МАХАТХИР МОХАМАД 93 ЖАСЫНДА НЕГЕ МАЛАЙЗИЯ ТІЗГІНІН ҚОЛЫНА ҚАЙТА ҰСТАДЫ?

0
1508

Экономикалық жетістіктерімен «Азия жолбарысы» атанған Малайзия жарты ғасыр бұрын бұғанасы қатпаған, тұрақсыздық жайлаған, болашағы бұлыңғыр мемлекет еді. Саясаткер Махатхир Мохамадтың жүргізген реформаларының нәтижесінде Малайзия бүгінгі дәрежесіне жетті. Десек те, 2018 жылы 93 жасында премьер-министр болып сайланған реформатордың билікке қайта келуін кейбір сарапшылар Малайзияда диктатура орнағанының дәлелі санайды. Ендеше, «Qazaq» газеті бүгін бес күннен кейін, 10 шілде күні 94 жасқа толатын Махатхир Мохамадтың саяси жолына және Малайзияның саяси-экономикалық ахуалына тоқталады.

МАХАТХИР МОХАМАД БИЛІККЕ ҚАЛАЙ КЕЛДІ?

Малайзия 1965 жылы Сингапур Федерациясының құрамынан шығып, тәуелсіз мемлекетке айналды. Сол кезеңдегі Малайзияның саяси ахуалы Ауғанстанға ұқсас еді.
Ауғанстандағы азамат соғысының негізгі себебі халықтың бірлікте болмауында еді. Өйткені, ауған жерінде 20-дан астам этникалық топтар мекен етеді. Олар өзбектер, түркімендер және де пуштун, шинвар, хужан, сафа сияқты тайпалық одақтар. Және Ауғанстанда сунниттер де, шейіттер де бар. Ал, бірлікке дін арқылы қол жеткізуге мүмкіндік аз. Малайзия да сондай бірнеше этникалық топтан тұрады. Мысалға: малай, қытай, үндіс және азын аулақ ағылшындар да бар. Ел халқы ислам, христиан, будда діндерін, сондай-ақ даосизм ілімін де ұстанады. Яғни, Малайзия халқын ұлттық құндылықтармен болмаса, діни идеологиямен жұмылған жұдырықтай ұстауға мүмкін болмады. Сондықтан да, бір-біріне қарама-қайшы саяси топтар төбе көрсетті. Премьер-министр Абдул Рахманның тұсында Малайзияда экономикалық дағдарыс, ұлтаралық қақтығыстар жиі орын алып тұрды. Абдул Рахман сыртқы саясатта Қытаймен одақтас болды. Малайзиядағы қытайлардың мәртебесін бір сатыға жоғарылатты. Бұл жағдай малайлар мен үндістердің наразылығын тудырды.
Айта кетейік, бүгінде Малайзияда 31 млн халық тұрса, соның 50,1 пайызын малай, 22,6 пайызын қытай ұлтының өкілдері құрайды.
1969 жылы 13 мамырда Куала-Лумпурда болған ұлтаралық жанжалдан кейін дәрігер және саясаткер Махатхир Мохамад премьер-министр Абдул Рахманға хат жолдайды. Хатында премьер-министрдің жүргізіп отырған саясаты тек елдегі қытайлардың мүддесін қорғауға және олардың материалдық жағдайын жақсартуға ғана бағытталғанын, Малайзиядағы барлық ұлт өкілдеріне тең құқықтар беріп, бірдей жағдай жасауын талап етеді. Артынша Махатхир Мохамад Абдул Рахманға жолдаған хатын халыққа жариялап жібереді. Осы арқылы халық алдында өз беделін көтеруді көздейді. Жасаған әрекеті үшін Махатхир Мохамад Біріккен Малай Ұлттық Ұйымының (БМҰҰ) жоғарғы кеңесінен қуылып, сол жылы партия қатарынан шығарылады.
Қуғынға ұшыраған болашақ премьер Малайзияны экономикалық дағдарыстан шығарудың амалдарын қарастыра бастайды. Сөйтіп, 1970 жылы «Малайлар диллемасы» кітабын жазып шығады. Кітапта Куала-Лумпурде орын алған жанжалдың, елдегі экономикалық күйреудің себеп-салдарын жан-жақты түсіндіре келіп, экономикалық дағдарыстан шығудың жолын ұсынады. Және ұлтаралық араздыққа жол бермеу үшін ендігі уақытта Малайзия тұрғындарының ұлтына, дініне қарап бөліп жармай, жалпыға бірдей малайзиялық ұстанымда болуға шақырады. Билікті де қырына алған бұл кітапты Абдул Рахман оқуға тыйым салады. Алайда, сол жылдың қыркүйегінде биліктен кеткен Абдул Рахманның орнына премьер-министр болған Абдул Разак «Малайлар диллемасы» кітабын жаңа экономикалық саясат жүргізуге тиімді әдістемелік құрал деп таниды. Осылайша, Абдул Разактың қолдауына ие болған Махатхир Мохамад саяси мансабын жалғастыруға жаңа мүмкіндік алады. 1972 жылы 7 наурызда Біріккен Малай Ұлттық Ұйымына қайта қабылданып, бір жылдан кейін сенатор болып бекітіледі. 1974 жылы сенаторлықтан кеткен саясаткер Білім министрі болып тағайындалады.
Махатхир Мохамад білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың елдің болашағына келтіретін зардабы жайлы мәселе көтеріп, оқу орындарын жемқорлардан тазартты. Және шетелден білікті мамандар шақыртып, білім сапасын арттыра білді. Куала-Лумпурде Малайзия Ұлттық университетінің негізін қалады. Білім беру жүйесінде жеткен жетістіктері үшін халық оны жоғары бағалады. Осының арқасында 1975 жылы өткен сайлауда 47% дауыспен БМҰҰ-ның үш вице-президентінің бірі болып сайланды.
Вице-президент қызметінде жүрген Махатхир Мохамад білімі мен біліктілігінің арқасында Малайзияның үшінші премьер-министрі Хуссейн Онның көзіне түседі. Премьер-министр Махатхир Мохамадты 1978 жылы 15 қыркүйекте өзінің орынбасары етіп тағайындады. Үш жылдан соң денсаулығына байланысты отставкаға кеткен Хуссейн Онның орнына елдің төртінші премьер-министрі болып шыға келді.
Үкімет басына келген Махатхир Мохамад өзінің саяси реформаларын іске асыруға толықтай мүмкіндік алды. Малайзия экономикасын жандандырушы реформатор экономикалық реформасын іс жүзінде Сингапур премьер-министрі Ли Куан Юдің реформасын қайталау арқылы жүзеге асырды. Сингапурдың тұңғыш премьер-министрі туралы «Qazaq» газетінің өткен санында жазғанымызды көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Ал, газетіміздің http://qazaq1913.com сайтында жарияланған бұл мақаланы екі күнде 115 мың адам оқығанын айта кетейік (Қараңыз: «Ли Куан Ю 30 жылда Сингапурды дамыған елге қалай айналдырды?». №25 (972). 28.06.2019). Махатхир Мохамад дәл Ли Куан Ю сияқты білім беру, шетелден инвесторларды көптеп тарту, әлеуметтік-құқықтық салаларды реттеу, сыбайлас жемқорлықпен күресу сынды әлеуметтік-экономикалық салаларда жұмыстар жүргізе бастады.
Иә, Махатхир Мохамад реформаның авторы тек өзі екендігін қайталап айтумен болса да, әлем елдері оны Ли Куан Юдің ізбасары ретінде санайды. Дегенмен, Махатхир Мохамадтың кейбір сәттерде Ли Куан Юден кемшін түсіп жатқаны жасырын емес.

ТӨРТІНШІ ПРЕМЬЕРДІҢ 22 ЖЫЛДА ЖҮРГІЗГЕН РЕФОРМАСЫНЫҢ ЖЕМІСІ

Реформасын іске асыру үшін Махатхир Мохамад «реформаға кедергі жасайды» деген сылтаумен елдегі оппозиция өкілдеріне және журналистерге сыни көзқарастар айтуға қатаң тыйым салды. Осылайша, алаңсыз іске кірісуге өзіне жағдай туғызды.
Сингапур табиғи ресурстарға зәру болса, Малайзия мұнайға, газға бай мемлекет. Соған қарамастан Махатхир Мохамад Малайзияны ғұмыры қысқа шикізат өндіруші елге айналдырғысы келмеді. Табиғи ресурс қорын сақтау үшін жер асты байлығының жартысын ғана өндіруге бұйрық берді.
Төртінші премьер ел экономикасын дамыту мақсатында жоғары технологиялық өнімдерді шығаратын өндіріс орындарын ашуға күш салды. Ол үшін Малайзия студенттерін технологиясы дамыған елдерге, яғни Жапонияға, Оңтүстік Кореяға, Қытайға оқуға жіберді. Шетелден білімін жетілдіріп келген сол жас мамандардың мойнына ауыр жүк артылды. Жастардың алдында малайлық маркадағы заманауи көліктер жасап шығару, сәулетті зәулім ғимараттар салу, арнайы зерттеу бағдарламасын әзірлеп, ғарышты игеру сияқты міндеттер қойылды. Тәжірибе өз деңгейінде жүзеге асты. Бүгінде малайлық маркадағы «Proton», «Bufori», «Naza», «Hikom», «Sas» автокөліктері әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие. Және аз уақыт ішінде ел астанасы Куала-Лумпурде көз тартар әсем ғимараттар бой көтеріп, қалаға туристердің көбірек келуіне жол ашылды.
Премьер-министр ел экономикасының тұрақтылығын қосымша қамтамасыз ету мақсатында халықаралық беделге ие болатын банк қызметтерінің нарығын құруға қол жеткізді. Бизнесті сәтті жүргізу үшін шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасады. Кәсіп бастағасы келген ел тұрғындарына да қолдау білдіріп, мемлекет тарапынан субсидия беруді қолға алды. Инновациялық технологияларды өндіріске енгізу арқылы Малайзияның отандық технологиясын дамытты. Сөйтіп, 22 жыл Үкімет басқарған Махатхир Малайзияны дамыған мұсылман елдерінің біріне айналдыра білді.

94 ЖАСТАҒЫ ПРЕМЬЕР-МИНИСТР

Таяқтың екі ұшы болатыны тәрізді Махатхир Мохамадтың да саяси олқылықтары жоқ емес. 1981-2003 жылдары премьер-министр болған ол Азиядағы ұзақ билік жүргізген көшбасшылардың қатарына кірді.
Махатхир Мохамад билігін ұзарту үшін әрдайым реформаны желеу етіп, өз мүддесіне пайдалы солақай саясат жүргізді. Мәселен, 1987 жылғы «Қарау операциясына» тоқталсақ. Операцияның мақсаты – 1969 жылы орын алған ұлтаралық жанжалдың қайталануының алдын алу еді. Операция кезінде 119 адам түрмеге қамалды. Олардың барлығы премьерге наразы оппозиция өкілдері болды.
1994 жылы оппозициялық сыншы Лим Гуан Энгке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оппозиционер «бүлікшіл көзқарасы және Малайзияның Мелака штатының басшысы Абдул Рахимнің 15 жасар қызын зорлағаны үшін» тұтқындалды. Сөйтіп, Лим Гуан Энгке қатысты сот процесі әділ өтпеді.
1998 жылы премьер-министр Махатхир Мохамад пен оның орынбасары Әнуар Ибрахимнің арасындағы жанжал шарықтау шегіне жетті. Нәтижесінде орынбасары лауазымынан айырылып, «гомосексуалдық әрекеттері үшін шариғат бойынша айыпты» деп танылып, 6 жылға түрмеге тоғытылды. Әйтсе де, 2003 жылы Махатхир Мохамад биліктен кеткен соң оған қатысты барлық айыптаулар күшін жойып, ол бостандыққа шықты.
1999 жылы Азиялық еркін сайлау қоғамдастығы Малайзиядағы сайлауға бақылаушы болды. Бақылаушылар сайлауда орын алған заңсыз әрекеттерді әшкереледі. Сәуір мен мамыр арасындағы сайлаушыларды тіркеу науқанының соңында биліктің 600 мың адамды сайлаушы ретінде тіркемегендіктері анықталды. Сарапшылар бұл оппозицияның даусын ұрлау әрекеті екендігін мәлімдеді.
2001 жылы Махатхир Мохамад оппозиция өкілдерін барлық жеңілдіктерінен айырып, олардың билікке қарсы шығуына ешқандай да мүмкіндік бермеді. Сондай-ақ, 2002 жылы малайзиялық БАҚ өкілдерін қуғынға салды. Сөз бостандығына шектеу қойып, елдегі басылымдарға тінту жұмыстары жүргізілді.
Малайзияның Үкіметін 22 жыл бойы басқарған Махатхир Мохамад 2003 жылы 78 жасында қызметінен кетіп, оның орнына Абдолла Ахмад Бадави келді. Дегенмен, Махатхир Мохамад саясат сахнасынан түпкілікті кеткен жоқ, елдің саяси өміріне белсене араласып жүрді. Содан былтыр, 2018 жылы сайлау науқанында елдегі авторитарлық жүйені құлатып, демократия құндылықтары салтанат құратындығына уәде беріп, жеңіске жеткен Махатхир Мохамад 93 жасында қайтадан премьер-министр болып сайланды.
Иә, өркениетті елдердің Махатхир Мохамадты диктаторға теңейтіні тегін емес. Өйткені, былтырғы сайлау алдындағы уәдесін ол әлі орындамады, яғни демократия құндылығы мен сөз бостандығы елде салтанат құрған жоқ. Айталық, биылғы жылы Махатхир Мохамад израильдік спортшыларға суда жүзуден Малайзияда өтетін әлем чемпионатына қатысуға тыйым салатынын мәлімдеді. Оған жауап ретінде Израиль Сыртқы істер министрі Биньямин Нетаньяху Махатхир Мохамадты «антисемист» деп атады (антисемист – еврейлерге қарсы көзқарастағы адам).
Қазір Махатхир Мохамад бұрынғы премьер-министр Наджиб Разакқа қарсы қылмыстық іс қозғауда. Ал, Разак тағылған айыппен келіспейтіндігін айтуда. Ол өзін ақтау үшін қолдан келер барлық шараны қолданатынын мәлімдеді.
94 жастағы Махатхир Мохамад үкімет басында тек екі жыл отыратындығын, содан кейін отставкаға кететінін, билікті Әнуар Ибрахимге табыстайтынын жеткізді. Бір кезде өзі қуғындаған Әнуарды қайта демеуін сарапшылар «Махатхирдің 1998 жылы Әнуарды айыптауы тек саяси ойынға қажет болған жүріс» деп есептейді. Ал, оппозиция өкілдері Махатхирдің Әнуарға 1980 жылдардан бастап саяси мансабының өсуіне қолдау көрсеткенін айтады.
Дәрігер, саясаткер, реформатор Махатхир Мохамад бір кезде өз қолымен гүлдендірген мемлекетін өз қолымен құртуы да мүмкін. Бұл да уақыттың еншісіндегі шаруа. Дегенмен, Махатхир Мохамад әлемдік саясатта сұңғыла саясаткер екенін ешкім жоққа шығара алмайды.
Айта кетейік, Малайзия – федеративтік конституциялық монархия. Яғни, елде президент жоқ, басқарушы билік премьер-министрдің қолында болады. Ел барлығы 13 штаттан тұрады, соның 9 штатын сұлтандар басқарады. Малайзияның патшасы – ІІ-ші Абдолла. Ал, 60 жастағы елдің бұл 16-шы патшасы таққа биыл отырды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Махатхир Мохамад әлемге мұсылман мемлекетінің беделді көшбасшысы ретінде танылды. Ол диктатор болса да, елін тар заманда тығырықтан алып шыға білді. Сөйтіп, Малайзияның екінші Ауғанстанға айналуына жол бермеді. Малай көшбасшысының «диктатор», «антисемист» болып айыпталуы да АҚШ билігінің арандатуы болуы ықтимал. Себебі, бір кезде Ливия көшбасшысы Муаммар Каддафидің, Ирак көшбасшысы Саддам Хуссейннің тағдырларына үңілсек, дамыған мұсылман мемлекетінің тағы біріне қауіп төнгендей. Десе де, Малайзияның ендігі тағдыры болашақ премьер-министр Әнуар Ибрахимнің қолында екенін айтады сарапшылар. Ол авторитарлық басқаруды таңдай ма, әлде демократиялық билікті таңдай ма, оны уақыт көрсетеді.

Фараби СӘЙКЕНОВ,
«Qazaq»-тың шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here