Өмір – сынақтар мен белестерден тұрады. Оның ауыры мен жеңілін, қиындығы мен қуанышын таңдау біздің еркімізден тыс. Адам өмірді және тағдырдың әртүрлі мазмұндағы «сценарийін» таңдамайды. «Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме!» – деп, кез келген қиындыққа төтеп беретін жаратылыс иесінің қоғамдағы мүмкіндігі шексіз. Өмір өткелдерін біз таңдамағанымызбен, оны жеңілдететін жолдарды табу өз қолымызда емес пе?! Әркім өзіне шексіз мүмкіндік сыйлауға хақылы. Сондықтан, әр атқан таңда алға ұмтылу – адамдықтың көрсеткіші. Тағдыр жел өтіне қалдырып, талай сынаған жандардың бірі де бірегейі – жас та болса талаптың тұлпарын мініп, мақсатынан көз жазбаған Бахтияр Мұхамбетқалиев бүгінгі «Шексіз мүмкіндіктің» кейіпкері.
ӨМІРДІҢ ӨЗ КЕЛІСІМШАРТЫ…
Бахтияр Мұхамбетқалиев кәсіби футболмен айналысқан. Алайда, обыр дертіне шалдыққан соң аяғынан айырылыпты. Аяғын кестірмесе, өмірінен айырылатынын түсінген кейіпкеріміз өмір сүру үшін барлық қиындыққа төзіп келеді. Оң аяғына ауыр ота жасалған Бахтияр еңсесін түсірмеген рухымен өзгелерге әрдайым үлгі. Ол ештеңе қарамастан спорттық жаттығуларын жалғастырып, бүгінде өз саласында елеулі жетістіктерге жеткен. Қазір ол өзінің «Батыр» футбол мектебінің негізін қалаған. Одан бұрын Қазақстандағы тұңғыш жекеменшік футбол клубы «SD Family» клубының бас бапкері болыпты.
Кейіпкеріміз бала кезінде футболға мүлдем қызықпапты. Доп тебуді өнер санамаған ол үйде жалғыз отырып зерікпесін деп жеті жасында ата-анасы хоккей үйірмесіне апарғанын айтады. Бокс пен хоккейді серік етпек болған кейіпкеріміз бұл екі спорт түрі де қаржыны талап ететін қымбат спорттар екенін жасырмады. Бахтиярдың футболды таңдауының өзі қызық.
Бахтияр Мұхамбетқалиев: «Футболмен сегіз жасымда, Астанаға көшіп келгенде айналыса бастадым. Қазір не себепті дәл футболды таңдадым деп ойлансам, сол уақытта жалғыз ақысыз спорт түрі болғандықтан таңдаған екенмін. Сонымен қатар, бағыма қарай маған өте жақсы жаттықтырушы кездесті. Константин Котов – Қазақстан Ұлттық құрамасының бұрынғы футболшысы болған. Нәтижесінде мен «Астана» футбол клубының құрамына кірдім және онда жақсы дерлік нәтижелер көрсеттім. Әрі менің физикалық көрсеткіштерімде сәйкес келді. Тіпті, 12 жасымда бойым – 1,75 м болды. Өзімнің талабыма, қабілетіме сенімді болып, басқа жас футболшылар сияқты 17-18 жаста ауқымды келісімшарттарға қол қойсам деп армандадым. Оның ішінде «Астана» футбол клубы да бар еді. Бірақ, өмір менің жоспарларыма күтпеген жерден өзгеріс енгізіп жіберді, яғни, өмірдің өз келісімшарттары бар екен», – деп өткен шақ пен бүгінгі кезеңін есіне алады.
Жазмыштан озмыш жоқ екені рас. Кеше ғана доп теуіп, футбол ойнап, өз командасының вице-капитаны болып жүрген Бахтияр Мұхамбетқалиев бір-ақ күнде аяғынан айырылып, соның салдарынан бүгін өмірі түбегейлі өзгерді. Бірақ, тағдырдың тауқыметі спортшының сағын сындырмапты.
Ол басынан қандай ауыртпалық өтсе де күнделікті жаттығуын ешқашан кейінге қалдырмаған. Астанадағы Паралимпиадалық спорт кешені Бахтияр Мұхамбетқалиевтің жағдайын түсініп, өтінішін құп көрген кешен басшылығы спортшының осында еркін жаттығуына рұқсат беріпті.
«Кез келген сұраққа жауап беруге дайынмын. Бәрін де сұрай беріңіздер. Аяғымнан қалай айырылғанымды, қалай кескенін, өмірімнің қыл үстінде болғанын, бәрін-бәрін айтып беремін», – деген Бахтиярдың ашық-жарқын мінезі мен төзімділігіне тәнті боласыз.
БІР ШЕШІМ: ӨМІР МЕН ӨЛІМ
Кейіпкеріміз ел намысын, ұлттың мүддесін бірінші орынға қоятын азаматтар қатарынан. Ол командамен бірге Қазақстанның әр түкпіріндегі турнирлерге қатысып, тіпті, орталық қорғаушы шебінде ойнап, команданың вице-капитаны болыпты.
Кейіпкеріміздің «өмірдің өз келісімшарты бар екен» деген келісімшартына оралсақ: Бахтияр 2016 жылы жаттығу кезінде абайсызда құлап қалып, аяғынан ауыр жарақат алғандықтан ауруханадан бір-ақ шығады. Жарақат алып жатқан футболшылар көп. Дегенмен, кейіпкеріміздің жағдайы өте күрделі болғандықтан, дәрігерлер оған қос таңдау ұсынады. Кейіпкеріміздің өзінің айтуынша, егер аяғын кеспесе, ол өмірінен айырылатын еді. Бұл жарақаттан соң бірден орын алған жайт емес. Арада біраз уақыт өтеді. Аяғының ауырғанына бастапқыда мән бермеген Бахтияр жазылатын түрі болмаған соң клубтың дәрігерлеріне жүгініпті. Толық тексерістен өтіп, томография мен рентгенге түскен соң ол жарақатының қатерлі ісікке айналып бара жатқанын біледі.
Өзі бұл кезең туралы: «17 жасымда Орал қаласындағы ойында аяғым қатты ауырғанын сезіндім. Бірақ, оған мән бермей, әрі қарай жүгірдім. Сосын 65-ші минутта мүлдем шыдатпай ауырды. Тіпті, қорқып кеттім. Ойынды жалғастыра алмадым, мені алмастырды. Астанаға оралған соң, аяғым ісініп кетті. Тренер мұны байқады да, мені үйге жіберді. Әлі есімде, желтоқсан айы болатын. Ал, қаңтарда мен келісімге қол қоюды қаладым. Менің мақсатым отбасымды қамтамасыз ету болды. Себебі, ол кезде отбасылымын, балам да бар еді. Дәрігерлер ауруды анықтау үшін биопсияға жіберді. Медицина тілінде бұл сүйектің бір бөлігін кесіп алып, сол арқылы диагноз қою дегенді білдіреді. Сол кезде-ақ футболмен қоштасу керек екенін айтты. «Сен бұрынғыдай жүгірмейсің, кәсіби спортпен айналыспайсың, бірақ әуесқой футбол ойнауға болады», – деп мені жұбатты. Басқа амалым болмағандықтан көнуге мәжбүр болдым. Әрине, өте ауыр соққы болғанын жасырмаймын. Мен өмірімнің бәрін футболға арнадым», – дейді өкінішін жасырмай.
Сонымен, оның диагнозы Астанада, Алматыда және Германияда расталыпты. Ол ең ауыр рак ауруларының бірі екен. Өйткені, ауру ошағы тікелей сүйектің ішінде болған. Кейіпкерімізді дәрігерлер жаңа жылға қарай үйіне жіберіпті. «Бұл өмірімдегі ең қайғылы «Жаңа жыл» болды. Бірақ, ұлыма қараған кезде емделуді ертерек бастауға шешім қабылдадым. Себебі, ұлыма әке қажет екенін білдім», – дейді ол.
Бахтияр Мұхамбетқалиев бірден Астанадағы Онкологиялық ауруханаға жіберіліп, сол жерде 2016 жылдың желтоқсанында аяғына алғаш рет ота жасалыпты. Содан 2017 жылдың қаңтарынан бастап күнара химия-терапиялық емдеу қабылдап жүрген кейіпкеріміз 2016 жылы наурызда тағы да оң аяғына ота жасатыпты. Сан мен сирақты жалғастырып тұратын сүйектің орнына темір салғандықтан, енді тек ем-дом қабылдап, химия-терапиядан өтіп тұру керек екен.
«Мен Қазақстанда жоғары дозалы химияотерапия алған үшінші адам болдым. Израильден келген профессор ата-анамды жұбатып, жас организм әрі спортшы болғандықтан бұл сынақтан өтетінімді айтыпты. Бірақ, ешкім ешқандай кепілдік берген жоқ. Үйде көп добым бар. Операциядан бір күн бұрын доппен далаға шықтым да әбден теуіп ойнадым. Себебі, ертең операция үстелінен кейін мен мұны істей алмайтынымды түсіндім. Ампутация жайлы да ойлап қойғанмын. Өйткені, білетін адамдардан кеңес сұрағанда бұл бактерия ешқашан кетпейтінін, бүгін болмаса ертең қайта қозып, алдымен бауырдан айырылатынымды, содан кейін өміріммен қоштасатынымды айтқан. Үйдегілер де «аяғыңды кес» деп айтуға бата алмай жүр екен. «Бахтияр, бұл сенің өмірің. Өзің жақсылап ойлан! Сен футболшысың. Ертең арбаға таңылғанда доп тебе алмайтыныңа бізді кінәлап жүрме» деген. Бірақ, аяқтан пайда болмай қалғанын өзім де түсіндім. Ал, өміріммен қоштасқым келмейді. Ұлымның өскенін көргім келді», – дейді шексіз мүмкіндіктің иесі.
Сөйтіп, ол дәрігерлерге «дайынмын» деп, аяғын кесуге рұқсатын беріпті. Кеше ғана доп теуіп жүрген зіңгіттей жігітке «аяғыңды кесеміз» деу – «дарға асамыз» дегенмен бірдей болғанымен, дәрігерлер футболшының өмірін сақтап қалды. Кейіпкеріміз содан бері балдақпен жүр. Бахтияр Алматы қаласының Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында ем алған. Дәрігерлердің мәлімдеуінше, Бахтияр қатерлі ісіктен кейін де бұрынғыдай өмір сүре алады.
«ӨМІРІҢНІҢ ЖАЛҒАСЫМЫН»
Ең қызығы, кейіпкеріміз ауруханада жатып түс көріпті. Түсін жақсылыққа жориық.
«Қай жыл екенін білмеймін, әлем чемпионаты екен. Финал. Қазақстан мен Бразилия құрамасы ойнап жатыр. Мен негізгі құрамдамын. Бір кезде ойынның соңына таман бас бапкер мені алмастырды. Стадион өре түрегеліп, қол шапалақтап жатыр. Қарасам, орныма қосалқы құрамнан ұлым шығып келе жатыр екен. Артында Дінмұхамед деген жазу бар. Оянған соң түсімді неге жоритынымды білмей, ұзақ ойландым. Ақыры мен жете алмаған арманға ұлым жететін шығар деген қорытындыға келдім. Расымен де, Дінмұхамедтің футболшы болуына енді бар күшімді саламын. Одан ешнәрсе аямаймын», – дейді Бахтияр Мұхамбетқалиев.
Ол қиындықтар мен кедергілерге қарамастан жаңа белестерді бағындыруға бел буып отыр. Бір аяқпен де талай асулардан өтуге болатынын дәлелдемек болған қайсар азамат, ең бастысы, жігерді жасытпау керектігін айтады.
«Көптен күткен сәт те туды. Бақыттымын деп айта аламын ба? Білмеймін! Алайда, екі аяғыңа қайта тұру – керемет сезім. Енді арманыма жетіп, әлемді бағындыратыныма деген сенім екі есе арта түсті», – дейді футболшы.
Қазір Бахтияр фитнеспен айналысып, спорт залға жиі барып, ұлымен бірге футбол ойнап, басқа балаларды да футболдан жаттықтырады. Кейіпкеріміз өзі секілді рухы мықты, жігері мығым жастарды тәрбиелеу мақсатында «Батыр» футбол мектебінің негізін қалаған.
«Бұл балалар мені түсінді, олар маған дамуға көмектесті. Барлық тараптан: яғни, болашақ футболшы балалар мен олардың ата-аналары тарапынан қолдау мен сенім мол болды. Бұл мен үшін өте маңызды», – дейді бапкер.
Кейіпкеріміз әлеуметтік іс-шараларға да белсене араласады. Мысалы, 2017 жылы Бахтияр Мұхамбетқалиев Еуропа Лигасы топтық кезеңінің «Астана» – «Маккаби» матчын тамашалау үшін стадионға барыпты. «Сүйікті клубымның маңызды ойынына келіп, жанкүйерлермен иықтаса «Астанаға» қолдау білдіру төбемді көкке жеткізді. «Астана Арена» стадионындағы атмосфера керемет болды. VIP-сектордан орын бөлгені үшін клуб басшылығына ерекше алғыс айтамын. Ота жасатқан соң лангет кигізілген аяғым июге келмей қалды, ал VIP-сектордағы орындар қолайлы, отырып ойын тамашалау мүмкіндігін сыйлады», – дейді футболшы.
Бахтияр Мұхамбетқалиев спорттан басқа да қоғамдық дүниелермен айналысқысы келеді. Өзін-өзі жетілдіріп, рухын жаңғыртқан бапкердің болашақтан үміті зор. Мәселен, өзі сияқты жағдайға түскен жандарға семинарлар өткізіп, дәріс оқуға, кеңес беруге дайын екен.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Мінекей, біз бүгін ғана таныған бір тағдырдың тарихы осындай. Бахтияр Мұхамбетқалиев сынды мақсаты мен мүддесі бар, көздеген нысанасынан айнымайтын азаматтар еліміздің жарқын болашағының кепілі. Кейіпкеріміз қандай жағдай болса да, өзін бақытты санайды. Өйткені, ол өмірдің барлық сынына төтеп беруге дайын. Елін, жерін мақтан тұтатын Бахтиярдың қайсарлығы мен батылдығын біз де құрметтейміз.
Әлия ІҢКӘРБЕК, «Qazaq» газеті