Өнер өркениетіндегі жаңа квинтет

0
1524

Жас ұрпақ – тәуелсіз Отанымыздың келешегі. Ал, жарқын күндерге жаңаша бағытпен ілесіп, бой түзеп өсіп келе жатқан ұл-қыздарымыздың білімді, өнерлі, спортқа жақын болып қалыптасқаны ләзім. Өнер саласындағы жастарымыздың осынау жетістіктері көрермендеріне зор шабыт сыйлап, бір серпілтіп тастады. Нақтылай айтсақ, қазақтың классикалық музыка өнері жаңа квинтетпен толықты.

Таяуда 90 жылдық тарихы бар Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармония қабырғасында тың концерт өтті. Мәдени кеш мемлекеттік классикалық гитаристер квинтетінің құрылуына орай ұйымдастырылған. «БасТау» деп аталатын кеште гитараның шеберлері өнер көрсетті. Классикалық музыканың румба-фламенко саласындағы гитаристер филармонияның жаңа әрі төл өнімі.

Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған бұл алғашқы концертте қазақ өнеріндегі тың өнерпаздар тобы таныстырылды. «БасТаудың» жетекшісі бірнеше халықаралық конкурстардың жеңімпазы Бауыржан Жылқыбаев болса, квинтеттің құрамында Акбар Қиарыстан, Ұлан Ахметов, Асан Нарбота және Зәуре Нарбота сынды жастар бар.

Бес ішекті аспаптың майталмандары тыңдарманға Құрманғазының атақты «Адай» күйін шертіп, әрмен қарай Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар әні» мен «Әлқиссасымен» жалғай отырып, Малғаждар Әубәкіровтың «Наркескен» күйін де гитарамен өз нақышымен орындап шықты. Сондай-ақ жаңаша форматтағы концертте квинтет жетекшісі Бауыржан Жылқыбаевтың «Amigo», «Kazakh rumba», «Қайырлы таң» және «Nomads» сынды авторлық композициялар тыңдарманның құлақ құрышын қандырса, шет елдік «Inspiration», «Love and liberte», «Mario takes a walk» және «Tamacun» атаулы көптеген танымал туындылар да шертілді.

Классикалық музыка санатына кіретін өнердің осы түрінен топ құру туралы бастаманы филармония басшылығы өздері ұсыныпты. Бұл идеяға Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп, нәтижесінде Мемлекеттік классикалық гитаристер квинтеті құрылған. Сонымен, алғашқы кеші жоғары деңгейде өтті.

«Еліміздің көптеген өнер мектептерінде, колледждер мен академияларда гитара топтары бар. Оған қызығушы жастар да аз емес. Дәл осы салаға мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілмегендіктен гитара шеберлерінің жұлдызы жанбай келеді. Түлектердің көбі гитара мұғалімі, үлкен концерттерде сүйемелдеуші болып өнер көрсетеді. Сондықтан біздің мақсатымыз гитаристердің төл бағытын қалыптастырып, талантты жастарды бір арнаға тоғыстыру», – дейді Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры Ақан Әбдуәлі.

Ендеше, өнерлі жастардың алдағы шығармашылық жұмыстарына толағай табыстар тілейміз! Өнерді сүйген, өнерге бастарын иген, көрермен-тыңдармандарының ыстық ықыласына бөленген ансамбль мүшелерінің жанарларынан өнерге деген жалынды отты көресің, ал жүректерінің түкпірінде өнерге деген өшпес махаббаттары жатқандай…

Индира БІРЖАНСАЛ

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Квинтет (латынша quintus – бесінші) – бес орындаушы музыканттан, вокалистерден немесе аспапшылардан тұратын музыкалық ансамбль. Ол музыкалық аспапта орындаушылар немесе әншілер тобынан құралады. Музыкалық шығарма бес аспапқа және бес әнші дауысына арнайы жазылады. Аспаптардың құрамына байланысты бірыңғай мен аралас құрамды болып бөлінеді. Әдетте, ішекті және үрмелі аспаптарға арналған квинтет XVIII ғасырдың екінші жартысында қалыптасты. Мысалы, Франц Йозеф Гайдн мен Вольфганг Амадей Моцарт шығармаларынан көруге болады. Вокалдық квинтет опералық іс-әрекеттің, ораторияның, кантатаның бөлігі бола алады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here