АРТЫНДА ӨШПЕС ІЗ ҚАЛДЫРҒАН ҚАЙРАТКЕР

0
630

АЛҒАШҚЫ ӘСЕР МӘҢГІЛІК ҚАЛДЫ

Жас кезінде адам көп жайға мән бере бермейді екен. Кейін  қаламымыз шыңдалып, шығармашылық жағынан өсе келе Қостанай өңірінен де қаншама қаламы қарымды, дарынды, «елім» деп еңіреген әріптестеріміз бар екендігіне көзім жете түсті. Олардың басым көпшілігі бұл күндері ару қала Алматыда, сонан соң Елордамыз Нұр-Сұлтанда тұрады. Әрине, жазушылардың туындыларымен бұрыннан таныс болатынмын. Осындағы теледидар мен баспасөздерде қызмет атқаратын бауырларымыз: «Қоғабай Сәрсекеев қайталанбас тұлға. Оның романдары барша қауымның жүрегіне жол тапқан», – деп отыратын.

Олардың сөздері маған үлкен ой салды. Тарихи кітаптарымен көпшіліктің ықыласына бөленген тұлғаны бір көріп, емін-еркін сырлассам деген үлкен мақсат алдымда тұрды.  Бірақ, сол баршаға арман үлкен қалаға үнемі жолымыз түсе бермейтін еді. Соның орайы бірде келіп, ағаммен арнайы жолыққанды жөн көрдім.

Содан қазақтың көрнекті жазушысын іздеп, Қазақстан Жазушылар одағынан ол кісінің қызмет телефонын сұрап алдым. Қаламгердің қызмет атқаратын орны Көк базардың маңында екен.

Тиісті кеңсенің табалдырығын аттап, редакцияның қыз-жігіттерімен таныстым. Олар маған бас редактордың бөлмесін көрсетті. Шынымды айтсам, бұрын ол кісінің түрін теледидардан,  газет беттерінен көргенім болмаса,  жүздеспеген едім.

Дәл осы кезде ұзақ жылдар бойы оқырмандарынан қол үзген «Қазақ» газеті шығып, елімізге тарап жатқан болатын.  Бір айта кетер жай, кезінде бұл басылымды Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және басқа да тұлғалар шығарған-ды.

Сол шақта беделді басылымда бас редактордың орынбасары лауазымын атқарып жүрген мәдениетті де қаламы ұшқыр талантты журналист Жасұлан Мәуленұлы мені ағамыздың жанына ертіп барды.

Көзілдірігі өзіне ерекше жарасқан тұлғалы азамат орнынан атып тұрып қос-қолдап амандасты. Сөзінен ерекше бір жылылықты сезгендей болдым. Осы кезде нағыз парасатты жазушылар қарапайым да ізетті келетіндігін ұққандаймын.

Ол менің Алматыдан шалғайда жатқан Қостанай шаһарынан әдейі жолығуға келгенімді білген соң: «Інім, өте қуаныштымын. Мен де сол жақтың перзентімін. Өңірде қандай игі жаңалықтар бар, соны айта отыр», – деді.

Ағамыз қонақжайлылық дағдысымен лезде хатшысын шақырып  алып, шай әкелуге тапсырма берді. Осы аралықта мен де кішіпейілділік танытып, облыстың, тіпті қаламгердің кіндік қаны тамған киелі Торғайдың азаматтары жайлы біраз мәліметтер бердім.

Бұрынғы Торғай облысының орталығы болған Арқалық қаласының да жылдан-жылға көркейіп келе жатқандығын жеткіздім. Оның Жангелдин ауданының орталығындағы мұражайлар кешенін басқаратын қарындасы Гүлбану Сәрсекеева жайлы да ізгі лебізімді білдірдім.

Сол мезетте оның жүзі жайнап сала берді. Мұны мен туған жерге деген құрмет деп түсіндім. Облыс орталығында тұратын тағы да біраз азаматтарды сұрады. Өзінің ұлтымызға талай ақын-жазушылар, өнер қайраткерлерін берген Торғай өңірінің тумасы екендігін, Қос-танай қаласының Құрметті азаматы екендігін де сездірді.

Қысқасы, ол мені бір көргеннен туған інісіндей бауырына тартты. Содан кейін арамыздағы сыйластық үзілген жоқ. Түрлі мерекелерде кішілік танытып, құттықтап тұруды әдетке айналдырдым.

Алайда, ағамыздың дүниеден өтуі бәріміз үшін қайғылы болғандығы жасырын емес. Оның орнын ешкім де толтыра алмас. Қазақ ұлтжанды азаматтардан кенде емес. Басылым белгілі кәсіпкер, руханият жанашыры Махмұт Нәлібаевтің тікелей қолдауымен шығып жатыр.

Кешегі Қоғабай ағаның тәлімін алған бауырымыз Жасұлан Мәуленұлы бастаған қаламы қарымды журналистер газеттің абыройын асқақтатып, беделін көтеріп жатқандығы біз үшін үлкен қуаныш екендігі даусыз.

Осы және басқа да азаматтардың тікелей атсалысуымен «Қазақ» газетінің таралымы да көбейді. Қазіргі таңда ол 30 мың данадан асты. Басылымның оқырманы артуымен қатар жарияланып жатқан мақалалардың мазмұны да, тақырыбы да барынша жандана түсті. Олардың бәрі де сайып келгенде ғасыр тарихы бар ұлт басылымдарының атасы атанған газеттің сапасын көтеруге ұмтылыс танытып жатқандары әрбір нөмірінен байқалады.

Бір сәт кез келген санын алып көріңізші. Өзгеріс те, жаңалық та жеткілікті. Жаңа айдарлар пайда болды. Редакцияға қаламы қарымды, ойы орамды, сөз қадірін білетін нағыз патриот қызметкерлер жұмысқа алынғандығы байқалады.

Қостанайлық белгілі журналист, жазушы Серік Шайман секілді тұлғалардың жазған дүниелері де барша жерлестеріміздің көңілінен шығатындығын да тілге тиек еткенді жөн санаймын.

Өзім де басылымға атсалысып тұрамын. Сонау бір жылдары Қоғабай ағаның өзі үнемі қалам тартып тұруымды қалаған еді. Сол кезеңдерден бері де қаншама жылдар артта қалды.

ЖЕРЛЕСТЕРІНІҢ МАҚТАНЫШЫ

Өтіп бара жатқан уақыт-ай десеңізші. Қарап отырсақ осы асыл ағамыз үстіміздегі жылы 80 жасқа толды. Оның ғұмыры мәнді де мағыналы өтті. Мерейтойына байланысты өзі басқарған басылымда бірнеше елге танымал азаматтардың, көрнекті ақын-жазушылардың, ғалымдардың ғибратты әрі көпшілікке ой саларлық дүниелері жарық көрді.

Өзім сөздің реті келгенде кейінгі жас ұрпақтар біліп жүрсін деген ізгі ниетпен мен қадір тұтқан, даңқты жерлесіміз әрі сөз зергерінің өткен өмір жолдарына да шолу жасап өткенді парыз санадым.

Жарқын дарынын ел мойындаған Қоғабай Сәрсекеев 1939 жылы 1 сәуірде Қостанай облысының Жангелдин ауданына қарасты Торғай ауылында туып өсті. Осындағы кезінде ұлы ағартушымыз Ыбырай Алтынсариннің өзі негізін қалаған орта мектепті бітірді.

Содан кейін жазу-сызуға икемі бар талантты бозбала өзге замандастары секілді жиі өзіміз айтып әрі жазып жүрген Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне құжатын тапсырды. Оның жолы болды. Студент атанған соң, есімдері республикамызға кеңінен танымал көптеген мықты ғұлама ғалымдардан дәріс алды.

Ол кезде журналистика мамандығына талап өте жоғары болатын. Жалғыз факультет болған соң байқау да қатал-ды. Жай әшейін қиялға салынып, осы кәсіпті игерсем деген кейбір жастар қатаң сыннан өте алмайтын. Сол талап дұрыс та болған шығар. Себебі, университеттің дипломын алған талай қазақтың жігіттері мен қыздары кең байтақ еліміздің барлық облыстарында шығармашылықпен жұмыс істеп, ұстаздары мен өздерінен үміт күткен ата-аналарының сенімін толық ақтады.

Тағы бір ерекше тоқтала кетер жай, осынау жоғары оқу орнын жақсы аяқтаған және сабақ барысында өзін өнегелі жағынан көрсеткен жастарға Алматы қаласында қалып, қызмет атқаруға да мүмкіндік бар-ды. Қоғабай аға осындай дарынды жігіттердің санатына жататын. Сондықтан болса керек, ол бұрынғы астанада алдымен «Қазақстан пионері» («Ұлан»), «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») басылымдарында жауапты жұмыстар атқарды.

Қаламы қарымды, өзекті мәселелерді қозғай білетін қайсар да батыл жас журналист аз уақыттың ішінде мұндағы әріптестерінің тарапынан үлкен қолдауға ие болып, басшылардың қамқорлығына бөленді. Ол кездегі редакторлар да өмір көрген туған жерінің нағыз патриоттары болатын.

Бұдан кейін де Қоғабай аға беделді газет-журналдарда, мекемелерде қызмет атқарды. Бұған оның «Қазақ әдебиеті», «Кітап жаршысы – Друг читателя» газеттерінде, «Жалын» баспасында және басқа да бірқатар орындарындағы сіңірген еңбегі айқын дәлел.

Талғампаз қауымға әйгілі азаматтың «САҚ» акционерлік қоғамының президенті болған кездерінің орны бөлек. Өйткені, ол осы лауазымды жұмыста бола жүріп, «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналын шығарды. Бұл үшін өзінің қаншама қаражатын жұмсады, ұлтжандылық танытты. Одан қаншама журналистер мен қаламгерлер рухани нәр алды.

Осындай ізгі мақсаттағы атқарылған істер тек қана қазақтың маңдайына біткен ұлы тұлғаларымыздың өмірінен ғибрат алған Қоқаң секілді нағыз марқасқа кісілердің ғана қолынан келер еді.

Сонымен қатар, әңгімемізге арқау болған аса дарынды қаламгердің, қайсар азаматтың бойында намыстылығы, ұлтжандылығы, өз ұлтын шексіз сүйетіндігі секілді асыл қасиеттер жатқандығы белгілі.

КӨРКЕМ ШЫҒАРМАЛАРЫ – ҰЛТ ҚАЗЫНАСЫ

Егер «Қазақ руханиятының өркендеуіне кезінде кімдер лайықты үлес қосты?» деген сауал туындаса, алдымен Қоғабай Сәрсекеев сияқты ардақты ағаларымыздың есімдері аталары сөзсіз.

Осы арада мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық  жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың «Жақсы журналистен түбі дарынды жазушы шығады» деген сөзінде үлкен мән бар. Өйткені, сонау жылдары газет-журналдарда әбден шыңдалған қаламгер бірте-бірте  оқырмандарын мойындатқан жазушыға айналды.

Айтулы жерлесіміздің алғашқы көркем әңгімелері сонау елуінші жылдардың басында жарық көре бастады. Бұл орайда оның жұртшылықтың көңілінен шыққан «Кілт», «Қараша қаздар» деп аталатын әңгіме, повестер жинағын ерекше атап өткеніміз абзал.

Жазушының есімі драматург ретінде де көпшілікке кеңінен танымал.  Бұл орайда оның «Қол мерген», «Кесте орамал», «Ыбырай Алтынсарин», «Мұңлық-Зарлық», «Фатима», «Ашудас», «Сарбаздар» деп аталатын пьесалары республикамыздың бірқатар театрларында үздіксіз қойылып, жастарды имандылыққа, адамгершілікке баулығаны белгілі.

Көрнекті қаламгердің ірі де  кесек туындыларына келетін болсақ, оның қазақ халқының батыры Амангелді Имановқа арналған романының алғашқы бөлігі 1979 жылы, жалғасы болып саналатын «Заман ақыр» кітабы 1990 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан басылып шығып, қалың жұртшылықтың рухани қазынасы болды.

Аса бір ізденіс әрі ықыласпен жазылған осы бір туынды кейін орыс тілінде «Жалын» баспасынан «Смута» деген атпен жарық көрді. Оның басқа да жұртшылықтың үлкен құрметіне бөленген «Ұлт  ұстазы немесе Ахмет Байтұрсынов жайлы ой-түйін», «Портреттер», «Үш Арыс» және басқа да көптеген шығармалары оның қалам қарымының ерекше екендігін дәлелдеді.

Қоғабай Сәрсекеевтің есімі жоғарыда баяндалған «Қазақ» газетінің қайта шығуымен тығыз байланысты.  Аталған басылым әу баста 1913 жылдың 2 ақпанында шығып, ұзақ уақыт бойы оқырмандарынан қол үзіп қалған-ды.

Жылдар өте Қоғабай ағаның ұйытқы болуымен 2006 жылы қайтадан оқырмандарға жол тартқаны көпшілікке аян. Бұл басылымның ұстанған мақсаты да ерекше еді. Ол ең алдымен ұлтымызға адал қызмет ету болатын.

Сондай-ақ, қазақтың тұңғыш журналисі Мұхамеджан Сералин негізін қалаған «Айқап» журналы да қайтадан жұртшылыққа ұсынылды. Міне, мұның бәрі де кейіпкеріміздің ар-намыс биіктігінің арқасында жүзеге асты. Бұлар зиялы қауымның тарапынан үлкен қолдауға, үлкен беделге ие болғаны айдан анық.

Егер тірі болғанда сан қырлы дарын иесі 80 жасқа толар еді. Амал нешік, сұм ажал арамыздан ерте алып кетті. Алайда, оның бастаған ісін өзі кезінде қызметке алып, қамқорлық танытқан әрі шеберлік мектебінен өткізген Жасұлан Мәуленұлы секілді іскер де қабілетті шәкірттері біліктілікпен жалғастырып жатыр.

Есімін қазақ халқы қастерлеп, кейінгілер үлгі еткен қарымды қаламгер отбасында да ардақты әке, сүйікті жар, қамқор ата бола білді. Ол сырт көзге сұсты әрі қаталдау болып көрінгенімен, жүрегі нәзік, адамгершілігі мол жан еді.

Ол негізі талай ұлтымыздың жігіттері мен қыздарының қаламгер атануына да өзінің тікелей септігін тигізді. Солардың бәрі де уақыт өте тәлімгерлерінің сенімін ақтады. Халқымызға танымал ақын-жазушы, публицист, редактор болды.

Тәуелсіз елімізді қазақ тіліндегі басылымдарсыз көзге елестету мүлде мүмкін емес. Сондықтан Махмұт Нәлібаев басқаратын барша редакция қызметкерлеріне алдағы уақытта да тек мықты денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз. Ал, ұлт мақтанышы атанған Қоғабай Сәрсекеевтің есімі халқымыз бен егеменді еліміз бар кезде ешқашан өшпейді. Оның тәрбиесін көрген інілері мен қарындастары ұстаздарын ардақ тұтып, мәртебесін асқақтата береді.

Оразалы ЖАҚСАНОВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here