«5-20-25»: КІМНІҢ ПӘТЕР АЛУҒА МҮМКІНДІГІ БАР?

0
132

ҚР Индустрия мен инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Үкімет отырысында баспана беру мәселесін шешуге бағытталған жаңа тұрғын үй бағдарламасының құрылғанын айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кыркүйектегі Жолдауында «бірыңғай тұрғын үй саясатын жүргізу» туралы тапсырма берген болатын. Осы жылдың соңына дейін негізі жасалып бітуі тиіс бағдарламаның бірі – «5-20-25» тұрғын үй бағдарламасы еді.

«Жаңа тұрғын үй саясаты бойынша баспана халықтың табысына қарай берілетін болады. Отбасының жалпы табысы бір мүшесі үшін ең төменгі күнкөріс деңгейімен бірдей (29 700 теңге) азаматтарға, жетім балаларға, 1 және 2-топтағы мүгедектерге, зейнеткерлерге жалдамалы пәтер беріледі. Екі күнкөріс деңгейімен тең (59 400 теңге) кезекте тұрған азаматтардың «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы баспаналы болуға мүмкіндігі бар. Ал, 3,1 күнкөріс минимумына тең (92 мың теңгеге дейін) отбасылар «5-20-25» бағдарламасына қатыса алады», – деп түсіндірді министр.

Жаңа бағдарламаның аты айтып тұрғандай, ипотекалық займ 5 пайыздық мөлшерлемемен 25 жылға беріледі. Ал, бастапқы жарна баспана бағасының 20 пайызын құрайды. Жоғарыда айтқанымыздай, «5-20-25» бағдарламасына отбасының әрбір мүшесінің табысы 92 мыңға дейінгі жанұялар қатыса алады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 526 мың адам үй кезегінде тұр. Ал, соңғы екі жылда 300 мың отбасыға пәтер берілген.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here