Айгүл Қосанова: «Дәстүрлі әнмен жүрегімді жылытып, жанымды жұбатамын»

0
7503

Кез келген ұлттың өзіндік кескін-келбеті мен болмыс-бітімін айқындайтын ұғымды оның өзіне тән ұлттық мәдениеті дейтін болсақ, қазақ мәдениетіндегі дәстүрлі ән өнерінің алар орны ерекше. Ұлы Абай «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» дегенді тегін айтқан жоқ. Бұған атақты ғалым Григорий Потаниннің де «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деген сөзі дәлел болса керек. Бүгінгі жаһандану заманында, шоу-бизнес төрге озған уақытта да қадым ғасырлар қойнауынан басталатын осы ұлттық өнерді дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілдері жалғастырып келеді. Соның бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, дәстүрлі әнші Айгүл Қосанова.

– Әңгімемізді Сіздің өнеріңізден бастасақ, шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар?

– Негізі менің жаным сүйген ісім – ұстаздық қызмет. Елордадағы Ұлттық өнер академиясының Батыс мектебінде дәстүрлі әннен дәріс беремін. Әу баста ұстаз болып, жастарға сабақ беруді армандамайтынмын. Алайда, Қайрат Байбосынов ағам дәстүрлі әнді жастарға үйретуді аманат еткен соң ұстаздық жолды таңдадым.

Әрине, өнер адамы ретінде жеке шығармашылығымды да ұмытпаймын. Облыс орталықтарында  жеке  концерттерімді өткізіп жүрмін. Пандемияға байланысты жақында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған «Жыры әлемді шарлаған» атты онлайн концертіне қатысып, ат салыстым. Төл өнеріміздің мәртебесін арттыратын «Қазақстан» телеарнасындағы «Күміс көмей» бағдарламасын жүргізуге ұсыныс білдіріп, бүгінде осы бағдарламаның жүргізушісімін. Жобаның авторларына маған сенім артқандарына алғыс білдіремін. Жақында өткен осы «Қазақстан» телеарнасындағы «Егіз лебіз» жобасына керемет талантты актер Жанболат Найзабеков бауырыммен қатысып, 4 айға созылған жобадан Бас жүлдені иелендік. Бұл – үлкен жемістің нәтижесі.

– Қандай жаңа әндер жаздыңыз?

– Ән қоржынымды үнемі жаңа әндермен толықтырып тұрамын. Мен негізінен дәстүрлі әнші болғандықтан әннің сөзіне қатты мән беремін, одан кейін әуені де соған сай болуы шарт. Жақында Несіпбек Айтұлының сөзіне жазылған, айтыскер ақын Аманжол Әлтаевтың «Елге сағыныш» деген әнін  жаздырдым. Сондай-ақ, Гүлнар Өмірзақованың сөзіне жазылған Қыдырбек Мәлібековтың «Қарайлама» деген әнін репертуарыма қостым. Осы сияқты жаңа әндерімді алдағы уақытта тыңдармандарыма ұсынамын. «МузАРТ» тобының 20 жылдығына орай осы топтың репертуарындағы «Бір тамшы көздің жасындай» әнін «Шамшырақ» дуэтіндегі Асылбек Манап бауырымның сүйемелдеуімен орындап шықтым. Кеш керемет өтті.

– Ерекше жақсы көретін ісіңіз қандай?

 – Жаяу жүргенді ерекше ұнатамын. Ауа райының қай мезгілі болмасын, таза ауада серуендеген ұнайды. Гүлдерді жақсы көремін. Гүл өсіру – жақсы көретін істерімнің бірі.

– «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші, үлгі тұтатын  ұстаздарыңыз кім?

– Мен ұстазға өте бай адаммын. Ұстаздарыммен мақтанамын әрі қуанамын. Кішкентай кезімнен ән айтып келе жатырмын. Сол  8-9 жасымнан менің талабымды байқап, қанатымды ұштаған, үлкен өнердің жолын нұсқаған жандардың барлығы – менің ұстаздарым. Ең алғаш ауылдан музыка мектебін ашып, балаларының өнерге, әнге деген махаббатын оятқан ұстазым – Орын Құлсариев. Қазір жасы 90-ға жақындады. Музыкалық сауатымды ашқан да осы кісі. Әлі күнге дейін өнерге тәрбиелеуші ұстаздарымның бірі. Одан кейін музыка мектебіндегі ұстаздарымның еңбегі зор. Менің әнге деген махаббатымды оятқан, бүкіл мақам, саздарды, туған өлкемнің әуендерін бойыма сіңірген ұстазым – Рухия Батыршиева. Сонымен қатар, домбырадан сабақ берген Роза Айдарбаева деген ұстазымның еңбегін де ауыз толтырып айта аламын. Өнердің қара шаңырағы консерваторияға келген кезімде алғашқы ұстаздарымның бірі, жыршы термеші Набат Ойнарова дәріс берді. Кейіннен Сәуле Жанпейісованың класында білім алдым. Негізі өзім «ұстаздардың ұстазы» атанған, дәстүрлі ән өнерінің атасы Қайрат Байбосынов ағамызды үлгі тұтамын. Жәнібек Кәрменов ағамыздан да білім алдым. Мен үшін Жәнібек Кәрменов пен Қайрат Байбосыновтың орны ерекше. Аттары аталған өнер иелерінің барлығына еліктеп өстім.

– Бүгінгі жастарға қандай қолдау керек деп ойлайсыз?

– Елбасымыз жастарға өте жақсы мүмкіндік жасады. Мысалы, өнерде жүрген жастарымыз түрлі концерттерге қатысып, өзін танытып, ауыл-ауылға концерт берсе, өз өнерін өркендетуге де, халықпен қауышуға да үлкен мүмкіндік болар еді. Жастарымыз білікті, білімді болса, болашағымыз да жарқын болар еді. Жастарымыз аянбай қызмет етіп, елімізге пайдасы мол жаңа жобалар мен тың идеялар жаратып, халықты қуантса деген тілегім бар.

– Ұрпақ өсіріп отырған ана ретінде бүгінгі қазақ қыздарының болмысына көңіліңіз тола ма?

– Енді бес саусақ бірдей емес. «Көңілім толмайды» деп  көпке топырақ шаша алмаймын. Олардың арасында да ұлттық болмысын жоғалтпаған иманды, ибалы қара көз қыздарымыз да бар. Бірақ, өкінішке қарай, көп қыздардың шетелге шектен тыс еліктейтінін көзіміз көріп жүр. Бұл бүгінгі күннің шындығы. Әдетте адамның өзгеруіне ортасы әсер етеді. Менің ойымша, әрбір ана баласының, әсіресе қыз баланың ибалы, тәрбиелі болғанын қалайды. Ең бастысы сол балаларға дұрыс орта тауып беру керек.

– Өнер адамы ретінде қазіргі қоғамда болып жатқан әлеуметтік мәселелерге деген көзқарасыңыз қандай?

– Көп балалы аналарымыздың әлеуметтік мәселелері мені де алаңдатады. Мен аналардың жан айқайын естісем, жүрегім ауырады әрі оларды қолдаймын. Қазір көп ауыртпалықты нәзік жандыларымыз мойнына  алып, көтеріп жүр. Сол жағы жаныма батады. Көп балалы отбасыларға Үкімет тарапынан балалары 18 жасқа толғанша ай сайын әр баласына жап-жақсы қаражат берсе, баспаналы болуына мүмкіндік жасаса жақсы болар еді. Өйткені, біздің санымыз аз. Соның орнын толтыру үшін мұндай іс-шара істелу керек.

– Достық ұғымын қалай бағалайсыз? Достарыңыз көп пе?

– Достың ішінде де досы бар. «Доспын» деп іші бауырыңа кіріп, сенің бүкіл жан-дүниеңді біліп алып, сатып кететін, әлсіз жеріңнен соққы жасайтын достар да көптеп кездесіп жатады. Өкінішке қарай, дос болып жүріп қастық жасайтындар бар. Мұндай сатқындықты көріп, әрине, көпке топырақ шашуға болмайды. Бірақ, бабаларымыз «Сақтықта қорлық жоқ» деген. Менің ең жақын достарым – ол менің отбасым. Әке-шешем, бауырларым.

– Қайырымдылықпен жиі айналысасыз ба?

– Қолымыздан келгенше отбасымызбен бірге қайырымдылық жасауға тырысамыз. Бірақ, оны жария еткенді дұрыс көрмеймін. «Көп түкірсе көл» дейді. Көпшілік болып көмек көрсеткеніміз дұрыс. Сонда қиындыққа тап болған немесе әлеуметтік жағдайы төмен жандарға сүйеу болар едік. Қоғамда қамқорлыққа зәру жетімдер мен жесірлер немесе жалғыз басты жандар аз емес. Соларды ойласам, жаным қиналып кетеді.

–  Тойға жиі шығасыз ба?

– Тойға жиі шығып, нәпақамды содан тауып жатырмын деп айтпаймын. Егер той иесі өнерімді бағалап, шақырып жатса ғана барамын. Енді әркімнің маңдайына жазылған нәрсе әртүрлі. Тойға баратын адамдарды да сөкпеймін. Сондықтан әркім өз жолымен жүріп, ешкімнен нан сұрап жатқан жоқ. Өнер иелерін «тойдың әншісі» немесе «сахнаның ғана әншісі» деп бөлмеймін.

– Нәзік жандылар әдемілікке құштар келеді, Сіз үшін әдеміліктің символы не?

– Қазір заман дамыды, қыз бала үшін барлық мүмкіндік жасалды. Әлеуметтік желіні ашсақ, қыздардың күтімі туралы барлық ақпараттарды таба аласыз. Десе де, қазақтың қыздары Алланың өздеріне берген сұлулығын сақтап қалуы қажет, біздің қыздарымыз барлық жағынан өздерін күтуі керек.  

– «Қаздар қайтқанда» әнін Ақылбек Жеменей ағамызбен тамаша орындап шықтыңыз. Енді Сізге ұсыныс түсіп жатса қай әншімен дуэт айтар едіңіз?

– Әзірге дуэт болып ән айту жоспарда жоқ. Ең алғаш рет эстрадада Саят Медеуовпен дуэт болып шықтым. Нұрғиса Тілендиевтің «Келе жатыр құс қайтып» әні арқылы эстрадаға қадам бастым. Бұл ән халықтың жүрегінен өз орнын тапты. Мен үшін дуэт айтуда адам таңдау емес, ән таңдау маңызды. Жеке әншілермен ән айтып жүрмін. Ендігі мақсатым – қазақ эстрадасындағы топтармен дуэт айту. Мысалы, «Меломен» тобының шығармашылығы ұнайды. Ұсыныс болса, бірге сахнаға шығуға дайынмын.

– Қазіргі қоғамда болып жатқан оқиғаларға көзқарасыңыз қандай, бізге не жетіспейді, нені өзгерту керек?

–  Біздің қоғамға сауаттылық керек. Сауатты адам кез келген нәрсеге оң көзімен қарап, бәрін де жан-жақты зерделейді. Қоғамның қозғаушы күші, еліміздің ертеңі – жастар. Жастар білімді, сауатты болса, дамыған 30 елдің қатарына кіретініміз сөзсіз.

– Көптеген әріптестеріңіз секілді өнер мектебіңізді ашу жоспарыңызда бар ма?

– Өнер мектебін ашу туралы бұрыннан ойлап жүрмін. Бірақ, әлі жүзеге асыра қоймадым. Жалпы жоспарымда бар. Алла қаласа, алдағы уақытта болып қалар.

Бүгінгі эстрадаға көңіліңіз тола ма?

– «Көңілім толмайды» деп айтуға ешқандай хақым жоқ. Әркім өзінің шамасы келгенше өнерге үлес қосуда. Кейбіреуі жақсы ән жазу арқылы, біреуі жақсы жоба арқылы атын қалдырады. Бүгінгі эстрадаға әр әнші өзіндік қолтаңбасын қалдырып жатыр.

– «Қазір дәстүрлі әнде тек жанкештілер ғана қалды» деген пікірмен келісесіз бе?

– Жоқ, келіспеймін! «Барлығы эстарадаға бет бұрды» деп тағы да айта алмаймын. Дәстүрлі әндерді де, эстрада әндерін де шырқап жүргендердің бірі – менмін. Дәстүрлі әнді оқыған әрбір шәкірттің ар жағында дәстүрлі әнімізге деген құрмет бар деп ойлаймын. Дәстүрлі әндер – ұлтымыздың ежелден келе жатқан жауһарлары. Әнді сүйер, әнді биік қояр халқымыз дәстүрлі әндерді жақсы көреді. Мен сол үшін де дәстүрлі әнмен жүрегімді жылытып, оның сазды әуенімен жанымды жұбатқанды жақсы көремін.

– Әлеуметтік желіде жиі отырасыз ба, Instagram-да қаншалықты белсендісіз?

– Әлеуметтік желіде жиі отырмаймын. Instagram парақшамды өз қолыма алғаныма екі жыл болды. Онда да қатты белсенді емеспін. Үлкен концерт, мерекелерде ғана сурет салып, жаңалығыммен бөлісемін. Күнделікті не істегенін, ішіп-жегенін жаһанға жария ете бергенге қарсымын.

– Ашық әңгімеңізге алғыс айтып, шығармашылық табыс тілейміз!

Әңгімелескен: Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here