БАҒДАРЛАМА КАРТОП НАРЫҒЫНДАҒЫ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ОҢТАЙЛЫ ШЕШЕДІ

0
735

Картоп тұқымын экспорттау бойынша Қазақстанның Нидерланды, Франция мен Германияны Еуропадағы көшбасшылық бағытынан ығыстыруға мүмкіндігі бар. Ғаламдық климаттың өзгеруінің елеулі салдары еуропалық елдерге өзінің қиыншылықтарын алып келуде, ал біздің өңірлерде картоп өсіру шаруашылығына қолайлы жағдай қалыптасып отыр. Дегенмен, өнімді жаңа деңгейге алып шығуға бір ғана жайлы ауа райы аздық етеді. Бұл ретте техникалық жабдықтаудан бастап, қаржыландыру жүйесін құруға дейінгі бірқатар мәселелерді кешенді шешу керек. Бұл мәселелер Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында да баса айтылған. «Qazaq» газеті бүгін картоп шаруашылығының түйіткіліне тоқталады.

Рас, Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту-дың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында: «2015 жылы картоптың егіс алаңы 190,6 мың гектарды, жалпы жиналымы 3521,1 мың тоннаны құрады, бұл 2011 жылдың деңгейінен тиісінше 3,4% және 14,5%-ға артық. Бұл ретте, ірі АШТӨ өндіретін картоп толығымен қалалардың нарықтарына, тұқымға және экспортқа кетеді», – деп тайға таңба басылғандай анық жазылыпты. Және картоп тұқымына қатысты біраз мәселелер көтеріліп, бағдарлама аясында оны шешудің жолдары да қарастырылыпты.

Қазақстанның Картоп және көкөніс өндірушілері одағы 143 агроқұрылымды біріктіреді, олар 50 гектар аумақтан бастап өнеркәсіптік әдіспен картоп егеді.

Экспортқа қатысты айтатын болсақ, тауар-лық картоптың бір бөлігі жыл сайын шекараға жақын біздің облыстардан көрші Ресейге 30-дан 50 мың тоннаға дейін жөнелтіледі. 2016 жылы нағыз экспортты «бұзып-жарған» кезең болды – қазақстандық өндірушілердің Өзбекстан нарығына жол табуы экспорт өсімін күрт арттырды. 2017 жылы да Өзбекстанға 270 мың тонна картоп жеткізілді.

Бүгінде қазақстандық аграрлық-өнеркәсіптік кешен (АӨК) саласы бойынша картоп өсірушілер жақсы техникалық жабдықтауларымен мақтана алады. Олар заманауи техникалар мен озық агротехнологияларды қолданады. Бәрі де дәнді-дақыл мамандары айырылып қалған суарумен айналысады, бұл тұрақтылыққа кепілдік береді. Айтпақшы, картоп алқабы айналмалы типтегі арнайы техникамен суарылады.

Бұдан бөлек, картоп өсірушілер ендігі жерде салқындату құрал-саймандарымен жабдықтандырылған қоймалар құрылысына қаржы құюы керек. Бұл да өте қымбат тұрады, есесіне өнімді жазда да сақтауға жағдай жасайды.

Осы ретте мамандар өнімнің өзіндік құнын міндетті түрде төмендету керектігін атап өтті. Өйткені, бәсекелестік артады: картоп шаруашылығы Ресей, Қырғызстан мен Өзбекстан елдерінде дамып келеді. Пәкістанда да картоп өндіру көлемі өте үлкен және экспортқа шығуға бағытталып жатыр. Сондықтан ұзақмерзімді болашақта өзіндік құнды төмендету – тауарды өткізудің бір жолы болады. Ал, мемлекет те ауыл шаруашылығына қатысты бұл мәселелерге назар аударып, оны шешудің тетіктерін қарастырып жатқаны қуантады.

Картоптың отаны – Оңтүстік Америка болғанымен қазір коңыржай белдеу дақылына айналды. Айталық, картоп егуден Қытай алдына ешқандай елді салмайды. Аспан асты елі былтыр 95 млн тонна картоп жинаса, бір жылда картоп егуден үздік бестікке кіретін Үндістан 46 млн тонна, Ресей 34 млн тонна, Украина 24 млн тонна, АҚШ 20 млн тонна өнім алыпты. Ал, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 2018 жылы Қазақстан 179,6 мың гектардан 3,5 млн тонна картоп жинағанын хабарлады. Яғни, бұл көрсеткіш бойынша біздің ел әлемдегі 20 елдің қатарына енеді.

Жансая ШЫҢҒЫСХАНҚЫЗЫ, «Qazaq»-тың шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here