Мейірімділік қадамы: 15 мыңнан астам адамға амнистия жарияланды

0
2194

Биыл Қазақстан азаттық алғаннан бергі оныншы рет рақымшылық жасайды. Бұл жолғы мерзімінен бұрын түрмеден босату Конституцияның 30 жылдығына орайластырылады. Палатаның 2025 жылғы 19 маусымдағы жалпы отырысында Сенат депутаттары «ҚР Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңын қарап, қолдады. 23 маусымда қоғамда «гуманизм мен мейірімділік актісі» аталып кеткен «Рақымшылық жасау туралы» заңға Мемлекет басшысы қол қойды. Бір ғасырдан астам тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін сотты болғандарға жаңа өмір бастауға мүмкіндік беретін амнистияға тоқталады.

РАҚЫМШЫЛЫҚ ТУРАЛЫ ЗАҢ КҮШІНЕ ЕНДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде қылмыстық-атқару жүйесін ізгілендіру, жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажет екенін айтты.

«Осыдан үш жыл бұрын елімізде жалпыұлттық референдум өтті. Азаматтарымыздың көпшілігі Ата заңға түзету енгізуді қолдап дауыс берді. Реформаның нәтижесінде еліміздің саяси құрылымы түбегейлі жаңғырды. Адам құқықтарын қорғау жүйесінде ауқымды өзгерістер жасалды», – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Конституциялық Сот құрылды, Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәртебе берілді, оның құзыреті кеңейді. Өлім жазасы да біржола алынып тасталды. Мұның бәрі – Конституциямызға тән ізгілік рухының көрінісі. Себебі, Ата заңымызға сәйкес адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, бұл – ең қымбат қазына.

«Биыл Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толады. Осыған орай, құқық қорғау құрылымдары, депутаттар мен құқық қорғаушылар сотталған азаматтарға рақымшылық жасау туралы бастама көтерді. Парламент тиісті заңды қарады, мен бұл заңға қол қойдым. Осы ізгі шараның арқасында жазасын өтеп жатқан 15 мыңнан астам адамға амнистия жарияланды. Соның екі мыңнан астамы бостандыққа шығады. Қалғандарының жаза мерзімі қысқарады. Онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағандар ғана рақымшылыққа ілінеді. Ең алдымен, әлеуметтік жағынан осал топқа жататын адамдарға, яғни, баласы бар әйелдерге, егде адамдарға, кәмелет жасына толмағандарға және осы санаттағы басқа да азаматтарға кешірім беріледі.  Мұны жаза басқан жандарға жасалған нақты көмек, олардың қоғамға қайта оралуына жағдай жасау деп түсіну қажет. Әл-Фарабидің сөзімен айтсақ, бұл – шын мәнінде қайырымды елге тән сипат», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президент рақымшылық жасау арқылы мемлекет шалыс қадам басқан азаматтан теріс айналмай, тек оның тура, дұрыс жолға түсуіне жәрдем беретінін меңзеді. Әділеттілікке ұмтылған елдің заңы да соған сай болуға тиіс. Дей тұрғанмен, азаматтар рақымшылық жасау – барлық мәселенің шешімі емес, бір реттік шара екенін ұғынғаны абзал.

ҚР Парламенті Сенатының Түркістан облысынан сайланған депутаты Мұрат Болатұлының сөзінше, заңға сәйкес қылмыстық жауаптылықтан немесе негізгі жазадан қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдар, залал келтіруге алып келмеген не оны толық өтеген немесе олар бойынша азаматтық талап қойылмаған ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдар, залалдың немесе азаматтық талап қоюдың бар-жоғына қарамастан, ауырлығы орташа қылмыстар жасаған әлеуметтік жағынан осал адамдар, негізгі жазадан теріс мінез-құлық дәрежесі жоқ, заңмен белгіленген рақымшылық жасау актiсiн орындаудың 6 айлық кезеңiнде жазасын өтеуіне бiр жылдан аспайтын уақыт қалған, ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшін сотталғандар босатылады.

Аталған жағдайлар қылмыстық іс жүргізу сатысындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер қылмыстық процесті жүргізетін органның адамдарды қылмыстық жауаптылықтан босата отырып, тоқтатуына негіз болады. Ал, жасағаны үшін міндетті түрде қосымша жаза тағайындау көзделетін, соттардың іс жүргізуіндегі қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша адамдарды сот негізгі жазадан босатады.

Террористік және экстремистік қылмыс жасап сотталғандарға рақымшылық жасалмайды. Осылайша, алдын ала деректер бойынша 15 мыңнан аса сотталған адам рақымшылыққа ілігеді, олардың тек екі мыңнан астамы ғана бостандыққа шығады.

ЖАҢА ӨМІР БАСТАУҒА МҮМКІНДІК

Қазақстанда Рақымшылық туралы заңның қабылдануымен көптеген сотталған азаматтардың алдында жаңа көкжиектер ашылуда. Бұл қадам адам құқықтарын қорғау саласындағы сарапшылардың назарынан тыс қалған жоқ. Ақмола облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Мұрат Мұталиев бұл туралы өз пікірін білдірген болатын.

Тәжірибелі заңгердің айтуынша, рақымшылық – сүрінгендердің қалыпты өмірге қайта оралуына мүмкіндік беретін мейірімділік. Бұл жеңіл қылмыс жасағандарға өмірді нөлден бастауға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы қол қойған «ҚР Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңы қабылданар алдында осындай әлеуметтік маңызы бар мәселелерге қатысты аса маңызды қоғамдық талқылау өтті.

Маңызды мемлекеттік немесе тарихи даталар дәстүр бойынша мұндай адамгершілік әрекеттерге себеп болады. Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орайластырылған рақымшылық – әділдік, заң үстемдігі және гуманизм қағидаттарына адалдықтың көрінісі. Ол азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне аса қауіп төндірмейтін қылмыстарды жасағаны үшін сотталған 15 мыңнан астам қылмыскерді қамтиды.

«Рақымшылықтың ауқымын ескере отырып, біз өмірлік қиын жағдайға тап болған көптеген адамның тағдырын қарастыруға мүмкіндік алып отырмыз. Заңға сәйкес, бұл жеңіл қылмыстар үшін жазасын өтеп жатқандарға ғана емес, сонымен қатар балалары бар әйелдерге, кәмелетке толмағандарға және қауіпті емес қылмыстар үшін сотталғандарға да қатысты. Бұл шешім маңызды, өйткені біздің қоғамда барлық тұтқындар бітіспес қылмыскерлер деген стереотип бар және бұл әрдайым бола бермейді», – деп түсіндірді Мұрат Нұрахметұлы.

Амнистия қайта әлеуметтену мүмкіндігі ретінде сүрінген азаматтарға отбасымен байланысты қалпына келтіруге және әлеуметтік ортаға қайта қосылуға мүмкіндік береді.

Бұл ретте рақымшылықтың әділ болуы және ауыр қылмыс жасағандарды босатуға негіз болмау маңызды. Жазасын өтеп жатқандардың қай топтары қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін екені туралы азаматтарды хабардар ету қажет.

Жалпы, Мұрат Мұталиев «Рақымшылық туралы» заң адам құқықтарының халықаралық стандарттарына сәйкес келеді, өйткені ол гуманизм, түрмедегілер санын азайту және келтірілген зиянды ерікті түрде өтеуді ынталандыру қағидаттарын сақтай отырып жүзеге асырылады деп санайды. Рақымшылық залал келтірмеген немесе оның орнын толық өтеген жеңіл және ауырлығы орташа қылмыстар үшін сотталған адамдарға, сондай-ақ азаматтардың әлеуметтік осал санаттарына, ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, 50 жастан асқан әйелдерге, 60 жастан асқан ерлерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге қолданылады.

Адвокаттың пікірінше, әрбір жағдайда мәселе жеке қарастырылады, бұл автоматты түрде босату емес. Рақымшылық жәбірленушілердің құқықтарын қорғауға көмектесетін залалды толық немесе ішінара өтеу шартында ғана қолданылады. Сотталғандар санын азайту қажет, өйткені қылмыстық-атқару жүйесі үнемі қысымға ұшырайды. Бұл ретте рақымшылық жасағандардың барлығы білім беру мен жұмысқа орналасуға қолжетімділікті қоса алғанда, қоғамға табысты реинтеграция үшін қажетті қолдау алуы маңызды. Сондай-ақ, адамдарға түрмеден кейін бейімделуге көмектесу үшін психологиялық көмек қажет.

Рақымшылыққа ілінгендерді біріктіру бойынша қосымша шаралар болмаса, қылмыстың қайталану қаупі бар екенін айтады Мұрат Мұталиев. 2025 жылы рақымшылық жасау бағдарламасы кінәлі азаматтардың нақты санатына бағытталған. Мысалы, аса қажеттілік салдарынан ұрлық жасағаны үшін сотталған жүкті әйел рақымшылықтың арқасында отбасына оралып, өмірді жаңадан бастап, басқа тұтқындарға үлгі бола алады.

Мұрат Нұрахметұлының пікірінше, екінші мүмкіндік тетігін онша ауыр емес қылмыс жасаған адамдарға қолдану бірқатар кезеңдерді қамтиды. Біріншіден, рақымшылық жасауға жататын адамдардың санаттары айқындалады, ал ауыр қылмыстар, қайталанатын құқық бұзушылықтар және сыбайлас жемқорлық істері алынып тасталады. Процедураны мекеме әкімшілігі, тергеуші, прокурор, сотталушының өзі немесе оның адвокаты бастауы мүмкін. Материалдар прокуратураға және сот сатыларына қарау үшін беріледі. Шешімді тергеуші немесе сот ашық отырыс барысында қабылдайды.

Рақымшылық – әділ және ізгі қоғам құруға бағытталған екі жақты күрделі процесс. Бұл жол өзгерістерге дайын болуды және жаңа көзқарастарға ашық болуды талап етеді. Мұрат Мұталиев тек бірлескен күш-жігердің арқасында кешірім мен татуласу мәдениетін қалыптастыруда, бас бостандығын қайта алған азаматтарға жағдай жасауда ілгерілеуге болады, бұл жалпы тәртіпті нығайтуға қызмет ететініне сенімді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Абай өзінің отыз жетінші қара сөзінде «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», – деп, адамның кез келген уақытта өзін қолына алып, түзеле алатындығын айтады. Демек, қатесін мойындап, айыбын өтемейтін адам жоқ. Сондықтан,  шалыс басқаны үшін, шарасыздықтан шатасқаны үшін айыбын өтеп, абақтыда отырғандардың тура жолға түсіп, түзу өмір сүруіне мүмкіндік беру керек. Осы мақсатта сотталған азаматтарға рақымшылық жасалады.

Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here