РАМЗАН ҚАДЫРОВ ОТЫЗ ЖАСЫНДА ҚАЛАЙ ПРЕЗИДЕНТ БОЛДЫ?

0
1054

Ресейлік «Новая газетаның» 16 қазандағы №116 санында «Чистка класса люкс» атты мақала жарияланды. Тілші Елена Милашина Шешенстанда жаздан бері жоғары лауазымды тұлғаларды (арасында Рамзан Қадыровтың жақындары да бар) «қуғындау кампаниясы» басталғанын жазды.

Басылым таратқан мәліметке сенсек, құпия орындарда шенеуніктерді азаптап, олардан «сатқындық істері» туралы жауап алған. Ұсталғандар мен олардың туыстарының барлық мүлкін тәркілеп, қаражатты Ахмат Қадыров атындағы қорға қайырымдылық ретінде аударуға мәжбүрлеген. Ұсталған шенеуніктер арасында Шешенстанның төтенше жағдай министрі Руслан Яхьяев, бұрынғы орман шаруашылығы министрі Дикмагомед Мулаев, бұрынғы вице-премьер Халид Вайханов бар. Дегенмен, газет таратқан ақпараттың бәрін Рамзан Қадыров жоққа шығарды. Тіпті, Шешенстан басшысы осылай ар-намысқа тигендерді «дүние өртеніп кетсе де, барлық мемлекеттің заңдары тапталса да» қуғындауға дайын екенін жеткізді. Және сол тірлігі үшін кез келген жазаға риза болатынын айтты.

«Адам арасына от жағып, өсек-аяң, ұрыс-керіспен айналысқандарды құрту, қамау, қорқыту арқылы тоқтатпасақ болмайды», – деп мәлімдеді Рамзан Ахматұлы.

«Qazaq» газеті бүгін өзге президенттерге мүлдем ұқсамайтын Рамзан Қадыровтың 30 жасында билікке қалай келгеніне, шешен халқының орыстармен қалай соғысып, олармен қалай татуласқанына тоқталады.

АЗАТТЫҚТЫҢ ҚҰНЫ: ОПАТ БОЛҒАН МЫҢДАҒАН АДАМ, ҮЙІНДІ АСТЫНДА ҚАЛҒАН ГРОЗНЫЙ

Кешегі Грозный (1999 жыл)

Осыдан 25 жыл бұрын, 1994 жылдың 11 желтоқсанында Бірінші шешен соғысы, ал 20 жыл бұрын, 1999 жылдың 7 тамызында Екінші шешен соғысы басталған еді.

Бірінші шешен соғысында екі жақтан да адам шығыны көп болды. Ресей таратқан ресми мәліметке   сенсек,  екі  жылға  созылған  соғыста  3 860   әскери    қызметкер, 1 872 ІІД  қызметкері   қаза тапқан, 17 391 шешен азаматының (Кремль оларды сепаратистер санайды, – редакция) көзі жойылған, 17 892 адам түрлі жарақат алған.

Ичкерия Шешен Республикасының азаттығы үшін күрескен Шәміл Басаев бастаған 195 баскесер 1995 жылы 14-19 маусым күндері Будённовск қаласында террористік акт жасады. Атап айтқанда, қалалық аурухананың ғимаратына басып кіріп, барлығы 2 000-дай бейбіт тұрғынды тұтқынға алды. Олар Мәскеуден ресейлік әскери күштердің Шешенстаннан кетуін, түрмеде отырған шешен тұтқындарын босатуын талап етті. Дегенмен, ол талаптарды орындаудан бас тартқан Мәскеу ауруханадағы террористерді күшпен алмақ болды. Төрт сағаттық атыстан соң бірінші корпустағы 95 тұтқынды босатты. Бірақ, бас корпусқа шамасы келмеді. Мәскеу жасаған екінші операция сәтсіз аяқталды. Содан Мәскеу террористермен келіссөз жүргізуге келісті. Сол тұстағы Ресей Федерациясының Үкіметін басқарған Черномырдин мен Басаев арасындағы келіссөздің нәтижесінде Мәскеу қарсыластарына автобус берді. Террористермен бірге 120 тұтқын болған автобус Шешенстанның Зандак ауылына тоқтады. Сол жерде тұтқындар жіберілді, Басаев бастаған террористер қашып кетті. Бұдан 143 ресейлік қаза тапты, 415 ресейлік жарақат алды. Ал, террористер жағынан 19 адам өлді, 20 адам жараланды.

Бұл жағдайдан кейін екі тарап бір келісімге келіп, атыс-шабыс белгісіз уақытқа тоқтатылды.

1996 жылы 19 қаңтарда террористер қайта бас көтерді. Бұл жолы Салман Радуев, Турпал-Әли Атгериев және Хункар-Паши Исрапилов сияқты командирлер бастаған 256 адам Кизляр қаласында ойран салды. Олар ресейлік тікұшақ базасына шабуыл жасады. Екі тікұшақтың көзін жойды. Тікұшақ базасының қызметкерлерін қолға түсірді. Сөйтіп, перзентхана мен аурухананы басып алды. Барлығы 3 000-дай бейбіт тұрғын тұтқында болды. Бұл жолы Мәскеу ешқандай операцияға бұйрық бермеді. Олардың айтқанына көнді. Бәрібір 78 адам өмірден өтті.

Сол жылдың 31 тамызында екі тарап атысты тоқтату жөнінде келісімге келіп, республиканың мәртебесін анықтауды 2001 жылдың 31 желтоқсанына дейін қалдырды. Ресей қарулы күштері Шешенстаннан шығарылды. Ал, елдің азаттығы жабулы қазан күйінде қалды.

Азаттықтың құны тым жоғары болса да, шешендер оңлайлықпен тәуелсіздік алу армандарынан бас тарта қоймады. Ал, шешендердің бұл арманын Мәскеу орындауға асықпады. Содан 1999 жылы сол тұстағы Премьер-министр Владимир Путин Шешенстанда әскери операция бастауға бұйрық берді. Осылайша, Кавказ аймағындағы қанды соғыстардың бірі басталды.

Сол жылы 13 қыркүйекте Мәскеу мен тағы екі қалада көпқабатты ғимараттарда жарылыс болып, 300-ден астам адам мерт болды. Путин бұл жарылысқа Шешенстандағы «террористерді» айыптады. Жарылыс Шешенстандағы екінші соғысқа түрткі болды. Елде «Кремль Шешенстанда соғыс бастау үшін жарылысты әдейі ұйымдастырды»  деп күдік келтіргендер де табылды.

Ресей Шешенстандағы соғыста «Точка» деп аталатын ракетасын қолданды. Ал, 21 қазанда Ресей әскерилері баллистикалық ракеталарымен Грозныйдың орталығын талқандады. Салдарынан жүзден астам адам мерт болды. Ақыры Мәскеу Грозныйды алды. Шешендер жеңіліс тапты.

Иә, бір жылға созылған бұл соғыстағы адам шығыны алғашқы соғыстан аз болған жоқ. Грозный үйінді астында қалды. Сепаратистер жағында соғысқан Ахмат Қадыров кейін Кремльдің саясатын қолдап шықты. Мәскеудің тілін тапқан Қарағандының тумасы 2000 жылы аймақ басшысы қызметін атқарушы болып тағайындалды. Сөйтіп, елде Қадыров әулетінің билігі басталды.

АХМАТ ҚАДЫРОВТЫҢ ТҮБІНЕ КІМ ЖЕТТІ?

Бүгінгі Грозный (2019 жыл)

РФ құрамындағы Шешенстан Республикасы 1996-1999 жылдары тәуелсіз мемлекет болды. Халқы 1 миллион адамнан асатын шағын елдің алып империя қабырғасында тұрып қалай тәуелсіз ел болғандығына жоғарыда тоқталдық. Бұл, әрине, шешен ұлтының ержүректігі мен батылдығының арқасында болды. Әйтпесе, тоқсаныншы жылдары екі рет алақандай елдің алып империяға қарсы шығуының өзі көзсіз ерлік саналады.

Рас, шешен халқында «Шешендер болған, шешендер бар және шешендер болады» деген нақыл бар. Тоқсаныншы жылдардың басында посткеңестік бірқатар елдер тәуелсіздік алды. Осы кезден бастап шешендер де өздерін жеке ел ретінде көргісі келетіндігін ашық айта бастады.

Сонымен,  тәуелсіздік  сұраған  шешендерді  орыстар үнемі басып-жаншып отырды. Тіпті, жоғарыда тоқталғанымыздай, 10 жыл ішінде Ресей мен Шешенстан екі рет соғысты. Ресей-Шешен соғысы екі кезеңге бөлініп, ол азаматтық соғысқа ұласа жаздады. Шешен халқы талай батырларынан айырылды. Орыстар да шығынсыз емес-тін. Осы тұста Ресейде билік ауысып, Шешенстан мәселесіне түпкілікті нүкте қойылды. Ол билікке Қадыровтар әулетінің  келуімен  тікелей байланысты еді.

2000-шы жылдардың басында Шешенстандағы соғыс тоқтағанымен, елдің ішіндегі ахуал әлі де тұрақсыз болды. Әр жерлерде көрініс тапқан террористік актілер, қылмыстық топтардың құйтырқы әрекеттері халықтың үрейін қашырды. Осындай қиын сәттерде билік басына Ахмат Қадыров (1951-2004) келді. Осылайша, 2003 жылы өткен сайлауда Шешенстанның жаңа президенті болып сайланған Ахмат Қадыровтың елдің қалыптасу тарихындағы рөлі зор.

Ахмат Абдулхамитұлы 1995 жылдан 2000 жылға дейін Шешенстан ішінен құрылған Ичкерия Республикасын басқарып, өзінің әріптестері Зелимхан Яндарбиев пен Аслан Масхадов сынды дала командирлері арқылы Ельцин билігіне бағынбай қойғандығын айта кетуіміз керек. Алайда, Шешенстан ішіндегі ахуал 2000 жылы Ресей Президенті болып Владимир Путиннің сайлануымен түпкілікті өзгерді.

2003 жылдың 9 мамырында Грозныйдың «Динамо» стадионында Ахмат Қадыровқа қастандық жасалып, 53 жасында елдің тұңғыш басшысы мерт болды. Бұл террористік әрекетті әр топ өз мойынына алғанымен, 2006 жылы оған қатысты сотқа түпкілікті нүкте қойылды. Сот үкімі бойынша үлкен Қадыровтың ұзақ жылдар бойы тақ әрі бақталасы болған Шәміл Басаев (1965-2006) кінәлі деп танылып, оның Қадыровты өлтірген адамға 50 мың АҚШ долларын төлегені де белгілі болды. Сол қайғылы күні Қадыровтың тас қамал күзетшілері де қорған бола алмады. Үлкен Қадыров тірі күнінде Путиннің өзі ұсынған Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) күзетінен де бас тартып, өз күзетшілеріне сенім артқандығы белгілі. Осылай, Ахмат Қадыров өмірден өткеннен кейін арадағы өтпелі кезеңде Шешенстанды Мәскеуден жіберілген бірқатар азаматтар уақытша басқарды. Дегенмен, олардың атына түрлі ескертулер мен қорқытулар, басқа да жағдайлар түсіп тұрды. Кезінде Ахмат Қадыровты өлтірудің өзі оның Мәскеуге қатты жақындап кеткенінен болғанын ешкім жоққа шығармайды.

ЕКІНШІ ҚАДЫРОВТЫҢ ДӘУІРІ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

Ахмат Қадыров Шешенстанның тәуелсіздік жолында тер төгіп, елі үшін жанын  пида  етсе, оның  баласы Рамзан Қадыров Шешенстан жерінде бейбіт өмір орнатып, халықтың әл-ауқатын көтерген тұлға ретінде үлкен қошеметке ие болды. Оның 2004 жылы Ресей батыры, ал 2009 жылы  генерал атануы сондықтан болса керек.

Рамзан Қадыров елде тыныштық орнатқанымен, оның басқаруындағы бүгінгі Шешенстанды нағыз диктаторлық және жемқорлыққа белшесінен батқан ел екендігі айтылып келеді.

Рамзан Ахматұлы 1976 жылы өмірге келген. Ахмат Қадыровтың кенже ұлы. Қазіргі Шешенстан басшысы бірінші Ресей-Шешен соғысында Ресей әскеріне қарсы соғысса, екінші Ресей-Шешен соғысында Ресей әскерінің құрамына кірді.

Кіші Қадыров 2007 жылы 30 жасында Шешенстанның президенті болып сайланды. Алайда, Рамзан Қадыров бұрын үлкен саяси қызметтер атқармаса да, әкесінің қарамағында болып, оның күзет қызметін де басқарған кездері ел есінде.

Жас саясаткер билікке келе салып, елде тыныштық орнатты. Террорлық әрекеттер азайды. Елдің инфрақұрылымы біртіндеп жақсара бастады. Ауыл-аймақтар жөнделіп, астана қайта қалпына келтірілді. Грозныйда аспанмен таласқан жаңа ғимараттар салынды. Үлкен мешіттер де бой көтерді. Дегенмен, жыл сайынғы миллиардтаған қаржыны Шешенстан өзі тауып отырған жоқ. Бұл Мәскеуден бөлінген қомақты дотацияның арқасы. Мәселен, шетелдік басылымдар Шешенстан экономикасының 90 пайызы орталықтан бөлінген ақшаға тәуелді екенін жазады.

Елде тұрақтылық орнағанымен, адам ұрлау, қылмыс жасау секілді жағдайлар басылмады. Тіпті, Шешенстанда Рамзан Қадыровтың бастамасымен құпия түрмелердің де салынғандығы туралы айтылады. «Бұл елдегі адам құқықтарының өрескел бұзылуы» дейді саяси белсенділер. Бұл тақырыпқа ресейлік «Новая газета» тілшісінің журналистік зерттеу жүргізгенін, оны Шешенстан басшысы жоққа шығарғанын жоғарыда жаздық.

Әрине, Қадыров туралы түрлі әңгіме болғанымен, ол жаңа дәуірде Шешенстанды гүлдендірген басшының бірі болып тарихта қалады.

Жастар… Әдетте, аға буынның сынайтыны да, үміт артатыны да, тіпті тұтас мемлекеттің болашағы да осынау топ. Өйткені, жастар – кез келген қоғамның қозғаушы күші һәм келешегі. Жастардың білімі мен білігі, арманы мен аңсары, бәсекеге қабілетті болуы – мемлекеттің де тұрақты дамуының кепілі.

Бәлкім, содан да шығар, Шешенстан Республикасының тізгінін 30 жасында қолына ұстаған Рамзан Қадыров лауазымды қызметтерге кілең  жастарды тағайындайды. Бұл елде отызға толмаған министр, әкім, депутаттардың қатары аз емес. Мәселен, Иса Ибрагимов бір министрліктің тізгінін 24 жасында ұстады.

Рамзан Ахматұлы өзінің жас туысқандарын да лауазымды қызметтерге тағайындаудан еш қымсынбайды. Айталық, Рамзан Қадыров туған әпкесінің ұлын, яғни жиенін былтыр жазда ел астанасы Грозныйдың мэрі (әкім) қызметіне тағайындады. Бір қызығы, Грозныйдың мэрі  Ибрагим Закриев 29 жаста.

Тағы бір жиені – 30 жастағы Идрис Черхигов Шешенстан жол полициясының бастығы. Үлкен ағасының ұлы Хамзат Қадыров былтыр 23 жасында 130 мың тұрғыны бар Курчал ауданының әкімі болды. Тағы бір ағасының баласы Хас-Магомед Қадыров – Аргун қаласының басшысы.  Ол  28 жаста.

Айта кетейік, Рамзан Қадыров бүгінде он екі баланың әкесі.  Әйелі  Медни екеуі  алты  ұлы,  алты қызды тәрбиелеп отыр (екі ұлды асырап алған, – ред.).

Шешенстанда 1,4 млн халық тұрса, соның 95,3 пайызы жергілікті ұлт өкілдері. Ал, бұл елде орыстар тіптен аз. Бар болғаны 24 мың орыс тұрады. Грозный қаласында олар мүлдем жоқ. Бұл Ресей Федерациясының өзге өңірлерімен салыстырғанда өте төмен көрсеткіш. Себебі, Ресей Федерациясындағы 22 республиканың барлығының басым көпшілігін орыстар құрайды.

Шешенстанның жер көлемі – 15 647 шаршы шақырым. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Қазақстанның   жеріне 174  Шешенстан  еркін  сыйып кетеді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Міне, Ресей Федерациясы құрылған 1991 жылдан бергі уақытта кішкентай ғана Шешенстанның үлкен мәселеге айналатындығын сол кезде ресейлік саясаткерлер білген жоқ шығар. Алайда, осы уақыт ішінде шешен халқы тек өз мүддесін қорғап, елі мен жері, діні мен ділі, тілі мен тарихы үшін жанын да аямайтын халық екендігін көрсетті. Ал, 2000-шы жылдары билікке келген Қадыровтар осы елдің бейбіт миссиясын орындап келе жатқан әулет ретінде тарихқа енеді.

Бүгінгі шешендер саяси тұрғыда тәуелсіз болмаса да, өздерін  рухани  тұрғыда  тәуелсіз  ел  санайды.

Қазіргі ел басшысы 43 жастағы Рамзан Қадыров елде нағыз авторитарлық режим орнатып отырса да, Кремль тарапынан оған деген құрмет жоғары. Бөлінген қаржы да жыл сайын артып келеді.

Шешенстан басшысы өзінің бауырлары мен туған-туыстарын жоғарғы қызметтерге қойды. Бірі – министр болса, енді бірі – мэр. Тіпті, «Рамзан Қадыров болашақта билікке баласын дайындауы мүмкін» деген әңгіме бар. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтыны» да рас. Оның үстіне Шешенстанда бәрі де мүмкін. Демек, алдағы жылдары ел билігіне 2004 жылы туған ұлы кіші Ахмат Қадыров келіп жатса, басқа-басқа ресейліктер бұған таңқалмайды.

ФАРАБИ СӘЙКЕНОВ, «QAZAQ»-ТЫҢ ШОЛУШЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here