Сәдуақас Шорманов: тарих сахнасындағы ізгі есім

0
3337
Зейнеп Айтбақина және Сәдуақас Шорманов

Баянауыл… Қазақ даласының жүрегіндегі бір үзік жұмақ дерсің. Көзіңді жұмсаң да, құлағыңды түрсең де, оның тылсым тынысы, сан мыңдаған жылдарды артқа тастаған терең тарихы жаныңды тербейді. Бұл жай ғана таулы-тасты өлке емес, бұл – қазақ руханиятының, қазақ өнерінің қайнар көзі, киелі мекені. Баянауыл топырағының әр түйірі, әр тасы – сан ғасырлық тарихтың, ұлы тұлғалардың ізі қалған қасиетті жер.

Баянауыл – тамыры тереңге кеткен, аңыз бен тарих тоғысқан өлке. Сақтар мен ғұндардың ізі қалған, көне түркілердің өркениетінің куәсі болған бұл топырақ – тарихи және мәдени мұраның қазынасы. Бұл ортада өскен ұрпақтың бойына ана сүтімен бірге даланың даналығы, өткеннің сыры сіңген. Дүниетанымы кең, сөзге ұста, ойы терең болып қалыптасатыны содан.

Осы тарихи тереңдік пен мәдени байлық болған өлкеде Сәдуақас Шорманов өсіп өнді.

Шормановтың өмірі қазақ тарихындағы үлкен өзгерістер, жаңарулар және қалыптасу кезеңімен тығыз байланысты. Оның өмір жолы сол дәуірдегі қазақ қоғамының әлеуметтік, мәдени және саяси ахуалын айқын көрсетеді. Ресей империясының отарлау саясатының күшейген, қазақ қоғамында үлкен өзгерістер орын алған кезең. Дуандықтардың жойылып, уездік басқару жүйесінің енгізілуі қазақ қоғамының дәстүрлі басқару құрылымының өзгеріп жатқан кезеңіндегі қазақ зиялысының бейнесі, оның ұлттық мүдде жолындағы күресі мен ағартушылық қызметінің айқын көрінісі ­– Сәдуақас Шорманов еді.

Шорманов әулетіне қатысты зерттеулерде С. Шормановтың туған жылы 1848, 1849, 1850 деп әртүрлі айтылып, жазылып жүр. Өлкетанушы Серік Жақсыбаев «Қаржас ұрпақтары» еңбегінде 1849 деп жазса, Қазыбек Нұралытегі «Сәдуқас Шорманов» мақаласы мен тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев «Баянауыл» атты еңбегінде 1851 деп жазады. Және де Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қорында майдангер жазушы Қалмұқан Исабаевтың өлкетанушы, ғалым Айтжан Бәделханға жазған хаты бар. Хатта С.Шормановтың туған жылы 1949 деп көрсетеді. Ал 1850 жылы деп «Қазақ совет энциклопедиясы», бірқатар шормантанушылар Сембеков Төлеш Қабиденұлының «Әдебиет порталында» жарық көрген мақаласы мен Ернұр Рахимовтың монографиясынан, «Ертістің Павлодар өңірі» энциклопедиясынан көре аламыз. Сәдуақас Шормановтың туған жылымен қатар туған жеріне де қатысты әртүрлі пікірлер айтылады. Бірі Баянауыл-Ақкелін, екіншісі Омбы шаһары. С. Жақсыбаев «Сәдуақас Шормановты білеміз бе?» атты мақаласында «…Шоқан Уәлиханов оқыған Омбы кадет корпусының тура қарсысында, Ертістің сол жағасында орналасқан «Ауыздағы Қаржас» деп аталған қазақ ауылында дүниеге келеді» деп көрсетеді. Қаржас ауылы туралы Сібір қазақтарының тарихын зерттеуші Шалқарбек Кәрібаев Мұса Шормановтың Бозтөбені жайлап отырған Телжан байдан жерді 250 сөлкебайға (рубль) сатып алып, Қошке Кемеңгерұлының атасы Кемеңгер Атанұлын қоныстандырғанын айтады.

«Кейін Омбыдағы писарьлар дайындайтын школаны бітірген аталас ағайыны Атанұлы Кемеңгермен ақылдасып, туыстарымен бірге осы жерді қыстануға ақыл-кеңесін берді. Келесі жылы өзімен бірге ағасы Балпаңгерді бас қылып қаржас руынан он шақты отбасын көшіріп әкелді. Ағайындары көшіп келген жылы Мұса мырзаның тұңғышы, қазақ ауыз әдебиетінің фольклорын жинаған шежіреші (ағартушы десе де болады), Омбы гимназиясының түлегі Сәкен аға (Садуақас) осы ауылда дүниеге келді» (Кәрібаев Ш. Бозтөбе немесе Омбыдағы Қаржас ауылдарының тарихы // Kerey.kz ақпараттық-танымдық портал – 2019. 2-қазан).

Мұса Шормановтың Омбыдағы сапарлары мен бала оқытқанын білеміз. Сондықтан Омбы шаһарында дүниеге келуі әбден мүмкін. Бұл мәліметті Серік Жақсыбаевта келтіреді.

Сәдуақас екі жасқа толғанда Ақкелінге келіп, ауыл молдасынан хат танып, тәлім алады. Сәдуақас – өз заманында беделді тұлға болған, қоғам қайраткері ағартушы, этнограф Мұса Мырза Шормановтың тұңғышы (Садуақас, содан кейін Жәми, Ахмед-Кабир (Кәбіш), Біләл, қыздары: Жәминкеш, Ажар).

Сәдуақас Шормановтың тағдырына әкесі Мұса Шормановтың ықпалы зор болды. Мұса Шорманов 15 жыл бойы Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны болып, полковник шенін алған, ел басқару ісінде зор тәжірибе жинаған қайраткер еді. Ол Абай, Саққұлақ би, Шөже ақын, Мәшһүр Жүсіп, Сегіз сері сияқты өз дәуірінің зиялыларымен тығыз қарым-қатынаста болған. Бала Сәдуақас хат-білімді Мұса Шормановтың бастамасымен шақыртылған Қамаратдин Хазірет секілді оқымыстылардан білім алған.

Кейін Сәдуақас және Сәтбайдың баласы Имантайды Омбыдағы оқуға берген. Сәдуақас гимназияда, ал Имантай начальное училищеде білім алған. Зерек балалар оқуларын бітірген соң Сәдуақас Томск университетіне, Имантай Омбыдағы мұғалімдер семинариясына оқуға түседі. Алайда, Сәдуақас сырқаттанып, Томск университетінде оқуын жалғастыра алмаған.

Сәдуақас 18 жасында Шыңғыс Уәлиұлының қызы Нұридәны (1848-1894) алады. Нұридәдан көрген баласы Масғұт жастай шетінеп, өзі 1894 жылы қайтады. Бұл туралы «Дала уалаятының» 1894 жылғы №11 санында «Мулла Али-Аскар Абулкасинов сообщает, что ныне зимою умерла Нурида-Ханым Садывакасова Чорманова, дочь султана полковника Чингиса Валиханова Аблайханова. Покойная помогала бедным, сиротам и вдовам» деп көрсетіледі. Үш рет отасқан Сәдуақас Шорманов туралы Медеу Сәрсеке бүй дейді: «Нұридәнің анасы – Шорман бидің тұңғышы Зейнеп, одан туған жиеніне нағашысы Сәдуақас Мұсаұлы үйленген. Одан да гөрі Орта жүздің соңғы ханы болған төре тұқымымен туыстық байланысын бұрынғыдан да бекемдеу мақсатымен сүйек жаңғыртады. Демек, жеті ұрпағына дейін қан қоспайтын қазақ рәсімі өрескел бұзылған. Өзара немерелес ерлі-зайыптылардан арушаң, әлсіз сәбилер туған…».

Сәкен ағай (Сәдуақас Шормановты жұрты құрметттеп осылай атаған) кейін сүйіндіктің ірі байы Дүрман Айтбақұлынның қызы Зейнепті алады. Зейнеп – қазақ медицинасының алғашқы қарлығашттарының бірі – Әміре Айбақинның туған апасы. Әмірені кезінде Омбыда оқытып, білім алуына себепкер болған – Мұса Шорманов.

Тағдыр жазуымен Зейнептен ұрпақ көрмеген соң, 1901 жылы егде тартқан Сәдуақас Әмір-Темір Шормановтан жесір қалған екі балалы Бадиғұл-Жамалды әмеңгерлік жолмен алады.

Бадиғұл-Жамал Сәдуақасқа Нәфиға есімді перзент сыйлайды. Жары 1928 жылы бай-кулактарды қудалау кезінде «Шормановтардың байлығын көрсет!» деген қысаспен Баянауыл түрмесінде дүре соғылып, қайтыс болған.

С.Шормановтың әулеті. Бірінші қатарда, солдан оңға қарай: Бәдіғұл-Жамал, С. Шорманов, Зейнеп А., (2-ші әйелі), екінші қатарда: сол жақтан: екінші Шорманов Асфендияр, қызы – Нәфиға. 1917 жыл.

Нәфиғаның жары – Алаш қайраткері Асылбек Сейітов. Сәдуақас Шорманов әке жолымен Омбыға Баянауылдан шәкірт апарып, оқытатын. Сондай сапардың бірінде туысы Хадиша Кәрімбайқызының шаңырағына түскенде Том университетінің түлегі Асылбекті көріп, білімі мен зеректігіне риза болып, қызы Нәфиғамен қосады. Нәфиға оқыған, Алаш арысы Міржақып Дулатовтың жары Ғайнижамалдың құрбысы болған. Міржақып екеуінің үйлену тойында Шорман әулеті қатысқан екен. Бұл туралы Ғайнижамал Досымбекова естелігінде: «Жақаңмен қосылу тойымыз Омбыда 1914 жылдың 14 мамырында өтіпті. Үйлену тойымыз Омбыға таяу «Коломзино» стансасындағы мейрамханада болды. Тойға қатысқандар: шешем — Қанипа, үлкен әжеміз, ақ батасын берген Әйеміз еді (ол кісіні бәріміз «Әйе» дейтінбіз). Омар ағам (Оматай) мен Батиха жеңгем, оның туыстары Досмұхамбет Кемеңгеровтерден: Қошмұхамбет (Қошке) — Батиханың немере інісі, өзінің сіңлісі — Рахима (Ботанай) — менің айырылмас досым, Зейнеп (оны «Япон» дейтінбіз) менің бөлем шешемнің Мүслима деген сіңлісінен туған. Японның күйеуі Қартқожа Тоғанбаев, Гуля, жездем Ерқосай Мұқышев, апам Ғалия мен Омбы мешітінің имамы Ғалым Әбдірахимовтың ұлы Сұлтан, қарындасы, менің құрбым Халима және Айдархан Тұрлыбаев. Семинария оқушылары Мағжан, Сәкен, Сәдуақас Шорманов әйелдерімен, Асфендияр Шорманов, ауыл шаруашылығы мектебінде оқитын Бірмұхамбет (Біркей) Айбасов, жас жігіт Мұхтар Саматов, Қуанышев деген купецтің қыздары Әмина мен Жәмила, Сафа Шонаев, ағайынды Асылбек, Мұсылманбек (Мүси), Мұратбек Сейітовтер, Омбының атақты дәрігері Нечаев, Оспан Төлепов (Японның ағасы), бәрін атап айтар болсам, кiсiлер толып жатыр. Тойымыздан кейін Омбыда кідірмей, Орынборға жүріп кеттік», – деген екен.

Асылбек Сейітов 1938 жылы қызыл қырғынның құрбаны. Нәфиғадан Роза (1923 жылы туған) және Клара (1938 жылы) есімді бала сүйеді.

Алаш жақсыларының жарлары репрессия кезінде қуғындау мен қыспаққа ұшырағанын білеміз. Сәдуақас Шормановтың жалғыз қызы Нәфиға да А.Сейітов атылып кеткен соң, 15 жасар Роза мен 6 айлық Кларамен жалғыз қалады. Әділдікке жетем деп, бір жыл бойы Алматы түрмесін жағалаған Нәфиға 1938 жылы сырқаттанып қайтыс болады. Қос баласын Сәдуақастың екінші жары Зейнеп Айтбақина қолына алған.

С. Жақсыбаевтың мәліметі бойынша Сәдуақас Шормановтың қыстауы Ащысу өзені мен тұщы сулы Құмдыкөлдің бойында орналасқан. 1897 жылғы есеп бойынша ауылда 31 түтін үй, 413 жылқы, 116 сиыр. 400-ден астам қой-ешкі болған. Сол жылы С. Шорманов осы ауылда 420 шөмеле шөп дайындаған.

Сәдуақас Шормановтың ағартушылық қызметін ерекше атап өту қажет.

ХХ ғасырдың басында Қазақ даласында Ресей империясының ықпалымен ашыла бастаған мектептер қазақ қоғамындағы білім беру жүйесінің айтарлықтай өзгеріске ұшырауына себеп болды. Бұл мектептердің ашылуының басты мақсаты – қазақ халқын орыстандыру және орыс тілі мен мәдениетін тарату арқылы Ресей империясының ықпалын күшейту болды. Сонымен қатар, жергілікті әкімшілікке қызмет ететін, орыс тілін меңгерген кадрларды даярлау да көзделді.

Басымдық орыс-қазақ мектептеріне (екі сыныптық ауылдық мектептер) берілді. Бұл мектептер қазақ балаларына арналып ашылды. Оларда оқыту орыс тілінде жүргізіліп, негізгі пәндер қатарына орыс тілі, арифметика, география, тарих және дінтану сияқты пәндер енді. Кейбір мектептерде қазақ тілі мен тарихы да факультативті түрде оқытылуы мүмкін еді, бірақ басымдық орыс тіліне берілді.

Осылайша, Ресей империясының ықпалымен ашылған мектептер қазақ даласындағы білім беру жүйесінің дамуына үлкен өзгерістер әкелгенімен, олардың негізгі мақсаты империялық мүдделерді көздегендіктен, қазақ ұлттық білімі мен мәдениетінің дамуы үшін үлкен сын-қатер болды. Дегенмен, бұл мектептерде алған білімі кейіннен ұлттық ағартушылардың өз халқының болашағы үшін күресуіне негіз қалады. Осылайша, патшалық билік «рұқсатын» беріп тұрғанда С.Шорманов әкесінің арманын жалғастырып, 1903 жылы Ақкелінде 4 кластық орыс-қазақ мектебін ашады. Көп жылдар бойы Жармұхамед, Жанмұхамед және Нұрмұхамед Біләловтар, Дүкен Жәмиев, Садық Баталов және Сәдуақастың басқа да туыстары мектепке қамқор болып отырған. Мектепті жаңаша білім – «усул жәдит-жаңаша оқу» әдісімен оқытатын Сұлтан-Әли Жанышбаев пен Бексұлтан Уәлиханов және шоқынған татар отбасынан шыққан Қазан қаласының оқытушылар семинариясын үздік бітірген Григорий Васильевич Терентьев сабақ берген. Білім ордасының ашылуы жайлы белгілі өлкетанушы Юрий Попов мындай мәлімет келтіреді: «В соседнем Павлодарском уезде известны Баянаульская и Аккелинская аульные школы. Первая открыта 30 ноября 1904 года, вторая – 22 ноября 1904 года. Почетным блюстителем Аккелинской русско-киргизской аульной школы 24 мая 1905 года утвержден Садвокас Мусин Чорманов».

Зейтін Ақышевтің жазуынша, Сәдуақас өз ауылындағы немере ағасы Көкеннің ағаш үйін бала оқытатын мектеп ретінде тарту еткен. Бұл мектепте кейіннен Қаныш Сәтбаев та білім алған.

Жазушы Медеу Сәрсеке өз еңбегінде «Бұрын ауыл мектептері болыс отыратын үйдің кішкене коридорында немесе киізбен бөлген тар тұрғын үйде болған. Ақкелінде Шормановтар салдырған мектептер екі, үш бөлмелі ағаш үйден тұрған. Керекті оқу құралдары толық жабдықталған, онда жылы, жарық, сәулетті болған», – деп жазған. Алғашқы жылы барғандардың қатарында Қаныш Сәтбаев болған.

1-қатарда солдан оңға қарай: Сейілбек Жанайдаров, бала Әлихан Жармұхамбетұлы Біләлов, Садуақас Шорманов, Көлбай Тоғысов. Тұрғандар, солдан оңға қарай; Мұратбек Сейітов, Әбікей Зейінұлы Сәтбаев, Асфендияр Шорманов. Омбы, 1917 жыл.

Атақты Біржан сал: «Құтқарған сан қыранды түскен тордан» деп суреттегендей Сәдуақас Шормановтың Омбы қаласында бала оқытқанын, мектеп ашқанын атап кеттік. Баспасөз беттерінде ол Қарқаралылық Мәди Бопиұлын түрмеден босатқаны туралы айтылып жүр. Нақты дәйек жоқ.

С. Шорманов Хан Кененің қозғалысын жақтағаны үшін айдалған Торайғыр бидің ұрпақтарына, оның ішінде Сұлтанмахмұт Торайғыровтың оқуына қаржылай көмек көрсеткен. «Айқап» журналының 1912 жылғы №14 санында Сұлтанмахмұт Торайғырдың «Басқармаға келген хаттар» деген тарауда берілген мақаласы бар. Мақалада «…Биыл өзіміздің болыстың бас адамдары Ғаббас, Садық, Ілияс қажы Шоң балалары мені есіркеп 90 теңге жинап беріп, Троицк қаласына жөнелтті. Биылша мұнда әзірлетіп, келешек жылы «Ғалияда» оқытуға уәде берділер. Бұлардан басқа Ақкелін болысындағы Сәдуақас мырза Шормановта жәрдем етуге уәде берді» деп жазылған.

Және де Шормановтың Г. Потанинге жазған хаттарында Алаш қайраткері, заңгер Барлыбек Сырттановқа көмек сұраған. Хатта «В гимназии их учится 19 человек, в кадетском корпусе – 5, в учительской семинарии – 4 и в техническом училище 2 воспитанника. Всего обучающихся в учебных заведениях города Омска 30 казахских детей, один учится в Петербургском университете. Это Сырттанов. Хорошо было бы, если найдете возможность, повстречаться с ним и по силе возможности оказать ему поддержку» дей келе, Потанинге алғыс білдірген.

Қазақ даласында беделді тұлғалардың бірі бола білген Сәдуақас Шорманов ұлт көсемі Әлихан Бөкейханға Семей жиылысында қолдап, дауыс бергені тағы бар. Бұл 1906 жылы 5 маусымда қазақ халқының ардақты ұлы, ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейхан Семей қаласына екінші Мемлекеттік Думаға депутат сайлау науқанымен тікелей байланысты еді. Бірнеше күннің ішінде Семей облысының орталығына уездерден сайланған 184 таңдаушының 176-сы жиналған. 10 маусымда сағат 12:00-де «Халық үйінде» жиналыс басталады. Жалпы сайлаушылардың бұл маңызды басқосуы 5 күнге созылып, 10 маусымнан 14 маусымға дейін жалғасқан. Алғашқы күні Әлихан Бөкейхан өзінің терең мазмұнды баяндамасымен жиынды ашса, кейінгі күндерде Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ілияс Жанғарин, Сәдуақас Шорманов, Қызылмолда Көккөзов, Ақатай Әлиханов, Отыншы Әлжанов, Иманбек Тарабаев, Көлбай Төгісов, Ахмет Тышқанбаев, Әубәкір Құрманов сияқты айтулы депутаттар екі немесе үш реттен сөз сөйлеп, халықтың мұң-мұқтажын жеткізген.

Бұл жазғанымызды дәлелдесек, Әлихан Бөкейханның өз жазбасында былай көрсетеді: «Таңдаушы болып бүкіл облыс аумағынан құрметті ақсақалдар, қажылар және жас байлар сайланды. Таңдаушылар жергілікті жерлерде қоғамдық және саяси істермен айналысып жүрген тұрғындар тобының өкілдері болатын. Сайлауға екі күн қалғанда Өскемен және Зайсан таңдаушыларының арасында менің кандидатурама қарсы, өзін сайлауды ұсынып, үгіт таратып жүрген кәрі доктор қазақ туралы естідік. Кешке қарай сол доктордың жездесі С.Шормановтан өзінің үйіне қонаққа келуге шақыру алдым. Маған достарым онда бармауды ұсынды. Бірақ мен, Мемлекеттік Думаға сайлануға кандидат өз таңдаушыларынан қашпауы керек дедім де, Шормановтарға тарттым. Онда негізінен біріңғай жұртшылық: молдалар, қажылар, және ақсақалдар, жиыны қырық шақты кісі жиналыпты. Олар менен дінге қалай қарайтынымды және Мемлекеттік Думада қазақтардың діни мүддесін қалай қорғайтынымды тәпіштеп сұрады, нағыз тергеу жасады. Біздің әңгімеміз таң атқанға дейін созылып, өскемендік қажы Қайырбайдың (Қайранбай): «Ертең Әлиханды сайламаған әйелінен айырылсын және кәпір болып кетсін» деген тұжырымды батасымен аяқталды» деп көрсеткен.

Бұл жердегі кәрі доктор – Сәдуақас Шормановтың балдызы Әміре Айтбақин. Ел ертеңі үшін маңызды шешім қабылдаудағы Шормановтың біліктілігіне таң қаласың.

«Айқап» журналының 1911 жылғы №12 санында Мұхамеджан Сералиннің журналдың шығуына үлес қосқан мырзаларға алғыс білдірген көлемді мақаласы жарық көрген. Үзіндісі мынадай: «Сөз соңында жыл бойынша журналдың тоқтамай шығуына себеп болған мырзаларға «Алла разы болсын!» айтпай қала алмадық. Әуелі матбуға қожасы Сосновскийге арзан бағаменен журналымызды басып һәм білген маслихаттарын айтып жәрдемдескенге. Екінші – Тәңірберген Тұрысбеков, Сәдуақас Шорманов, Әбдірахман Йусуф уа ғари мади жәрдем еткен үміт иелеріне» деп жазады.

С. Шорманов ел ағаларымен. 1918 жыл.

С. Шорманов шет елде оқып жүрген жастардың «Жерлестер» үйірмесіне де өзіндік көмегін аямаған. 1880 жылдары Санкт-Петербургте студенттер арасында 20-ға жуық «Жерлестер» үйірмелері болған және олардың мүшелігіне 1500-ге тарта студенттер кірген.

Сол «Жерлестер» ұйымы қазақ жастары арасында да болған еді. Барлыбек Сыртанов, Мәмбетәлі Сердалин, Бақытжан Қаратаев, Абдолла Теміров және шығыстану факультетінде бұлардан бұрын келіп дәріс алып жүрген Бақтыгерей Құлманов сияқты жігіттер «Жерлестер» үйірмесін құрады. Қазақ жастары үйірмеге мүше болған студенттерге қаражатпен көмектесу, ауырған жағдайда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сияқты мәселелерді шешті. Солардың қатарында Сәдуақас Шормановта болған.

Сәдуақас Шорманов мұсылман халықтарының құқығын, елдің мұң-мұқтажын кез келген мінберлерде көтеріп отырған.

ХХ ғасырдың басында Ресей империясы мұсылман халықтарына қатысты білім беру саласында айтарлықтай қысымдар жасады. Бұл қысымдардың негізгі мақсаты – империядағы орыстандыру (русификация) саясатын күшейту және мұсылман халықтарының ұлттық, діни ерекшеліктерін әлсірету болды.

Патша үкіметі мұсылман халықтары арасында орыс тілінде білім беретін мектептерді, әсіресе орыс-түзем мектептерін көбейтуге күш салды. Бұл мектептердің бағдарламалары орыс тілін, орыс мәдениетін және православиені насихаттауға бағытталды. Мұсылман балаларын осы мектептерге тарту үшін түрлі ынталандырулар жасалды, ал діни білім беретін медреселер мен мектептерге қысым көрсетілді.

 Мұсылман мектептері мен медреселерін қаржыландыратын уақыптарға (діни қорларға) үкімет тарапынан шектеулер қойылды. Бұл діни білім беру ошақтарының қаржылық жағдайын нашарлатып, олардың жұмысын қиындатты. Патша үкіметі мұсылман зиялыларының, дін қайраткерлерінің және жаңашыл ойшылдардың білім беру саласындағы бастамаларына да кедергі келтірді. Жәдидшілдік қозғалысы сияқты реформаторлық ағымдар мұсылман қоғамында зайырлы білімді дамытуға, жаңа әдістемелерді енгізуге тырысқанда, олар үкімет тарапынан күдікпен қаралып, қудаланды.

Нәтижесінде, ХХ ғасырдың басындағы патша үкіметінің білім беру саласындағы қысымдары мұсылман халықтарының ұлттық және діни бірегейлігін сақтау жолында айтарлықтай қиындықтар туып жатқан кезде Науан Хазірет, Шаймерден Қосшығұл бастаған топтар діни бостандық үшін күрес жүргізеді. Күрес қазақ даласындағы беделді тұлғаларға хат жіберіп, көмек сұраудан бастау алған. Солардың қатарында Абай Құнанбаев, Сәдуақас Шорманов, Жәңгір Құдаймендин, Ғабдоллла Исабековтер бар.

1903 жылы 8 сәуірде Ақмола облысы әскери губернаторының Семей облыстық губернаторының жеделхатында былай делінген: «Қосшығұловтан почта қолхаты табылды. Ол 1902 жылы 6 маусымда Батовскідегі Садуақас Шормановқа, Зайсандағы Кеншиновке, 1903 жылы 7 наурызда Семейдегі Құнанбаевқа хат жолдапты. Тінту жүргізу керек.

Романов, Бас штабтың Ақмола облысындағы әскери генерал-губернаторы, генерал-майор».

Бірінші, Семей болысы Қабылбек Асылбековтың үйінен Науан хазірет бастаған топтың белсенді мүшелері Петропавл қаласындағы №3 мешіттің молдасы, татар азаматы Мұхамеджан Бекішов пен көмекшісі Павлодар уезінің қазағы Смағұл Балжанов жіберген хаттар табылған. Ізін сала, 1903 жылдың көктемінде тінту Абай Құнанбаевтың үйінде жүргізілген.

Бұл күрес нәтижесіз болмаған, Науан Хазірет, Бейіс Хазірет, Сәдуақас Шормановтар Осман империясының сұлтаны ІІ Абдулхамидке хат жолдап көмек сұрайды. Сұлтан РПШ-нің (Ресей проваславиялық шіркеу) қысым жасамауын сұрап, дала өлкесіне тіпті делегеция жібергені туралы айтылады.

* * *

Сәдуақас Шормановтың 1914 жылы өткен Мұсылман съезіне делегат болып қатысқан. Бүкілресейлік Мұсылман съезі, 1914 жылы 15-25 маусым аралығында Санкт-Петербургте Төртінші Мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясының ұйымдастыруымен өткізілді. Съезд өткізу жөнінде мұсылман фракциясының төрағасы Қ.Тевкелев ішкі істер министрінен арнайы рұқсат алады. Съезге қатысқан 35 делегаттың 7-еуі қазақ халқының өкілдері болған. Бұлар: Ә. Бөкейхан, Б. Қаратаев, С. Лапин, С. Шорманов, Ж. Сейдалин, Д. Аманшин, Ғ. Нарымбетов. Съездің күн тәртібіне мұсылмандардың діни істерінің жайы, бұл жөнінде Заң жобасын әзірлеу мәселесі қойылған.

Делегат болып барғаны туралы деректі 1914 жылғы «Миллят» («Миллят» («Ұлт») – 1914-1915 жылдары шыққан қоғамдық-саяси және экономикалық газет (бірінші нөмірі 1913 жылы 28 желтоқсанда шыққан). Санкт-Петербургте орыс және татар тілдерінде шығып отырған) газетінің №13 санынан көре аламыз: «Съезд работал при слудующем составе участников: А. Букейханов, Уральской обл – С.Б. Каратаев и имам Аманшин, Сырдаринский обл – С.М. Лапин и А. Нарымбаев, Семипалатинской обл – С.М. Чорманов.

 «Қазақ» газетінде съез туралы репортажды Әлиханның өзі жүргізіп отырған. Сәдуақас Шормановтың съез қатарына қалай қосылғандығы туралы газеттің 1914 жылғы №69 санында «Мұсылман сиезі» деген мақаласында «Петербордағы 5-6 мұсылман депутатымен сиез кісісі 41 болмақ еді. Қазаннан бірінші Г.Д. шілені Алкин, Бақшасарайдан «Тәржіман» басшысы Исмағұл мырза Ғаспрински, Екатеринбургтан Тарахов сиезде болмады. Тарқи жолындағы мұсылман басшысы Исмағұл мырза науқас болып келе алмағаны көп өкініш болды. Бұл кем қалғаны үш кісі орнына біздің қазақтан Сәдуақас мырза Шорманов Павлодар уезінен, молла Досан Аманшы баласы Орал уезінен һәм Әбдірахым Нарымбай баласы Перовскі уезінен сиезге кірді» деп жазылған.

Съез барысында қазақ қыздары туралы тақырып кеңінен талқыланған. Әлихан Бөкейхан мен Бақытжан Қаратаев арасындағы дискуссияда С. Шорманов Қаратаев жағын қолдаған. Сол жылдың №85 санында былай делінген: «Біздің қазақ қатынды қалың беріп, малға сатып алады, біз армиан ісі жақсы болса да, орнына сала алмаймыз деген едім, Бақытжан ағамыз қасындағы көлеңкесі Досан Аманша баласы Ғалихан Самарда тұрады, қазақ жайын білмейді, біздің қазақ қатынды қалың малсыз алады деді. Сәдуақас мырза Шорманов: «Бай қазақ қатынды қалың малсыз алады деп» – Бақытжан сөзін жұқартпақ болды. Шорман бидің балалары бәрі бай, мұның қайсысы қатынды қалың малсыз алған, сүйіндік-қаржас білер. Қазақ баласын малға сатып отыр деп Жаһаншаның маған жазған менде хаты бар. Бұл сөзді былтыр Жиһанша «Айқап»-қа да жазған еді. Бақытжан, Сәдуақас қалың малсыз қатын аламыз деп сөйлеген күні Жиһанша ауырып сиезде бола алмаған еді. Құдайдан соңғы күшті нәрсе ресім». Бұл жерде ел-ел, жер-жерден келген делегат алдында жесір дауы, қазақ қыздары туралы мәселеде жаман жағынан көрсеткісі келмей, сөйлеген деп ойлаймыз.

Сәдуақас Шорманов тек мұсылман жиылыстарының мүшесі ғана емес, 1917 жылғы Екінші жалпықазақ съезіне орай құрылған сот комиссия мүшесі де болған. Бұған дәлел 1914 жылы «Сарыарқа» газетінің №14 санындағы «Судебная комиссия» деген тарауда «Жалпы қазақ сиезінде Құрылтайға баратын депутаттарға қазақтың билік жұмысын өзгертіп, жаңа жоба жасауға көмекші әр облыстан сот камисиясы ашылсын деген қаулы бойынша мына кісілер шақырылатын болды:

1) Шәкәрім Кұдайбердин.

2) Ғабдыкәрім Ережепов (кандидаттыққа Бердібек Арғынбайұлы).

3) Гұмар Карпин (келе алмаса Қоңырқожа Мәжитов).

4) Сәдуақас Шорманов (кандидат Ілияс Жанғарин).

5) Нармамбет Ормәметов, йәки Смахан Бөкейханов.

6) Ғұмархан Күзембаев.

7) Манан Тұрғанбаев (кандидат Мұхаммед Дұржанбаев).

8) Райымжан Мәрсеков.

9) Жақып Акбаев (сонғы екеуіне кандидат Мұқыш Боштаев).

Бұл кісілер 15-нші октябрьде Семейде болып, заң жобасын жасауға кіріспек. Бұлардың жолдық һәм Семейде тұрарлық шығыны обласной Қазақ камитетінің мойнында болмақ. Бұлардан басқа өз пұлымен келіп, келешектегі тұрмысымызға жол салу жұмысына ақылы, білімімен көмегімді көрсетемін деген ақсақалдар болса, шын пайдасы тиетін болса, сот камисиясы шақыртар». С. Шормановтың заң, сот мәселесінде аса білімді, оқыған азамат екендігін мақалаларынан да көре аламыз. Оның «Ескі һәм жаңа билер», «Баянауылдан» сынды жазбаларында осы дүниелер сөз болады.

Сәдуақас Шорманов тек ағартушы ғана емес, сонымен қатар ақындық өнері де болған. Өлеңдері Зейнелғабиден әл-Жауһаридің 1909 жылы шыққан «Насихат Қазақия» еңбегінде жарық көрген. Бірқатар өлеңдерін кітаптың «Басшы» тарауынан оқи аласыздар.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, ақынның өмірі мен шығармашылығында біраз мәліметтер қате берілген. Соның бірі – өз заманының талантты татар ақыны Ғабдолла Тоқайдың «Мияубике» өлеңіне сыни мақала жазылған деген пікір. Бұл мәлімет өлкетанушы, ғалым Серік Жақсыбаевтың «Kerey.kz» порталында «Сәдуақас Шормановты білеміз бе?» атты мақаласында жазылған. Және де белгілі ғалым Бүркіт Ықыласовтың «Еділ бойы халықтары әдебиеттерінің идеялық-творчестволық байланыстары» атты еңбегінде «Сол кездегі қазақ зиялыларының бірі – Сәдуакас Шорманов «Шора» журналының 1911 жылғы 17 санында «С.Вахас» деген бүркеніш атпен мақала жазып, онда Тоқайдың «Мияубике» деген өлеңіне сын айтады. Шеберлікпен жазылған бұл шығармалардан ол өзінше бірталай «кемшілік» тапқан болады, әсіресе, ол өлеңнің ұйқастарына тиіседі» деп жазады. Шын мәнінде, бұл сыни мақаланың авторы Ғабдолла Тоқайдың досы, ақын Сүнчәлей Сағид. Ал «С.Вахас» деген Сағидтің лақап аты. Бұл деректі «Шура» журналының татар ғалымдары М. Госманов пен Р. Мәрданов құрастырған библиографикалық көрсеткіштен көре аламыз (Госманов М., Мәрданов Р. «Шура» журналыныӊ библиографик күрсәткече. – Төзәтелгән икенче басма. – Казан: «Милли китап», 2014. – 273 б.). Оған қоса, мақаланың Сәдуақас Шормановтың стиліне мүлдем ұқсамайды, әрі татар сөздерінің көп қолданғанын аңғаруға болады. Аталмыш журналдағы М.Дулатовтың, Ғ.Қараш, А.Байтұрсынұлының мақалаларын қарасақ, стилі нақты, қазақ тіліне бейім екенін көруге болады. Сағид Уақас атымен берілген бірқатар өлеңдердің де Сүнчеләй Сағидтікі екендігін айта кеткіміз келеді.

«Шура» журналында Сәдуақас Шорманов туралы мақала жоқ емес, бар. Журналдың 1912 жылғы №5 санында Ғабдолла Тоқай (Түрікоғлы) қазақ даласында танымал болған бес ақын туралы жазады. Олар: Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Сәдуақас Шорманов, Ахмет Байтұрсынұлы, Ақан және Міржақып Дулатұлы. Мақаланың аудармасы: «Саламаттардан (көзі тірілерінен) 1) Мәшһүр Жүсіп Көпеев; 2) Сәдуақас Шорманов; 3) Ахмет Байтұрсынов. Мұның «Қырық мысал» һәм «Маса» атты кітаптары ерекше тартымды; 4) Ақан. Арғын-атығай; 5) Міржақып Дулатов. Одан Сәдуақас Шормановтың бір шумақ өлеңін береді:

Достан дос көңілі тоймас хақтық болса,
Ханзада, қарадан хан заттық болса…
Бұл күнде шын достардың қадірі жоқ,
Арзан дос теңге алар саттық болса.

Сәдуақас Шорманов қазақ баспасөзінің алғашқы журналист-корреспонденті болған. Қазіргі уақытқа дейін 5-6 мақалалары ғана белгілі болса, жинаққа 18 мақаласын тауып, төте һәм ескі татар тілінен аудардық. Мақалалары «Түркістан уалаяты» газетінен кейін шыққан «Дала уалаяты» газетінде 1888 жылдан бастап жарық көрген. Тақырып жағы алуан: Баянауылдағы саяси мәселелер, оқу-білім, саятшылық т.б. Баспасөз беттерінде «С.Ш», «С.М.Ш», «Чорманоғлы» сынды есімдермен беріп отырған. «Дала уалаятынан» бөлек, «Қазақ», «Сарыарқа», «Айқап» газет-журналдарында жарық көрген.

Және де С. Шорманов туралы мақалаларды да кездестірдік. Мысалы, «Дала уалаяты» 1889 жылдың №44 санында «Қыр баласы» (Ә.Бөкейхан) ұсынған хабарға Сәдуақас туралы пікір айтылған. Авторы Шахинзаде Шорманов. Осы жылдың сандарында дала өлкесінде қандай тақырыпта, қандай мәселелер көтерілу керек деген сұраққа Ә. Бөкейхан, Чунаев, Наурызбаев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев сынды белді публицистер сөз алып, мақала жазған. Шахинзаде өз мақаласында «Пусть, по их мнению, «Сын степей» человек не разумный, но, однако, эти контравторы не доказали своих знаний путем полезных корреспонденции в роде тех, какая представлены корреспондентами: Садувакасом Чормановым, Юсуфом Копеевым, Гадрахманом Алашбаевым, а также муллами Базаровым, Садыковым и другими. Нужно следовать примеру этих лиц, сведения которых касаются всех сторон киргизского быта и приноровлены тем принципам, которые могут способствовать умственно-нравственному и экономической-хозяйственному прогрессу кочевого населения» деп жазады.

Мұхаметқали Төлебайұлының «Дала уалаяты» газетiнiң 1890 жылғы 19-санында басылған мақаласында: «Газет оқушыларға Баянауладан екi кiсiнiң сөзi ұнамды тиiп, көңiлденiп оқиды. Бiрi – Садуақас Мұсаұлы Шорманов дегеннiң сөзi. Атасы жақсы болған адам едi, жақсының баласы жұртқа жөнсiз сөздi айтпайды ғой. Жөн сөз айтатұғынның тағы бiрi – Жүсiп Көпеев деген. Сөзi, қара сөзi болса да, өлеңмен болса да дәмдi болып және осы замандағы адамдардың қылып жүрген iсiне тура келедi» деп көрсетеді.

Одан бөлек, Мәшһүр Жүсіптің 1889 жылғы №10 санында Сәдуақас Шормановтың бүркіті туралы айтылған. Мақалада «Павлодар уезі, Ақкелін болысынан шыққан С. М. Чормановтың бір кездері Орал тауларынан әкелген атақты бүркіті болған. Бұл бүркіт Чормановта 20 жыл, ал одан бұрынғы қожайынында бірнеше жыл өмір сүрген. Ол Көкшетауда Уәлихановқа да таныс болған. Өткен 1889 жылы ол кездейсоқ бір әлсіз бүркітпен соқтығысып, қанатына қатты жараланған, сол себепті аңға жарамсыз болып қалған. Бұрын ол жыл сайын 10-20 және одан да көп түлкі аулаған, бұл түлкілердің санына байланысты болған. Егер бір жылда орта есеппен 15 түлкі аулаған десек, онда 20 жылда 300 түлкіні және сонымен қатар екі қасқырды да басқан» деп жазады.

Сәдуақас Шормановтың құсбегілік қырынан бөлек атбегілік, аңшылық өнері де болған. Сәкен ағайдың бүркіт, тұйғын, қаршыға, лашын, ителгі сияқты аңшы құстардың жасын, тегін, ұялаған жерін, ұстап баулу әдістерін өте жетік білетін саятшы болған. Сол сияқты жылқы мен итті де жақсы тани білген.

Кәрімтай Өкпеұлы өз мақаласында «Бірде ағай Қоянды жәрмеңкесінен бір бүркітті сатып алғанда жанындағы ағайындарына сол құс ұнамай, наразылық білдіреді. Сонда ағай: Сіздер айыра алмай тұрсыздар. Бұл таптырмайтын құс, тегі бөлек, «құмның құла аласы» деп атайды. Айтқанындай бұл қыран аса алғыр болып, ағайдың «Шұбары» атаныпты» деген.

Атбегілігіне келетін болсақ, «Дала уалаяты» газетінің 1889 жылғы №10 санында «На происходившихъ 6-го августа народных скачках на ипподроме Омского Общества охотников конского бега на призы бежало 15 лошадей, из коих первый призъ взял серый мерин (киргизской породы из Баянъ-аульского округа, из табунов Чорманова, владелец Джуман Сеитов), пробежавший 10 вер. в 15 мин. 35 сек. Второй приз взял чалый мерин русской породы (владелец Соколов), пробежавший ту-же дистанцию в 15 мин. 53 сек» деп жазылған.

Сәдуақас Шорманов XIX ғасырдың 80-ші жылдары өзінің иелігіндегі биелерді Ресейдің жылқы зауытында орыс пен араб жылқыларын бір-бірімен шағылыстыру әдісімен алынған будан айғырмен будандастыру арқылы жылқының жаңа асыл тұқымын шығару жұмысымен айналысқан. Бұл туралы 1913 жылы шыққан «Материалы по обследованию хозяйства и землепользования киргиз Семипалатинской области» деген еңбектің 106 бетінде «В Аккелинской волости, в крупном скотоводческом хозяйство Садвокаса Мусинова Чорманова практиковалось скрещивание кобылиц местной породы с производителями русско-арабской, полученными из коннозаводства. Кроме того, кобылицы поступили в случку с бухарскими скакунами. В данное время, таких скрещиваний Чорманов не ведетъ. По его словам, определенно выяснилось, что такой приплоде на подножном корму плохо развивается. Теперь Чорманов пользуется хорошими производителями местной породы» деп көрсетілген.

Баспасөз беттерінде Шормановтың егіншілікпен айналысқаны жөнінде мәлімет кезіктірдік. «Дала уалаяты» газетінің 1890 жылғы №4 санында Сәкен ағайдың диірмені туралы айтылған: «…Урожай получился хороший: на пуд зерна 15-40 пуд, средним числом, один пуд дал 20 пудов, с десятины сняли по 180-200 пудов. Вследствие этого благоприятного обстоятельства жители нашей волости перестали ездить за хлебом в город. Да еще кстати Чормановы устроили мукомольную мельницу, которая уже открыла свое действие» деп жазылған.

Баспасөз беттерінде Сәдуақас Шормановтың 1855 жылы әкесі Мұса Шормановпен Ресей патшасы ІІ Александрдың таққа отыру салтанатына қатысқаны туралы жазылып жүр. Есептеп қарасақ, ол кезде Сәдуақас бес жаста. Сондықтан бұл пікір шындыққа жанаспайды.

Шатасып көрсетіп отырғандары – 1883 жылы Александр III-тің таққа отыру тойы. Мұса Чорманов денсаулығына байланысты іс-шараға барудан бас тартып, орнына Сәдуақасты ұсынады. Шормановпен бірге Ақбеттау болысының басқарушысы Құсайын Боштаев, Қараөткел болысының биі Нөгербек Қазанғапов та жолға шығады, ол қартайған шағында жолдың ауыртпалығына төтеп бере алмай Қазанда қайтыс болады.

Ал 1891 жылы император мұрагері Николай Александрович Ресей империясына үлкен сапарға шығады. Барған қалалардың қатарына Омбы мен Ертіс жағалауындағы қазақ ауылы енгізіледі.

Дала генерал-губернаторы М.А. Таубе ауыл старшиналары мен даладағы ең құрметті билерге жүгініп, И.А. Козлов пен В.К. Гернге кездесу бағдарламасын дайындауды тапсырады. Патша мұрагерінің келуіне орай орта және бай тараптың тұрмыстық заттарымен толтырылған 20 киіз үйден тұратын қалашық тұрғызылады.

Өлкетанушы Юрий Поповтың мәліметі бойынша 10-11 үйлерде Шорман әулеті жайғасқан. «Баян-аульские страницы» атты еңбегінде «В двух оставшихся больших юртах Цесаревичу вручили подарки. Больше всех преуспели казахи Павлодарского уезда. Садвокас Мусин Чорманов (Акмолинская волость) преподнес «седло сиванского типа с серебряными украшениями». Иса Бердалин (Алтыбаевская волость) удивил деревянной айболтой, в ручке которой был скрыт стальной кинжал» деп көрсеткен.

Жалпы әкеден қалған игі іс, әдетпен Сәдуақас Шорманов та дала өлкесіндегі көптеген экспедицияларға көмек көрсеткен. Олардың қатарында атақты Дудин экспедициясы бар. Сәдуақастан Дудин жіңішке жіптерді иіретін ұршық, арнайы ағаштан жасалған қымызға арналған ожау, бас киім және темекіге арналған темекі сауыт алған.

* * *

Қазақ даласының күрделі кезеңінде, ескі мен жаңаның арпалысы үстемдік құрған ғасырлар тоғысында өмір сүрген, бірақ өз заманынан озық ойлаған, жанына білім мен руханияттың отын жаққан тұлға – Сәдуақас Шорманов 1927 жылы дүниеден өтеді.

Дала өлкесіне 1927 жылы экспедициямен шыққан этнограф Федор Артурович Фиельструп Баянауылға келеді. Арнайы сапарында Сәдуақас Мұсаұлымен кездескісі келгенімен, өкінішке орай, үлгермей қалады. Жазбаларында Шормановтың асы, қырқы туралы мынадай мәліметтер берген: «28 июня. Вторник. Привал в поселке. Приехали дети Кабыша и Жами Чормановых — братьев умершего Садвакаса Чорманова. Остановились ночевать у придорожного аула Сарычеку.

30 июня, четверг. Посещение кибитки покойного Садвакаса с соболезнованиями. Там познакомился с председателем исполкома Семипалатинского уезда Мухтаром, уроженцем этого аула, энергичным партийцем, который прибыл сюда по земельным делам.

2 июля, суббота. Сороковины со дня смерти Садвакаса отмечаются на 39-й день. Родственники приехали издалека, привели трех лошадей на заклание и привезли кумыс.

Примечание: Судя по этой записи, дата смерти Садвокаса Чорманова приходится на 23 мая 1927 года».

Тағдыр талайы… Әкесі Мұса 1884 жылы өмірден өткенде өзі бастамашы болып, «Шүршіт қырған» деген жерде ас береді. Ел жанашыры қайтқанда жасалатын салт бойынша 100 киіз үй тігіліп, алыс-жақын жерден он мыңға тарта адам жиналып, күрес, аламан бәйге ойнатылады.

Ал Сәдуақас Мұсаұлының жылдығы да, асы да дүркіреп өтпеген, себебі 1928 жылы бай-кулактарды тәркілеу басталып кетеді.

Сәдуақас Шорманов – жай ғана бір адам емес, ол – бүтін бір дәуірдің тынысы, қазақ халқының арманы мен мұңының көрінісі. Ол өмір сүрген кез – Ресей империясының қазақ жеріне терең еніп, салт-дәстүріміз бен тілімізге қауіп төндіре бастаған уақыт еді. Осындай алмағайып заманда Сәдуақас қарап қалмады, ол – ұлтының болашағына алаңдап, оны білім мен сауаттылық арқылы құтқаруға тырысқан ағартушы. Ол халықтың көзін ашуға, жаңа заманның талаптарына сай білім беруге ұмтылды. Оның әрбір сөзі, әрбір ісі – қараңғылықты сейілтіп, жарыққа бастаған шамшырақ іспетті болды. Бұл тек оқу мен жазуды үйрету ғана емес, бұл – ұлттың рухын ояту, санасын сергіту еді.

Сәдуақас Шормановтың атын қайта жаңғыртып, оның мұрасын ғылыми айналымға енгізудің маңыздылығын терең сезінуіміз керек. Оның жазылған еңбектері, айтылған сөздері, атқарған істері – біздің тарихымыздың алтын парақтары. Бұл зерттеулер тек ғылыми жаңалықтарға ғана емес, сонымен қатар ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, жастарға рухты тәрбие беруге жол ашады.

Жанболат АБАЙХАН,
Бұқар жырау атындағы әдебиет
және өнер музейінің ғылыми қызметкері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here