Гаухар Алдамбергенова: «Біздің міндет – сауатты да білікті педагог даярлау»

0
3994

Әлемде университеттер көп, алайда тек қана қыздар білім алатын жоғары оқу орындары саусақпен санарлықтай екендігі рас. Міне, сондай білім ордасының бірі де бірегейі – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті. Оқу орны 75 жылдан астам төл тарихында «Бір қызды тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей» қағидасы шеңберінде үздіксіз педагог кадрларын даярлаумен келеді. Жаңа оқу жылы қарсаңында ұлттың ұлағатты ұясына айналған қарашаңырақтың бүгінгі жай-күйі мен онда атқарылып жатқан жұмыстар және болашақтағы жоспарлары төңірегінде университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гаухар Төремұратқызы Алдамбергеновамен сұхбаттасқан едік.

– Әңгімемізге арқау болғалы тұрған ұстаздардың ұстаханасы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне 2017 жылы басшылыққа келдіңіз. Бұл 75 жылдық тарихы бар киелі шаңырақ екені көзіқарақты қауымға белгілі. Тарихтың көзімен пайымдасақ, бұл ұлыны ұлықтап, дарынды бағалаған, ұрпақ тәрбиелеудің үлкен мектебін қалыптастырған еліміздегі оқу орнының бірегейі. Қазақтың біртуар ұл-қыздарының іздері бұл білім ордасында сайрап-ақ жатыр. Ал, Өзіңіз түлеп ұшқан қара шаңыраққа басшылық қызметке тағайындалғанда қандай әсерде болдыңыз? Осы үш жылда нендей шаруаларды атқара алдыңыз?

– Пайымыңыз өте орынды. Әрине, өзім білім алған, кәсіби маман ретінде қалыптасуыма үлкен мүмкіндік берген Қыздар университетінде қызмет атқару – кез келген жанның маңдайына жазылмаған бақыт десек артық айтқанымыз болмас. Сонымен қатар, ол зор жауапкершілік жүгін де жүктейді. Себебі университет, соның ішінде педагогикалық жоғары оқу орны ұлттың болашағы, елдің ертеңі ретінде саналатын өскелең ұрпақты тәрбиелейтін, оларға сапалы білім беретін мамандар дайындайды. Мемлекеттің келешектегі тағдыры тікелей педагогке байланысты екені жасырын емес. Өзіңіз атап өткендей, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – еліміздегі бірден-бір тек қыздар оқитын жоғары оқу орны. Орта Азия аймағында мұндай оқу орны жоқ. Әлемде де саусақпен санарлықтай. Білім ордасы ашылған кезде заңғар жазушы, ұлт қайраткері Мұхтар Әуезовтің «Тәңір жазса, бұл институт болашақ қазақ қыздарының шамшырағына айналады. Осы шамшырақтың жарық сәулесі  сөнбесін дейік» деген пайымы 75 жылға жуық тарихы бар университеттің өзіндік ерекшелігі мен маңызын айғақтап тұрғандай. Қазіргі күнде мұнда студенттердің сапалы білім алып, ғылыммен, өнермен, спортпен айналысуы үшін, олардың бойында халқымыздың ұлттық құндылықтарын дарыту орайында бірқатар жұмыстар жасалып, университет отандық жоғары оқу орындары арасында үлкен беделге ие болып отырғаны көңілге қуаныш ұялатады. Қыздар университетінің өзге жоғары оқу орындарынан басты ерекшелігі ретінде білім беруде халқымыздың ұлттық құндылықтарын басшылыққа ала білуінде деп айтар едім. Қазақтың «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең – қызыңды тәрбиеле» деген сөзінің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Қыз – болашақ ана, қыз – отбасының ұйытқысы, қыз – асыл жар. Бүгінде ұрпақ тәрбиешісі ретінде әспеттелер болашақ мұғалімдерді ата-анасынан алған тәрбиесін оқу ордасындағы тәрбиемен шебер сабақтастыра білу кез келген білім ордасынан кездестіре білмейсіз. Ұжым өз қызметінде ғұлама ғалым әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген дана сөзін басты ұстаным ретінде пайдаланады. Бұған себеп те жоқ емес. Еліміздің өркениетті мемлекеттер санатына қосылу жағдайында адамгершілік-этикалық идеялар көрініс алған қазақ халқының рухани-мәдениетін зерттеу, тәрбиедегі озық дәстүрлерін бүгінгі қоғам талабын ескере отырып зерделеу көкейкесті мәселенің бірі болып отыр. Бұл турасында Елбасы: «Арды бағалайтын, белсенді, жоғары моральды, әдепті және рухани байлығы мол адамдардан тұруы керек. Қазақстанның бірегей халықтарының ұлтаралық және мәдениетаралық ынтымағы мен жетілуін қамтамасыз ете отырып, қазақ халқының көп ғасырлық дәстүрлерін, тілі мен мәдениетін сақтаймыз және дамыта түсеміз» деп атап өткен болатын. Кейінгі жылдары қоғамда орын алып отырған келеңсіз жайттар мен оқыс оқиғалар, бүгінгі тәрбие саласындағы инновациялық көзқарасты педагогикада жүйелі түрде пайдалануға байланысты тиімді идеяның болмауы да адамгершілік тәрбиені, соның ішінде моральдық-этикалық тәрбиені дағдарысқа әкелуде. Бұл мәселенің шешімін, ғасырлар бойы өзінің көкейкестілігін жоғалтпаған, керісінше, әрбір қоғамдық формацияда болған өзгерістерге байланысты жетіліп отырған қазақ халқының озық моральдық-этикалық дәстүрлерінен іздестіру қажет. Себебі, қазақ халқының озық этикалық дәстүрлерінің негізі болып қаланған гуманистік идеялар, адамгершіліктің басты құндылықтарымен байланысты және адамзат моралінің негіздерін мағыналы түрде жан-жақты меңгеруде, адамдар арасында таза адами қарым-қатынасты тәрбиелеуде жетекші құралдардың бірі. Моральдық-этикалық дәстүрлерді халық даналығының негізгі бір көрінісі ретінде қабылдау бүгінгі білім беру жүйесі үшін аса маңызды. Бұның, әсіресе болашақ мұғалімдер үшін пайдасы зор. Олай дейтініміз, оқушылардың моральдық-этикалық мәдени деңгейінің дұрыс қалыптасуы мұғалімнің тұлғалық адамгершілікті моральдық-этикалық қасиеттеріне, осы бағытта меңгерген тарихи-теориялық, практикалық, білім, іскерлік, дағды деңгейіне байланысты айқындалады. Нәтижесінде бұның барлығы қазақ халқының моральдық-этикалық тәрбиесіндегі озық дәстүрлерін зерделеуге бағыттайды.

Маман даярлау заман ағымына қарай жан-жақты кәсіби құзыреттілігін шыңдауды қажет етеді. Әлемдегі беделді университеттердің тәжірибелеріне сүйенер болсақ, біз ұстаз дайындаумен шектелмей, қоғамға қажетті маман даярлауымыз керек. Бұл біз дайындап отырған мамандардың жұмыс берушілер талабына ғана емес, қоғам талаптарын қанағаттандыру болып табылады. Бүгінгі өзгерістер – әлем тарихында болмаған жаңа мүмкіндіктер мен жаңашылдықтар дәуірі. Бұл тұрғыда ұстаздар ұстаханасы атанған Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде уақыт көшіне ілесу мақсатындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Түрлі тағылымға толы іс-шаралар арқылы қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін дәріптеп, қаракөз қыздарды құндылықтар мен ізгі қасиеттерге баулып, ар тазалығын жоғары ұстайтын тұлға, қоғам қажеттілігін қанағаттандыратын ұстаз маман дайындауды мақсат етіп келеміз. Екіншіден, қазақ халқы қай кезеңде болмасын қыз бала тәрбиесіне жете мән берген. Ол – мәдениеттілікті идеалға бағдарлау арқылы яғни халыққа сыйлы адамдардың өнегелі ісін, рухани адамгершілік мәдениетін, беделі мен мінез-құлқын, білімі мен қабілетіне, қарым-қатынас мәдениетін үлгі ету арқылы қалыптастырған. Идеалды күнделікті өмірге қажетті басты бағдардың бірі деп есептеген. Мысалы, «Қозы-Көрпеш, Баян-сұлу», «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек» жырлары арқылы халық қазақ қыздарының рухани-адамгершілік бейнесін, моральдық келбетін, мінез-құлқын, жүріс-тұрысын, киім киісін, өзара қарым-қатынасын өнеге етсе, Домалақ ана туралы аңызда қазақ әйелдеріне тән даналықты, ұстамдылықты, сезімталдықты, тапқырлықты үлгі тұтуға шақырған.

Зерделі жан жаңа оқу жылы қарсаңында өткеніне көз жүгіртіп, істеген ісін сараптайды. Кешегі күнін ой елегінен өткізіп, ертеңіне бағдар жасайды. Қыздар университеті үшін соңғы үш жыл елеулі жаңалықтарға толы жыл болды. Бұл нәтижеге оқу орны ұжымының бірлігі мен ауызбіршілігінің арқасында жеткендігімізді ерекше атап өткен жөн. Осы жылдары қол жеткен табыстардың бірқатарына тоқталып өткім келеді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 25 желтоқсандағы Жарлығымен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне «Ұлттық» мәртебесі берілді. Университет 75 жылға жуық уақыт аралығында өзінің қалыптасуы мен дамуы жолынан өтті. Ұлт зиялылары қызмет атқарған ұлағат ұясында осы уақыт аралығында алпыс мыңнан астам білікті маман даярланды. Бүгінде университет әлемнің 80-ге жуық жоғары оқу орнымен ынтымақтастық байланыс орнатқан. Оның ішінде АҚШ-тың Миссисипи алқабы мемлекеттік университеті, Ұлыбританияның Western international сollege, Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университеті және Польшаның Катовицахтағы Силез университетімен қосдипломды білім беру бағдарламасы сәтті жүзеге асып келеді.

Халықаралық және республикалық рейтингтік агенттіктердің қорытындысы бойынша Қыздар университеті қазақстандық жоғары оқу орындары арасында көш бастап келеді және бірқатар көрсеткіштер бойынша жыл өткен сайын жоғары сатыға көтеріліп келеміз.

Университет жанынан Кәсіби білім беру колледжі ашылды. Орта арнаулы оқу орны алғаш рет 2019-2020 оқу жылында 9 және 11 сыныпты бітіруші талапкерлерді «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» (Біліктілігі: «Тәрбиешінің көмекшісі», «Мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешісі»), «Бастауыш білім беру» (Біліктілігі: «Тәрбиешінің көмекшісі», «Ағылшынша білімі бар бастауыш білім беру мұғалімі») мамандықтары бойынша қабылдау жүргізді. Колледж студенттері Алматы қаласындағы орта және орта арнаулы білім беру ұйымдары мен балабақшаларда практикадан өтіп, әрі қарай жұмысқа орналаса алады.

Университет студенттері халықаралық, республикалық және аймақтық білім, ғылым, өнер және спорт жарыстарында жүлделі орындарға ие болып, оқу орнының мерейін тасытуда. Сонымен қатар білімгерлер елімізде өткен түрлі ғылыми жобалар байқауы мен зияткерлік ойындарда да бағы жанып, үздік атанып келеді. Университет даңқы тек қана білім сайыстарында ғана емес спорттық додаларда да жиі шығып жүр. Атап айтқанда, соңғы үш жылда студенттеріміз бен магистранттарымыз 500-ден астам түрлі байқаулардан жүлдемен оралды. Бұл – университет үшін үлкен абырой. Сонымен қатар осы жылдары аралығында білім ордасының бірқатар ғалымдары өнертабыс патенттеріне ие болып, ғылыми жаңалықтар ашты. Мәселен, жақында университет ғалымдары тағы екі өнертабыс патентіне ие болды. Химия ғылымдарының докторы, профессор Болат Жиембаев жетекшілік жасаған топ құрамында оқу орнының докторанттары, Қазақ ұлттық аграрлық университеті және Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері мен ізденушілері болды. Ғалымдардың айтуынша, ғылыми өнертабыс пайдалы модель жаңа фосфорорганикалық қосылыстарды синтездеп, ауыл шаруашылығы саласында көкөністердің өсуін реттеуші ретінде пайдалану үшін беріліп отыр. Сондай-ақ оқу орнында робототехника зертханасы да ашылды. Алдағы уақытта аталған зертханада ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге бағытталған арнайы секциялық үйірмелер құру жоспарланған. Онда университет ғалымдары робототехника бойынша өңірдегі жоғары оқу орындарының білімгерлері мен мектеп оқушыларын заманауи зертханалық жұмыстарға тартып, олардың ғылыми әлеуетін көтермек. Мақсат – жастардың робототехника бойынша ғылыми-техникалық шығармашылық қабілетін дамыту. Бұған Қыздар университетінің материалдық-техникалық базасы толық мүмкіндік береді. Физика-математика факультетінің жанындағы «Робототехника» зертханасы Lego, Аrduino және Raspberry роботтарымен, оқу-әдістемелік және бағдарламалық нұсқаулықтармен жабдықталған. Аталған зертхана нақты екі мақсат бойынша жұмыс істейді. Marwin брендімен жабдықталған жиынтықтар арқылы студенттер теория мен тәжірибені ұштастыра алады. Сонымен қатар заманауи құралды терең меңгере түседі. Бір бұл ғана емес. Компьютерлік бағдарламалар арқылы жұмыс істейтін бөлшектерден түрлі роботтар жасауға болады. Бұл – шығармашылықтың жаңа түрімен айналысуға мүмкіндік береді.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бастамасымен арнайы экологиялық жоба бастау алды. «75 жылға – 75 ағаш» деп ат қойып айдар таққан шара Алматы қаласындағы білім беру мекемелерімен бірлесіп өткізілді. Бірегей жоба Алматы қаласының экологиялық ахуалын жақсартуға өз септігін тигізбек. Өз кезегінде оқу орны көтерген экологиялық жоба Білім және ғылым министрлігі тарапынан да қолдауға ие болып, бұл тарапта мектеп бағдарламасына арнайы пән енгізілетін болды.

Бұлар атқарылған істердің бір парасы ғана. Алдағы уақытта көптеген жоспарымыз бар. Оны уақыт еншісіне қалдыра тұрайық.

– Қадірі биік қара шаңырақтың 75 жылдығын атап өту Сізге бұйырыпты. Осынау елеулі мерейтойды қалай атап өттіңіздер?

– Мерейтой – тек аста-төк тойлату емес. Бұл межелі мезет – өткеніңді бағамдау арқылы болашағыңды бағдарлау. Арулардың парасат мектебіне айналған Қыздар университетінің тойы ойдың тойы болуы тиіс деген ұйғарымға келдік. Осыған орай арнайы жоспар түзілді, жұмыстар қолға алынды. Ұжыммен кеңесе келе ұлағат ұясына айналған білім мен ғылымның қарашаңырағының 75 жылдығын қайырымды іске арнауды жөн көрдік. Атап айтқанда оқу орнының мерейтойы «Үкілі үміт» атты қайырымдылық балының аясында өтті. Тұңғыш рет ұйымдастырылған игілікті шараның мақсаты – жастарды бекзат өнерге тарту арқылы оларды жоғары мәдениеттілікке, инабаттылық пен қайырымдылыққа баулу. Оқу орнының ұжымы осы жоба арқылы қоғамда «Алматы – ізгі істер қаласы» түсінігін қалыптастыруды және оны нақты іске асыруды көздейді. Оңтүстік астананың еліміздің мәдени орталығы ретіндегі имиджін одан әрмен көтеруге септесетін шара шығармашылық әлеуеті жоғары талантты жастарды анықтауға да үлес қосқандығын ерекше атап өткен дұрыс. Мерейтойлық жиынға көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, университеттің танымал түлектері, шетелдік және отандық жетекші жоғары оқу орындарының басшылары мен танымал мәдениет қайраткерлері қатысты. Сонымен қатар балға қайырымдылық пен меценаттықты өмірінің басты қағидасы ретінде санайтын азаматтар да шақырылды. Отандық жоғары білім берудің флагманы, дара дәстүрі бар ордалы оқу орны ғасырға жуық уақыт белесінде қазақ қыздарының шын мәнісіндегі шамшырағына айналды. Өзіндік кескін-келбетін қалыптастырды. Халқымыздың ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан дәстүрлер сабақтастығын жаңғыртты. Екінші дүниежүзілік соғыстың аласапыран уақтысында іргетасы қаланған бұл білім ордасының Қазақстанның педагог кадрларын даярлаудағы алатын орны айрықша үлкен. Университет түлектері ұлан-ғайыр Отанымыздың түкпір-түкпірінде еңбек етіп, сауатты да білімді ұрпақты даярлауға зор еңбек сіңірді. Ұлт педагогикасының дамуы жолында қажырлы қызмет атқарды. Бүгінде әлемде тек қана қыздар білім алатын жоғары оқу орындары бірнешеу ғана екенін жоғарыда атап кеттік. Осы орайда бірегей білім ордасы ретінде еліміз бен әлемге кеңінен танымал болған оқу орны – «Қыздар университеті» деген өзіндік брендін қалыптастырды. Біздің басты мақсатымыз – осы уақытқа дейін қол жеткізген табыстарды еселей түсу, қазыналы қарашаңырақты шыққан биігінен түсірмеу. Университет 75 жылға жуық уақыт аралығында өзінің қалыптасуы мен дамуы жолынан өтті. Осы уақыт аралығында оқу орнының қабырғасынан мыңдаған білікті педагогтар, тарихшылар, журналистер мен тіл мамандары түлеп ұшты. Қазақстандағы талантты ғалымдар мен дарынды ұстаздардың үлкен тобы осы киелі шаңырақтан шыңдалып шығып, Отанымыздың дамуы жолында жемісті қызмет атқаруда. Әр жоғары оқу орны қызметінің айқын нәтижесі – түлектері. Олардың қол жеткізген табыстары. Бұл тұрғыдан алып қарағанда бірегей университет өз түлектерімен мақтана алады. Олар өз жетістіктерімен оқу орнын ғана емес, Қазақ елін жаһанға танытып жүр. Мерейтой қарсаңында «Ұлттың ұлағатты ұясы» атты анықтамалық-танымдық жинақ жарық көрді. Энциклопедиялық еңбекте еліміздегі педагог кадрларын даярлайтын іргелі орталықтың бірі – Қыздар университетінің еліміздің ғылым, білім беру және мәдениет саласында елеулі еңбек етіп жүрген түлектерінің азаматтық келбеті, олардың атқарған қызметтері мен игілікті істері баяндалған. Сонымен қатар жинақта оқу орнында атқарылған ауқымды жұмыстар мен жетістіктер де топтастырылған. Кітап «Тарих. Таным. Таразы», «Парасат мектебі: бүгіні мен болашағы», «Тұлғалар», «Ғалымдар», «Ұстаздар» және «Ақын-жазушылар, мәдениет саласының қызметкерлері» атты бөлімдерден тұрады.

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Ал, коронавирус пандемиясы білім саласына өзгерістер алып келгенін білеміз. Жаңа оқу жылына дайындықтарыңыз қалай? Қандай өзгешеліктер болады?

– Ең алдымен баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – жаңа ізденістердің, жаңа бастамалардың, жаңа идеялардың символы. Сондықтан да бұл мейрамның әрбір адам өмірінде  алар орны ерекше екендігіне тоқталғым келеді.

Өздеріңізге белгілі, коронавирус індетіне байланысты еліміздегі барлық білім беру ұйымдары мен мекемелері қашықтан оқу жүйесіне көшкеніне жарты жылға жуық уақыт өтті. Осы кезеңде Қыздар университеті қашықтан білім беруді ұтымды ұйымдастыра білді. Бұған себеп те жоқ емес. Оқу орны  аталған тәсіл арқылы оқытуды 2012 жылдан бері қолданып келеді. Профессор-оқытушылардың бұл тарапта тәжірибесінің болуы – айтарлықтай қиындық туғызған жоқ. Алайда білім беруде жаңа платформалардың пайда болуына байланысты оқытушыларға арнайы қосымша ақпараттар беріліп, шеберлік сыныптары мен семинарлар жүргізілді. Осы кезеңде Қыздар университетінің 4 мыңнан астам білім алушысы қашықтан оқыды. Университеттің барлық оқу үдерісі Univer және Moodle жүйесі арқылы жүзеге асты. Бұл жүйелер арқылы білім алушы тапсырмалар мен кез келген пәннің оқу-әдістемелік нұсқаулығын ала алады. Сонымен қатар карантин кезінде Қыздар университетінің бастамасымен бірнеше жоба бастау алып, сәтті жүзеге асырылды. Біріншісі – білім алушыларға жеделдетілген әдістемелік көмек көрсетуге арналған «Академиялық сағат» жобасы. Оның басты мақсаты – университеттің оқытушылары, білім алушылары және әкімшілік қызметкерлерімен қашықтан оқу бойынша тығыз байланыс жасау.   Жобада білім алушыларға қашықтан оқу жағдайында өздігінен жұмыс жасай алуына кеңес беру, білім алушыларды қашықтан оқыту жағдайына өздігінен жұмыс жасауына икемдеу сияқты міндеттер қойылған. Онлайн және офлайн кездесу кезінде білім алушылар курсты меңгеру барысында туындаған қиындықтар, жаңа тақырыптарды игеру, білім жетістіктерін бағалау принциптерін түсіну, аралық және қорытынды бақылау түрлерін өткізу бойынша сұрақтарын қоюларына мүмкіндіктері бар. Екіншісі – «Цифрлы волонтер» жобасы. Жоба шеңберінде университеттің профессор-оқытушылары қашықтан оқыту технологиясының ерекшелігі туралы өз тәжірибелерімен бөлісіп, әдістемелік көмек көрсету бойынша шеберлік сыныптар сериясын ұйымдастырды. Ал, үшіншіден, университетте Психологиялық қолдау қызметі ашылды. Оқу орнының білікті психолог мамандарынан құрылған топ карантин уақытында ел тұрғындарын қолдау мақсатында және өз-өзін оқшаулау ситуациясында стресстік жағдайға түсудің алдын алу бойынша кеңестер берді. Қызметтердің барлығы тегін. Барлық қажетті ақпараттар бұқаралық ақпарат құралдары мен университеттің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында дер кезінде жарияланып отырды. Жаңа оқу жылының алғашқы семестрі де пандемияға орай қашықтан ұйымдастырылады. Бүгінде оқу орнының профессор-оқытушылары мен қызметкерлері қызу дайындық жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі күнде университеттің табалдырығын алғаш аттап отырған бірінші курс студенттері үшін «Бейімдеу апталығы» өтуде. Апталық аясында алғашқы курс білім алушыларына Univer жүйесіне тіркелу, логин мен пароль алу жолдары, оқытудың кредиттік технологиясы, электрондық кітапхана қызметін пайдалану, қашықтан оқу кезінде қолданылатын платформалар таныстырылады. Сондай-ақ студенттер жеке оқу жоспарын қалыптастыруға мүмкіндік алады. Шара барысында университет басшыларымен онлайн-кездесулер мен түрлі тақырыптағы семинар-тренингтер өткізу де жоспарланған. Жалпы алғанда жаңа оқу жылын табысты өткереміз деген сенімдемін.

– Былтыр қабылданған, биыл күшіне енген «Педагог мәртебесі туралы» Заңына қатысты пікіріңіз қандай? Ұстаз мәртебесін көтерудің жолы қайсы?

– Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Білім және ғылым министрлігі ұстаз беделін, педагог мәртебесін көтеру жолында елеулі істерді қолға алып, нақты жүзеге асыруда. Мәселен, бір ғана «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы – қазақстандық ұстаздар қауымының қоғамдағы беделін арттырып, орнын айшықтауға бағытталған зор қадам болды десем артық айтқаным емес. 21 баптан тұратын жаңа Заң жарты миллионнан астам ұстаздың жұмысына қатысты. Онда төрт бағыт қамтылған. Біріншіден, педагогтардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстардан босату, олардың жүктемесін азайту. Екіншіден, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту. Үшіншіден, материалдық емес ынтыландыру тетіктері және төртіншіден, материалды ынталандыру қадамдары. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында әлеуметтің әлеуетін арттыру мақсатындағы нақты іске асуы тиіс міндеттерді белгілеп берген болатын. Елбасы жариялаған маңызды құжатта «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылдау қажеттігі де айтылды. Осы орайда Білім және ғылым министрлігі ауқымды жұмыстар жүргізуге ұйытқы болды. Еліміздің бас педагогы Асхат Аймағамбетов мұғалім мәртебесін арттыру оның қызметіне қойылатын талаптарды күшейтуді қажет ететіндігін ерекше атап өтті. Жаңа Заң ұстаздардың этика мәселелеріне де жете көңіл бөледі. Оған сәйкес әр білім мекемесінде әдеп бойынша кеңестер институты енгізілмек. Менің ойымша, бұл бастама өз кезегінде білікті де білімді, «ұстаз» деген атқа лайықты нағыз мамандар мектебінің қалыптасуына негіз болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы Тамыз конференциясында берген тапсырмасының аясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысы екі есеге артады және қаңтар айынан бастап студенттер, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 25 пайызға көтерілді. Бұл Заң мұғалім беделін арттырумен қатар, педагог кадрларын даярлайтын оқу орындарының да маңызын айқындайды. Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жаңа Жолдауын арнады. Биылғы Жолдау отандық білім және ғылым саласына жаңа нақты міндеттер қойып отыр. Президент атап көрсеткен басым бағыттар ел экономикасының басты өзегі саналатын аталған салалардың заманға сай дамуына зор серпін береді. Мемлекет басшысы 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің жалақысын 25 пайызға көтеру туралы шешім қабылдады. Бұл мақсатта алдағы үш жылда қосымша 1,2 трлн теңге бөлінбек. Сондай-ақ Президент Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді және «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырды. Жаңалығы желмен жарысқан бүгінгідей заманда ғылым саласына мемлекет тарапынан зор көңіл бөлініп, елеулі қолдау көрсетіліп келе жатыр. Қазақстанның бұл тараптағы мақсаты – ғылымның дамуына жаңа қарқын беру, оның дамуы үшін дұрыс бағыттарды қабылдау және отандық бизнестің ғылыммен тығыз байланыста болуына ықпал ету. Бұл орайда елімізде бірқатар бастамалар қолға алынды. Жолдауда соның бірқатарын Президент нақты атап көрсетті. Атап айтқанда, ғылыми жобаларды қаржыландыруға мемлекеттік қазынадан қомақты қаражат бөлініп, жас ғалымдардың ғылыми идеялары жан-жақты ынталандырылмақ. Қыздар университеті білікті педагог кадрларын даярлаумен қатар, қазақстандық ғылымды дамытуға да үлкен үлес қосып келеді. Оқу орны зерттеу жұмыстарының сапасын арттыру және оны халықаралық талаптарға сәйкестендіру мақсатында алыс-жақын шет елдердің ғалымдары мен ғылыми-зерттеу орталықтарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, бірлесе жұмыстар атқаруда. Бүгінде университет ғалымдары 28 бағыт бойынша ғылыми-зерттеу жүргізуде. Осы орайда оқу орнының бастамасымен құрылған Қазақстан жас педагог-ғалымдары Қауымдастығының да рөлін атап өткім келеді. Қауымдастық еліміздің педагог мамандарын дайындайтын жоғары оқу орындарымен бірлесіп, білім беру мен ғылым саласындағы болып жатқан бірқатар бастамаларды іске асыруға атсалысты. Қауымдастықтың негізгі мақсаты – еліміздің жас педагог-ғалымдарының диалог алаңын ұйымдастыру, білім мен ғылымды ұштастыра отырып, жастардың ғылыми идеяларының білім беру саласына енуіне ықпал жасау. Аталған Қауымдастық алдағы уақытта Президент Жолдауында атап көрсетілген ғылым саласын дамытуға өз үлесін қосатын болады.

– Гаухар Төремұратқызы, оқу орнының маман даярлаудағы басты ұстанымы қандай? Білікті педагог даярлауда қандай нақты істерді қолға алдыңыздар?

– Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті негізінен ауылдық елдімекендердегі білім ошақтары үшін маман даярлайды. Осы орайда атап өткен жөн, халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын айтарлықтай арттыру және жоғары кәсіби кадрларды тиімді молайтуға бағытталған елімізде жүргізіліп жатқан саясат педагог кадрларды қалыптастыру мәселелерін туындатуда. Бұл мәселе қай кезеңде де өте өзекті болған. Мәселен, бүгінде халықтың демографиялық өсу жағдайына байланысты мектепке дейінгі және жалпы орта білім  мекемелерінің тұрақты өсуі байқалып отыр. Бұнымен қоса, білім беруді, ғылым мен мәдениетті қалыптастыруға ықпал ететін мұғалімнің кәсіпқойлығы мен біліктілігіне қойылатын талаптар да артуда. Кадрларды қалыптастырудың тағы бір мәселесі – еңбекақының төмендігі, педагог кадрлардың зейнетке дейінгі жасы және бейінді білімінің болмауы. Үшінші мәселе, білім берудің барлық деңгейлеріндегі оқыту бағдарламаларының бір-бірінен алшақтығы. Мысалы, жалпы орта білім беру мекемелері жаңартылған мазмұн бойынша білім беруге көшкенде, мектепке дейінгі білім беру бағдарламасы айтарлықтай өзгерістерге ұшыраған жоқ. Қыздар университетінің басты қызметінің бірі – жоғарыда аталған мәселелерді оңтайлы шешу. Оқу орнында болашақ педагогтардың кәсіби бейімделуі үшін педагогикалық кадрларды даярлаудың білім беру бағдарламалары тәжірибеге бағытталған. Тәжірибеге бағытталуы – бірінші курстан төртінші курсқа дейін тәжірибеден өту арқылы жүзеге асырылады. Қыздар университетінің тәжірибелік  базаларының қатарында Алматы, Қызылорда, Жамбыл  және басқа да облыстардағы 100-ге жуық мектепке дейінгі жалпы орта және кәсіптік білім беру ұйымдары бар. Алматы қаласы білім беру мекемелері жанынан жоғары оқу орны мен білім беру мекемелерінің арасындағы тығыз ынтымақтастыққа ықпал ететін кафедра филиалдары құрылған. Аталған филиалдар мектеп пен мектепке дейінгі мекемелердің қажеттіліктеріне байланысты өзгерістерді саралай отырып, болашақ мамандарды даярлау траекториясын анықтауды және білім беру бағдарламаларына өзгерістер енгізуді жүзеге асырады. Сонымен қатар білім беру бағдарламаларына өзгерістер енгізу жұмыс берушілермен білім беру бағдарламаларын талқылау және сараптау арқылы және Назарбаев Университеті мен Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін қолдану арқылы жаңартылған мазмұндағы білім беру бағдарламаларын әзірлеу арқылы жүзеге асырылады. Университеттің басты мақсаттарының бірі – түлектерді жұмысқа орналастыру. Біз әлеуетті жұмыс берушілердің базасын қалыптастырдық және жыл сайын бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп келеді. Біздің университет студенттерінің 90 пайызға жуығы әр түрлі өңірлердің тұрғындары болғандықтан, «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы біздің түлектеріміз үшін өзекті әрі үлкен сұранысқа  ие. Бұл бағдарламаға білім беру, мәдениет және спорт, әлеуметтік қамтамасыз ету сияқты сұранысқа ие білім беру бағдарламаларының түлектері қатысады. Жыл сайын аталған бағдарлама шеңберінде Қыздар университетінің жүздеген түлектері еліміздің ауылдық аймағына барып, мемлекеттің жарқын болашағы үшін қызмет атқаруға жолдама алуда.

– Келелі де жан-жақты сұхбатымыздың соңында көзіқарақты «Qazaq» газетінің оқырмандарына не айтқыңыз келеді?

– Жаңа мыңжылдықта білімі мен білігі үйлескен мамандардың бәсі басым болмақ. Бұны уақыттың өзі айқындап отыр. Отандық жоғары оқу орындарының алдында ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Осынау ауқымды жауапкершілікті абыроймен атқару педагогтарға жүктелген мәртебелі міндет. Дамудың даңғыл жолына бағыт алған болашағы баянды елдің өрісі қашанда білікті де саналы ұрпағымен кеңеймек. Өскелең жасты еліміздің тұтқасы, қатарының көшбасшысы етіп тәрбиелеу – ғасырға жуық үздіксіз кадр даярлап келе жатқан Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басты бағдары. Бұл бағдардан айнымау біздің басты міндетіміз һәм парызымыз. Әлемдегі бірден-бір тек қана арулар білім алатын Қыздар университеті – педагог даярлап қана қоймайды, ол ұрпақ тәрбиешісі ретінде саналатын болашақ мамандардың бойына халқымыздың ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан тағылымды тәрбиесін, ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрін сіңіреді. Бұл – арулардың парасат мектебіне айналған білім ордасының өзіндік ерекшелігі. Бұл – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің дара жолы.

– Әңгімеңіз үшін рақмет!

Сұхбаттасқандар Қали ҚАМБАРОВ, Жандар АСАН

Суреттер ҚызПУ-дың Баспасөз қызметінің мұрағатынан алынды

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here