МЕДИЦИНАДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕРДІҢ МҮМКІНДІГІ МОЛ

0
1223

Денсаулық сақтау, ел азаматтарының денсаулығын басты назарға алу – өркениетті елдердегі мемлекеттік саясаттың ең маңызды бағыты саналады. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы – ел тұрғындарының денсаулығын сақтаудың тиімді әрі орнықты жүйесін дамытуды басты мақсат еткені   мәлім.   Бұл   бағдарлама  Елбасының  2016  жылдың  15 қаңтарындағы №176 Жарлығының негізінде үш жыл бойы іске асып келеді. Сонымен қатар, бағдарламаны толықтай орындау үшін 2016-2019 жылдары мемлекеттік бюджет қаражаты бағытталды. Нақты деректерге сүйенсек, соңғы жылдары бағдарламаны жүйелі түрде жүзеге асырудың нәтижесінде елімізде халықтың өмір сүру ұзақтығы 70 жастан асып, өлім-жітім 15,3 пайызға төмендеді. Ал, ана мен бала өлімі 1,8 пайызға кеміді. Сонымен, «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының нысанаға алған негізгі бағыттары қандай? Қоғамдық денсаулық сақтауды қалыптастыру үшін не істеу керек? Еліміздегі дәрі-дәрмекке қатысты мәселелер мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасы несімен өзекті?

ДЕНСАУЛЫҚ МЕКТЕПТЕРІ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖОЛДАРЫ

Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы маңызды басымдықтардың бірі – қарапайым халық арасында денсаулық мәдениетін қалыптастыру. Яғни, денсаулықты күтудің де өз мәдениеті бар. Алдымен, әрбір азамат өз денсаулығына деген жауапкершілікті қолға алуы тиіс. Сонда ғана бүтін бір қоғамда денсаулық сақтау мәдениеті қалыптасады.

Денсаулық сақтау, оған көңіл бөлу – біз күнделікті тұтынатын азық-түліктен басталады. Мысалы, әлем бойынша Қазақстан тұзды көп тұтынатын елдердің қатарына жатады. Жүрек-қан тамырлары патологияларын, артериалдық гипертензия мен оның асқынуын тудыратын басты факторлардың бірі тұз екендігін көпшілігіміз білмейміз.

Зерттеулерге сенсек, біз тұзды  өнімдерді  4 есе көп қолданады екенбіз. Тамақтану әдебін, қоғамдық денсаулық сақтау мәдениетін қалыптастыру мақсатында қазіргі таңда Қазақстанда балалар, жасөспірімдер және ересектерге Денсаулық мектептері ашылған. Мектептегі мамандар топтық жұмыстар жүргізіп қана қоймай, жекеше кеңес беру түрінде медициналық және профилактикалық қызметтер көрсетеді. Бұл мектепке келушілер дұрыс тамақтану, күн тәртібіне дене белсенділігін қосу, әрдайым қоғамда белсенді болу, зиянды әдеттерден бас тарту бойынша білім алады.

Денсаулық мектептеріндегі теориялық сабақтарды өз ісін жетік білетін диетолог мамандар жүргізеді. Сонымен қатар, денсаулық мектептеріне емдік дене шынықтыру нұсқаушылары мен психологтар да үлес қосуда. Практикалық сабақтар мейірбикелердің қатысуымен  өткізіледі.  Мектепке келушілерді учаскелік дәрігерлер мен жалпы практикалық дәрігерлер түрлі топтарға бөледі. Яғни, скринингтік тексеру нәтижелері бойынша келушілердің денсаулық деңгейі, жай-күйі анықталады.

Аталған мектептерге денсаулық жағдайына қарамастан кез келген адам бара алады. Өңірлік СӨС орталықтары ұсынған деректер бойынша, еліміздің әр аймағында 4 167 бейінді денсаулық мектебі жұмыс істейді.

Қоғамдық денсаулық сақтауды қалыптастыру жолында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі көптеген ізденістер жасап, елімізде бұрын-соңды болмаған жобаларды қолға алғаны мәлім. Соның бірегейі – «Сау қала/аймақ» жобасы. Жобаның басты мақсаты – еліміздің әрбір азаматының болашағына жол ашу, ұлт санын көбейту. Яғни, еліміздегі  әрбір қала, аудандар  мен  ауылдар сау болашаққа ұмтылады. Мәселен, қаладағы көлік санын азайту – таза ауаның кепілі. «Сау қала» жобасы – «Қазақстанның сау қалалары» брендін танытып қана қоймай, қоғамдық денсаулық сақтауға да зор үлес қосты.

Осы мақсатта жасалған тағы бір шара биылғы жылдың тамыз айында жүзеге асты. Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев пен Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Талғат Нұрғожин өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойған болатын. Ынтымақтастықтың негізгі мақсаты – медициналық ұйымдарда халыққа медициналық көмек көрсету сапасын жетілдіру және арттыру. Келісімнің өзектілігі – университет түлектерін арнайы медициналық ұйымдарда жұмысқа орналастыру мәселелерін шешу, ғылыми семинарлар, конференциялар өткізу.

«Бүгінгі таңда медициналық кадрлардың тапшылығы өзекті мәселе. Қазақстанда педиатрлар, учаскелік терапевтер, жалпы практика дәрігерлері, сәулелік диагностика дәрігерлері, анестезиолог-реаниматологтар, клиникалық фармацевттер, офтальмологтар, реабилитологтар, онкологтар, психиатрлар, акушер-гинекологтар бойынша кадр тапшылығы байқалады. Қазіргі уақытта қалаға 300-ден астам дәрігер жетіспейді. Меморандумға қол қойғаннан кейін бұл сан айтарлықтай төмендейтініне сенеміз», – деп атап өтті Қанат Төсекбаев.

Қанат Дүйсенбайұлының бұл пікірімен келіспеске тағы болмайды. Өйткені, бір Алматы қаласында ғана емес, Қазақстанның барлық аймағында да дәрігер тапшылығы байқалады. Мәселен, ҚР Президентінің Іс Басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цойдың айтуынша, елімізде 3 мыңға жуық дәрігер жетіспейді. Яғни, «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсатының бірі – осы кадр тапшылығын азайту болды. Осы бағытта көптеген шаруалар қолға алынды.

Айта кетейік, жоғарыда сөз болған Қанат Төсекбаевтың өткен жұмада, 11 қазанда Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметінен кеткені мәлім болды.

ДӘРІ-ДӘРМЕК МӘСЕЛЕЛЕРІ: МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ?!

Елімізде дәрі-дәрмек мәселесіне қатысты жауапсыз сауалдар өте көп. Өйткені, адам өміріне тікелей әсер ететін дәрілік заттарды заңсыз тасымалдау, дәрігердің рұқсатынсыз сату, кез келген жерден ашылған дәріханалар, көңілге күдік ұялататын дәрілік өнімдердің көптігі – дәрі-дәрмек мәселесінің өршуіне жол ашуда. Осыған орай ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында халықты амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді кезең-кезеңмен кеңейту жолдарын ұсынып қана қоймай, дәрі-дәрмек мәселесіне қатысты пәрменді шаралар қабылдау қарастырылғанын да атап өтті.

«Біз Австрия, Бельгия, Финляндия, Испания, Швеция, Дания, Италия, Грекия, Ирландия, Нидерланды, Норвегия сияқты еуропалық елдердің дәрі-дәрмекке қатысты баға белгілеу жүйесін талдап, төрт негізгі жүйені белгіледік. Әрбір елде бір препараттың бағасын салыстыруға негізделген сыртқы референттік баға белгілеу саясаты кең таралған жүйе болып табылады. Осыны ескеріп, жоғарыда айтқанымдай, біз төрт негізгі мақсатты белгіледік. Олар: дәрі-дәрмектің экономикалық қолжетімділігі, олардың сапасын, қауіпсіздігін және тиімді қолдануын қамтамасыз ету, жоспарлау, сатып алу жүйесін, логистиканы жетілдіру», – дейді Қазақстанның бас дәрігері.

Сонымен қоса, бүгін, 18 қазанда 48 жасқа толған министрдің айтуынша, министрлік дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіндегі барлық күрделі мәселелерді бес негізгі топқа бөліп қарастырған.

«Дәрі-дәрмекті зерттеу мақсатындағы зертханалардың сапасы артқан соң, өндірушіден пациентке дейін дәрілердің қозғалысын бақылайтын автоматтандырылған жүйе енгізіледі. Дәрілердің айналымын және нарыққа контрафакттық өнім түспеуін бақы-лау үшін еуропалық елдерде өндірілетін өнімнің әрбір орауына 2Д коды жүйесін міндетті қондыру бойынша қарар қабылданды. Бұл жүйенің Қазақстанда енгізілуі барлық дәрілік тауар айналымын есепке алуға, бақылауға мүмкіндік береді. Жүйенің жұмыс принципі – дәрілік заттың әрбір орауына бірегей код қондыру және елімізге жеткізілген препараттардың реестрін жүргізу», – деп түсіндіреді министр.

МІНДЕТТІ ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ЖҮЙЕСІ БОЙЫНША АТҚАРЫЛЫП ЖАТҚАН ЖҰМЫСТАР

«Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының аясында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне (МӘМС) көшу қолға алынған болатын. Бұл отандық медицинадағы ерекше өзгерістердің бірі. Елімізде мiндеттi әлеуметтiк медициналық сақтандыруды кезең-кезеңмен енгiзу бойынша ақпараттық-түсiндiру жұмыстары белсендi түрде жүргiзiлуде.

2019 жылдың 1-31 тамызы аралығында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 9,3 млрд теңге түсіпті. Жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2019 жылдың 31 тамызы аралығында жұмыс берушілер мен жекеменшік кәсіпкерлерден міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түскен жарнаның жалпы сомасы – 205,1 млрд теңгені құраған. Оның 196,2 млрд теңгесі (шамамен 95,6%) жұмыс берушілердің аударымдары  болса, қалған 8,9 млрд теңге (4,4%) – жеке  кәсіпкерлер  мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Қазақстанның әр аймағында  мiндеттi әлеуметтiк медициналық сақтандыру бойынша ақпараттық-түсiндiру жұмыстары жүргiзiлуде. Бүгінде Ақмола облысы ақпараттық-түсіндіру шараларының көшін бастап, ерекше белсенділігімен көзге түсіп отыр. Мәселен, облыста ақпараттық-түсiндiру жұмыстарының жоспарын орындау шеңберiнде 781 медицина қызметкерi оқытылыпты. Бір жыл көлемінде Ақмола облысы және қала халқымен 190 кездесу өткiзiлген.

Бұл бір ғана Ақмола облысында жүргізіліп жатқан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстары. Осындай іс-шаралар бүкіл Республика көлемінде іске асып жатқаны анық.

Айтпақшы, 2018 жылы «Қағазсыз аурухана» пилоттық жобасы басталған болатын. Содан 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстандағы медициналық қызмет көрсету толықтай электронды форматқа көшірілді.  Емханалар мен ауруханалар қағазбастылықтан біржола құтылды. Осылайша, дәрігердің де, науқастың да жұмысы айтарлықтай жеңілдеді. Соның есебінен сапа жақсарады. Ең бастысы алтыннан да қымбат уақыт үнемделеді. Әрбір науқас туралы ақпараттың бәрі бір жүйеде жинақталады. Ол бәріне қолжетімді болады.

Министрліктің ақпаратына сенсек, дәл қазіргі уақытта ел тұрғындары 19 мобильді қосымшаны пайдалана алады. Айталық, DamuMed – дәрігердің қабылдауына жазылу үшін қажетті қосымша, Dariger Pro – клиникалық хаттамалар сақталатын база, қажетті хаттаманы жедел тауып алуға болады, HealthBook – диагностикалық қызметтер топтастырылған жүйе, қосымша арқылы қажетті емхананы, дәрігерді таңдауға мүмкіндік бар, «103 КОНТРОЛЬ» – диспетчерлік орталықты автоматтандырудың бағдарламалық кешені, FMS – халықтық бақылау, қосымшаның көмегімен емханалар мен ауруханалардың жұмысына баға беруге болады, Health City – мемлекеттік органдар мен халықтың интерактивті байланысына негізделген қосымша, «Менің жүктілігім» – жүкті әйелдерге арналған қосымша, Egov мобильді қосымшасы, «Oncoscreen» – қатерлі ісік ауруын диагностикалауға арналған қосымша, «Посоветуй врача.kz» – тұрғындар дәрігерлер мен медициналық ұйымдар туралы пікірлер қалдыра алады, By MedElement Co – түрлі аурулар бойынша дәрігердің анықтамалығы, алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған SOS мобильді қосымшасы, CDL OLYMP Kazakhstan – «ОЛИМП» клиникалық-диагностикалық зертханасы мобильді қосымшасы, «Көмек 103» – алғашқы медициналық қызмет көрсету бригадасының жұмысын автоматтандыруға арналған қосымша, 103apteka.kz – интернет-дәріхана, 103.kz – қажетті дәріні іздеуге арналған қосымша, «Достармед А» – «Дос-тармед А» жеке клиникасының мобильді қосымшасы, «Патронажды мейірбике» – ана мен балаға көмек қажет болса, осы қосымшаның көмегімен мейірбике шақыра аласыз және сәбилерді күтуге арналған мобильді қосымша.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қазақстанның денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасымен қолға алынған ауқымды шаралардың біразына тоқталдық. Яғни, медицинадағы жаңа жүйенің мүмкіндігі көп. Ендеше, аталған мемлекеттік бағдарлама аясында мемлекет берген бұл мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, денсаулыққа немқұрайлы қарамау өзімізге байланысты. Ал, «Денсаулық – зор байлық» екенін және ол байлық еш жерде  сатылмайтынын естен шығаруға болмайды.

ӘЛИЯ ІҢКӘРБЕК, «QAZAQ»-ТЫҢ ШОЛУШЫСЫ

Дәрілік заттардың қолжетімділігі кейіннен Қазақстан Республикасы мен ЕАЭО елдерінің аумағында пайдалануға рұқсат ету үшін дәрілік заттарды кешенді іріктеу жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі. Осы мақсатта дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техникаларды мемлекеттік тіркеу жүйесі жетілдіріледі, тиісті өндірістік практика стандарттары бойынша өндірілген дәрілерді тіркеу рәсімі жеңілдетіледі. Шалғай аудандардағы халық үшін дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыру үшін жылжымалы ұтқыр дәріхана пункттері жүйесі дамытылады. Қолжетімділікті арттыру, импортқа тәуелділікті төмендету және денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету мақсатында отандық өндірістің дәрілік заттарының, медициналық мақсаттағы бұйымдары мен медициналық техникасының айналымын жүйелі мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі. Халық үшін дәрілік заттардың экономикалық қожетімділігін қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар іске асырылады.

(Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасынан).

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here