АҚСАҚАЛ БОЛУ ТЫМ ҚИЫН

0
644

Сөздің бағасын білетін, Сыр елінің төр ақсақалы марқұм Сейілбек Шаухаманұлы ағамыздың айтып кеткен мына бір сөздері кім-кімді де ойға жетелері анық:

Жүгіріп шығар белес көп,

Алуға асқар шың қиын.

Шал-шауқан болу оп-оңай,

Ақсақал болу тым қиын.

Мен өз қатарластарыммен бірге ақсақалдық жасқа келдім. Жастар да қолпаштап «ақсақал» деп, жасымызға құрмет білдіріп жатады. Естіген сайын ақсақалдықты мойындағандай боламыз. Ал шындығында алды-артымызға көз жүгіртсек, біз сол өз заманымыздың ақсақалдығына дұрыс ие болып жүрміз бе деген сұрақ түседі ойға.

ТАЛПЫНЫС

Өсіп-өнген өз ортамда маман-тұлға ретінде қалыптасқан әріптестерім молшылық сияқты, қазақы ақсақал-тұлға ретінде ауыз толтырып айтарлық азаматтар да баршылық, дегенмен олардың саны көп емес. Әрине, бүгінгі заманда ақсақал-тұлғалар көптеп керек-ақ. Жаңа толқын немере-шөберелеріне, кейбір ұйқыға кеткен намыс тамырларын оятатындай, атасы ғана айта алатын ой тастар ақыл керек.

Мен бүгінде ортамызда осындай дара биікке жеткен, студенттік кезден бірге келе жатқан замандасымыз Әбуов Мүтәліп деп айтар едім. Оған ешкімнің таласы жоғын да білемін. Бәріміз Мүтекең жеткен ақсақалдыққа талпынамыз, бұл тек талпыныс қана.

Жас өмірдің ең қиын уақыттары есею жылдарымен қатарлас келген, әлі де балалықтан шыға алмай, жігіттік жасқа жете алмай тұрып, әкесіз қалған Мүтекеңнің алдында қол созар ағасы жоқ, қиналғанда артынан іздеп келер жанашыры жоқ болғанын кейіннен білдік. Бірге оқып жүрген жігіттердің бәрі бірінің әкесі, бірінің ағасы бар, қиналса сенім артар бірге туған жақындары бар азаматтар еді. «Менің әкемді кім бағады, шешемді кім қарайды» деген мәселе біздің басымызда болмайтын. Ал қаршадай бала жігіт Мүтекеңе елдегі шешесіне, өзінен кіші егіз қарындастарына қамқор болу оңай болмаса керек.

Оқып жүрген кезінде-ақ Мүтәліптің басына ақ түсе бастады. Онысымен қоймай, оқу қиындаған сайын оның шашы уыс-уыс болып түсетін болды. «Осы Мүтәліп түбінде қасқабас болатын шығар» деп, іштей аяушылық білдіретін едім. О, тоба, жоғарғы курстарда шашы түсуі кілт тоқтады. Әп-әдемі болып, боз қырауланған шашы өзінің кең иықты, сымбатты бойын одан әрі әсерлей, шың басындағы тап-таза ақ қардай өзіне лайық қалпында тұрақтады. Мүтекеңнің шашының бірде былай, бірде былай болып жетілуіне қарағанда, түптің-түбінде бір жақсылық болу керектігі анық еді. Мүтекеңнің шашындағы ақ қырау бүгінгі жас буын Әбуовтерде жалғасын тапқан.

Есімнен кетпейтін бір оқиға. Студенттік күндерде Мүтәліппен араластығымыз жарасымды болды, көбіне қатарлас, көршілес бөлмелерде тұрамыз. Есігіміз кейде жартылай ашық тұрады. Бірде ентелей кіріп келе жатсам, Мүтәліп кереуеттің үстінде отыр, бір жағында оқулықтар, екінші жағында конспектілер, алдында қағаз-қаламы жатыр. Ол ешқашанда бұлай жан-жағын шашып отырмаушы еді ғой деп таңырқай қалдым. Байқаймын, қолымен шашын салалаған сайын шашы уыс-уыс болып әппақ қардай Мүтекеңнің алдына түсіп жатыр. Өзі бір қиналыс ойдың үстінде отырғандай. Мен кейін шегіндім. Өзімше сол кезде ол шашының түсіп жатқанына қапаланып отырған шығар деп ойлағанмын.

Дегенмен, олай болмаса керек. Оның себебі бізден бұрынырақ балалықтан даналыққа терең бойлай кіруіне, өмір ауыртпалығын бізден әлдеқайда түсіне, көтере білуінде еді. Ертеңгісін бізден бұрынырақ ойлау оған тиісті қиналысты өмірдің сыйы еді.

Курсымыз жоғарылаған сайын Мүтекең бізден ерте есейе, ерекшелене түсті. Бұрынырақ жасы үлкен дейтін Мырзағалиды тыңдауымыз мықтырақ еді, келе-келе ортамызға қазақы басшылық жасап айтқан сөздері, айтылған ақылдары салмақтана түскен Мүтекеңе қарай ұйысатын болдық.

Сол шақтан басталған Мүтекеңнің алғашқы жас ақсақалдық баспалдақ бастауы бүгінге дейін жалғасын тауып келеді.

ТОМАҒАСЫН СЫПЫРҒАН ҚЫРАНДАЙ

Институтты бітіріп, Күләтайға үйленгеннен кейін Мүтекең томағасын сыпырған қырандай еліміздің сәулет-құрылыс ісінің көгіне жарқ етіп шыға келді. Еңбек жолында алғашқы қадам жасағаннан-ақ еңбекқор Мүтекең осы күнге дейін бір талған жоқ.

15 жылдан астам бас инженер болып қызмет атқарған еңбегінің өзі бір төбе. Бұл жылдары Мүтекеңнің жетекшілігімен Шымкент қаласының құрылысы үшін ірі панелді 5 және 9 қабатты 105/1 сериялы тұрғын үйлерге типтік жобалар әзірленді, соның арқасында сол кездерде қалада көптеген жаңа ықшамаудандар салынып, тұрғын үй құрылыстары қарқынды әрі кең көлемде жүргізілді.

70 жылдық тарихы бар «Южказпроект» жобалау институтында басталған жұмысы берекелі болды. Оның берекелігі Мүтекеңнің бүгінге дейін сол мекемені басқарып отырғандығына тікелей байланысты. Оның оңтүстік өңірді гүлдендіріп, қалалар мен ірілі-ұсақты елді мекендердің сәулеттік келбетін жасаудағы еңбегі телегей теңіз.

Мүтәліп Әбуов өзі жетекшілік етіп, ұжымның Қазақстан бойынша бірінші рет тұрғын үй құрылысы жағынан сейсмикалық берік ИИС-04 сериясын меңгеруіне тер төкті. Нәтижесі ретінде осы серияны қолданып, Шымкентте салынған жаңа тұрғын үйлер мен көптеген қоғамдық мақсаттағы нысандарды (мектептер, балабақшалар) атауға болады.

Қаланың инфрақұрылымын жетілдіруде де Мүтекең бастаған ұжымның еңбегі айтарлықтай. Шымкент қаласы мен оның маңындағы елді мекендерді жылумен қамту жүйесі мен жылу магистралын жобалап, оның құрылысын жүзеге асырудағы бұл ұжымның атқарған жұмыстары өңірдің дамуына үлкен үлес қосты.

Оның жетістіктерін басшылар да көрді – көптеген марапаттарға лайықталды. Мүтәліп Әбуов «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақстан Республикасының Мерейтойлық медалімен, Облыс Мәслихатының Құрмет грамотасымен, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төс белгісімен марапатталып, «Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атақтарын алып, Шымкент және Түркістан қалаларының Құрметті азаматы атанды.

ҰМЫТЫЛМАС СОЛ БІР КЕШ

Жас өмірдің сұрапыл қиындығын артқа тастап, еңбек жолында өз ортасында оза шауып, әйгілі де, бәйгелі де болуына асыл жары, өмірлік серігі, ақылгөй бәйбішесі Күләтайдың да еңбегі орасан деп айтсам артық емес.

Күләтай Шымкент қаласында Сыпатаев атындағы №7 мектепте директор болып жұмыс істеді. Мектеп оқушыларының білімі мен тәртібін қадағалап, мол жауапкершілікті мойнына алған жылдардағы еңбегі оның Мұғалімдердің біліктілігін арттыру институтындағы проректорлық, аудандық халыққа білім беру бөліміндегі меңгерушілік жұмыстарында өзінің үйлесімді жалғасын тапты.

Күләтайдың ұстаздық жолы өте мәртебелі жетістіктерімен белгілі. Оның көп жылғы даңқты еңбегі мен төккен тері бағаланып, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» белгісін иеленді.

Бүгінде осындай еңбектерінің зейнетін көріп отырған Мүтәліп пен Күләтайдың алғашқы кездескен кеші әлі есімде, ұмытылар емес.

Алматының жайсаң жазының ыстығы қайтыңқырап, жайлы қоңыр салқын күндерге ұласқан алтын күздің әдемі күнінде Панфилов саябағының іші жұпар иісті гүлдермен ерекшеленген. Жан-жақтан естіліп жатқан құлақты жарар музыка дыбысы, жастар күлкісі. Біреулер биге икемделсе, екіншілері концертке қарай ұмтылуда. Студенттердің біразы елдерінен, біразы ауыл шаруашылық жұмыстарынан оралып, енді-енді бастары қосылып жатқан кез.

1961 жылдың сондай бір әдемі балғын кештерінде Мүтәліп екеуміз әдеттегідей саябаққа қыдыруға шықтық. Бір уақытта үздік-создық келе жатқан қыздардың ішінде теңіздің толқынында еркін жүзген ақ балықтай, бойы да, жүріс-тұрысы келіскен жаңа заманның жаңа Қыз Жібегіндей көрінген падиша қыз жарқ етіп көзге түсті. Қасындағы құрбысымен келе жатты. Мүтекең екеуміз қатар тұрғанбыз. Ана қызға бір қарағаннан-ақ Мүтекеңді белгісіз бір оттың жалыны шарпып өтті-ау деймін, оның дір ете қалғанын байқағандаймын. Қыз да көз қиығымен Мүтекеңнің әбігер мінезін сипай өткендей.

Сол кеште Мүтекең бұрынғы қалпынан өзгеріп, өзін-өзі  басқаша  ұстай  бастаған болатын. Не сабасына түсе алмай, не сыртқа шығарып айта алмай, тұсалған тұлпардай тыпыршыған замандасыма түсінігім жеткенше қиядан шауып, сол бір  кеште Күләтайдай қыздан таныса алмай айырылсақ, кешірілмес күнәнің жауапкершілігі менде болатынын түсінгендеймін. Қыз Жібегін алғаш көрген Төлеген-Мүтекеңе болысып, ағытып әңгіме айтып, Күләтай-Қыз Жібектің барар жер, басар тауын білмесек далбаса болып қалатын түріміз бар. Не істеу керек?  Сол   кеште мен Төлегеннің   жан  жолдасы  Шегенің   рөлін  әжептеуір   орындағандаймын.

Бұл қыздың қайда оқитынын, қайда тұратынын қалай білсек екен деп ойланып-ақ тұрмын. Әрі-бері тұрмыз. Қыздармен жеңіл әзіл-қалжың аралас әңгіме айтқандай боламыз. Бір сыр бермеді. Көбірек сөйлеген құрбысы. Күләтай сабыр сақтап, әңгіме өрісін тереңдетпейді. Бір уақытта басыма бір ғажап ой келе қалды.

– Қыздар, – дедім, – менің туа біткен бір қасиетім бар: адамның көзіне қарап отырып, туған жылын тура айта аламын.

– Біздің де туған күнімізді біліп тұрсыз ба?

– Әрине.

– Айтыңызшы онда.

– Айтпаймын, – деймін, – мені алдауларың мүмкін. Қолдарыңда паспорттарың жоқ.

– Біз өтірік айтпаймыз, – деп шырылдайды қыздар.

– Мен сенбеймін. Мені кейде қыздар жағы алдап кетеді. Сосын келесіде жолым болмайды.

Сонымен не керек, екі қыздың да туған күнін айтып, келіспесе, тек паспортпен салыстыратын болдық. Бізге керегі де сол! Іштей дайындық бар. Күләтайдың туған жылын тура айттым. Ал құрбысының жасы ересектеу еді, әдейі біраз жасартыңқырап айттым. Бәстің аты бәс, соңы жеңімпаз жатақханаға келіп, паспорт тексерумен аяқталды.

Келесі күннен бастап осы оқиғаның күрделі жалғасын Мүтекең өзі иелігіне ала бастады.

Бұл әңгіме бекер деп айтатындар бола қоймас. Бұл – біздің жастығымыздың әлі күнге дейін ыстығы басылмаған ұмытылмас үзік сырлары.

Сол кештегі Мүтекеңнің көзінен жарқ еткен оттың жалыны бүгін үлкен бір берекелі ордалы елді жылытып отыр. Күләтай – отбасының ырысын арттырып, ағайын-туғанды ұйытып отырған абыройлы бәйбіше.

БАҚТАРЫ НЕМЕРЕ-ШӨБЕРЕ ҚУАНЫШЫМЕН ЖАЛҒАСЫН ТАПҚАН АТА МЕН ӘЖЕ

Күләтайға үйленгеннен бастап Мүтекеңнің бағы жанды деп айта аламыз. Бір-біріне мінезі жағынан да, болмыстары жағынан да сәйкес келіп, екеуі жарасымды отбасын құрды. Күләтай екеуі қолдарынан келгенінше Мүтекеңнің екі қарындасын жеткізіп, оларды құтты орындарына қондырды. Өздерінің екі ұл, бір қыздарының да отбасын құруына септесіп, әлі күнге дейін олардың отбасына, бала-шағаларына деген мейірімдері үзілген емес. Ұлдары мен қыздары, олардан тараған алты немересі мен төрт жиені, алты шөбересі бар. Солардың алдында аталық, әжелік мейірімдерін төгіп, ұрпақ болашағын қамдап жүрген жайлары бар. Ал құда-жекжаттарымен араластығы екі жаққа бірдей қуаныш әкеліп отырғанын естіп жүремін. Әркімнің өз басына жетерлік шаруашылығы бар екені белгілі ғой,  бірақ Мүтекеңнің жақындарының әрқайсысына барып, бәрін реттеп, ақсақалдық жасап жүретін айрықша қасиетін Алла Тағала молынан берген.

Жұмыс барысында кім дәрежеге жетпей жатыр дейсің, ал сол дәреженің буы көзін байлап, жанына ешкімді маңайлатпай, туған-туыстарынан алшақтап, бауыры түгіл өзінен шыққан баласына да қадірі кетіп жүретіндер болады. Мүтәліптің де, Күләтайдың да бітімі өзгеше, біздің ортамызда жүрген азаматтардың ішінде бәрімен араласып, өмірден озғандардың артынан жасалатын істерді ұйымдастырып, қай отбасы болса да әдейі арнап араласып жүреді.

Бүгінде Мүтекең – Қоңырат деген елдің үлкен ақсақалы, Күләтай – сол елдің төр бәйбішесі.

Анда-санда «Мүтеке, осы Күләтай екеуіңнің табысуыңа менің атсалысқаным бар емес пе еді? Соның қайтарымын жасамадың-ау», – деп әзілдейтінмін. Сөйтіп жүргенде ол менен өзінің шөбересінің тұсауын кесуіме өтініш жасады. «Еее, міне, бұл енді сенің білгендігің», – деп қуанып, ішім жылып, өткен-кеткендерді есіме түсіргенмін. Олардың шөберелерінің тұсауын кескендегі үлкен ризашылығым мен толқынысымды сонау бір игілікпен жасалған ісімнің қайтарымындай сезіндім.

Бүгінге дейін өзіме қадірлес екі адамның шөберелерінің тұсауын кестім. Бірі – Мүтәліп пен Күләтайдың Дәурен немересінен тарайтын Нұрмұханбет, екіншісі Кенжеғали ағамыз бен Нағытай жеңгемнің Бауыржан деген немересінің баласы – Аңсар деген шөбересі. Сол екі сәби мен үшін өзімнің шөберелерім сияқты көңіліме жылу сыйлайды. Кенжекеңнің үйіне барған сайын Аңсарды іздеп, көргім келіп тұрады.

Мүтекеңнің Нұрмұханбет шөбересі де ыстық. Менің әкем Шаймұханбет, әкемнің туған ағасының аты Нұрмұханбет.

Нұрмұханбет әкеміз де Алаш азаматтарының көрген азабын басынан өткізді. Бүгінгі Нұрмұханбет шөбереміздің тұсауын кесіп тұрып, әкеміз өткен қиындықты бермей, Мүтекеңдей қазақтың тұлғалы ақсақалының бақытты жалғасы болуына іштей де, дауыстап та бата-тілегімді айтып, бетінен рахаттана сүйгенім әлі есімде.

АҚСАҚАЛ ЖҮГІ – ҒАСЫР ЖҮГІ

Қартаю құбылысы бүкіл адамзатқа тән, дегенмен ақсақалдық ұғымы – біздің халқымыздың еншісіне тиген ерекше түсінік. Нағыз қазақы ақсақалдықтың тамыры тереңде – көрегендік, болжампаздық, парасат деген қасиеттердің тоғысында жатыр. Ақсақалдықтың жүгі қара мен ханның, ер мен әйелдің, әке мен баланың арасындағы қатынастың қатаңдығын да, нәзіктігін де алып жүретіндей ауыр. Сол себепті ақсақалдың жүріс-тұрысы, айналасына әсері, ұрпақ тәрбиесіндегі ұлағаты көп ішінде ерекше көрініп тұрады. Арамызда ауыл ақсақалы, ел ақсақалы дейтін биіктен көрініп жүрген ағаларымыз баршылық.

Нағыз ақсақалдың өн бойынан кем дегенде бір ғасырдың салмағы жатқан ой тереңдігін байқауға болады, өйткені ол ақсақал жүгі – ғасыр жүгі екенін сезіне біледі.

«Шал-шауқан болу оп-оңай, ақсақал болу тым қиын» деген Сейілбек ағамыздың сөзі есіме түссе, осы жүгі ауыр ақсақалдыққа лайықты бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Мүтәліп замандасымызға, бәйбішесі Күләтайға ризалықпен қараймын. Жас кезімізде мамандығымызға, жұмысымызға, жарымызға лайықпыз ба деп ойланатын едік, енді жас ұлғайған сайын ақсақалдық істерге лайықпыз ба, немере-шөбереміздің алдындағы істеріміз біздің жасымызға лайық па деп, өзімізге өзіміз сын көзбен қарайтын болдық. Е, қайран өмір, осылай бір белестен бір белеске ауысып өте береді екен ғой.

Әбдісағит Тәтіғұл,

академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Суретте: Мүтәліп Әбуов, шөбересі Нұрмұханбет және Әбдісағит Тәтіғұлов.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here