Абай – 175: Әлемдегі Абай көшелері мен ескерткіштері

0
7825

Биыл қазақтың ұлы ақыны Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының (1845-1904) туғанына 175 жыл толды. Осыған байланысты «Qazaq» газеті өзге елдердегі ақын есімін иеленген көшелерге, оның құрметіне орнатылған ескерткіштерге тоқталады.

1988 жылдан бері Украина астанасы Киевте Абай Құнанбайұлы көшесі ашылған. Ақын атындағы көше Краматорск, Днепропетровск қалаларында да бар. 

1995 жылы 15 ақпанда әлемнің орталығы саналатын Лондон қаласында (Ұлыбритания) Роллан Сейсембаевтың бастамасымен Абай үйі ашылды.

Мысыр астанасы Каирде Абай атындағы көше 1998 жылы пайда болса, Берлинде (Германия) 2000 жылы Абай-штрассе ашылған. Сонымен қатар, Ташкент (Өзбекстан), Бішкек (Қырғызстан) қалаларында да, тіпті Үндістан астанасы Нью Делиде де Абай Құнанбайұлы атындағы көше бар. Люксембургтен де ақын есімін иеленген көшені кездестіресіз. 

2006 жылы Ресей астанасы Мәскеудің «Чистые пруды» бульварында Абай ескерткіші ашылды. Ескерткіш Қазақстан Елшілігі маңайына қойылған.

2007 жылы Иран Ислам Республикасының астанасы Тегеран қаласында Абай мүсіні ашылды. Мүсін Ұлттық кітапханаға кіреберіс аллеяда орнатылған. Сондай-ақ, Иран ұлттық кітапханасында да Абайдың мүсіні қойылған.

2011 жылы Әзербайжан астанасы Бакуде Абай Құнанбайұлының атымен аталған көшенің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

2013 жылы сол кездегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті марқұм Ислам Каримовтың қатысуымен Ташкенттегі Абай көшесінде ақын ескерткіші бой көтерді.

2014 жылы Қытай астанасы Бейжіңнің орталығындағы «Чаоян» саябағында Абайға арналған ескерткіш ашылды.

2014 жылы Венгрия астанасы Будапешттегі Астана көшесіне Абайдың ескерткіші орнатылды.

Әлемнің әр түкпірінде ұлы ақынымыз Абайдың құрметіне көше аттары беріліп, ескерткіштері мен мүсіндерінің орнатылуы – құптарлық әрі қуанарлық жағдай. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын таба берсе құба-құп.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here