РАСУЛ АБДУЛЛАЕВ: «ЖАСТАР ЖЫЛЫ БІЗГЕ ҮЛКЕН МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ АШАДЫ»

0
767

«Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты, мен жастарға сенемін!» – деп өткен ғасырда жырлаған Мағжан ақынның (Жұмабаев) жалынды сөздерінің алауы жаһандану ғасырында да лаулап тұр. 

Иә, қай заманда болмасын халық өз ұрпағынан үлкен үміт күтіп, оларға сенім артады. Өйткені, жастар ата-ананың ұрпағын жалғастырушы ғана емес, елінің ертеңгі тірегі және тілімізді, ұлттық мүдделерімізді насихаттайтын, өзімізді өзгелерге танытатын да солар.

Ата-бабаларымыздың осынау аманатын – жастар саясатын тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та берік ұстанды. Тіпті, мына аласапыраны мол уақытқа қарамастан жастардың дүниетанымындағы түбірлі өзгерістерге ерекше мән берді. Елбасы тәуелсіздік бесігінде тербеліп өскен жастарымыздың орнын ескеріп, биылғы жылды жастарға арнағаны сондықтан болар.

Жыл басында, 23 қаңтарда «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты Жастар жылының ашылуында Расул Абдуллаев Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанның имиджін көтеруге бағытталған жобаны таныстырған еді. Елбасы да жалынды жастың бұл ұсынысына, тың пікіріне құлақ түрді.

Сонымен, Жастар жылының ашылуында Расул Абдуллаев Нұрсұлтан Әбішұлына мұндай ұсынысты неге айтты? Қазақстанға Маркетинг министрлігі не үшін керек? Бақыттың кілті миллиондарда ма? Елімізді туристік державаға қайтсек айналдырамыз? Осы және өзге де тақырыптарға Расул Абдуллаев төменде әңгіме қозғайды.

«МАҚСАТЫМ – ҚАЗАҚСТАНДЫҚ САПАЛЫ БРЕНД ҚАЛЫПТАСТЫРУ»

Елбасымен сұхбаттасу бала күннен бергі арманым болды. Елбасының ерен еңбегінің арқасында біз – Қазақстан жастары өзімізді алтын ұрпақпыз деп сенімді айта аламыз. Біздің буын Қазақстанды әлемнің дамыған әрі озық отыз елінің қатарына қоса алады. Оған Елбасының салған негізі қазірдің өзінде бар.

Жастық шағымда «Қазақстан Республикасының Маркетинг министрлігінің» жобасымен жұмыс істегім келгенін мойындаймын. Министрліктің міндеті – әлемдік аренада Қазақстанды ребрендинг ету. Аталмыш қауымдастық «Рухани жаңғыру» идеясын республикалық деңгейдің аясында ғана қалдырмай, шет елдерде де кеңінен насихаттай алатын барлық бөлімдерде пиар қызметін жетілдіруге, іске асыруға мүмкіндік береді. Бүгінде біз стратегтерден, сарапшылардан, режиссерлерден, контент жасаушылардан құралған мамандар тобын даярладық. Бізге мүмкіндік берілсе, нәтижесін мейлінше  жедел көрсетеміз.

Айта кетерлігі, бұл әлемдегі тұңғыш Маркетингтік министрлігі болар еді.

Біздің жұмыс тобы қазақстандық жастарға мансаптық бағдар беруге, өз жолын табуға арналған «Өзіңді тап» жобасын іске қосуды ұсынып отыр. Жобаның аясында республиканың ірі қалаларында жастар түрлі салаларда арнайы тренингтен өтеді. Осылайша, біз мектепті, жоғары оқу орнын бітіргендердің арасынан Қазақстанды сүйетін, елдің ертеңі үшін аянбай еңбек етуге дайын жастарды іріктеп ала аламыз.

Менің мақсатым – қазақстандық сапалы бренд қалыптастыру. Осы жетістікке жететініме сенемін.

Жастарымыздың, әсіресе, ҚМЭБИ, ҚБТУ, Назарбаев университеттерінің, «Болашақ» түлектерінің әлеуеті жоғары. Дәл солар Қазақстанды дамыған отыз елдің қатарына қосады. Иә, жастардың заманы келді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бізге көңіл бөліп отырғанын жоққа шығаруға болмайды. Жастар жылы  бізге үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Жастардың басын біріктіріп, алдымызға мақсат қойып, олармен мүмкіндігінше қысқа уақытта нәтиже шығарғым келеді. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында сөйлеген сөзімде «Қазақстанның Маркетинг министрлігі» деп аталатын дарынды, білімді жастардан құралған министрлік құру туралы ұсыныс білдірдім.

Яғни, бұл министрлік Қазақстанға туристердің көптеп келуіне мүмкіндік береді. Ол үшін көп қаражат шашудың да еш қажеті жоқ. Туристерді аз қаржының күшімен де тартуға болады. Мәселен, көрші елдерден танымал блогерлерді шақырып, блог-тур ұйымдастыру. Шымбұлақты көрсетсек, тау-да шатыр тіксек, тамаша ойын-сауық кештерін ұйымдастырсақ, содан кейін олар өз парақшаларында «Қазақстан керемет!» деп жарнамалай бастайды. Бұл ретте блогерлермен жұміс істеу – ең жақсы пиар. Егер біздің буын «Борат» фильмімен* не істеу керектігін шешсе, Қазақстанға келетін туристердің саны едәуір артатын еді. «Боратты» елге шақырып, шынайы Қазақстанды көрсетер едік. Сол кезде олар бүкіл әлемге фильмдерінің жай ғана әзіл екенін, Қазақстан ерекше қонақжай адамдардың елі екенін айтқан болар еді. Ал, біздің қоғам не істеді? Ренжіді. Соттасты. Кез келген қарсы әрекеттің пиар екенін ұмытты.

* «Борат» – Ларри Чарльздің 2006 жылы көрерменге жол тартқан комедиялық фильмі. Онда британдық актер Саша Барон Коэн қазақстандық журналист Борат Сағдиевтің кейпінде Америкаға сапар жасап, ондағы халыққа өзінің еліндегі жабайы тұрмыс-тіршілікті таныстырады. Тіпті, осы фильмдегі образы үшін британдық актер атақты «Алтын глобус» (Golden Globe Award) сыйлығын да жеңіп алды. Дегенмен, Румынияда түсірілген бұл фильмге Қазақстанда ресми түрде тыйым салынбаса да, біздің елде прокатқа шыққан жоқ. Мұндай шектеулер Ресей, Украина, Беларусь, Иордания, Кувейт, Бахрейн, Оман, Катар елдерінде де болды. Ал, сол кездегі Сыртқы істер министрінің орынбасары Ерлан Қазыханов «Бораттан» кейін шетелдіктердің Қазақстанға қызығушылығы артқанын мәлімдеген еді.

«МЕН 16 ЖАСЫМНАН ҚОМАҚТЫ ҚАРЖЫ ТАБА БАСТАДЫМ. 18 ЖАСЫМДА ОТБАСЫМДЫ АСЫРАЙ АЛАТЫН ЖАҒДАЙҒА ЖЕТТІМ»

Мен өзімді кәсіпкер санамаймын. Маркетологпын және бизнесті дамытуға жәрдем беретін маман ғанамын. «Кәсіпкердің ең жақын досы» деуге де болады.

Көптеген компанияларды құрудың бастамашысы болғаным да рас. Үш жыл бұрын тағамдарға онлайн түрде тапсырыс беретін «Zenge.kz» атты мобильді қосымшасын құрдым. Ол «Forbes»-тің алғашқы таңдаулы он бағдарламасына кірді. 2016 жылдан бастап «Yuframe» ғаламтор жобасының тобындамын. «Yuframe Burger»,  «Yuframe Cafe» мейрамханаларын аштық.

Жалпы, он алты жастан бастап табыс таба бастадым. Ал, он сегіз жасымда отбасымды толықтай асырай алатын жағдайға жеттім. Сатылымға, маркетингке, пиарға қатысты барлық нәрселерді жасадым. Тұсаукесерлермен, маркетингтік жоспарлармен адамдарға кеңес бере отырып, жұмыс істедім. Бір жарым, екі мың доллар анамды, әпкемді, әжемді қамтамасыз етуге жеткілікті болды.

Кәсіпкерлікке бейімділік бала кезімнен бойымда бар. Уақытымның көбін «Барахолкада» өткізіп, кейбір заттарды сатумен айналыстым. Клиенттерді әрқашан сендіре алдым. Мені түрлі кикілжіңдерді шешуге шақыратын. Бірақ, мен керемет жетістікке жеттім деп айта алмаймын. Ұмтылатын дүниелер  әрқашан  табылады.

Менің жұмысымда білім басты орын алады. Мектеп қабырғасында үздік оқушы болмағаныммен, үштік бағаларым болған жоқ. Өзімді қызықтырған нәрселерді үйрендім. Мамандығым бойынша маркетологпын. Қазақ-түрік лицейін (Білім-инновация лицейі) аяқтадым. Сосын SDU-дың колледжіне осы мамандық бойынша оқуға түстім. Бұл мамандықтың менікі екенін бірден түсіндім. Жанна Прашкевичтің курстарына қатыстым. Әлішер Ермекбаевпен бірге «Я паркуюсь правильно» жобасында жұмыс істедім. Кейіннен Әлішер «Азиялық BBQ» мейрамханасының маркетинг бөліміне және «AGT Қазақстан» PR агенттігіне жұмысқа жіберді. Ол жерде көп нәрсені үйрендім. Сонымен қатар, Әлішер «Postero» кәсіптік бағдарлау бойынша өзінің негізгі жобасын басқарды. Онда студенттерге апта сайын әр саланың мамандары келіп, шеберлік сабақтарын өткізіп тұрды.

2015 жылы Елордаға жұмыс істеуге бардым. «Барыс» хоккей клубының маркетинг тобында болдым. Сондай-ақ, оларға бөлшек сауда туралы да кеңес бердім. Тәжірибеден кейін Алматыға оралдым.

Жүзім жобасын іске асыруды белсенді түрде қолға ала бастадым. Оған қоса «Zenge.kz» мобильді қосымшасын жасаумен айналыстым.

Иә, IT технологияларға мектеп кезінен әуес болдым. Арнайы бағдарламалар туралы оқып шықтым. Мен әрдайым мықтылардан сабақ алдым. Мысалы, Әлішер Елікбаев – ең үздік пиар менеджер. Мен оған келіп: «Маған ақы төлеудің қажеті жоқ. Кез келген тапсырмаңызды орындауға дайынмын», – дедім. Ол болса тапсырмаларға барынша жауапкершілікпен қарады. Тапсырыстардан кейін жобаның тасы өрге домалады. Мен Қазақстандағы үздік PR агенттіктерімен бірге жұмыс істей алдым. Біз бірге үлкен жобаларды іске асырдық. Астана экономикалық форумын мысалға келтіруге болады.

«АДАМ БАСҚАЛАРҒА КӨМЕКТЕСУ АРҚЫЛЫ ӨЗІН ДАМЫТАДЫ»

Менің саудамен айналысып жүргенім оғаш көрінер. Мен негізі ақшаға мүлдем қызықпаймын. Материалдық дүниеге көп мән бермеймін. Бұл тәрбиеге де байланысты. Егер сіз Иммануил Кантқа сенсеңіз, бәрі менің психотипімде: менің затқа, адамға, жерге тәуелділігім жоқ. Идеяға көбірек мән беремін.

Қазір «Yuframe» еліміздегі ең ірі ғаламтор алаңына айналды. Аудиториясында төрт миллион тіркелушісі бар. Шетелдік нарыққа шығып жатыр. Жалпы, «Yuframe» жаңа жобаларға бастама берді. Алғаш болып «Burgerking», «McDonald’s» сияқты брендтермен бәсекелесетін табысы мол «Yuframe Burger» мейрамханалар желісін құрдық. Алдағы бес жылда мейрамханалар желісін жүзге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз.

«Yuframe»-нің табысқа жетуінің сыры  – ешкімді айналып өтуге тырыспаймыз. Керісінше, «Yuframe» жаңа есімдерді ашуға дайын. Біз көптеген әртістер мен блогерлерге өз жолын табуға, танылуына жәрдемдестік. Мысалы, «Нормально общайтесь» жобасы қазір Ютубтағы көш бастап тұрған жобалардың бірі болып саналады. Бұл синергия. Біз шығармашылықпен айналысқысы келген жігіттер өздерін дамыта алатын платформа құрдық. Қазір біз көптеген поп музыкалық бағыттағы орындаушыларға қол ұшын берудеміз. Менің ойымша, адам басқаларға көмектесу арқылы өзін дамытады.

Бір кездері маған өз ісінің мамандары көп көмектесті. Менің де мақсатым сол – тәжірибеммен бөлісу. Студенттік шақта үш жыл бойы «Өзіңді тап» жобасымен айналыстық. Жоба су тегін болды. Енді мен оның жемісін көре аламын. Көптеген жас-тар өз салаларында көшбасшы болып жүр. Мынандай жиі болады. Жасың он сегізде. Бір нәрсе істей алатыныңды сезесің. Бірақ, саған ешкім мән бермейді. Ал, біз жастарға мүмкіндік беруге тырысамыз.

«Kex Marketing»-те 26 адам бар. Олардың орташа жасы – 21-де. Атақты «Coca-Cola»-мен серіктеспіз. Сыртқы нарық үшін жобалар жасаймыз. Сонымен қатар, олар кітаптарды брендтеумен, түрлі іс-шараларды ұйымдастырумен айналысады. Мен «Kex Marketing»-ті алғашқы қазақстандық халықаралық агенттіктер желісінде, Нью-Йорк, Лондон, Токио және басқа ірі мегаполистерде кеңселерін ашқым келеді.

Мен өзімді көп нәрсеге қол жеткіздім деп ойламаймын. Бұл үздіксіз процесс. Дамуға шек қойылмайды. Әрқашан жоғары нәтижеге ұмтылу, жаңа мақсаттар қою және өсу керек. Бар құпиясы осы. Көпшілігінде мемлекетке қатысты стереотип бар. Неліктен  бәрі осындай стереотиптің шеңберінде ойлайды? Президент әкімшілігіне, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне барыңыз, идеяңызды ұсыныңыз. Онда сізді тыңдауға дайын жас мамандар қызмет істейді. Мысалы, мен ҚР Президентінің көмекшісі – ҚР Президенті  Әкімшілігінің  Өтініштерді  қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Аида Балаевамен сөйлесемін. Әкімшілік қызметкерлерінің барлығының әлеуметтік желілерде парақшалары бар. Соларға жазылыңыз, соларға шығыңыз.

Иә, «Тамыр-таныссыз жетістікке жету қиын» деп бұрыннан қалыптасқан стереотиптерден жастардың аулақ болғаны жөн.

ДАЙЫНДАҒАН: ФАРАБИ СӘЙКЕНОВ, «QAZAQ»-ТЫҢ ШОЛУШЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here