Табыстарынан айырылған, «қанаттары қайырылған» отандық әуе компаниялар

0
3023

Дүниежүзілік туризм ұйымының соңғы жариялаған мәліметіне сенсек, 2019 жылы әлемдегі туристердің саны 1,5 млрд адамға жетті. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 4%-ға артық көрсеткіш. Сөйтіп, туризм саласы былтыр 8,9 трлн доллар пайдаға кенеліп, әлемдік жалпы ішкі өнімнің 10,3%-ын құрады. Тіпті, әлемнің 330 млн адамы бұл саладан нәпақасын тапты. Өкінішке қарай, туризм саласы биыл өткен жылғы көрсеткіштерінің жартысына да қол жеткізе алмайды. Өйткені, көзге көрінбейтін жау туризм саласын да тығырыққа тіреді.

«Qazaq» газетінің өткен сандарының бірінде жазғанымыздай, Дүниежүзілік туризм ұйымы бүгінде бұл салада еңбек ететін 100 млн адамның жұмысынан айырылғанын есептеді. Ағымдағы жылдың төрт айында туристік сала жоспарланған 2,7 трлн доллардан қағылды. Яғни, қазір туристік маусым қалыпқа келгеннің өзінде аталған саланың көрсеткіші бірнеше жылға кері кетеді. Бұл тақырыпқа мамыр айының басында кеңінен тоқталғандықтан, қазір қайталап жату артық болар (Қараңыз: «Тұралап тұрған туризм: Коронавирус туризм саласындағы 100 млн адамды жұмысынан айырды», №18-19).

Рас, бұл уақытта туристер ұшаққа билет сатып алып, әуе компанияларының қалтасын қалыңдатып жататын-ды. Дегенмен, пандемияға байланысты әлемде алыс-беріс, барыс-келіс тоқтады. Әуе қатынасының тоқтағанына да үш айдың жүзі болды. Кейбір әуе компаниялары жергілікті биліктің рұқсатымен ішкі рейстерді ашқанымен, бәрінің өзге елдерге жолаушыларды тасымалдауға жүректері дауаламай жатыр. Сөйтіп, әлемдегі кез келген әуе компаниялар жыл басынан бері қып-қызыл шығынға батқан. Олардың біразы банкроттықтың алдында тұр. Ал, сарапшылар пандемия аяқталған күннің өзінде азаматтық авиация саласының 1,5-2 жыл мерзімсіз қайта аяқтан тұрып кетпейтініне сенімді.

Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін табыстарынан айырылған, «қанаттары қайырылған» отандық әуе компанияларының қазіргі күрделі жағдайына тоқталады.

Наурыз айының ортасында коронавирус пандемиясына байланысты Қазақстанда мемлекеттік комиссияның шешімімен 97 халықаралық бағыт бойынша аптасына 440 рейс және ішкі рейстерде 45 бағыт бойынша аптасына 540 тұрақты рейс тоқтатылған болатын-ды. Ал, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің  дерегіне сүйенсек, Қазақстан әуежайлары былтыр 10 айда 14,8 млн жолаушыға қызмет көрсеткен. Шамамен айына 1,5 млн адам ішкі, сыртқы рейстер бойынша ұшқан. Яғни, 1,5 айға созылған төтенше жағдай кезінде әуежайлар мен әуе компаниялардың шаш-етектен шығынға батқанын ішіміз сезеді.

Жалпы, коронавирус пандемиясының таралуына байланысты әлемде де, елімізде де экономиканың қатты зардап шеккен салаларының бірі осы азаматтық авиация болды. Әлемдегі әріптестеріндей қазақстандық әуе компанияларының да жағдайы күрт нашарлап, айналдырған екі айдың ішінде «жан сақтау бөліміне» түсті. Алдын ала сатып алынған жолаушылар билеттерін жаппай кері қайтарды. Ұшақтарды күтіп ұстау да қыруар қаржыны талап етеді. Содан көбі қызметкерлерін ақысыз демалысқа жіберіп, шығындарын қысқартқандай болды.

Бастауын 1997 жылдан алатын «SCAT» әуе компаниясы 2019 жылдың тоғыз айында, атап айтқанда, қаңтар мен қыркүйек аралығында  1,8 млн жолаушыны тасымалдапты. Бұл көрсеткішке «SCAT» биылғы жылы жақындай да алмайды. Өйткені, елдегі төтенше жағдай кезінде ішкі де, сыртқы да рейстер тоқтатылды. Содан «SCAT» 1,5 ай бойы қыруар табысынан айырылды. Дегенмен, отандық әуе компания төтенше жағдай кезінде қарап жатпады. Чартерлік рейстерге мемлекеттен тапсырыс алды. Гуманитарлық көмектер мен коронавирустың салдарынан шетелде қалып қойған қазақстандықтарды тасыды. Мәселен, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда әуе компанияның жүк тасымалы екі есеге артып, барлығы 450 тоннаны құрады.

Әрине, жүк тасымалынан түскен пайда көбіне ұшақтар паркін күтіп-баптауға ғана жетеді. Яғни, 1,5 ай бойы ішкі және сыртқы рейстерді орындамаған «SCAT» әуе компаниясының бүгінгі қаржылық жағдайының ауырлығы айтпаса да түсінікті.

«SCAT» әуе компаниясының Баспасөз қызметінің таратқан мәліметіне сенсек, 2020 жылдың наурыз, сәуір айларында әуе кемелерін баптап ұстауға, жазғы маусымға дайындауға 2,7 млрд теңге жұмсалған. Бұған салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді,  қызметкерлер айлықтарын, кері қайтарылған билеттердің шығындарын, кеңсе ғимараттары мен әуе кемелері тұрақтарының арендалық ақыларын қоссаңыз, «SCAT» әуе компаниясының екі айдағы шығыны 5,6 млрд теңгеден асқан, компания бюджеті 18 млрд теңгеден қағылған.

Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең ірі әуе компания – «Air Astana». «Байлар да жылайды» дегендей, 18 жылдық тарихы бар елдің бетке ұстар әуе компаниясы да тығырыққа тірелгенін жасырмай айтады.

«Air Astana» әуе компаниясының басшысы Питер Фостердің айтуынша, пандемияға дейін әуе компанияның айлық табысы 80 млн долларды құрап келді. Яғни, «Air Astana» екі айда кемінде 160 млн доллардан қағылды. Бір қуаныштысы, 51% акциясы «Самұрық-Қазынаға» тиесілі әуе компания өкілдерінің Үкіметке қол жайғылары жоқ. Төтенше жағдай кезінде «SCAT» сияқты «Air Astana» да жүк тасымалына бұрынғыдан көп көңіл бөліп, «өз қотырын өзі қасуға» қауқарлы екенін көрсетті.

Ішкі рейстердің қалыпқа келуімен бұл саладағы түйіткілдердің түйіні бірден тарқатылмайтынын Питер Фостер ашық айтады. Жақын арада «Air Astana» әуе компаниясының жұмысы 51%-ға жанданады. Алдағы қазан айында бұл көрсеткіш 65%-ға артуы ықтимал. Ал, әуе компания жұмысы 2021 жылдың шілдесінде ғана қалыпты арнасына түседі.

Әрине, мұның бәрі қалалар мен елдердің шекарасы қалай және қашан ашылатынына байланысты. Коронавирус әлемді әбігерге салған бүгінгі жағдайда болжам айтудың өзі қиын.

Қазақстанның барлық қалалары арасындағы әуе қатынасы 25 мамырдан бастап қалпына келтірілді. Дегенмен, бұрынғыдай қалың жолаушылардың қарасы көрінбейді. Ол түсінікті де. Халық әлі карантинде жатыр. Сыртқы рейстердің де қашан ашылатыны белгісіз.

Әдетте, «балапанды күзде санайды». Бірақ, экономикалық сарапшылар күзді күтпей-ақ бұл саланың қаржылық жағдайына болжам жасады. Олар әуе компаниялары жыл соңында жылдағы кірістерінің 80%-нан қағылатынына, шығынды жабу үшін билеттер құны 1,5 есе қымбаттайтынына сенімді. Өйткені, коронавирус жағдайында жолаушылар арасындағы қашықтықты сақтау мәселесі онсыз да аз жолаушылардың санына кері әсер етеді. Тұралап тұрған туризм де жығылғанға жұдырық болады.

Сарапшылардың көңіл-күйді түсіретін мұндай болжамдарына сенбеске де болмайды. Неге десеңіз, әлемнің ең ірі әуе компаниялары қаңтар мен сәуір аралығында 48 млрд доллар жоғалтты. Мамыр мен желтоқсан аралығында бұл көрсеткіш шамамен 194-269 млрд долларды құрайды.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жыл соңына дейін отандық авиация саласы коронавирустың салдарынан 300 млрд теңге жоғалтатынын хабарлады. Қазірдің өзінде рейстер санының азаюына байланысты азаматтық авиация саласының 20 мың қызметкерінің шамамен 70%-ы ақысыз демалысқа шыққан.

Жоғарыда айтқанымыздай, арақашықтықты сақтау үшін қатардағы бір орындық бос қалдырылып, жолаушылар отырғызылады. Сөйтіп, билетке сұраныс болса да, ұшақтар жартылай бос көкке көтеріледі. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптар тағы бар. Қызметкерлерді маскамен, антисептиктермен қамтамасыз етуге де аз қаржы кетпейді. Әуе тасымалдаушыларға қойылып отырған мұндай талаптар және ұшақтардың жартылай бос ұшуы бұл саланың өкілдеріне біраз шығын әкеледі. Сонда әуе тасымалдаушылар қайтеді?!

Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) өкілдері аталмыш мәселені шешудің екі жолы ғана барын айтады. Біріншісі – мемлекеттің қолдауы, екіншісі – билет құнын көтеру. Яғни, жергілікті билік өз еліндегі әуе компанияларға қаржылай көмек көрсетпесе, әуе компаниялардың билет құнын көтеруден басқа амалдары қалмайды.

Айта кетейік, мамыр айының басында «Air Astana» әуе компаниясы жолаушыларды бір орындықтан кейін отырғызу тәртібі сақталатын болса, билеттердің бағасын көтеруге мәжбүр болатындарын жария етті. Содан кейін Қазақстанда жолаушыларды бір орындықтан кейін отырғызу тәртібі өзгертілді. Жолаушылар, әуежайлар қызметінің өкілдері және экипаж үшін COVID-19 инфекциясына ПТР тесттен өту міндетті талабы да алынып тасталды.

«Аузын айға білеген» АҚШ та, 27 елдің басын қосқан Еуропалық Одақ та өздерінің авиация саласына көп көңіл де, қаржы да бөлетін болды. Оларды тығырықтан шығару үшін алғашқысы 9,5 млрд доллар, соңғысы 20 млрд доллар шығындайды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

2019 жылы әлемдегі туристердің саны 1,5 млрд адамға жеткенін жоғарыда жаздық. Туристердің басым бөлігі әуе компанияларының қызметін қолданғаны тағы белгілі. Яғни, азаматтық авиация саласына туристердің қосар зор үлесі айтпаса да түсінікті. Бұл тақырыпты неге тілге тиек еттік?! Өйткені, коронавирустың беті бері қарамаса да, кейбір елдердің нартәуекелге бармақ ойы бар. Экономикасы туризмге тәуелді елдер алдағы маусымда туристерді қабылдауға дайындықты қазірден бастап та кетті.

Айталық, Испаниядағы эпидемиологиялық жағдай 8 маусымнан кейін футболдан ұлттық чемпионатты бастауға, шетелдік туристерді қабылдауға мүмкіндік беретінін мәлімдеді аталған елдің Премьер-министрі Педро Санчес.

«Испания жыл сайын 80 млн қонақты қабылдайды. Шілде айынан бастап шетелдік туристер елге қауіпсіз жағдайда келе алатынын жариялаймын», – деді 48 жастағы 47 млн халқы бар елдің Үкімет басшысы.

Осылайша, былтыр әлемдегі туристердің 51%-ын қабылдаған Еуропа елдерінің кез келгені коронавирустың күрделілігіне қарамастан шетелдік қонақтарды жылдағыдай қабылдауға кетәрі емес екендіктерін байқатты.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газетінің бас редакторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here