«КРЕСЛОНЫ ҚОЛЫ ҚАЛТЫРАҒАНША ҰСТАП ОТЫРУ» ЛУКАШЕНКОНЫҢ ОЙЫНДА ЖОҚ ЕКЕН

0
1223

Корольдер мен монархтарды қоспағанда, Александр Лукашенко қазір билік басында ең ұзақ отырған жалғыз еуропалық президент. 65 жастағы Александр Григорьевич 1994 жылы президент болып сайланып, 25 жыл бойы ел басқарып келеді. Алайда, барлық құндылықтар демократияға негізделген кәрі құрлық үшін бұл өте ұзақ көрсеткіш. Сондықтан да, Беларусь басшысын Батыс елдері «Еуропаның соңғы диктаторы» санайды.

Жалпы, Азия мен Африкаға қарағанда, Еуропада диктаторлық режимдер көп бола қойған жоқ. Мәселен, XX ғасырдағы Еуропадағы ең атақты диктаторларға 1920-1944 жылдардағы венгр көсемі Миклош Хортиді, 1922-1943 жылдардағы Италия басшысы Бенито Муссолини мен 1933-1945 жылдардағы рейхсканцлер Адольф Гитлерді айтуға болады. Ұзақ жылдар (1939-1975) Испанияны басқарған Франсиско Франко да осы тізімде. Ал, өткен ғасырдың соңында еуропалық екі диктатор болды: Николае Чаушеску мен Слободан Милошевич.

Румынияны ширек ғасыр билеген алғашқысы Еуропаның қақ ортасында тұрып, жеке басқа табынушылық саясатын жүргізгені үшін тақтан тайдырылды. Соңында әйелімен бірге ату жазасына кесілді. 1989-1997 жылдары Югославия президенті болған екіншісі одақтың беске бөлінуі кезіндегі қанды оқиғаға тікелей қатысы бар адам ретінде НАТО әскерімен биліктен кетіріліп, Гаагадағы халықаралық соттың трибуналында жауапқа тартылды.

Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін «Еуропаның соңғы диктаторы» атанған Беларусь Республикасының 1994 жылдан бергі Президенті Александр Лукашенконың саяси қызметіне тоқталады.

КЕЛЕСІ ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУДА ЛУКАШЕНКО ӨЗ РЕКОРДЫН ЖАҢАРТА МА?

17 қараша күні Беларусь Республикасының басшысы Александр Лукашенко 2020 жылы өтетін Президент сайлауына қайта түсетінін мәлімдеді.

«Президент сайлауы қарсаңында Конституцияны өзгерту ақымақтық болар. Сондықтан міндетті түрде мен өз кандидатурамды ұсынамын. Ал, ел халқы өз таңдауын жасайды. Халық қаламаса, билікке жабысып қалмаймын. Креслоны қолым қалтырағанша ұстамаймын», – деді Александр Григорьевич.

Рас, Лукашенконың қазір бесінші өкілеттігі. Ол президенттікке қырық жасында келді. Сөйтіп, отызында орда бұзған халық қалаулысы қырқында қамал алды.

1994 жылы өткен Президент сайлауында Александр Лукашенко 44,8% дауыспен қарсыласы Вячеслав Кебичпен бірге екінші турға өтті. Екінші турда сайлаушылардың 80,1% дауысын алып, Тәуелсіз Беларусьтің тұңғыш Президенті болып сайланды.

Айта кетейік, сайлау науқанында Александр Лукашенконың өміріне қастандық жасалды. Депутаттар Александр Лукашенко, Иван Титенков және Виктор Шейман отырған «Мерседес» көлігіне қарсы беттегі «Ford» көлігінен оқ атылды. Дегенмен, Лукашенкоға бағытталған оқ нысанадан қиыс кетті. Ал, құқық қорғау органдары болашақ Президентке жасалған бұл қастандықтың анық-қанығын анықтай алмады.

1996 жылы Беларусьте өткізілген референдумда Конституцияға түзетулер енгізілді. Содан Лукашенконың 5 жылдық президенттік өкілеттігінің мерзімі ұзартылды. Осы түзетулерден кейін Президент өзінің құзыреттілігін де кеңейтіп алды.

2001 жылғы сайлауда Лукашенко бірінші турда-ақ жеңіске жетіп, сайлаушылардың 75,6% дауысын иеленді. Дегенмен, ОБСЕ бұл сайлаудың қорытындысына күмән келтіріп, халықаралық стандарттарға сай келмегенін мәлімдеді.

2004 жылы Беларусьте тағы да референдум өтіп, Конституциядағы «Президентікке екіден артық сайлануға болмайды» деген шектеу алынып тасталды. Осылайша, Лукашенко алдындағы кедергілердің бәрін жойып, келесі сайлауда бақ сынап көруге толық мүмкіндік алды.

2006 жылы өткен Президенттік сайлауда Александр Лукашенко  83,0% дауыспен үшінші мәрте ел тізгінін қолына алды. 2010 жылғы сайлауда сайлаушылардың 79,6% дауысына ие болды. Дегенмен, Беларусьте өткен президент сайлаулары мен референдумдарды Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты халықаралық бақылаушылар мойындаған жоқ. Оны демократиялық қағидаларға қайшы деп тапты. Алайда, бұдан ыға қойған «Батька» байқалмады. Ол 2015 жылы бесінші сайлауға да қатысып, жеңіске жетті. Және бұл жолы Лукашенко өткен сайлауларға қарағанда көп дауыс (83,4%) жинады.

Енді 2020 жылы өтетін Президенттік сайлауда Лукашенко өз рекордын жаңартып, сайлаушылардың 90,0%-дан артық дауысына ие болуы ғажап емес. Өйткені, елді басқарған осы 25 жылда Лукашенко оппозиция өкілдерінің көзін құртып, үнін өшіре білді.

АҚШ ПЕН ЕУРОПАНЫҢ 28 ЕЛІ НЕГЕ ЛУКАШЕНКОҒА ӨЗ ЕСІКТЕРІН ЖАПТЫ?

Александр Лукашенко алғаш рет Президенттік «таққа» отырғанда, жоғарыда айтқанымыздай, бірқатар (Батыс елдерінің пікірінше заңсыз) референдум өткізіп, өзінің елді басқару мерзімін ұзартты. Ол аздай, көрші Ресейдің ығына жығылды. Содан Еуропалық Одақ (ЕО) елдері Александр Григорьевичке қырын қарай бастады. Ал, Президенттік билікке 2006 жылы үшінші мерзімге отырғанда ЕО елдерінің кейбір басшылары бұл сайлау қорытындысына күмәнмен қарап, Беларусь басшысы мен оның «айдауымен жүретін» 35 шенеунікке қарсы санкция жариялады, яғни олар ЕО елдеріне кіре алмайтын болды. Дегенмен, екі жылдан кейін, 2008 жылы ЕО елдері Лукашенкоға есіктерін қайта айқара ашты.

Беларусь басшысының 2010 жылы президенттік сайлаудағы кезекті жеңісінен кейін ЕО елдері оған қайта шүйлікті. Содан 2011 жылдың 31 қаңтарынан бері Германия, Франция, Италия бастаған Еуропалық Одақтың 28 еліне Александр Григорьевич пен оның жақтастарына аяқ аттап басуына рұқсат болмады. Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясы арасына сызат түскенде ғана бұл шектеу қайта алынып тасталды.

Иә, 13 қараша күні соңғы 23 жылда Лукашенко алғаш рет Еуропалық Одаққа, атап айтқанда, Австрияға ресми сапармен барды. Дегенмен, бұл сапардан ЕО елдері Лукашенкоға әлі де болса жатырқай қарайтынын білдірді. Мысалы, Австрия Президенті Александр Ван дер Беллен бұл сапар арқылы Беларусь Республикасы ЕО елдеріне бір табан жақындай түскенін айтып қана қоймай, Беларусьтің өлім жазасынан бас тартпаған Еуропадағы жалғыз ел екенін Александр Лукашенконың бетіне басты.

«Беларусьте өлім жазасы ауыр қылмыс жасағандарға ғана қолданылса да, одан бас тартпай Минск ешқашан Еуропалық Кеңеске мүше бола алмайды», – деп ашық айтты Австрия Президенті.

Австриялық әріптесінің бұл пікірі жанына әбден батса керек, Беларусь басшысы қарап қалмады.

«Айтыңызшы, австриялықтардың өлім жазасына қатысты пікірін білесіз бе? Білмейсіз! Ал, АҚШ пен Қытай басшысымен кездескеніңізде, маған қойғандай бұл сұрақты оларға қойдыңыз ба? Меніңше, қоймадыңыз! Міне, Сіздердегі демократияның сиқы осындай», – деді Лукашенко.

«Amnesty International» халықаралық құқық қорғау ұйымының 2018 жылға арналған есебіне сенсек, соңғы жылдары Беларусьте төрт өлім жазасы тіркелді, оның екеуі 2017 жылы орындалды. Минск жазаның ауыр түрін «геноцид», «соғыс ұйымдастыру», «лаңкестік әрекет», «Отанға опасыздық жасау», т.б. қылмыстар үшін қолданып келеді. 1996 жылы бұл елде өлім жазасынан бас тарту мәселесі талқыланған-ды. Дегенмен, референдумға қатысқандардың 80,5%-ы бұл ең ауыр жазаның сақталуын қолдады. Осыған сүйенген Лукашенко Ван дер Белленге өлім жазасынан бас тартуды ел халқы референдум арқылы ғана шешетінін жеткізді.

«Бізді Еуропалық Кеңеске мүшелікке қабылдасаңыздар – рақмет айтамыз, қабылдамасаңыздар – тағы да күте тұрамыз», – деді Беларусь басшысы.

Және Лукашенконың Ван дер Белленмен сөз айтыстыруында өлім жазасына қатысты АҚШ пен Қытайды тілге тиек етуі тегін емес. Өйткені, 2018 жылы АҚШ-та 45 адамға өлім жазасына кесуге үкім шығарылса, соның 25-іне үкім орындалды. Ал, Қытай Халық Республикасы – өлім жазасын кең қолданатын елдердің бірі. Бейресми мәліметтер бойынша Қытайда жылына шамамен бес мың адам өлім жазасына кесіледі. Дегенмен, олардың нақты санын әлемдік қауымдастық білмейді. Бейжің бұл ақпаратты жалпақ жұртқа жария етпейді. Мемлекеттік құпия болып саналады.

Беларусь пен АҚШ арасындағы қарым-қатынас та оңалып келеді. Қыркүйек айында екі тарап 11 жылғы үзілістен кейін алғаш рет Вашингтон мен Минскіге елшілерін қайта жіберетінін мәлімдеді.

Соңғы жылдары Беларусь Қытаймен де экономикалық байланысын нығайта бастады. Қыркүйек айында Қытай даму банкі Беларуське Мәскеу беруге уәде етіп, кейін бас тартқан 600 млн доллар қарыздың орнына 500 млн доллар несие берді.

Рас, ежелден төсекте басы, төскейде малы қосылған Ресей мен Беларусь сияқты бауырлас елдердің алдын қара мысықтың кесіп өткеніне екі-үш жыл болды. Мәскеу мен Минск 1999 жылы одақтас мемлекет құрып, ортақ шекараны кедендік одақ аясында ашық ұстау туралы келісімге қол қойды. Қарашаның 17-і күні журналистермен кездесуінде Лукашенко келесі айға белгіленген, одақтас мемлекет идеясын жақындататын Мәскеумен әріптестік туралы келісімге қол қоймауы мүмкін екенін ашып айтты: «Бізге олар (Мәскеуді айтады) жылда жаңа шарттарды тықпалайды. Нәтижесінде экономикамызда біраз нәрседен айырыламыз. Кешіріңіздер, бірақ мұндай одақтың бізге көк тиын пайдасы жоқ».

Яғни, Беларусь басшысы егер көмірсутек жеткізу мен нарықтарды ашу мәселелері шешілмесе, жол картасына қол қойылмайтынын айтты.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Шығыс Еуропаның 9,5 млн халқы бар елін 25 жылдан бері басқарып келе жатқан Беларусь басшысы Александр Лукашенконың 2020 жылы өтетін Президент сайлауына алтыншы рет түсетіні белгілі болды. Оның жеңіске жететініне де ешкімнің күмәні жоқ. Ал, «Еуропаның соңғы диктаторының» авторитарлық билігі тағы қанша уақытқа созылатыны алдағы уақыттың еншісінде болса керек.

МАДИЯР ӘЗИЗҰЛЫ, «QAZAQ»-ТЫҢ ШОЛУШЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here