ДОМБЫРАНЫҢ ҚҰЛАҒЫНДА ОЙНАЙТЫН МОЗЕС ЗИБО ӨНЕРДЕ ШЕКАРАНЫҢ БОЛМАЙТЫНЫН ТАҒЫ БІР ДӘЛЕЛДЕДІ

0
410

Өнерде шекараның болмайтыны рас. Екі ғана мысал. Жез таңдай әнші Әміре Қашаубаев (1888-1934) «Балқадишамен» Париж төрінде тебіренте ән салып, тыңдаушы ықыласына бөленді. Ал, ғасырда бір туатын талант иесі Димаш Құдайбергеннің қазақ тіліндегі әндерін сүйіп тыңдайтын шетелдік тыңдармандар аз емес. Яғни, қай елдің әні болса да, ол қай тілде шырқалса да, орындаушы оны бойына сіңіре білсе, онда сол ән тыңдаушының жүрегіне жететіні сөзсіз. Өйткені, бұл жерде тілді түсіну маңызды болмай қалады.

Жалпы, өзіміз қазақша сөйлеген өзге ұлт өкілін көрсек, құрақ ұша қолпаштаймыз. Дұрыс та шығар, кейде өзіміз білмейтін ана тілімізді өзгелер үйреніп, үлгі болып жүрсе, оның еш әбестігі болмаса керек. Ал егер қазақша ән салса, тіпті керемет! Бұл соңғы уақытта қазақстандық шоу-бизнесте белең алған соны үрдіс. Мәселен, конголықтар мен нигериялықтардан құралған «Килиманджаро» тобы, Ұлыбританиядан келген итальян әншісі Сон Паскаль, 2001 жылдан бері Қазақстанда өнер көрсетіп жүрген малайзиялық Лилиан, 15 жыл бұрын Алматыға қоныс аударған нигериялық әнші Рич Ди сынды өнерпаздар қазір қазақ көрерменіне етене таныс болып қалды. Түрлі бағдарламада ән айтып, экраннан жиі көріне бастады. Бұлардың қатарына бұрнағы жылы нигериялық музыкант Мозес Зибо (суретте) қосылды. Домбыраның құлағында ойнайтын Мозесті жергілікті халық «Мұсабек» атап кетіпті.
«Қазақстан – қонақжай ел. Мұндағы адамдар да, қалалар да тамаша. Маған қазақтың мәдениеті мен тілі ұнайды», – деп ағынан жарылған Мозес Зибо Қазақстанға әлеуметтік желідегі достарының бірінің шақыруымен келгенін айтты. Бұған дейін ол Нигерияда сурет салумен айналысқан екен.
«Мен ғаламтордың көмегімен қазақ халқының салт-дәстүрлерін білдім. Ал, домбыра мені өзіне баурап алды. Ерекше аспап екенін көріп, мен оны меңгеруді ұйғардым. Домбыра гитараға ұқсас, бірақ екі ішегі ғана бар. Домбырашылардың аспапта өте жылдам шертетінін видеодан көріп, сол кезде дыбыстың жақсы шығатынына көз жеткізген едім», – дейді музыкант.
Мозес Зибо домбыраны 2013 жылы сәуірден шілдеге дейінгі үш ай ішінде үйренген. Продюсерінің көмегімен бейнебаян түсіріп, оны Интернетте жариялады.
«Мен Еңсеповтің «Балалық шақ» композициясын, Құрманғазының «Адай» күйін орындай аламын. «Адайды» бір айдан астам уақытта меңгердім. Бір ай бойы «Атамекен» әнін де үйрендім. Кейбір жандар қара нәсілді жігіттің домбыраны, яғни екі ішекті аспапты жылдам үйреніп алғанына таңғалады. Мәселе аспапта емес, музыкаға деген сүйіспеншілікте ғой. Егер сүйіспеншілік болса, онда қандай қиын аспап болса да, оны тез меңгеруге болады», – дейді музыкант.
Нигериялық азамат Қазақстанда өзінің шығармашылығын дамытуды көздейді. Ол қазақ тілін үйреніп, музыкадан білім алып жүр. «Келешекте домбыраны өзіммен бірге шетелге алып шығамын. Мен өзге халықтарға домбыраның бар кереметін көрсетемін», – деген музыкант Алматыда әйелімен және баласымен тұрып жатыр. Жары – қырғыздың қызы.
Осылайша, Мозес Зибоның қазаққа деген махаббаты домбыра арқылы келген. Қазақтың әні мен күйіне деген құштарлық оны көптеген қазақ достарымен табыстырды.
Әлбетте, қазақша ән мен күй шығару, оны жетесіне жеткізіп орындау үшін қазақтың жан дүниесін, болмысын, тарихын терең білу қажет, мүмкін, қазақ боп туу керек та шығар. Қалай болғанда да, өзге ұлттардың қазақша үйреніп, тіпті қазақша ән шырқап, қазақтың ұлттық аспабын меңгеріп жатқандарына іш жылиды. Ал, Мозес Зибоның бүгінгі жетістікке қазақтың шанағынан сыр мен мұң төгілген қасиетті қара домбырасының арқасында жеткенін ешқашан ұмытпаса екен деп тілейміз.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here