімінің шектелуіне байланысты, біздің өнім тұтынушыларға қолайлы ашық шарттармен ұсынылады. Соңғы 4 жылда онлайн микроқаржы ұйымы сыйақы мөлшерлемесі 5 есеге төмендеді, тұтынушылардың құқықтарын қорғау шаралары да қолайландырылды. Қазіргі таңда бұл жүйені нарық пен қаржылық құрамнан түбегейлі жоймастан бұрын, осы жолда бірқалыпты  шаралар мен нарық пен тұтынушылар арасындағы тепе-теңдікті бұзбайтын «жеңіл бағыттарды» қарастыру қажет».

Сондай-ақ, Алексей Сидоров 10 жыл ішінде микроқаржы ұйымы нарығында клиенттік базаны 1,7 миллионға дейін арттырғанын, тек соңғы үш жылда микроқаржы ұйымы мемлекетке салық түрінде 44 миллиард теңге төлегенін тілге тиек етті.

Оның айтуынша, онлайн несиенің орташа сомасы – 21 күнге 70 мың теңге. Күніне 0,99 пайыздық мөлшерлеме бойынша сыйақының жалпы сомасы келісімшарт соңында 14 мың теңгені құрайды. Бірақ онлайн несиенің басты артықшылығы мынада: сыйақының максималды сомасы қарыз сомасының 50 пайызынан аспауы керек. Мұны реттегіш белгілейді. Яғни, қанша кешіктірілсе  де, 90 күннен асып, тіпті, бір жыл болса да қарыз алушы микроқаржы ұйымына 35 мың теңгеден артық төлемейді. Бұл мерзімі созылған сайын өсімпұл артатын банк сынды емес. Микроқаржы ұйымы қанша кешіктірілсе де, қарызды өсірмейді.

Алексей Сидоров микроқаржы ұйымы мен банктер арасындағы тағы бір айырмашылыққа тоқталды: Микроқаржы ұйымы өз қаражатымен жұмыс істейді, депозиттер тартпайды, бұл жалпы қаржылық тұрақтылық үшін жүйелік тәуекелді жояды. Басқа банктерден айырмашылығы да осы.

Бүгінде Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі онлайн микроқаржы ұйымы қызметін қадағалауды күшейтуге бағытталған заңнамаға 50-ден астам өзгерістер енгізді. Бұл микрокредиттің үлесін жалпы несие нарығының 1%-на дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Демек, микронесиелеу халықтың жалпы қарыздық жүктемесінде маңызды рөл атқармайды.

«Атамекен» ҰКП өкілі Тимур Жәркеновтың айтуынша, микроқаржы ұйымының онлайн несиелері мәселесінде ұзақ мерзімді салдарды ескермейтін, жағымсыз нәтижелерге әкелуі мүмкін оңайлатылған шешімдерден гөрі, нақты әрі прагматикалық экономикалық бағалау қажет. Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) кіретін көрші мемлекеттердің тәжірибесіне қарап, Ресей Федерациясында Микроқаржы ұйымдарының несиелері бойынша жылдық мөлшерлеме – 292% екенін білуге болады. ЕАЭО қаржы нарықтарын реттеу саласындағы заңнаманы үйлестіруді бақылап, мұны ескеру қажет. Тимур Жәркенов онлайн микронесиелеу секторы бұл тезистерге қайшы келеді деп санайды. Заңды әрі қажетті сегмент ретінде МҚҰ бизнесті қолдауды қамтамасыз ету үшін реттеу тәсілдерін тездетіп қайта қарау қажет.

 Онлайн несиеден опық жегендер көп…

 Сарапшы, экономист Айдархан Құсайыновтың пікірінше, кейбір билік өкілдерінің нарықта ең көп сұранысқа ие қаржы құралы – онлайн несиелеуге бірден және түбегейлі тыйым салуға деген ұмтылысы әлеуметтік және теріс салдарға әкелуі мүмкін. Халықтың экономикалық тұрғыдан осал топтарын, яғни «жалақыға дейін» деп микрокредиттер алатын адамдарды несиелеу жүйесінен шығару – миллиондаған жанды құлдырау жолына итермелеуі мүмкін. Олардың қаржыға деген сұранысы кемімейді. Сондықтан олар нағыз өсімқорға, экстремистік сипаттағы секталарға және басқа да маргиналды топтарға жүгінуге мәжбүр болады. Онда оларға аздап қаржылық қолдау көрсетіп, кейіннен адалдық пен кейбір қызметтерді талап етеді. Мемлекет пен қоғамға қаржыландыру көздерінен аластатылғандар керек пе? Бұл жалпы нарықтың 1 пайызындай аз болса да, бірақ миллиондаған адамдар үшін өте маңызды.

Дегенмен, мемлекет қаржылық өзара қарым-қатынасты бақылаудан бас тарқан жағдайда не болатынын біз қазірден-ақ байқай аламыз. Бүгінде нарықта реттеушілердің талаптарына бағынбайтын ұйымдар көп. Соның бір мысалын брифингте «Фемида көмек» қаржылық оңалту және банкроттық орталығының жетекшісі Ринат Мұстафин баяндады. Ол реттеуші лицензиясын қайтарып алған, алайда азаматтық-құқықтық қатынастың шеңберінде қарызға ақша берумен айналысатын қарағандылық «Эверест-қаржы» компаниясы туралы айтып берді.  Айтқандай, реттеуден қаша отырып бұл компания қиындықтарға тап болды.

«Кезінде бұл компания елде мыңдаған азаматтарға несие берген. Лицензияны қайтарып алу басталғаннан кейін ол көрінбей кетті, алайда нарықта қалды. Енді азаматтарға берген қарызын өте көп мөлшермен, бірде үш есебімен қатаң түрде өтетіп алуда. Мұның бәрі арбитраждық шешімде келтірілген қиыс ұйғарымдардың негізінде жасалуда және бұл компанияға ешкім ештеңе істей алмай отыр, себебі компания заңның осал тұстарын шебер пайдалана біледі», – дейді Ринат Мұстафин.

Сарапшы аталған компания қарызға ақша беру арқылы заемшылардың қарыздарын адамның ақылына сыймайтын көлемге дейін жеткізіп отырғанына бірнеше мысал келтірді. Петропавлдық А. деген заемшы 500 мың теңге несие алған. Енді соттың шешімімен оны 1 миллион 200 мың теңге етіп қайтаруы керек. Степногорсктен тағы бір В. деген азамат «Эверестен» қарызға 1 миллион теңге алған. Енді сот оған бұл ақшаны 4 миллион етіп қайтартуды ұйғарды.

Ринат Мұстафин өзінің компаниясында несиелер мен қарыздар туралы деректер талдауы негізінде  жасалған жиынтық кестені көрсетті. Бес миллион алсаң – 19 етіп қайтаруды талап етеді, 3 миллион алдың ба – 17 етіп қайтаруды міндеттейді, солай кете береді және бүкіл Қазақстан бойынша осылай… Сарапшылардың есептеуі бойынша компанияның шектен тыс  көп табысы 296 744 941 теңгені құраған. Нарықтағы осындай «флибустьерлердің» кесірінен МҚҰ-дың біздің азаматтарды қарызға батырып жатқаны, шектен тыс пайызы туралы «теріс қауесет» тараған сияқты. Себебі, біздің азаматтар негізінен несие нарығында қай микроқаржы ұйымдары реттеуші ережесімен жұмыс істейтін «ақ», шынайы екенін, ал қайсысы ешқандай ережені сақтамайтын «қара» екенін әлі де дұрыс айыра алмайды.

Тобықтай түйін

Сарапшылар бірауыздан «халықтың несиеге кіруіне жол беруге болмайды» деген пікірге келіп отыр. Олардың бәрі микроқаржы ұйымы тұтынушыларын қорғау үшін Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қабылдаған маңызды қадамдар, соның ішінде мерзімі өткен несие үшін қосатын бағаны шектеу және пайыздық мөлшерлемені төмендету бойынша жұмыстарын атап өтті, бұл анағұрлым жауапты несие тәжірибесіне өткендікті білдіреді. Барлығы заңда микроқаржы ұйымына арналған өзін-өзі реттеу қағидатын бекіту және тек өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелері үшін ғана лицензия ұсынуды бекіту туралы ұсынысты қолдады. Бизнесмендер мен сарапшылардың пікірінше, бұл қаржы нарығының «өте сезімтал» секторындағы жауапкершілік пен ашықтықты қамтамасыз етуде маңызды қадам болмақ.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here