БІР ТАҚЫРЫПҚА ЕКІ ХАТ

0
194

«Qazaq» газетінде жарияланған Асқарбек Бектемісовтің «Мүгедек жанның мұң-мұқтажына неге мұрнын шүйіріп қарайды?» атты мақаласына қолдау білдірген оқырман хаттары.

ТАРТЫСҚА ТҮСКЕН «ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРТУЫ»

Кейде қарап тұрып, қарның ашатын жәйттер болады. Мемлекеттік деп аталатын әйдік қызметтің тізгінін ұстап отырған кейбір қандастарымыз мәртебесіне сәйкес өз міндеттерін атқара алмаған соң, осылай демеске амал жоқ. «Qazaq» газетінің биылғы 21 маусымдағы № 24 санында жарияланған «Мүгедек жанның мұң-мұқтажына неге мұрнын шүйіріп қарайды?» деп аталатын мақала еріксіз қолыма қалам алғызды. Патша көңіл оқырман тақырыбынан-ақ пайымдай жатар, аталған мақалада мемлекеттік органға жасаған өтініші жауапсыз қалған жанның жанайқайы жатыр.

Мен мақала авторын көптен білемін. Асқарбек аға тағдырдың маңдайына жазған тауқыметіне мойымай, «қарағайға қарсы біткен бұтақтай», өмір үшін күрестің өлшеусіз үлгісін көрсетіп келе жатқан абзал жан. Ол кісінің табандылығы мен ерік-жігері он екі мүшесі сау кез келген пендені еріксіз ойландырса керек. Он төрт жылға жуық уақыт қол арбаға байланып отырса да, қолынан қаламын тастаған емес. Өз басым Асқарбек Бектемісовтің қаламынан туған заманмен үндес, өзекті мәселелерді көтерген өткір мақалаларымен көзіқарақты оқырман мерзімді басылымдардан таныс екеніне имандай сенемін.

Баба қазақ «Қасқадан төбел туады» деген. Асқарбек ағаның атасы Себептің Бектемісінен сөз қалған, әкесі Назарбек Бектемісұлы да есімі елге танымал ақын, көсілтіп төгер көсемсөзші, зерделі зерттеуші еді. Осындай құт қонған әулетте өсіп-өнген Асқарбек Бектемісов те мамандығы құрылысшы бола тұра қасиетті қаламды жанына серік ете білді. Екі мыңыншы жылдардың басында Асқарбек ағаның құрастыруымен «Назғұмыр», «Найзағай ақын – Наз аға», «Ахмет ұшқан алтын  ұя» және  «Алыстан оралған ақиық» деп аталатын кітаптар жарық көрді. Бұл еңбектердің бәрін оқырман қауым кезінде жылы қабылдады. Кейінгі жылдары баспадан шыққан «Тектілерден қалған тұяқ ем…», «Ата жолға оралу», «Күнбағыс көңіл», «Жүрек жылуы» кітаптары да Асқар Бектемісовті  қалың  жұртшылыққа кеңінен танымал еткен дүниелер болғаны аян. Сөзіміз дәлелді болуы үшін кітап авторына тілші-ғалым, алаштың аяулы ақсақалы Сейітбек Нұрхановтың, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, жазушылар Қойшығара Салғарин мен Төлен Әбдіктің, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаттары, жазушы Қоғабай Сәрсекеев пен ақын Серік Тұрғынбекұлының, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты ақын Серікбай Оспанұлының, ақындар Ақылбек Шаяхметтің, Нағашыбай Мұқатовтың, қаламгер-журналист Сәлім Меңдібайдың берген жоғары бағаларын атап өткен орынды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты 2018 жылғы Жолдауында мүмкіндігі шектеулі жандарға пана болу қоғам үшін зор маңызға ие мәселе екенін атап өткен еді. Елбасы осы құжатта: «Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады» деген болатын.

Асқарбек аға да газет бетінде жарық көрген мақаласында «…Ауыр науқасқа душар болғалы, қоршаған ортама, бала-шағама масыл болмау ниетіммен қолыма қалам алып, қоғамымызда орын алып жатқан келісті, келелі істер мен өмірде кездесіп жататын келеңсіз жайттарды қағаз бетіне түсіре бастадым. Ол дүниелерім республикалық, облыстық, қалалық басылым беттерінде жариялана бастады…» деп тоқталып өтеді. Өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезініп, азаматтық позициясын көк сиямен өрнектеген азаматтың Мәдениет және спорт министрлігі сияқты мемлекеттік органнан тауы шағылып, меселі қайтуы саналы адамды ойлантарлық. Министрлік өкілдерінің халық қалаулыларының хаттарына мардымды жауап қатпағанын былай қойғанның өзінде, «Тәуелсіздік тартуы» кітабына білдірген пікірлерінің де шалалығы көрініп тұр. Мемлекеттік органның кітап иесіне жолдаған бұл құжатында шығыс нөмірдің болмауы, пікір білдірушілердің қолының қойылмауы да өтініш иесіне жауап беру тәртібінің өрескел бұзылып отырғанын көрсетсе керек. Кез келген мемлекеттік орган өтініш берушіге қолданыстағы ереже-тәртіпке сәйкес жауап беруге міндетті. Онда жауап беру мерзімі, жауап жобасының тиісті тұлғалармен келісілуі, жауаптың ресімделу тәртібі сияқты өзіндік этикеттері бар. Мәдениет министрлігі мұндай мәдениетсіздікке жол бермеуі керек еді…

Екіншіден, тек Торғай, Көкшетау, Қызыл-орда халқына ғана емес, есімі бүкіл қазаққа танымал Еркін Әуелбеков туралы «…мерзімі қалада өткен жайлар көрініс тапқан. Оның қазіргі жас ұрпаққа, оның санасының толысуына зәрулігі бар ма?» деп екіұшты баға беруі ешқандай ақтауға тұрарлық жауап емес деп білемін. Саналы ғұмырын елінің игілігі жолына арнаған Еркін Нұржанұлының есімі қала халқының да, дала халқының да жүрегінде жасампаз еңбек пен қайсар азаматтықтың белгісі болып қалғанын министрліктегі шіркіндердің білмегеніне қарның ашады екен. Әйтпесе, Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухамановтың «Егер Еңбек – әлемнің әміршісі болса, Еркін Нұржанұлы Әуелбеков – еңбектің әміршісі» деп тебіренуін қалай ұмытуға болады?!

Үшіншіден, министрлік сарапшыларының «…естелік мақалалары негізінен аудан көлемінде, белгілі бір салада белгілі болған азаматтар екен, бірақ (бұл жазбалардан) өскелең ұрпаққа қажетті тәлім-тәрбиелер бар ма деген ойға қаласың» деп сараптама жасауы да негізсіз. Қазақ қоғамын ауыл, аудан, облыс, республика көлеміне бөлетін болсақ, бұл біздің қай елдігімізге жатады? Алдымен Тәуелсіздіктің тірегі – осы егемен елдің азаматтары екенін ұмытпаған абзал шығар. Азаттығымыздың баянды болуы мен еліміздің өркендеуі жолында маңдай терін төккен қай сала маманы болмасын, ол қайда тұрмасын кез келген құрметке лайық! Бұл туралы министрліктегі мырзалардың білмеуі мүлдем ұят нәрсе.

Сонымен қатар, министрлік өкілдерінің сұратуымен Жазушылар одағынан алынған сараптама мен «Фолиант» баспасының аталған кітап туралы аннотациясының назарға алынбай қалуы да ойыңды сан саққа жүгіртеді екен. Кітапқа сараптама жасаушылардың отырыс барысында бұл құжаттарды көзге ілмеуін қалай түсінуге болады? Сұрақ көп. Жауап жоқ…

Сөйтіп, тағдыры тартысқа түскен «Тәуелсіздік тартуы» Мәдениет және спорт министрлігі мамандарының шешімімен қажетсіз деп танылып, орта жолдан қыршынынан қиылып кете барып отыр.

Ақпарат саласының үздігі, журналист-жазушы Асқарбек Бектемісовтің «Qazaq» газетінің бетіндегі жанайқайын оқыған соң оқырман ретінде мен де өзімнің үнімді қосқым келді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бұл мәселені бүгінде министрліктің тізгінін ұстаған Ақтоты Райымқұлова ханым аяқсыз қалдырмай, оң шешімін табуға өзінің жәрдемін көрсетер деп сенеміз. Өзі де жазушының шаңырағында дүниеге келіп, төл руханиятымыздан қанып ішкен Министр ханымның жуырда ғана Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділовтің хатына жауап беріп, тектілік танытуын дүйім жұрт жақсылыққа балап отыр. 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 15 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетуді мемлекеттің жауапты міндеттерінің бірі деп тағы да қадап айтты. Ендеше, «қалауын тапса, қар жанар» деген үмітпен Ақтоты Райымқұлова ханым басқаратын мемлекеттік орган «мүгедек жанның мұң-мұқтажына құлақ асып», тартысқа түскен «Тәуелсіздік тартуының» жарық көруіне сеп болар деген үкілі үмітіміз бар.

Мұхарбек ЖӘКЕЙҰЛЫ

НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ

 

ГАЗЕТТЕ ЖАРИЯЛАНҒАН МАҚАЛА ҚОЛЫМА ҚАЛАМ АЛҒЫЗДЫ

«Qazaq»! Аты айдай әлемге жар салып тұрған бұл газетте ұлттық рухымызды көтеретін талай танымдық, құндылығы зор мақалалар мен өлеңдер жарияланады. Үздіксіз оқып жүргендіктен осы газет төңірегінде тынымсыз тыңғылықты іс тындырып, қызмет істеп жүрген әлеуметке айтар алғысым шексіз.

Осы газеттің биылғы жылдың 21 маусымында жарық көрген 24-нөмірінің 5-бетінде жария болған «Мүгедек жанның мұң-мұқтажына неге мұрнын шүйіріп қарайды?» деген мақала еріксіз қолыма қалам алғызды. Себебі, мен тіл маманымын және жыр айтатын адам ретінде мақаланы жазған Назарбекұлы Асқарбекпен балалық шақтан таныстығымның сыртында, бір-біріміздің жазғандарымызға тілеулес, рухтас адамдармыз. Оның тіл қарымын жақсы білетіндердің қатарынанмын. Бұл азамат он жылдан астам уақыттан бері сал ауруының салдарынан төсекке таңулы жан. Сонысына қарамай ол қайсар мінез көрсетіп, қарап жатпай, қаламын қару етіп, халқына қарымды қызмет етіп келе жатыр.

Асқарбектің жоғарыда аты аталған мақаласында кезінде Көкшетау, Торғай және Қызылорда облыстарында бірінші хатшылық қызмет атқарған Әуелбеков Еркін Нұржанұлына қатысты жазғандары қайраткердің елге сіңірген еңбегіне берілген дәлелді дәйектер.

«Адам өмірінің сәні – денінің саулығы» демекші, ауырып қалған адамның көңіліне медет боларлық жағдайды кімнен күтсе де қол ұшын беру адамның нағыз адамгершілік парызы емес пе?! Асқар Бектемісовтің жазғандары халыққа қажет дүниелер. Сондықтан оның кітаптарының жарық көруіне баспагерлер, халық қалаулылары, қазақтың іскер, ұлтын сүйетін ұл-қыздары көмек қолын созуларын сұраймын. Сырқаттанып жатқан адамның бойына Алла қуат беруіне себепші болайық, ақ ниетті ағайындар!

Қуанышбай ҚАЗЫМБЕКОВ

АРҚАЛЫҚ ҚАЛАСЫ

 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here